Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Р.Әсілбек, Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зеттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Ж.Жорабек, Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалының бас маманы Н.Оспанов қатысты. Кездесу барысында сөз кезегін алған Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зеттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Ж.Жорабек Деструктивті діни ағымдар әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихатталып жатқан кереғар ағымдардың ерекшеліктері мен теологиялық өзгешеліктерін атап өтті. Мекеме қызметкерлеріне деструктивті ағым өкілдерінің іс-әрекеттері және де олардың формалары жайында мол мағұлмат берді.
Кездесу барысында сөз кезегін алған Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалының бас маманы Н.Оспанов дін азамат баласын игілік пен ынтымаққа шақырушы екенін, қоғамға және адам өміріне зиян тигізіу дінге жат екенін жеткізді. Дін адамды ұлтына бөлмей бүкіл қоғам үшін бүкіл қоғам үшін ортақ екенін айтты. Қоғамдағы ынтымақтастық пен татулықта діннің алар орны ерекше екенін түсіндірді.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекет пен діннің арасындағы қатынас жаһандану дәуіріне негізделіп, жаңа модель арқылы дамып отырғандығын, дініміз қазақстандықтардың ар, сана, жүрек тазалығын қамтамасыз етіп, біліктілігін, сауаттылығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды қорғауға және сақтауға жетелейтінін жеткізді. Өйткені қазақ халқының ұлттық құндылықтары Ислам мәдениетімен тығыз байланысты екендігін Ж.Жорабек айтып өтті. Жиын барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, сауалдарға жауап берілді.
Дін ұғымы әрбір адам баласының өмірінде ерекше орын алатын құбылыс. Кез келген мәдениет пен өркениеттің негізінде дін жатыр. Сол секілді қазақы таным мен мәдениетіміздің өзегінде ислам діні жатқандығы ақиқат. Өкінішке орай, осы көзқарасымызбен келіспейтіндердің де жоқ емес. Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін терістеп, оны дінсіздік деп танитын топ жастар арасынан да көрініс таба бастады. Бұл айтылып жүрген пікірлердің ұшқары екенін және діни сауатсыздықтан пайда болғанын көзі ашық азаматтар бірден байқайды. Біздің ата-бабалармыздың ешқандай да діни фанатизмге жол бермегені және исламның ақ жолын ұстанғаны белгілі. Себебі, қазақ халқының ауыз әдебиетінде сал-серілердің өлең, жыр-дастандары, ортағасырлық ғұламалардың еңбектері осының айғағы.
Әрбір өзінің болашағын келешек ұрпақпен өлшейтіндігі ақиқат. Біз бақытын баладан күтетін халықпыз. Себебі, жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу – бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені, кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында.
Қандай да бір сала туралы сөз қозғағанда бұл бағытта жастардың алар орнын айтпай кету мүмкін емес. Сол секілді дін саласында мәселе көтергенде де жастар тақырыбына қол ұрмау мүмкін емес. Себебі жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қандай діннің ғибадат үйіне бас сұқпаңыз ол жерден жастарды кездестіруіңіз ақиқат. Тіпті діни тақырыптардағы түрлі әлеуметтік желі парақшаларын үзбей бақылап, ондағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалап отырған да осы – жастар. Өкінішке орай осы бір әлеуметтік желілердегі жалған діни ақпараттардан опық жеп жатқанымыз да баршылық.
Дін жастарды несімен қызықтырады? Жастардың пікірі бойынша, дін — адамдарды сабырлыққа және адамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелей отырып, олардың бойында болашаққа деген сенімділікті қалыптастырады. Көптеген жастар үшін Жаратушыға деген сенім өмірдегі мәнді құндылық ретінде жақсылыққа деген үміт болып табылады. Демек, дін – адамның рухани қалыптасуы мен дамуында шешуші ықпал ететін факторлардың қатарынан орын алады. Заманына қарай адамы демекші бүгінгі қоғамның жастарын бұрынғы жастармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, сауық-сайран құруы, былай айтқанда, адами құндылықтары бөлектеу. Бірақ жастарымыз жалпыадамзаттық мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтардың да бар екенін естен шығармаулары қажет. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаса алмайды. Абай һәкімнің тілімен айтқанда «кемел адам» бола алмайды.
