Жұма, 27 Қазан 2023 13:00

Сауран ауданында Республика күні жоғары деңгейде атап өтілді

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы арнайы жарлықпен алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет аталып өтілуде. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болды.

Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізілу міндеттелген. Осыған орай, Сауран ауданында айтулы мереке жоғары деңгейде тойланды. Қазақ аттың қомында жүріп ел қорғаған. Салтын түгендеген. Дәстүрін қалыптастырған. Мерекелік шараны он бес атқа мінген азамат рәміздер шеруімен бастады. Жастар көк туды көкке көтеріп сап түзеді. Ту төрге озды. Әнұранды аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жанды дауыста хормен орындады. Ұрпақтар сабақтастығы мерекелік шарада осылай сипат алды. Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

-Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді бүгінгі 25- қазан Республика күнімен құттықтаймын! Республика күні - бұл күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді. Он үш жылдан кейін қайта оралған мереке бүгінгі күн барша қазақ елі үшін қуанышты жайт. Сан ғасырлар бойы тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген қазақ елінің бүгін де белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Ауданымыз дамудың даңғыл жолына түсті. Жаңа жолдар салынып, құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр. Тұрғындар өзін жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнес өркен жайып келеді. Мұның барлығы тәуелсіздіктің арқасы,-деді Ербол Ұласбекұлы.

Жиын барысында ауданға сүбелі еңбек етіп жүрген азаматтар аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Патриоттық әндер шырқалып, жас өрендер туған ел туралы өлеңдер оқыды. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке ретінде тойлануы тиіс деген көптің тілегімен мерекелік шара қорытыланды.

Тарихқа көз жүгіртсек, егемендік жолы оңай болған жоқ. Түркі қағанаттары, Алтынорда дәуірлерінен Қазақ хандығының құрылуы, Алаш қайраткерлерінің қазақ елінің шекарасын қағаз жүзінде белгілеуі, Қазақ ССР-нің өз алдына жеке мемлекет ретінде Кеңес одағының мүшесі болуы, Желтоқсан оқиғасы бәрі де тәуелсіздігімізге бастар жол болған. Ал анық тәуелсіздіктің соңғы қадамы ол 1990 жылғы егемендікті жариялау болды.

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. 

Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.   

Соған қарамастан, осы күн тиісті бағасын ала алмай, статусы әр жылдары өзгере берді. Мәселен, Республика күні 1992 жылы жай ғана атаулы күндер қатарына енгізілді. Ал 2001 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. 2009 жылы бұл мейрам ресми мерекелер қатарынан тағы да түсіп қалды. Дегенмен тарих өз шындығын тауып, былтырдан бері Республика күні қайта жанданып қана қоймай, оған ең жоғарғы статус берілді.

Егемендік бізге аспаннан түспеді, Қазақстанды бізге ешкім сыйға тартпады. Мұнда сақ, ғұн, түркі, қыпшақтан тараған ұлы дала ұландары өмір сүрген. Олар кең байтақ жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, дара даналықпен, пайымды парасаттылықпен, дипломатиялық көрегенділікпен сақтап бізге сыйлады. Сондықтан егемендігіміз үшін ең алдымен бабаларымызға қарыздармыз. Ал енді бізге аманат болған мемлекетімізді одан әрі дамытып, кейінгі ұрпаққа бай күйінде қалдыру біздің асыл борышымыз. Балаларымызды патриоттыққа тәрбиелеп, тіліміз дәстүрімізді сақтасақ, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет еткен болармыз.

Ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы қандай? 

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.   

Қазақстандықтар Республика күніне орай қанша күн демалады? 

25 қазан – Қазақстанда Республика күні. Мерекеге орай халық бір күн демалады. Биыл бұл мереке сәрсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан бес күн және алты күн жұмыс істейтіндер де бір-ақ күн демалады. Демалыс басқа күндерге ауыстырылмайды. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 322 рет