Жұма, 16 Қыркүйек 2022 10:32

Отырар: Шәуілдірде жүйелі жұмыстар жалғасын табады

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов кезекті халықпен кездесу жиыны Шәуілдір ауылында өтті. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде өткен кездесуде аудан әкімі 1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауындағы міндеттерге тоқталды.

Ол өз сөзінде биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – ол қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталғанын атап өтті. Мұнан соң аудан орталығы Шәуілдір ауыл округінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен таныстырды. Айта кету керек, ағымдағы жылды аудандық бюджет есебінен Шәуілдір ауылындағы С.Сейфуллин көшесіне асфальт жол төселсе, ауыл округінің 4-ші бюджеті есебінен М.Байтас көшесіне (140 метр) тасжол төселді. Сондай-ақ, 2022 жылы аудандық бюджет есебінен Шәуілдір ауылы М.Әуезов көшесіне көп функционалды спорттық ойын алаңшасы орнатылып, пайдалануға берілсе, Ж.Жанұзақов көшесінің бойынан балаларға арналған кіші футбол мен волейбол алаңы салынды. Сонымен қатар ауыл округінің 4-ші бюджеті есебінен Т.Әубәкіров (720 метр), Т.Сәрсенбаев және Дербісов көшелері (620 метр) жарықтандырылып, 900 мың теңгеге көп қабатты үйлер аумағына 18 дана қоқыс жәшіктері (контейнер) орнатылды.

Мұнан бөлек Жібек Жолы даңғылы бойындағы арка ағымдағы жөндеуден өткізіліп, Н.Оңдасынов көшесі бойына егілген тал көшеттері қоршалды. Шәуілдір ауылында атқарылатын жүйелі жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Атап айтқанда, 2022 жылдың қыркүйек-қазан айларында бюджет есебінен Шәуілдір ауылындағы Әбдірайымов, Жақсылықова, Тұяқбаев, Сарыжайлау, Мұңайтпасов көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беріп, өтініштерін тыңдады. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлер басты назарға алынып, орындалуы заң аясында оң шешімін табатынын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойғаны белгілі. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» делінген. Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет «әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу», республикалық маңызы бар қала, астана әкімі «қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу», аудан әкімі «әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу» өткізуі тиіс. Әкім кездесулерінің «икемді жылдық» күнтізбесі «қажет болған жағдайда» тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсынылуы қажет.

Бұған қоса, әкім «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың «төрттен бірден аспайтын бөлігін» баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты «сұрақ-жауап» форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен «халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия» құрады. «Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын» делінген жарлықта.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 413 рет