Жас ұрпақты деструктивті діни ағымдардан сақтандырудың маңызы неде? Ең бірінші оларға қауіп-қатерлердің қайдан және неден келетінін түсіндіру қажет. Жастар деструктивті діни ағымның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Осындай дін атын жамылған ағымдарға қарсы жастар бойындағы иммунинет – ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ғасырлардан жеткен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жастардың адастырмас темірқазығы болмақ. Осындай құндылықтар ғана жастарды, жасөспірімдерді теріс діни идеологиялардың құрсауынан құтқарады.
Дін саласында арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық та деструктивті діни ағымның құрсауына, торына түсуге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Жат ағымдармен күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермейді, сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізу ләзім. Яғни, діни сауаттылық қажет-ақ. Идеологияға қарсы идеология қою арқылы ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейту керек. Адамгершілік тәрбиеде діни құндылықтарды пайдалану, сондай-ақ дін мен мектептерді шебер байланыстыру нүктелерін дұрыс таба білу — бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші, ауызбіршілік пен ынтымақта, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуде күш біріктіруі арқылы жастарды сақтай аламыз.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің негізгі мақсаты – дін саласындағы әртүрлі бағыттағы ақпарттық материалдар қорын жинақтау және дін мәселесі бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізіп жатқан жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Ұлттық құндылықтарға негізделген танымдарын кеңейту үшін барынша жағдай жасау, деструктивті діни ағымдар мен дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына түскен жастармен жекелей жұмыс істеп, оларға теологиялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсету. Елімізде дін мәселесі күрделіленіп тұрған уақытта мемлекетіміздің діни саясатын нығайтып, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы қалыптасқан діні және басқа да әлемдік діндердің тарихы мен рухани құндылықтарынан жастарды хабардар етіп, олардың санасында басқа сенімдерге деген құрмет пен төзімділікті қалыптастыру да осы біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бұл – барлық мүфтиден бері жалғасып келе жатқан асыл міндет. Мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы қоғамдық орындар мен түзеу мекемелерінде 9928 жеке ықпал ету акцияларын (жеке кездесулер) жүзеге асырды. Жұмыс нәтижесінде жалпы 1477 адамға оң ықпал жасалды. Атап айтқанда, 773 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді және 704 адам деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты. Бүгінде мүфтият жанынан құрылған Ғұламалар, Ақсақалдар, Сарапшылар кеңесі жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру жұмыстарына белсене араласуда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам құндылықтарын үздіксіз дәріптеп келеді. Осы бағытта мүфтият «Дәстүрлі Ислам жауһарлары», «Дін мен дәстүр», «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам» кітаптарын шығарды. Жыл соңына дейін «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдары, «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Дін мен дәстүр ІІІ» еңбектері жарық көреді. Аталған кітаптар дәстүрлі дінімізді дәріптеуде таптырмас құрал болмақ. Әлі де атқарар жұмыс көп. Барша азамат осындай ортақ мақсаттар жолында бірлесе қызмет етуі керек. Жастарды жат ағымнан сақтандыру – баршаға ортақ іс.
Қазіргі таңда имамдарға «Исламда ән айту, музыкалық аспаптарды қолдану дұрыс па?» деген сұрақтар жиі қойылуда. Бұған қатысты Ислам ғалымдарының пікірі бар. Мысалы, Исламдағы үлкен ғалымның бірі Имам Шәфиғи: «Өлең ол бір сөз. Сондықтан оның жақсысы жақсы, жаманы жаман», – деген. Имам Әбду әл-Ғани ән-Нәбулуси әл-Ханафи: «Музыкалық аспаптардан шығатын дыбыс харам емес. Өйткені құстардың сайрағаны да әуен. Ғалымдардың бір ауызды келісімімен құстың әуені харам емес. Ал егер ол бекершілік, харам нәрселермен араласса сол уақытта тыйым салынады», – деген.
Ислам ғұламаларының пікірі бойынша, ізгілікті насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, мысалы арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек» (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады.
Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз саналған домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Жырауларымыз ел басына күн туған шақта батырларымызды жігерлендіру мақсатында қара домбыраны қолға алып, жыр айтып отанды қорғауға үндеген. Бұл жырлар жауангерлерімізге рух берген.
«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас, құнды қазына, ұлттық рух. Әртүрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Демек, домбыра – ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан қастерлі мұрамыз.
