Аталған тақырып аясында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков тақырып аясында көпшілікке баяндама жасады. Оған «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев және аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Басқосуда ұлттық бірлікті сақтау, бірегейлік қағидатын ұстану және қалыптасқан тату тірлікті жалғастыру секілді тақырыптар кеңінен қозғалды. Аудан басшысы кіріспе сөзінде берекелі іске бейім аудандағы бекем бірлік пен тату тірліктің астарында өзара түсіністік пен сыйластық, бауырмалдық пен құрмет бар екендігін айтып, өңірімізде 10-нан астам түрлі этнос өкілдері тату өмір жүріп жатқандығын жеткізді.
- «Бүгінгі бейбіт күнге де бірліктің, татулықтың, келісімнің арқасында жеттік және оған өзге этнос өкілдері де атсалысты. Сондықтан біздің Ата Заңымыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл ретте елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауда айрықша үлесі бар Қазақстан халқы ассамблеясының жасампаз жұмыстары қай қырынан алсақ та үлгі-өнеге екенін атап өткеніміз жөн», - деді Мақсат Таңғатаров.
Қазақ ұлтымен арадағы бауырмалдық қатынас бүгінде берік болғанын айтқан жиынға қатысушылар ұсыныстары мен сұрақтарын қойды. Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов «Бірлік - бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық - халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы, ел экономикасының өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екендігін айтып, баршаңызды ынтымақты өмір сүруге шақырамын» - деп жиынды қортындылады.
Бүгінде Сауран ауданында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 3 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, ауданда 10-нан астам этнос өкілдері тұрады. Этнос өкілдерінің қатысуымен жыл басынан бері көптеген мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілді. Өткізілген іс-шаралар этносаралық келісімді сақтауда серпін береді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық - біздің ең маңызды байлығымыз екені айтпаса да түсінікті. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 30 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат - еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.
Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.
Біз біртұтас ел болып қуатты қоғамға айналдық, бейбіт өмір, қоғамдағы көпұлтты қазақстандықтардың ұлтаралық татулығы мен ынтымағының арқасында бой көтерді. Дегенмен, сын қатерлер аз емес, жаңа белестерді бағындырып бірегей құрылым артында ел бірлігін тағы да нығайтуымыз қажет. Еліміздегі бірлік пен ынтымақты дәріптейтін бір ғана конституциялық статусқа ие болған патриоттық қоғамдық институт яғни, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді.
Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістан облысын қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамыту– баршаға ортақ шаруа.
Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облысты4 жаңа дәуірі басталды. Жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» - деді.
Қазақстан – небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.
Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі. Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қараған, ынтымағы мен бірлігі ұштасқан ұлттар болмаса, республикамыз мұнша жасамас еді. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезең болды. Бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Тағдырдың жазуымен, ұлан-байтақ жерімізге көптеген ұлт өкілдері жер аударып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен, халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.
Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез келген ұлт өкілдерінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде, адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.
Жалпы елімізде халықтың тыныштығын алып, іріткі салуға қатысты барлық әрекетке тыйым салынған. Бұл туралы тіпті еліміздің Ата Заңында да анық көрсетілген. Онда «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», – делінген. Еліміздің бірлігі мен татулығы, ұлттар арасындағы достық әрқашан алдыңғы орында. Ал, бұл ауызбіршілікті сақтауда – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жоғары екені айтпаса да түсінікті.
Қарапайым, сыйластық, үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының – тарихы. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел, халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.
Еліміз қарқынды даму үстінде. Елімізде мекендеген барлық ұлттар арасында татулық пен бірлік сақталып, біртұтас ел ретінде күшімізді біріктіре отырып, бәсекеге қабілетті ұлт болуға күш салуымыз қажет. Бүгінде ауызбіршілігі қашқан елдердің экономикасы артқа кетіп, берекесі қашып отырғанын ұмытпай, этносаралық татулығымызды арттыра отырып, тек ұдайы дамуды мақсат етуіміз керек.
Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біздің халық бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді. Бұл әрбір қазақстандық ұлт өкілінің жүрегінде жатталды.
Ассамблея 29 жыл ішінде барлық этностарды бір мақсат, бір мүддеге ортақ біріктіре алды. Жыл сайынғы сессияларында Қазақстан халқын толғандыратын мәселелер мен сұрақтар қызу, кейде өткір талқыланып, мемлекеттік, елдік мәселелер шешімін тапты. Толеранттылықты сақтап, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге таныттық. Тарихи оқиғаларға объективті көзқарас ұстанып, ел іргесінің негізін берік қаладық. Әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасалды.
Алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда, бізде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды, барлық этностардың құқығы мен бостандықтары бірдей, үлкен-кіші деп жіктеуге жол берілмейді. Соның нәтижесінде, бірде-бір этнос жеке-дара оқшауланып, ерекше этностық мәртебесі туралы мәселе көтерген емес. Керісінше, шығу тегі әртүрлі этностар Қазақстанда дүниеге келіп, өсіп-өнгендерін мақтан тұтады. Өз Отанының дамуына әрқайсысы өздерінің қомақты үлесін қосып, белсене атсалысуға тырысады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырлық жолын таразылай отырып мемлекет билігінің бейбітшілік пен келісім саясаты өзін-өзі толық ақтағанын атап өткен жөн.
