Кездесудің мақсаты - қоғамның негізі болып табылатын жастар арасындағы діни түсініктерді анықтау, жастарды діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары туралы хабардар ету, патриоттық тәрбиені қалыптастыру мқсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жасөспірім жастарымызға барынша дұрыс ақпарат беру. Діни түсінікті қалыптастыру, тұрақтылықты сақтау әр уақытта назарда болған жөн. Кездесу барысында оқушыларға жан-жақты ақпараттар берілді. Мектеп оқушыларынан сауалнама алынды.
Кездесуде жат ағым өкілдерін анықтау жолдары, діннің адам өміріндегі маңызы, діни ақпараттың растығын тексерудің әдістері туралы әңгіме қозғалды. Сонымен қатар, жат ағымның ықпалына ұшыраған жастардың жағдайы жөнінде ақпарат ұсынылды. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауаптар алды.
Қазіргі кезде қазақстандық татулық, ынтымақ, сыйластық және бірлік әлемдік өркениеттерге өзіндік үлесін қосып отырғанын айтуымыз керек. Қоғамдық үйлесімділік пен рухани байлық – барлық діндердің негізгі діңгегі екенін жастарымыздың бойына сіңіру біздің басты міндетіміз екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстан ұлттық құндылықтарға тамыр жібере отырып, бейбітсүйгіш ел ретінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын Астанада бас қостырып, осынау алқалы жиында бейбітшілікке, әлемдік татулыққа үн қосуы ғаламдық деңгейдегі текетірестер мен сын-қатерлерге жауап іздеуден туындап отырғанын жастарымызға жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі кезде дәстүрлі емес және де радикалды діндер өкілдері ұйып отырған отбасының ыдырауына да көп әсер етуде. Қаншама отбасы шайқалып, оның мүшелері жан-жаққа, неше түрлі ағымдардың ізіне түсіп, бала – әкені, қыз – шешені тыңдаудан қалды. Осындай қиын тағдырдың тәлкегіне түскен жастарымызға ауадай қажет нәрсе – біреу-ақ. Ол – жастардың таңдау алдындағы шынайы ақпараттың қажеттігі. Мәселенің мәні осы деп түсінгеніміз абзал. Сапалы діни сарапшылардың қорытындылары – қаншама адасып жүрген жастарымызға көмегін тигізер еді.
Міне, осындай адам тағдырын шешетін ойлы пікірді бере алатын мамандар бізде жеткілікті ме? Әртүрлі ағымдағы ұйымдардың нені мақсат тұтатыны, немен айналысатыны, оларды насихаттайтындардың түпкі мақсаты не деген сан-алуан сұрақтарға қазіргі қызметте жүрген дін ағартушыларымыз дайын ба? Әрине, бұл мәселеде де ойланатын шаруалар шаш-етектен. Рас, дінтану пәні бойынша оқулықтар шығарылуда. Бірақ, сол оқулықтар діни тәрбиеде ағартушылық қызметін өз деңгейінде атқара алып отыр ма? Бұл да ойланатын мәселе. Яғни, дәстүрлі діндердің артықшылықтары айшықталған, тайға таңба басқандай әрбір жасқа әсер ете алатын деңгейдегі оқу құралдарын көптеп шығаруды қолға алу керек.
«Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы, ненің ақ? ненің қара? екенін ажырата алмай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ. Келесі бір жастарымыздың адасуына себепкер – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда» - дейді Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы, Тағай Айбек Жолдасбекұлы.
Соңғы кездері ел ішін жайлаған, жаңашылдық әкелмек болған деструктивті ағымдар кең таралуда. Ал, аталған ағымның шырмауына түскен адамдар хақ дін мен қара ниет ағымның арасын ажырата алмай дал. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жатқа жалтаңдап, халқымыздың салты мен дәстүріне керағар дүние жасап жатқандар аз емес. Жат ағымды жақтаушылар арасында жасөсіпірімдер де жиі кездеседі. Жастарымыздың осындай қателіктерге ұрынуына басты себеп – дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата алмай ғаламтор беттеріндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіруі. Діни сауаттылығы әлсіз адамдарды бұл үлкен қатерге алып баруда. Ұлттық құндылықтарымызға, ұстанып отырған салт-дәстүрімізге қайшы келетін жат ағымдар қоғамға да адамға да кері әсерін тигізбей қоймайды.
Діннің атын жамылған жат ағымдардың құрығына діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар, қиындық көріп жүрген жастар алданып, түсіп жатыр. Оларды Отанына, отбасына, дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Өздерінің істеген әрекеттерінің дұрыс екенін дәлелдеу мақсатында қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, адамдардың санасын улап, теріс идеология таратады. Ал, бауырмалдылыққа баулитын шынайы діни жол ешқашанда зұлымдық пен әділетсіздік бой алдыруға, адам баласын жазықсыз өлтіруге жол бермейді.
Радикалды топ мүшелері діттеген мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайсалмайды. Құранда дұрыс деп көрсетілген жайттарды ескермей, керісінше харам деп санайды. Бұл ағымдағылар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға әрекет жасайды. Сол үшін өз қатарына адамдарды қосу жұмыстарында өтірік арбап, мәліметті бұрмалап жеткізу, психологиялық айла-тәсілдер қолдану арқылы жастардың санасына кері ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар жақтастарының санын көбейту барысында кез келген әрекетке баруы шартты дүние.
