Сенбі, 23 Сәуір 2022 15:39

Азық-түлік бағасын ұстап тұра алмайтын облыс әкімдерінің орынбасарларына шара қолданылады

Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшу мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі - 0,6% болды. Атап айтқанда, пияз - 2,9%, қырыққабат - 2,8%, құс еті - 2,5%, сәбіз - 2,3%, қант - 1,5%-ға қымбаттады. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсуі - Нұр-Сұлтан (0,9%) және Алматы (0,8%) қалаларында тіркелді.

Елімізде сауда үстемесін бақылау жұмыстары аясында үй маңындағы 32308 дүкен тексерілді (қамту – 77%), соның нәтижесінде 358 факті анықталып, барлығына қатысты тиісті шаралар қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда азық-түліктің (жаңа өнімді есептемегенде 669 841 тонна), оның ішінде сиыр еті, картоп, ұн, жұмыртқа, сүт және басқасының едәуір қоры қалыптастырылған.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі ӘМАТ бағасының ең жоғары өсімі тіркелген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың, сондай-ақ республика бойынша қырыққабаттың ең жоғары бағасы (келісіне 340 теңге) тіркелген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың есептерін тыңдады. Кеңесті қорытындылай келе, Әлихан Смайылов бағаны ұстап тұру мәселелері бірінші кезекте маңызды екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің басты міндеті - күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге бағаны ұстап тұру мақсатында өнімді жедел түрде тікелей жеткізу үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімін тұрақты негізде өзектендіріп отыру тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «СҚ-Фармация» ЖШС медициналық техникасын орталықтандырылған сатып алуға көшу Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салды. Биыл жобаны пилоттық режимде іске асыру жоспарланып отыр, ал 2023 жылдан бастап жабдықтарды жергіліктендіру немесе келісімшарттық негізде өндіру бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасалады. Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бейінді министрлікке әкімдіктер көтерген мәселелерді ескере отырып, орталықтандырылған сатып алу тетіктерін пысықтауды және Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

 «AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 902 рет