Кейбір дін ұстанған жастарымыз әлеуметтік желіде «домбыра шерту – харам», «сәлем салу – харам» деген мағына пікір айтқан сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға шақырып, ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдеген болатын. Осы ретте барша азаматқа айтарымыз: дінге қатысты қандай да сұрақ туындаса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарына немесе осы бөлімнің облыс, қалалардағы өкілдеріне хабарласу қажет.
Адамзат баласы өткен ғасырдағы қырғи-қабақ соғыс кезеңінің қорқыныштарын басынан кешіріп, енді тыныштық заманға қол созып отырғанда, тағы да жаңа бүкіләлемдік мәселемен бетпе-бет келді. Енді қазіргі әлемнің алдындағы өзекті мәселелер халықаралық экстремизм мен терроризмнің және соның ішінде діни-саяси экстремизм, ислам фундаментализмі, уаххабизм және т.б. түрлі қауіп-қатерлер болып табылады.
Қазіргі таңда біздің елдегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті діни идеологиялардың таралуы болып отыр. Ең алдымен «деструктивті» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Деструктивті діни ағымдар азаматтардың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар.
Деструктивті діни ағымдар негізінен материалдық тұрғыда шегіне жеткен, бірақ рухани тұрғыдан әлсіреген қоғамынан шығуда. Олардың пайда болу шарттары да күрделі. Материалдық жағынан дамыған қоғамның әсіресе студент жастар, зиялы қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары және қарапайым көпшілік арасында теріс діни ағымдардың жаппай таралуына және етек алуына қоғамдағы әлеуметтік психологиялық мәселелер де әсер етті. Күнделікті өмірлерінен мезі болған олар, бақытты материалдық құндылықтардан емес, керісінше рухани құндылықтардан іздейді.
Мұндай діни ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық және физикалық жағдайына қауіпті болып келеді. Сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын, жалпы қоғамға қауіпті болып табылады. Деструктивті діни ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның немесе адамдар тобының басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкі мақсаты - адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.
Деструктивті діни ағымдардың белгілері
1. Діннің, діни қағидалардың ерекшеліктері туралы идеялардың болуы;
2. Зайырлы тәртіпті, оның ішінде заңдарды, билік және басқару органдарын мойындамайтын ұйғарымдардың болуы;
3. Діни алауыздық немесе араздық тудыратын, қауіпсіздікке, өмірге, денсаулыққа, адамгершілікке немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін ұйғарымдардың болуы;
4. Діни догмалардың ғылыми түсіндірмесін мойындамау, мазхабтарды теріске шығару, оның ішінде Орталық Азия мұсылмандары үшін дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабын сыни түрде қабылдамау;
5. Адамдарды шынайы діндар, діннен безгендер немесе адасқандар деп бөлу;
6. Халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын мойындамау, оларды ұстанудан үзілді-кесілді түрде бас тартуға шақыру;
7. Діндарлардың мәдени-бұқаралық іс-шараларға баруын, теледидар, әсіресе ойын-сауық және музыкалық бағдарламалар мен хабарларды қарауын шектеу;
8. Әйелдердің киім үлгісін таңдау еркіндігін шектеу немесе әйелдерді, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды анық көрінетін діни киімді немесе басқа елдер мен халықтарға тән киімді киюге мәжбүрлеу;
9. Тек діни талаптар мен рәсімдер бойынша некеге тұру және некені бұзу ұйғарымы;
10. Ұлттық тілге және мәдениетке нұқсан келтіретін өзгеше сөйлемдерді, сөздерді, сленгтерді қолдану ұйғарымы;
11. Ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке және қазіргі заманғы талаптарға нұқсан келтіретін өзгеше түрге ие болу және өзгеше киім кию ұйғарымы:
Ер адамдар үшін:
- күтім көрмеген, бей-берекет өсірілген сақал. Мұрт қырып тасталады;
-тобықтан төмен түспейтін, кең пішімді қысқартылған шалбар (дене пішінін анық көрсететін киім үлгісіне тыйым салынады).
Әйел адамдар үшін:
- Денені толығымен немесе толық дерлік жабатын кең үлгідегі киім (паранджа, бурка, чадра, химар, хиджаб). Көбінесе қара түсті немесе басқа да қараға жақын түстер (қара-қоңыр, қара-көк, сұр).