Бөтен ойлыларға дінге қызығушылығы төмен адамдардың санасын улау оңай. Өздерінің көмек көрсетуге дайын екенін көрсетіп, жақсылық жасаған сияқтанады. Жақсылық жасап отырған себебін дінге беріктігімен байланыстырады. Осылайша сол адамның жанашыры болып көрініп, тығыз қарым-қатынас жасауды мақсат тұтады. Өз топтарына қосып алған соң санасын байлап, көзіне шел бітіреді. Әр қадамын қадағалап, басқа жақтан ақпарат алмауын негізге алады. Осылайша өз ақпараттары арқылы адам санасын қалыптастырады. Олардың арбауына түскен адамдар радикалды топ мүшелеріне бауыр басып, ең жақын адамдары санай бастайды. Сол мезетте санасы байлаулы тұрған жастарды Отанына, ата-анасына ағайын-туыстарына, достарына, айналасындағы үйреншікті болған жайттардың барлығына айдап салып, бойында өшпенділікті оятады. Өзінің өмірін қиюға дайын болатын деңгейге жеткен соң өзгелердің өмірін, ата– ана, бауырларының өмірін ойланбай қиюға дайын тұрады.
Ғалымдардың жүргізген зерттеу жұмыстарынан сай, әсіресе, 14-25 жас аралығындағы жастар аутоагрессивті әрекеттерге сезімтал екені анықталған. Жасөспірімдердің санасы енді қалыптасып келе жатқандықтан, кез келген жаңа нәрсені қабылдауға дайын тұрады. Бұл кезеңде мінез-құлық белгілерінің көрінуіне әсер етуші бірден бір фактор – оның ата-анасы және отбасындағы жалпы психологиялық ахуал. Егер әрбір ата-ана осы шақта дұрыс көңіл бөліп, тәрбие беріп, баласымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, сонымен қатар материалдық және рухани құндылықтармен қамтамасыз ететін болса, жасөспірімдерде болатын ауытқушылықтар мен ауытқу ахуалдарының алдын алуға мүмкіндігі болады. Жасөспірімнің психологиясы енді қалыптасып жатқан тұста санасына дұрыс қасиеттерді сіңіру қажет. Тәрбие арқылы жаман әдет пен теріс қылықтан тазартып, жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімге бай адам етіп қалыптастыру қажет.
Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Тәуелсіз еліміз үшін дінаралық татулық пен этносаралық келісімді сақтау маңызды. Алайда елімізде деструктивті ағымдар діни ахуалды күрделендіріп отырғаны жасырын емес. Осыған орай жастарға жат ағымдардың залалын түсіндіріп, діннің құндылықтарын қастерлеу, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы екенін айтып отыру керек.
Дәстүрлі емес діни ұйымдардың қызметіне баға беру өте күрделі. Дегенмен, әлемдік тәжірибе бойынша көптеген елдерде дәстүрлі емес діни ұйымдардың тіркелуіне уақытша шектеулер енгізіліп отырғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар дәстүрлі емес діни ұйымдардың бірқатары өздері орналасқан елдің Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін қызметі үшін мемлекеттік органдардың да, қауымдастықтың да тарапынан қатты сынға алынып отырғандығы, тіпті тыйым салынатыны белгілі. Көбінесе бұл дәстүрлі емес діни ағымдар тұлғаның және жеке әлеуметтік топтардың, бірінші кезекте, жастар санасының ауытқуына, халқымыздың мәдени құндылықтарынан қол үзуіне әкеліп соғады.
Дәстүрлі емес діни ұйымдардың идеологиялық және басқа да жұмыстарының нысанына жастар алынатындығы жиі кездесетін жағдай. Жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде өзіндік, соның ішінде рухани сипаттағы ерекшеліктерге ие. Көпшілік өмірдің рухани негіздерін іздеу, өмір сүрудің мән-мағынасы туралы сұрақтарға жауап табу жолында дінге келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымдарды ұстанушылар өздерінің діни қызметін белсенді атқарады. Олар түрлі жағдайларға икемделіп, елдегі әртүрлі топтардың психологиялық ерекшеліктерін ескере әрекет ете алады. Олар жастарға, олардың ауыспалы талаптары мен талғамдарына баса назар аударады.Діни ағымдардың қоғамға қауіп төндіретіні рас. Батыстың кейбір елдерінде «дін мемлекеттен бөлек» дегенмен, дінге өте жоғары мән беріледі. Олай етпеген жағдайда қоғамда іріткі пайда болады. Дін үлкен идеология ғана емес, ол – мемлекет біртұтастығының кепілі. Сондықтан мемлекет тарапынан оған мән берілгені жөн.
Бүгінгі таңда жат діни ұйымдардың негізгі қызмет алаңы интернет болып отыр. Интернетте адасу оңай. Бұл аса өзекті мәселе. Жат діни ағым өкілдерінің бұрынғыдай көшеде алдыңнан шығып, парақшаларын тықпалайтын әдеттері баяғыда қалған. Мамандардың айтуынша, ДАИШ халықаралық террористік ұйымының жақтаушылары әлеуметтік желілерден 2 миллионға жуық аккаунт ашыпты. Бұл олардың өздеріне қолшоқпар болатын ізбасарларын қай жақтан іздеу керектігін анық білгендігінің белгісі. Бүгінгі Таяу Шығыста орын алып жатқан жағдайлар соның айқын айғағы. Біздің елімізде де жат діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88 пайызына әлеуметтік желі мен интернет видеоресурстары әсер еткенін мамандар айтып келеді. Лаңкестік әрекеттeрімен танылған ДАИШ халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламтордың тeхнологиялық қосымшаларын пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша оларға қосылушылардың 80 пайыздан астамы ғаламтор арқылы арбалғандар.
Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Жат ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар діни ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Әсіресе олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады және діни сауаты жоқ, жұмыссыз жастарды еліктіріп қатарына тартады. Дінге қызығушылығы бар, алайда діни білімді еліміздегі мешіт, медреселерден алуға ниеті жоқ жастар ғаламторға бір кірген соң шетін идеологияларға тап келіп, сол жерлерде шырмалып қалып жатыр. Facebook, Instagram, VКontakte сияқты басқа да әлеуметтік желілерде салафизм идеологиясындағы материалдармен танысуға, оны жүктеп алуға, кейін санасы уланған соң таратуға жол ашты. Қазіргі таңда жастарымыздың интернеттегі теріс ағымға арбалмауы үшін екі нәрсе керек. Олар – медиасауаттылық және сын тұрғысынан ойлау.
Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады. Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымдарындағыларға салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз.
Соңғы жылдары діни ағымдарды таратушы псевдошейхтар интернеттің күшін білгендіктен сол жаққа қарай ауыса бастаған болатын. Оған 2020 жылғы карантин қосылғаннан кейін олар түбегейлі интернетке көшіп алды. Ал соңғы 2-3 жылда TikTok әлеуметтік желісі пайда болғаннан кейін оның ақпарат тарату күші бұрынғы әлеуметтік желілерден әлдеқайда жылдам екені белгілі болып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті әртүрлі форматта болып келеді. Бүгінгі таңда технологияның дамуына, заман талабына сай Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы интернетте отыр. Ендеше, бұғатталған деструктивті ағымдардан босаған орындарды ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдармен толықтыру – уақыт талабы. Қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін насихаттау, ата-бабалар ұстанған дін мен дәстүр сабақтастығын жалғастыру – діни теріс ағымдарға бірден-бір тосқауыл болмақ. Жоғарыда айтылғандай, медиасауаттылықпен қоса діни сауаттылықты арттыру – ғаламтордағы жат ағымдармен күрестің ең бастапқы жолы. Біз айтып өткен қауіп-қатерлер – көтеріліп отырған тақырыптың бергі жағы ғана. Теріс ағымдардың айла-әрекеттері күн өткен сайын жаңарып, түрлі іс-әрекеттері пайда болуда. Ендеше біз де олардан қалыс қалмай, қарсы насихат пен күрес амалдарын жүргізе беруіміз керек.
Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.
Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен дәстүрлі діндерді аяқ асты ететін радикалды ұйымдардың өз ойларын әртүрлі алдап-арбау тәсілдерімен жүзеге асыратынын жастар біле бермейді. Мұның соңы ел ішіндегі ынтымақ пен қоғамның тыныштығына, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, лаңкестік әрекеттердің орын алуы әбден мүмкін. Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.
XXғ. 90-ж. басында Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алу барысында елімізге өз мүдделерін көздеген жат діни ағым өкілдері астарлап ене бастады. Ол еліміздің рухани деңгейіне кері әсерін берді деп толықтай айта аламыз. Жаңадан Тәуелсіздік алған ел ішінде жат әрі деструктивті діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарап, олардың теріс ілімдеріне ергендер зайырлы және ұлттық құндылықтарды жоққа шығара бастады. Жалпы, деструктивті діни ағым дегеніміз – бұл ізбасарларының санасы мен еркіне толық бақылау орнатуға тырасатын деструктивті діни немесе жалған діни ұйым болып есептеледі.
Десткрутивті ағымдардың негізгі қауіптілігі олар адамның сеніміне толық ие болуы, адамдарды қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулауында және көшбасшыларына сөзсіз бағынуында. Мұндай ұйымдар жеке адамның рухани, психикалық және физикалық жай-күйі үшін өте қауіпті. Олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, сондай-ақ дәстүрлі дінге қарсы шығып, оны мойындаудан бас тартады. Бұдан басқа, қоғамға қауіпті деструктивті ағымдарда жасырын психологиялық зорлық-зомбылық пайдаланылады. Олар жеке тұлғаға әсер етудің түрлі әдістерін қолдана отырып, өз ізбасарларын отбасынан, қоғамнан, елдің мәдени және қоғамдық өмірінен бөлуге тырысады. Олар тарихи дәстүрлер мен дәстүрлі діндердің заңдылығын жоққа шығарып қана қоймай, өмір салты мен әдет-ғұрыптарды елемей, азаматтардың физикалық және психологиялық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Тәжірибе көрсеткендей, деструктивті идеологияның көптеген ізбасарларының мінездері ұқсас болып келеді. Олар агрессивті, пассивті әрі қарым-қатынаста өзін шектеп, көпшілік ортадан жасырын жүруге тырысады. Сондықтан деструктивті ағымдар қатарына енген адамдардың мінез-құлқы, ойлауы мен өмір салты мүлде өзгеше, өмірлік қағидаттары мен ережелері мүлде басқаша. ДДА өкілдері:
• Олар өз жақтастарының өзгелермен яғни қоршаған ортамен араласуына тыйым салып, жақтастарын бұрын араласқан не әсер етуі мүмкін ортасынан оқшаулайды, яғни, ата-анасынан, достарынан, туыстарынан және т.б.;
• Сонымен қатар, ДДА өкілдері Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жоққа шығарады (оның ішінде Наурыз мерекесін, бет ашар, сәлем салу және басқа да ұлттық салт-дәстүрлерді мойындамайды, өлілерге Құран бағыштау, жетілік, жылдық асын беру, бейіт басына барып зиярат ету және т.б.);
• Зайырлы мемлекеттерге, зайырлы өмір салтына, мәдениет пен өнердің қазіргі заманғы түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) агрессивтілік танытады;
• Заңнамада белгіленген кейбір міндеттерді орындаудан бас тартады (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.);
• Қазақстан мұсылмандарының көпшілігі ұстанатын Ханафи мазхабын мойындамайды, басқа дін өкілдеріне және ешқандай дінге сенбейтін адамдарды шектеп, айыптап, оларға құрметсіздік танытады;
• Деструктивті ағымдар мемлекеттік тәртіптің негіздерін бұзады және осының негізінде елде дүрбелең туғызады;
Көп адамдар психологиялық тұрғыдан әлеуметтік дәрменсіздік пен негативті эмоциялардан арылудың жолын іздеудің нәтижесінде осындай деструктивті діни ағымдарға тап болады. Әдетте ДДА ұстанушылары күрделі өмірлік жағдайларды пайдаланып, өз мақсаттарына жету үшін жаңа келген адамдарға материалдық көмек көрсетеді, оларға шет тілдерін үйретеді, өзіне және оның туыстары мен жақын отбасы мүшелеріне жұмыс табуға немесе үйсіздерге уақытша баспана алуға көмектеседі. Осылай ДДА ұстанушылары сенімге кіріп, жақсы қарым-қатынас құру арқылы адамның құндылықтары мен сенімінің жүйесін жалпы көзқарасын өзгерте бастайды. Сондықтан, деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту барысында ең алдымен психологиясына, тұлғалық ерекшеліктері мен рухани дүниетанымына көңіл бөлген жөн.
