Бейсенбі, 12 Қазан 2023 09:36

Түркістан облысының жастары президенттік жастар кадрлық резервіне қызығушылық танытты

Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілген жиын өтті. Оған аудан, қала әкімі аппаратының басшылары, ішкі саясат бөлімдерінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» басшылары, сонымен қатар жасы 35-тен аспаған жастар қатысты. Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен жиынды Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жүргізіп отырды. Ол жастарға аталған мүмкіндікті пайдалану маңызды екенін айтты.

Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы. Бұл бастама дарынды, бастамашыл, еліміздің дамуына бей-жай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған. Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақыру қажет. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар керек. Жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – басты міндеттерінің бірі. Осы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл мүмкіндік туралы қала, аудан жастарының назарына жеткізген жөн. Жастарға барынша қолдау көрсетіледі, – деген Еркеғали Әлімқұлов осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілетінін жеткізді.

Кездесуде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Өркен Балажанов іріктеуге қатысудың тәртібі туралы түсіндірді. Кездесуді ұйымдастырған облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, жастарды белсенді болуға шақырды. Оның айтуынша, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді Б1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Олар: Құжаттарды қабылдау; Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау; Ситуациялық тапсырмаларды шешу; Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат); Сарапшылық комиссияда әңгімелесу; Ұлттық комиссия отырысы.

Биыл Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары бойынша резервке іріктеу өтеді. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар биыл желтоқсанда жарияланады.

Кездесуде Президенттік кадрлық резервінің жеңімпазы, атақты шахматшы, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің өкілі Гүлісхан Нахбаева замандастары мен іні-сіңлілерін құжат тапсыруға шақырды. Президенттің бұл бастамасы жалынды жастарға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал Президенттік кадрлық резервінің тағы бір өкілі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзінің тәжірибесі мен білгенін ортаға салды. Іріктеуден сәтті өткен жастар мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынатынын, іріктеу әділ әрі таза өтетінін жеткізді.Жиында жастар осы бастамаға қатысты сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Іріктеуге құжат тапсыратындарын жеткізді.

Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткен болатын. 2019 жылы 300, ал 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Бүгінгі күнге осы 350 адамның 76 пайызы (265) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жауапты қызметтерде жұмыс істейді. Олардың ішінде 124 адам орталық мемлекеттік органдарда, 35 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 49 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ резервшілердің қатарында 32 адам министр, вице-министр, облыстық әкімдіктерде аппарат басшысы, облыс әкімінің орынбасары, аудан, қала әкімдері секілді саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервші Парламент Мәжілісінің және 2 резервші мәслихаттың депутаты болып қызмет атқаруда.

Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Тәуелсіздіктің құрдастары 30 жасқа толды. Олар егемен елде туып-өскен, көкірегі ояу. Олардың дүниетанымы мен өмір салты мүлдем басқа. Олар үшін Тәуелсіздік - аксиома. Бұл - жастардың санасында егемендік ұғымының орнығуын айғақтайтын қалыпты құбылыс. Алайда, Тәуелсіздіктің құндылығын түсіну өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы үшін, олар бізге қандай бағамен келгенін білуі керек, - деп жазды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білімді жастар қатары артып келе жатқанын алға тартты. Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік кадр резерві - осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек, - деп айтқан болатын Президент.Жалпы Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кім қатыса алады?

Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.

Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.Конкурсқа  жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары. Жоғары білімі бар,  5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білетіндер қатыса алады.

Құжаттар онлайн-платформада (pkrezerv.gov.kz) кандидатты тіркеу және оған жеке нөмір беру арқылы қабылданады.  Тіркелу кезінде үміткерлер жеке құжаттарын және орта деңгей үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетін нәтижесімен мемлекеттік тілде тестілеуден өткені туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми куәлікті жүктейді. Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін үміткер Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (ҚАЗТЕСТ) не ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет. Үміткерге өтініш берген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаты болмаған жағдайда, KAZTEST немесе QAZAQ RESMI TEST жүйесі бойынша тестілеуден өтуге сілтемелер ұсынылады. Ал үміткер тиісті сертификатты алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркелуді аяқтай алады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 298 рет