Басты фактор – Қазақстанда этносаралық интеграция әуел бастан азаматтық қағидаттарға негізделгендігі болып отыр. Рухани мәдениеттің ортақтығы, әлеуметтік тұтастық – саяси тұтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы шетелдік сарапшылардың сенімсіз болжамдарына қарамастан, Ассамблея Елбасының дара басшылығымен қасиетті қазақ жерін ұлтаралық қақтығыстан аман сақтап, Қазақстан халқын біртұтас елге айналдыра алды.
БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун Қазақстанға келген сапарлары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, «Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді» деп атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында қоғамдық келісімді нығайта түсуді тапсыра отырып, «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп, халықтар достығының тереңдеуіне айрықша маңыз берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады» деп атап өткен болатын. «Әралуандықтағы бірлік» – біздің мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы және басымдығы болып қала береді. Қазақстан Президенті этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру міндетін де жүктеп келеді. Уақыт талабы, заман ағымына сай елдегі этносаралық процестерді басқару тәсілдеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.
Алғаш рет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан республикадағы этносаралық қатынастарды реттеу және дамыту мәселелерімен тікелей айналысатын арнайы өкілетті орган – Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі аталған Комитеттің құрамына енгізілді. Этносаралық қатынастарды алдын ала зерттеп-зерделеумен айналысатын Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жасақталды. Институттың міндетіне – этносаралық салада мониторинг жүргізу, кешенді зерттеулер ұйымдастыру, сараптамалық қорытындылар дайындау, саяси жоспарлау бойынша ұсыныстарды терең талдау мен жедел және ұзақмерзімді болжамдар жасау жөніндегі ұсынымдар беру кіреді.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары арасындағы міндеттер қайта қаралып, Ішкі саясат және Қоғамдық даму басқармаларының құрамында этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша жеке бөлімдер құрылды. Ассамблеяның өңірлік хатшылықтарының және «Қоғамдық келісім» КММ-нің мақсат-мүддесі сақтала отырып, ішкі саясат басқармасына берілді. Ендігі жерде әкімнің ішкі саясат саласына жетекшілік ететін орынбасарлары өңірлік ассамблея төрағасының орынбасары міндетін қоса атқарады. Олар қоғамдағы этносаралық келісімді сақтауға және жаңа құрылымдардың тиімді жұмысына жауап береді.
Мемлекеттік деңгейде этносаралық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесі – мемлекет басшысының «Ел бірлігі – біздің ең құнды игілігіміз» деген ұстанымын лайықты жалғастыратын болады. Осыған сәйкес 2008 жылғы 20 қазандағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының «қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» туралы заңын Ассамблея жерде бірнеше бағытта жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда:
– ел азаматтарын, әсіресе өскелең ұрпақты мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру;
– ағартушылық жұмыс, ғылыми жобалар арқылы қазақ мәдениетінің құндылықтарын, тарихы мен дәстүрлерін насихаттау;
– жанжалдардың алдын алу құралы ретінде медиация институтын нығайту;
– азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігінің құралы ретінде қайырымдылықты, меценаттықты дамыту;
– Қазақстан этностарының тілдерін, салт-дәстүрлерін сақтауға қолдау көрсету;
– мәдениетаралық диалог, тарихи мұраны сақтау мәселелерін зерделеуге бағытталған жобаларды қолдау;
– волонтерлер қозғалысын дамыту;
– Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару институттарын дамытуға жәрдемдесу;
– ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының жұмыс тәжірибесіне сүйеніп, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету;
– қазақстандық этностардың тарихи шығу елдерімен байланысын қолдау, халықтық дипломатия мен гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту.
Яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі түрлі этностық топтар өкілдерінің азаматтық бірегейлігін үйлесімді дамытуға бағытталған. Бірегейлік процесінің ұрпақтар арасындағы байланысын ұғыну аса маңызды.
Мемлекеттік саясаттың интеграциялаушы әлеуеті – тәуелсіздік идеясы, мемлекеттік құрылымның тұтастығы, мемлекеттік тіл және адам мен азамат құқықтарының басымдығы төңірегінде құрылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет құрылымының жаңа кезеңінде конституциялық мәртебесі бар институт ретінде мемлекеттік-ұлттық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.
Ассамблеяның жинақтаған тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдардың дамыған қоғамдық желісі азаматтардың барлық этностық топтар өкілдерінің әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне тартылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ассамблеяның айналасында Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, медиаторлар, ҚХА кәсіпкерлері қауымдастығы, Ғылыми-сарапшылық кеңес және өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтар, жастар қозғалысы, масс-медиа, театрлар құрылып, табысты жұмыс істеуде.
Ассамблея мерейтойлық жыл аясында да этнос өкілдерін біріктіруді, стратегиялық сабақтастықты одан ары арттыруды басты бағдар ретінде ұстанды. Карантин талаптарын сақтай отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін танытып, этносаралық қатынастарды нығайту үшін республикалық деңгейде онлайн форматта шаралар ұйымдастырды.
Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы және басқа ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуының ел тарихындағы маңызы зор.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деп тіл мұраты жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырып келеді.
Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымыз «тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді?! Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды.
Бақыт бағалай білгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асатынымыз анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі. Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» деген еді.
Ұлттық біртұтастық принципіне сүйенген Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін лайықты жалғастыра береді деген сенім мол.