Егер сіз өзіңізді қызықтырған діни ұйымнан осындай белгілерді тапқан болсаңыз, тіпті ресми түрде тыйым салынбаған болса да олардың қатарына кірмеңіз. Себебі, қандай да бір діни ұйымға кірмес бұрын, оның экстремистік немесе деструктивті екенін зерттеу қажет. Бүгінде деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері туралы, қандай діни идеяларды пайдаланатынын және белсенді террористік ұйымдар туралы ақпаратты білу өте маңызды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 террористік ұйымдардың қатарына тыйым салынған. Олардың көпшілігі діни, басым көпшілігі ислам атын жамылған лаңкестік ұйымдар. Бүгінде ДДА ұстанушылары адамдардың санасына психологиялық әсер етудің тиімді жолы ретінде ақпараттарды заманауи технологиялар, яғни интернет кеңістігі, әлеуметтік желілер арқылы таратып, заман талабына сәйкестендіріп өз мақсаттарын жүзеге асыруда.
Қазақстанда діни ахуалдың ерекшелігі де, оның үздіксіз жаңарып отыруында. Діннің таралуы әр қоғамда әртүрлі болады. Сондықтан да, бұл мәселені әлі де толассыз зерттеп, ДДА идеологияларымен күресуде тиімді жұмыс әдіс-тәсілдерін ұсыну керек. Еліміздегі кез-келген рухани және діни құндылықтар елдің гүлденуі мен барлық саланың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс. Біз осындай саумалаған жат әрекеттерден сақтанып, олармен күресте қабілетті болуымыз үшін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық мәдениетімізді, дәстүрлерімізді сақтауға тиіспіз. Бәсекеге қабілеті, білімді, сауатты, өз еліне жанашыр, ісіне адал, көкірегінде мақтаныш сезімі ұялаған Отанның патриоттарын тәрбиелеп өсіруіміз қажет.
Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтыруда маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсіністікті нығайтуға қызмет етеді. Алайда, бүгінде экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды. Бұл орайда қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін түрлі шаралар атқарылуда.
Қоғамның жалпыға бірдей цифрландырылуы, бұл процесс баршамыз үшін елестете алмайтын мүмкіндіктер сыйлады. Оның басты жемістерінің бірі – интернет желісі, ол әртүрлі мәдениеттегі адамдарға экзотикалық елдермен танысуға, алыс мемлекеттердегі адамдар арасында қарым-қатынас орнатуға және тұтастай алғанда қазіргі қоғам мүмкіндіктерін едәуір арттыруға көмектесті. Жалпы цифрландыру жүйесі дінді де айналып өтпеді, дін туралы ілім, діни салт-дәстүр және басқа да дінге қатысты ақпаратты табуды айтарлықтай жеңілдетті. Интернет желісінде діни ақпарат алу үшін бар болғаны іздеу жүйелеріне сізді қызықтыратын сұрақты «қою» ғана жеткілікті, ары қарай ақпарат ағыны топан судай шыға келеді. Ал, бұл ақпарат ағындарының арасында, өкінішке орай, жиі кездесетін қауіпті құбылыстың бірі деструктивті ағымдардың идеяларына толып тұруы.
Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қауіпінде жүр. Жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке басының әлі де толықтай қалыптаспағандығы және жас санаға оңай әсер ете алу жағдайына байланысты. Сонымен қатар тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени жағдайлар да жастардың радикалдар мен экстремистердің қатарларына түсіп кету қаупін арттырады. Жастарды деструктивті діни ағымдардың қатарына тартудың жоғарыда аталған факторлардан басқа, деструктивті идеологияға апарудың бірнеше әмбебап компоненттері бар. Деструктивті діни ағымдардың танымал болуының кейбір себептерін егжей-тегжейлі қарастыра отырып, себептердің әрқайсысы өздігінен жеткілікті және маңызды екенін айта кеткен жөн.
Бірінші себеп - радикалды контенттердің «батылдыққа» және әсерлілікке негізделуінде. Әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын контенттің тым көптігіне байланысты желіқолданушылар бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді және т. б. өзгеше контенттерді іздей бастайды. Осы тұста радикалдардың тарапынан шығатын контенттің қаупі жоғары екенін ескеру қажет, себебі радикалдар беретін ақпарат мазмұны априорлық сипатпен ерекшеленеді, бұндай контент кез-келген үйреншікті мазмұнға қарағанда қызықты болып келеді. Контенттің артықшылығы оның «батылдыққа», тыйым салуға, милитаризацияға, еркін рұқсат етушілікке және қалыптасқан әлеуметтік нормаларды қатаң сынға алуға негізделген.
Екінші себеп - қазіргі поп-мәдениеттің әсері, атап айтқанда, анти-батырларға негізделген, қоғамға анархиялық идеяларын тарататын фильмдердің ықпалы ерекше дегенін айтты.
Мәселен, «Marvel» киносынан титан Танос, «DC» киносынан Джокер, «Бригада» киносериалынан Александр Белов (Саша Белый) және т.б. осыған ұқсас өнімдерді мысалға алсақ болады. Мұндай туындылар басты кейіпкерлердің анархиялық әрекеттерін ақтайды, содан кейін көрерменде әділетсіздік сезімі және әлеуметтік негіздерді түбегейлі өзгертуге деген ұмтылыс пайда бола бастайды. Сондықтан-да радикалды «уағызшы» мұсылмандардың кәпірлерді қудалау керектігін, қарсы жиһад жасаудың дұрыстығы және т.б. өзінің позициялық идеясын насихаттаған кезде жас жігіт жанағы сөздерге сеніп, радикалға еліктей бастайды, себебі оның ішкі санасында жәбір көргендерді қорғау керек екен деген ой «орныққан.