Бүгінде деструктивті діни ағымдар мен секталар ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс мақсатта пайдаланып, кісінің әлсіз тұстарын, не нәрседен әсерленетінін анықтайды. Нысанаға алынған адамның жан дүниесіне бойлай еніп, оны кереғар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады.
Діни сауаты төмен адамдарды арбаудың бір құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.
Сол үшін қазіргі таңда жастарды деструктивті діни ағымдардан сақтандыру басты міндет болып отыр. Осыған орай деструктивті діни ағымдардан сақтану мақсатында бірнеше жолдарын ұсынғанды жөн көрдім:
Біріншіден жастарымыз діни сауатын дұрыс бағытта арттырғаны жөн.
Екіншіден діни тұрғыдан қарым-қатынас жасаған адаммен ішкі дүниеңі назарға алып, бақылауды арттырып: «Не үшін маған оны айтып жатсыз?» «Сізге бұл не үшін керек»?-деген сұрақтармен нақтылаған дұрыс.
Үшіншіден Оның қойған сауалдары мен жіберген фото, бейне-аудио жазбаларына сыни көзбен қарап, сараптама жасап барып жауап беру.
Төртіншіден Сізге жанашырлық танытып, көмек қолын созуы да мүмкін. Бұл сізді құрыққа түсіруге жасалған алғашқы қадам екенін ұмытпау керек.
Бесіншіден бейтаныс адамдарға сырыңызды айтудан сақтану қажет.
Алтыншыдан өмірдегі мақсатыңызды тауып, оған жету жолын ойлан дұрыс. Сонда ғана ешбір ағым, әр түрлі ойлар сізді тура жолыңыздан тайдыра алмайды.
Деструктивті діни ағымдар жақтастарының жетегіне кеткен кейбір азаматтар мен азаматшаларды дәстүрлі дін жолына бейімдеу, түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші азаматтармен де арнайы оңалту жұмыстары бойынша орталықтың теолог-дінтанушы мамандары салмақты жұмыстар атқарып келеді.
Бүгінгі күнде түрлі жат ағымдар мен миссионерлік топтар өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырып бағуда. Әлі тұлға ретінде қалыптаспаған, ақ пен қараны, оң мен солды ажырата алмаған жастарымыздың, сонымен қатар ес тоқтатқан азаматтардың да санасын улап, жат ағымның жетегіне кетуге мәжбүрлеуде. Тіпті, теріс діни ағым қоғам дертіне айналып бара жатқаны өкінішті?!
Адамзат баласының ортақ құндылықтарының бірі - дін. Дін дегеніміз – нәзік құбылыс, тұлғаның рухани дүниетанымын қалыптастыратын қасиет. Ондағы кейбір термин заманға сай атауын өзгерткенімен, ішкі мағынасын жоғалтқан емес. Солардың бірі – деструктивті діни ағым. Қоғамда дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды «деструктивті немесе кереғар діни ағымдар» деп атаймыз. «Деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі таңда, өзекті мәселенің бірі - дін екені баршамызға мәлім. Шынайы дініміздің құндылықтары, қағидалары, шарттары мен бағыттары адам баласын жақсылыққа, ізгілікке шақыратыны айқын. Ал діннің атын жамылған кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттері адамды кері кетіруге, адасушылықтарға жетелейтіні анық.
Деструктивті діни топтардың ықпалына түскен адамдардың бойында мынадай типтік белгілер кездеседі:
діни тақырыптарға шамадан тыс көп әуестенуі;
ата-анасына, жақын туған-туыстарына бағынбау;
араласып жүрген адамдарына, отбасына, достарына, кәсібіне қарым-қатынасының өзгеруі;
өзінен-өзі тұйықталу;
еш себепсіз үйінен жиі кетіп қалу;
отаншылдық сезімге, өз елінің төл мәдениетіне, салт-дәстүріне, ата-бабасына мысқылдап қарау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу.
