Сейсенбі, 10 Қазан 2023 17:17

Түркістанда президенттік жастар кадрлық резервіне қызығушылық жоғары

Облыстық жастар орталығында Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасы бойынша жастармен кездесу өтті. Бағдарламаға қызығушылық танытқан жастарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Дархан Сүртеков толық ақпарат берді.

Ал облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Ернар Бектаев аудандық және қалалық жастар орталықтарының жастарына түсіндірме жұмыстар жүргізіп, маңызды тұстарын таныстырып өтті. «Жастар кадрлық резерві» – бұл мансаптық қызметінде өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқарушылық құзыреттіліктердің жоғары деңгейіне ие мамандардың республикалық базасы. Жоба мақсаты – білімді, талантты, белсенді жастарды іздеу және анықтау, олардың кәсіби дамуына және қоғамдық танылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оларды оқыту, біліктілігін арттыру, жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін қазіргі заманғы және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажет екенін атап өткен еді. Сөйтіп, өз сөзінде бұл резерв мемлекет игілігі үшін қызмет еткісі келетін жастар үшін тиімді әлеуметтік баспалдаққа айналуы тиіс екенін жеткізген. Осы ретте «Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кімдер қатыса алады? Резервтегілер қайда жұмысқа орналаса алады?» деген сауалдарға да нақты жауап берілген. Атап өтер болсақ, «Президенттік жастар кадр резерві» – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосамын деп талпынған жастарға мол мүмкіндік сыйлайтын ерекше жоба. Президенттің де бастамасы осы – білім-білігі мол, қолынан іс келетін жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік саты құру болатын. Тиісінше, бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке орналасуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен.

«Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік немесе басқа да саяси лауазымдарға бос орын пайда болған жағдайда, осы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген азаматтардың кандидатурасы қаралады. Дегенмен, резервке қабылданған азаматтар бос лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт емес. Сонымен бірге, олар Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өтуге мүмкіндік алуда. Өз кезегінде, бұл жоба жыл сайын Түркістан облысында қарқынды іске асырылып, резервке енуге қызығушылық танытқан азаматтар саны көбейіп келеді. Президенттік жастар кадр резервіне жаңа резервшілер салалық қажеттілікті ескере отырып іріктеледі. Президенттік жастар кадр резервіне кезекті, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Атап айтсақ, ол салалар: Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Сондай-ақ, биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде», — деді Дархан Сүртеков өз сөзінде.

Тағы бір айта кетерлік жағдай – соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында мол мүмкіндік сыйлайтын Президенттік жастар кадрлық резервіне қызығушылық жоғары болып отыр. «Жастар кадрлық резерві» – бұл мансаптық қызметінде өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқарушылық құзыреттіліктердің жоғары деңгейіне ие мамандардың республикалық базасы. Жоба мақсаты – білімді, талантты, белсенді жастарды іздеу және анықтау, олардың кәсіби дамуына және қоғамдық танылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оларды оқыту, біліктілігін арттыру, жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін қазіргі заманғы және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру, — деді жастармен тілдескен спикерлер жиын барысында.

Президенттің бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде 2019 және 2021 жылдары ел көлемінде 350 кандидат резервке алынса, қазір солардың 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істеп жатыр екен. Демек, резервтегілердің 75%-ы қызметке орналасқан деген сөз. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқарып жатыр. Сонымен қатар, 31 азамат саяси лауазымдарға және 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, біреуі Мәжіліс Парламенті және екеуі мәслихат депутаты болып қызмет етуде.

Ал Түркістан өңіріне тоқталар болсақ, 2022 жылдың қазан айында резервке енген Ермек Кенжеханұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына, ал Р.Медетов Түркістан облысының әкімі аппараты «Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы лауазымына тағайындалып, бүгінгі таңда да сол қызметтерін атқарып жатыр. Сонымен қатар, резервші А.Әшімов Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамына енгізілген. Осы ретте, 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне республика бойынша 12000-ға жуық азамат өтініш білдірсе, оның 1500-і Түркістан облысынан қатысқанын айта кету керек. Тиісінше, сол кезеңде іріктелген 300 үміткердің 19-ы осы облыстың азаматтары болған. Ал 2021 жылғы іріктеуге жалпы 7000 мыңға жуық азамат қатысса, соның 600-ге жуығы Түркістан облысынан өтініш білдіріп, 6 кандидат резервке енген. Демек, жоба басталғалы бері резервке алынған 350 үміткердің 25і Түркістан облысының азаматтары. Сондықтан, талапқа сай келетін кез келген азамат аталған жобаға қатысып, резервке енуге мүмкіндігі бар. Тек сындардан сүрінбей өтсе болғаны.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 335 рет