Үшінші себеп, әлеуметтік әділетсіздік. Бірқатар экономикалық және әлеуметтік проблеманың, непотизм мен сыбайлас жемқорлықтың белен алуына байланысты жастар қоғамның ауқатты өкілдер тарапынан кемсітушілік сезінеді. Аты шулы ДАИШ жақтастары «әлеуметтік әділеттілік» идеясын насихаттау арқылы өздерінің қатарларын толықтыруда. Бірақ бұл айтып жүрген насихаттың ақыры шындыққа жанаспауда.
Төртінші себеп, маркетинг саласы. Әлеуметтік желілерде және интернетте модераторлық жүйелерді жетілдірген кезде де, радикалды контент авторлары оларды айналып өтіп, тіпті таргет арқылы насихаттық материалдарын жарнамалай бастады.
Әдетте таргет жарнамасын бергенде фотосуреттер мен бейнежазбалар «бейбіт» түсіндіру, «қызықты» және танымал сұрақтарға жауап ретінде беріледі. Мысалы «Исламда ақшаны қалай үнемдеуге болады?», «Әйелді неге ренжітпеу керек?», «Ата-анамен қандай қарым-қатынаста болу қажет?» және басқа да өзекті сұрақ-жауаптар. Өкінішке қарай, олар үшін бұл схема өте тиімді, егер сіздің таргет жарнамасынан хабарыңыз болса, онымен жұмыс жасау оңай әрі пайдалы екенін білесіз. Жастар таргет жарнамасын көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары-қарай радикалдану процесі басталады дейді мамандар.Деструктивті діни ағымдардың танымал болуының себептері өте көп. Мемлекеттің әлеуметтік желілердегі көптеген топтарды бұғаттауға арналған қарқынды жұмысына қарамастан, адамдар әр түрлі арналар арқылы ақпараттарды әлеуміттік желілерден іздеуде. Сондықтан да, дінге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда интернет арқылы емес, ақпараттарды Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың мекемелерінен немесе олардың ресми сайттарынан алған дұрыс, – дейді дінтанушылар.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт – дәстүрін, тілін, білімін меңгерген, мәдениетті, адами қасиеті мол шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу - өмір талабы, қоғам қажеттілігі.Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. Дегенмен, қазіргі кезеңде көбейіп кеткен. Діни ағымдар азаматтарымызды адастырып, қоғамдық тұтастыққа қауіп төндіруде. Көпұлтты мемлекетіміз көпдінді мемлекетке айналып, түрлі діни ағымдар мен секталар сайын далада жүгенсіз жүр. Әсіресе аймақтарда қаптап кеткен діни бірлестіктер жергілікті жастарды «жақын» тартып, ұлттық мәдениет пен мәдениеттің арасында іріткі салуда.
Жастарға діни тәлім – тәрбие беру мәселесі бүгінгі қоғам мен мемлекеттік деңгейде кеңінен қолдау тауып, әлеуметтік, мәдени маңызға ие болып, педагогика ғылымының өзекті бір мәселесіне айналып келеді. Қазіргі қазақ менталитетіне имандылық ұрығын сеуіп, көп қазақтың беті бұрылып жатқан кезінде жастарға ерте жастан, ең алдымен, мұсылманшылдықтың басты тұтқасы иман екендігін ұғындырудың маңызы өте зор. Алайда, халық тағылымы осы кезге дейін ғылыми жүйеленіп дамымағандықтан, жұртымыздың жігері қажып, рухани азғындауының көріністерін жиі ұшыратамыз. Мысалы, қазіргі адамдардың арасында құқық бұзушылық, ата – ана мен бала арасындағы қайшылықтар, туған – туыстардың сыйластықтары кескіленіп бара жатқандай көрінеді. Осыншама қасіретке толы керағар жағдайлардың ерекше көбеюін тек қазіргі әл – ауқаттың төмендеуінен, өндірістің құлдырап жұмыссыздықтың жаппай етек алуынан немесе қоғамдағы саяси формацияның ауысуынан ғана себеп іздемей, етек алып бара жатқан адам тәрбиесіндегі індеттің көзін түсінбей опық жеп қалмауды ойластыратын мезгіл жетті. Ол үшін ең алдымен шынайы «Халық педагогикасын» ғылым ретінде дамытып, оның этнографиялық жағына ғана тоқтала бермей адамның жан дүниесін жетілдіретін рухани көзіне көңіл аудармай болмайды.
Иман – бұл адам жүрегінің тазалығы, адамгершілігі, тәубәшілдігі. Дәл қазіргі уақытта зымиян ағымдар жастарды жолынан тайдырып жүргені де өкінішті – ақ. Соның ішінде ислам дінін теріс уағыздап жүрген алаяқтар да аз емес. Алланың атын жамылып, өздерінің қара ойларын жастар арқылы жүзеге асыруда. Мұхаммед пайғамбардың 251 – інші хадисінде былай деп жазылған екен: «Адамдарды нақақ жолдан тайдырушы имамдар тажалдан да қауіпті». Шынында да, дінді уағыздап, жалған уәделер беріп, адамдарды азғыру – адами қасиетке жатпайды. Бізде қазір намаз оқымайтын, діни істерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, өзін - өзі «дінтанушы» деп діни мәселелер туралы ақпарат құралдарына өзінің шалапұтты ой – пікірлерін тықпалайтын кешегі атейстер де бар. Ал соңғы уақытта бұған өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай майын тамызатын бірқатар сайттар қосылды. Олардың жұртқа Ислам діні, діни басқарма туралы теріс пікір қалыптастыруға тырысып жүргені өкінішті - ақ. Мұнысы түрлі секталар мен іріткі салушы ағымдардың дирменіне су құю деп есептейміз.