Жат ағымды насихаттаушылар өз мүшелеріне заттай қарағандарымен қоймай, оларға бейэтикалық тәсіл қолданып өздерінің ырықтарына бағындырғысы келеді. Мысалы; психологиялық қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, ұрып-соғу және т.б. НЛБ (нейро лингвистикалық бақылау) яғни сананы бақылауға алу арқылы жат ағым насихаттаушылары жергілікті халық көп шоғырланған елдімекендерде тұрып, қызметтерін табысты атқару үшін сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын жеткілікті деңгейде зерттеп, үйренеді. А.Котляровтың пікіріне сүйенетін болсақ, беймаза және күмәншіл адамдар, перфекционизмге бейім тұлғалар мен өзінің ішкі әлеміне терең қарайтындар, инфантильді адамдар (жасы егде тартқан кей адамдардың ой-өрісі мен іс-әрекеті балаға ұқсап, өздерін бала сияқты сезінетін жандар), рухани күйзелісте жүргендер, өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған адамдар теріс діни ағымның ықпалына тез түседі.
Психологтар жүргізген зерттеу нәтижесіне тоқтала кетер болсақ, 14-25 жас аралығындағы жастар аутоагрессивті әрекеттерге сезімтал екені анықталған. Жасөспірімдердің санасы енді бүршік атып келе жатқан ағаш іспетті, жаңа қалыптасып келе жатқандықтан, кез келген нәрсені өзіне жақын қабылдауға дайын тұрады. Бұл кезеңде оғаш мінез-құлық белгілерінің көрінуіне әсер етуші бірден бір фактор – оның ата-анасы және отбасындағы жалпы психологиялық ахуал. Егер әрбір ата-ана осы шақта баласына дұрыс көңіл бөліп, баласымен жақсы қарым-қатынас орнатып, сонымен қатар материалдық және рухани құндылықтармен қамтамасыз ететін болса, жасөспірімде болатын ауытқу ахуалдарының алдын алуға мүмкіндігі болады. Жасөспірімнің психологиясы енді қалыптасып жатқан тұста санасына дұрыс қасиеттерді сіңіру қажет. Тәрбие арқылы, баланың бойындағы жаман әдет пен теріс қылықтан арылтуға болады. Сондай-ақ, жасөспірімнің жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімге бай тұлға етіп қалыптастырған абзал.
Бүгінгі күні статистикалық мәліметтер бойынша, дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді екен. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен интернет арқылы ашатынын көрсетеді. Яғни, шырпы жақсаң тұтануға шақ тұрған қазіргі қоғамда ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар («ВКонтакте», «Facebook», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok», «Одноклассники», «Twitter», «Мой Мир»), блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде заманауи мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.
Сол қауіпті сейілтудің бірнеше жолдары:
Әр саланы өз маманынан біліп, үйренгеніміз жөн. Егерде сізді қандай да бір діни сауалдар мазаласа, өзіңздің тұрғылықты жеріңіздегі ҚМДБ филиалдарына яғни мешіттерге барып, имамдардан өз жауабыңызды ала аласыз.
Егерде діни сауатыңызды ашқыңыз келсе, ең алдымен ғаламтор беттерін парақтамай, мешіт имамдарынан, медресе ұстаздарынан дәріс алған жөн.
Егерде сізге белгісіз адам діни материалдарды (фото, бейне-аудио жазба) жіберсе, не себепті жібергенін сұрап, іштей сараптама жүргізгеніңіз абзал.
Қазақта: «Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз екі елге тарайды»- деген дана сөз бар. Бейтаныс адамдарға сырыңызды айтудан, жан-тәніңізбен ашылудан сақтаныңыз. Теріс діни ағым өкілдері сіз туралы мәліметтерді өзіңізге қарсы қолданудан тайсалмайтыны хақ.
Хәкім Абай: «Сен де бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!»- демекші, өмірден өз орныңызды тауып, алға қойған арман-мақсаттарыңызды нақтылағаныңыз өзіңізге жақсы. Сонда ғана жат діни ағымның жетегіне еріп кетуден аулақ боласыз.
Абайша айтқанда «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап!»- дегендей, тек қана өзіңіздің күшіңізге, өзіңіздің ақылыңызға арқа сүйеңіз.
Қорытындылай келе қауіптің алдын алу үшін жастардың құқықтық және діни сауатын арттыру мақсатында жүйелі ақпараттық түсіндіру шараларын өткізіп, діни ағартушылық бағдарламалар ұсыну қажет. Тағы да атап өтер жайт, ғаламтор кеңістігінде орналастырылған діни мақалалардың дұрыстығына көз жеткізіп, тек қана ресми сайттардан ғана оқу маңызды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат