Сейсенбі, 24 Қазан 2023 19:29

Сауран: мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі мерзімінде көрсетілуі бойынша қоғамдық бақылау жүргізілді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменттің бастамасымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында іс-шара жоспары бекітілген болатын. Осыған орай Сауран ауданы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы Ляззат Халмуратова Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шара барысында Сауран ауданы әкімдігінің аппараты тарапынан мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі мерзімінде көрсетілуі жөнінде тиісті нұсқамалар берді.

Қызмет көрсету сапасына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, әкімдік ғимаратына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп- шығуына бейімдігі тексеріліп, бақыланды. Мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерге тұрақты түрде қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесі бойынша мекеме басшыларына ескертулер берілді.

Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде мемлекетіміздің жүргізген саясатының арқасында қоғам дамуыны­ң барлық­ саласында түбегейлі өзгерістер болды­. Соның ішінде мемлекет­тік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекет­ті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Мемлекеттік кадр саясатын қалып­тастыру, халықтың мемле­кет­тік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыр­у бағы­тында­ игі бастамалар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы - мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау. 

Электронды үкіметті дамыту, халықтың ком­пьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде мемлекет басшысы жыл сайын тапсырмалар жүктеуде. Олардың орындалуы – басты назарда. Мемлекет басшысының мұндай саясаты еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының ар-туына, сыбайлас жем­қорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болатыны анық. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиім­ділігінің басты көрсет­кіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс.

2013 жылдың 15 сәуір күні «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданды. Қабылданған Заң  талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы  және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік  қызмет алушы көрсетілген қызмет сапасымен  қанағат тұтпайтыны, шағымдар болатынына байланысты,  олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Заңда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне шағым беру тәртібіне қатысты нормалар енгізілген. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау мен оны бағалау ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық құрылымдарына берілген. Яғни, уәкілетті органға қызмет беруші мен қызмет алушыға қанағаттанбау себебін анықтауға бағытталған кешенді  зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдар  тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсетілу заңнамасын сақтамау, уақытылы бақыламау мен қызмет алушылардың шағымдарын толық әрі уақытылы қанағаттандырмау себептерін зерттеу жұмыстарын жүргізу міндеттелген.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.

Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.

Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:

- көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;

-   мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;

- мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
- мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
- мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;

- мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.

Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.

Негізінде көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарты мен регламентінде айқындалады.

Стандарт және регламент дегеніміз не?

Стандарт дегеніміз - мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт.

Ал, регламент - мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 243 рет