Кез – келген партиясының, саясы ұйымның, діни ұйымдар мен бірлестіктердің, конфессиялардың белгілі бір мүддесі болады. Шартты түрде діни секталардың іс - әрекетін екі түрге бөлуге болады:
Санаға шабуыл жасауды мақсат ететін діни секталар;
Белгілі бір мүдде үшін әрекет ететін діни секталар;
Діни ұйымдардың үгіт насихаттар жасап, жастарды өз арбауына, шырмауына түсіріп, санасын улауы, отбасының бұзылуына әкеп соқтырады. Бұл халықты араздастыру мен арандату болмағанда не? Екіншіден, кейбір діни секталар мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Мысалы ХХ ғасырдың соңында пайда болған Ахмеди жамағаты мұсылмандарды тұтастай мұсылмандар емес, олар кәпірлер деп қарайды. Ал олардың іс - әрекеттерін кейбір газет – журналдар немесе бұқаралық ақпарат құралдары исламмен тікелей байланыстырады. Ал шын мәнінде, Ахмеди жамағатының іс - әрекеттері исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Міне, олардың іс - әрекеттері нағыз ұлт араздығын тудыру, халықтардың берекесін кетіру болып табылады. Немесе, ХХ ғасырдың ортасында Палестинада пайда болған Хизб - ут – Тахрир (бостандық партиясы) партияның өзін діни, саяси партия атап, ислам халифатын құру идеясын үгіттеп, қарсыластырды дұшпан, кәпір деп атап, өзін жанкешті құрбан етуді жихад санауы да исламның қағидаларына қайшы әрекет. Себебі, ислам догматикасында дінде зорлық жоқ деп қарастырады. Ал, өзін - өзі өлтіру – үлкен күнә (айып іс) деп есептеледі. Осы үндеулер халықтардың берекесін көтеріп, қоғамға діни араздықты тудырып, ұлттардың ар – намысын қорлайтын белгілерді көруге болады. Біз, тілімізді, дінімізді, салт – дәстүрімізді мәңгі ұмытпауға, оны әрдайым есте сақтауға міндеттіміз. Басқа діні секталардың арбауына түсу - өз дінін, өз отанын сату деген сөз. Себебі дін – біздің рухани болмысымыз, бүгінгіміз бен ертеңіміз және болашағымыз. Біз түрімізбен қазақ емес, керсінше тілімізбен және салт – дәстүрімізбен қазақ болуымыз керек.
Ислам – қазақ халқының рухани қазынасы, салт – санасы, әдет – ғұрпы, дәстүрі, білімі, мәдениеті және тілі мен біте қайнасқан дәстүрлі дін. Ал, саентология, благодать, Иегова куәгерлері, евангелистер, кришна секілді түрлі ағымдар – секта ретінде қалыптасқан. Олардың көздеген арманы, мақсат – мүддесі – қазақ халқының санасын улау, елдің бірлігін ыдыратып, жеріне ие болу,сөйтіп тәуелсіздігін жою.
«Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей. Ешбір дін немесе діни бірлестік басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды», дейді Заңның 4 – бабында. Заңның осы нормасы қазақ ұлтының намысына қатты тиеді.Зайырлы мемлекет екенбіз деп осылай қазақ халқын, оның дәстүрі мен салт – санасын беріп, құрбан етуге де болмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ел тыныштығын ойлап қабылданған заңдық норманың 17 жылдан кейін Қазақстан аяғынан тік тұрған кезінде, бүкіл әлем мойындап құрметтеген Елбасы тұрған кезде және жат діннің ұлтымыздың рухани тұтастығына аса қауіпті екенін белгілі бола тұра өзгермеуі жақсылық емес. Соларға берген тендіктің салдарынан қазақ ұлтының бірлігіне бітпестей сызат.
«Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз Күрд», «Орталық Азия жаматты», «Лашкар – и - Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Шығыс Түркістандағы азат ету ұйымы», «Аум Сенрике» және «Хизб – ут – Тахрир - әл - Ислами» бар. Сондай – ақ ақша табу үшін тұрғындардың діни сауатсыздығын пайдаланып, исламның дәстүрлі ағымын бұрмалап жүрген «Ата жолы», «Ана жолы» сияқты оккульттық – мистикалық ағымдағы кішігірім секталар бар. Олар сонау мұхиттың арғы бетінен келіп, қазақтың қамын ойлап жатқан ештеңесі жоқ. Керсінше, қалай да қазақ халқын қанау, қазақ халқын адастырып, өзі 70 жыл атеизмнен кейін жаңа – жаңа өзінің ата – мұра дініне бет бұрған кезде, соған қол жеткізбей, қалай да өз дінінен қол үздіріп, әр түрлі ағымдарға кіргізіп, кейін болашақта туған – туыс, ағайын, бауырлар, әрқайсысы әр ағымда болып, бір – бірімен тіл табысы алмаса, мінекей,ағымдардың арасында осындай мақсаттарды көздегендері аз емес. Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тінту кезінде таңдайын қаққызған нәрсе – қоғамға жат діни әдебиеттен бөлек, саентологтардың сейфтерінде осы ұйымға мүше болған 8 мыңнан астам адамға қатысты жасырын сипаттағы ақпараттар сақталған мұрағат табылған екен. Яғни, зымиян секталардың арбауында жүрген азаматтарымыз да бірталай екендігі өкінішті. Хаббарт деген фантастың өзінің тастаған ұраны бар: «Егер байығың келсе, жаңа дін ойлап тап» деген. Міне соның ойлап тапқан саентология діни ағымы, қазіргі уақытта біздің Қазақстан жерінде де өзінің нәтижесін беріп жатыр. Яғни, қазақ халқының ішінде соған алданып, соған өзінің ақшасын салып жүрген адамдар аз емес. Мамандардың айтуынша, елімізде бұдан басқа да, қоғамға қауіп төндіріп жатқан жалған ұйымдар баршылық.
Әрине мұндағы ең басты мақсат – пайда табу. Айналып келгенде бәрібір барлығы ақшаға тіреледі. Ал осы пайдалардың құрбаны болып көбінесе жасөспірімдер, немесе осы өмірде лайықты орнын таппаған жандар болады. Ең қауіптісі, соңғы уақытта, түрлі секталар мен жалған діни бірлестіктер, арам ниетін жасыру мақсатында, өздерін қоғамдық ұйым не болмаса жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде таныстыруда. Секта десе ат тонын ала қашатын жастарды торына алдап түсіру үшін, миссионерлер не бір айла тәсілдерге жүгінетін көрінеді. Мысалы, газетте басылған хабарлама арқылы, жұмыс іздеп барсаңыз, сектаның кеңесіне тап болуыңыз ғажап емес. Заң орындары, мұнда тәсілдің, әсіресе қаржы дағдарысы кезінде жиі қолданыла бастағанын ескертеді.
Қазіргі таңда әлемде болып жатқан келеңсіз көріністердің көбіне ислам діні басты себепкер ретінде сөз болып жүретіндігі бәрімізге мәлім. Алайда, осының қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екендігін әркім өзінше пайымдап жатады. Бұл жерде батыстың бағыты белгілі сияқты. Мұндай көбіне өтірік жала жабушылық ислам елдерінің ұлттық сана – сезімін, ұлттық идеологиясына өз ықпалын тигізбей қоймас деген ой туындайды.
Әрине, дін мен мемлекет істері қабыспайды. Дін ісі көбіне-көп адамның сенімдік жүйесіне қатысты болса, мемлекет ісі жалпыға ортақ қағидаларды қалыптастыру, діни ұйымдардың қызметін үйлестіру, бақылау, реттеу болып табылады. Бұл түсінікте ешқандай теріс сипат жоқ. Бірақ, дін қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Сондықтан қоғамдағы дін ахуалының оң бағытта қалыптасуы немесе діни бірегейлік, рухани тұтастық мемлекет үшін де өте өзекті мәселе. Себебі, дінге, діни сенімдерге бөлінген елдерге әртүрлі саяси күштер араласқан кезде діни сенім алауыздығын қоздырады. Бұл, өз кезегінде, ең терең дұшпандыққа айналады. Сенімі бөлек болса бірге туған бауырлар бір-бірін айыптап, қару көтеруі де ықтимал. Оның үстіне еліміздің көпконфессиялы, көпэтносты ел екендігін назарға алатын болсақ, әлемдегі осы тақырыптағы дүрбелең елімізді айналып өтпесі анық.
Сол себепті қазіргі кезде мемлекеттің дінге қатысты заңнамаларының барлығына дерлік жетілдірулер жасалып жатыр. Бұл – кезек күттірмейтін оң шешім. Қазіргі діни жолда жүрген адамдар өздерінің сенімін тек құдаймен арадағы дәнекер ғана деп түсінбейді. Әртүрлі саясаттарға араластырады. Ал онысы – қатерлі жағдай. Әлемдегі діни топтарға қатысты лаңкестік мәселесінің туындауының барлығының астында осы дінді саясиландыру үрдісі бар. Сондықтан дін саласын реттеу барысында дінді немесе діни ұйымдардың қызметін саясиландыруға жол берілмеуі қажет. Бұл діннің шынайы бейнесін өзгертіп, белгілі мүддеге қызмет жасау болғандықтан дұшпансыз болмайды. Бұл діни тұрғыдан күпірлікпен айыптауға, саяси тұрғыдан үстемдік таласына әкеліп соқтырады.
Қазіргі жастардың дінге деген қызығушылығы мен бетбұрысы өте жоғары деңгейде және жылдам жүруде. Алайда, осы дінге бет бұру үрдісінде діни білімді қайдан және қалай алып жатыр деген сұрақ басы ашық күйінде тұр. Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни-рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Жастардың қызығушылығы, жаңалыққа құштарлығы, тез бейімделгіштігі, рухани ізденімпаздығы сияқты ерекшеліктері оларды әртүрлі жағдайларға жетелейді. Соның ішінде дін де бар.
Дін – психологиялық құбылыс. Сенім – адамның жүрегінің түкпірінен орын алатын құндылық, сондықтан жастардың осы құндылыққа ұмтылысы жолында кей жағдайларда теріс ағымның уағыздарына еріп кетуі түсінікті жәйт. Оның үстіне теріс ағым өкілдері дәстүрлі бағыттарды ұстанушылардың өкілдеріне қарағанда анағұрлым белсенді жұмыс жасайды. Сондықтан, еліміздегі теріс ағым өкілдерінің қатарын толықтырушылардың арасында жастардың үлесі басым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында көрсетілгеніндей, ҚР-да білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады. Сондықтан мемлекеттік оқу орындары (орта немесе жоғары оқу орындары) діни білім бермейді. Оның үстіне зайырлылық қағидаттарына қайшы. Оның үстіне еліміз көпконфессиялы ел болғандықтан қандай да бір конфессия немесе дінге басымдық бере алмайды. Бірақ, діни сауаттылықты көтеруге бағытталған курстар қазірдің өзінде бірқатар оқу орындарында оқытылып жатыр. Ол курстардың мазмұны барлық діндерді тарихын, көзқарастарын, сенім негіздерін қамтиды. Сол себепті де дінге бет бұрған жастың діни қызығушылығын қанағаттандырмайды. Яғни, бұл дінтанулық курстар діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуда орасан үлес қосады деуге келмейді.
Дегенмен, мемлекет жергілікті дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге, діни білім беру мәселесінің сапасын арттыруға ықпалдасуы тиіс. Осы орайда елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу, азаматтардың діни сауатын арттыру жолында бірқатар шаралар жасалуда. Мемлекет елдегі діни ахуалға бей-жай қарамау керектігін түсініп Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, жұмыс жандана бастады.
Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап орта білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» пәні енгізілген еді. Қазір бұл пән «Дінтану және зайырлылық негіздері» деп аталып жүр. Ал алдағы жылдары «Дін және қоғам» болып оқытылмақ. Алайда бұл зайырлы сипаттағы пән болғандықтан жастарға діни сауаттылық қалыптастыра алмайды. Дін туралы мәлімет беруі мүмкін. Бірақ бұл белгілі бір бағытта діни көзқарастарды орнықтырмайды. Оған біздің еліміздің зайырлы сипаттағы мемлекет және дін қатыстары мүмкіндік бермейді. Сондықтан жастар діни ізденістерін көбінесе дін саласындағы мамандардан, мешіттерден, тіпті кездейсоқ танысқан топтардың өкілдерінен немесе интернет желілерінен алып жатыр. Ал оның зардаптары орасан екендігі баршаға мәлім.
Қазіргі әлемде үлкен қозғалыс, арпалыс, күрес, теке-тірес толастар емес. Күнделікті хабардың басым бөлігі жағымсыз сипатқа құрылған. Сол қайшылықтар мен дүрбелең үдерістердің арасында белсенді де белді орын алып отырған мәселе – экстремизм мен терроризм құбылыс-тары. Біреулер жеңіп, біреулер жеңілетін кескілескен ұрыс салатын дәуірлерден өткеніміз қашан. Қазірге әрбір халық, әрбір ұлт өзінің мемлекетін құрып, тәуелсіздігін сақтап, әлемдік қауымдастықта жеке-дара мемлекет болып қалыптасуды қалайды. Халықаралық келісімдер мен үлкен алпауыт одақтар осының кепілі іспетті қызмет атқаруда.
Алайда лаңкестіктің де сипаты біртекті емес. Ол саяси ахуалға байланысты, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға байланысты өзгеріп отыратындығын да көріп отырмыз. Әртүрлі арнайы құпия ұйымдардың, мемлекеттік саяси жоспарлардың араласуымен де кез-келген уақытта лаңкестік орын алуы мүмкін екендігін қазіргі саясаттанушылар жоққа шығармайды. Дегенмен, осындай бұлыңғыр себептермен қоса лаңкестіктің басты шарттарының бірі дінді, діни көзқарастарды жамылған діни-саяси экстремизм екені даусыз. Біреулер шынайы күресудің жолына түссе, енді біреулер күрескен сыңай танытуда. Осыған байланысты Елбасымыз БҰҰ-да сөйлеген сөзінде: «Лаңкестікпен жаппай күресуге бағытталған бірыңғай жүйе құру керек» деп баса айтқан болатын. Бірақ, бұл ұсыныс толық жүзеге асуы мұндай алмағайып саяси жағдайда өте қиын мәселеге айналған.
Демек, лаңкестік, экстремизм, терроризм, діни радикализм мәселесі бүгін бар, ертең жоқ болатын құбылыс емес. Бұл мәселемен күресудің көптеген жолдары мен сатылары бар. Қоғамдық деңгейдегі ең тиімді тәсілі – еліміз үшін рухани бағдарды айқындау, өткенмен сабақтастықты орнату. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отыр¬ғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақ¬стан¬дықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тарту керек» деген еді. Демек, жаңғыру екі бағытта жүзеге асуы тиіс. Оның алғашқысы өткенді жаңғырту, өткеннің өнегесінен, құндылықтарынан, дүниетанымынан нәр ала отырып ұлттық кодты сақтау болса, екіншісі ұлттың дамуына кедергі болатын керітартпа әдеттер мен түсініктерден арылу. Алғашқысы рухани құндылықтарға бағытталса, екіншісі материалдық игіліктерге бағыттарған қадам болуы тиіс.
Өткеннің керітартпа әдеттері мен түсініктерінен арылу – барынша қиын, әрі күрделі жағдай. Олай болатыны халқымыздың қанына біткен әдет-салттарының арасында ұлтты үмітсіздікке, керітартпалыққа, тоқпейілсуге, немкеттілікке итермелейтін сана аз емес. Тіпті, «біз қазақ осындаймыз» деген сөзді көп жағдайда болымсыз сипатта қолданатынымыз жасырын емес. Сондықтан, адамдардың бір-біріне деген көзқарасы, сатқындығы, жалқаулығы, жатыпішерлігіне қатысты, тіпті, бір кездері әдейі санаға сіңірген, жағымыз сипаттардан сананы сілку арқылы арылуға болады. Бірақ бұл ұзақ уақыт пен тұрақты тәрбиені қажет ететін үрдіс. Руханиятқа қатысты алғашқы мәселе ретінде көтерілген ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталуы біздің саламызға тікелей қатысы бар, қазіргі кездегі кезек күттірмес, өзекті мәселелердің біріне айналған шектен шығушылық, радикалдану, тіпті лаңкестікке баруға ұласып жатқан жаңсақ діншілдену жағдайында аса өзекті саналады. Ұлттың руханиятынан сусындай алмаған, отбасында рухани тәрбиеден жырақ қалған қазіргі өтпелі, өлара шақтың кейбір замандастары діндарлану мен радикалдануды ажырата алмауда. Соның салдарынан бастапқы ниеті мен ойы дұрыс болғанымен, нәтижесі мен құндылық көзі қате болғандықтан тез адасып, тіпті, қағынан жерініп, өзінің ата-анасына, ұлтына еліне қарсы ұстанымдарға еріп жатыр. Осы орайда өткен құндылықтарды жаңғырту, ұлт зиялылары мен ағартушыларының еңбектерін бағдар ретінде ұстану, өскелең ұрпақты тек заманауи біліммен ғана емес, рухани тәрбиемен де қаруландыру ел болашағының қазіргі талабы, болашақ руханиятының кепілдігі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат