Ынтымағы мен бірлігі жарасқан шәуілдірліктер мерекелік көңіл-күймен сайлауда өздері сенім артатын үміткеріне дауыс берсе, алғашқы дауыс берушілерге сыйлықтар таратылды. Бүгінгі сайлауда алғаш болып өз таңдауын жасағандардың бірі – Тасболат Шынболат. «Ауылдың көркеюіне, дамуына еңбек ететін әкімді таңдауға мүмкіндік берген ел Президентіне алғыс білдіремін. Бүгін менде өз ауылымның әкімін таңдауда дауыс бердім» дейді.
Сондай-ақ, ауыл қариясы Аманжол Амиров сайлауға алғашқылардың бірі болып келіп, жиналған көпшілікке ақ батасын берді. Жалпы, Шәуілдір ауыл округінің әкімін сайлау үшін 3 сайлау учаскесі, атап айтқанда №520 сайлау учаскесі (аудандық мәдениет сарайы), №521 сайлау учаскесі (Жамбыл мектеп-лицейі), №522 сайлау учаскесі (Д.Құрманбеков атындағы №20 колледжі) жұмыс жасауда.
Естеріңізге сал кетсек, алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы былтыр 25 шілдеде өткен болатын. Сөйтіп, Қазақстан қоғамы 2024 жылға дейін жалғасатын әрі уақыты келгенде ұдайы ұйымдастырылып отыратын жергілікті әкімдерді сайлау кезеңіне өтті. Негізі, кез келген мемлекеттің ХХІ ғасырдың бәсекесіне төтеп беретіндей деңгейде дамуына әсер ететін бірқатар фактор бар. Әрине, экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын түзеу кезек күттірмейтін іс екені белгілі. Дегенмен бұқараның мемлекеттік басқаруға тікелей араласуы, елде наным-сенім мен сөз бостандығының, адам құқығының, соның ішінде сайлау және сайлану құқығының сақталуы тәрізді мәселелер өзекті екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер сайлауын елдегі саяси реформалардың жүйелі әрі батыл жалғасуын қамтамасыз етіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясында межеленген басымдықты жүзеге асыруды бастады. Мұны ауыл әкімдерін сайлаудың саяси іргетасы, алғышарты ретінде бағалауға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында басқаруды орталықсыздандырудың маңызды екенін атап өткен еді. «Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, ауыл әкімдерін сайлаудың маңызды екенін атап өткен еді. Тіпті, мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу бастамасы да көтерілген. Сол жылдары мәслихат арқылы 2 533 әкім сайланатыны да айтылған. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев елдегі экономикалық ахуал түзеліп, Қазақстан тұрақты даму жолына түскен соң бірте-бірте саяси реформалар жасау уақыты келгенін де байқатқан. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясына «Мемлекеттілікті одан әрмен нығайту үшін демократияны дамыту» дейтін арнайы басым бағыт енгізілді. Кейін, дәлірек айтқанда 2017 жылы Президенттің бірқатар құзыреті Парламент пен Үкіметке берілді. Елбасының тікелей Жарлығымен жүзеге асырылған конституциялық реформалар осылайша елдегі демократиялық үрдістерді тереңдете түскен еді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне ұзақ даярлықпен келді. Алдымен жоғары билік эшалонындағы жауапкершілік бөлінді. Президенттік институт сақталғанымен, Үкіметтің де, Парламенттің де жауапкершілігі күшейтілді. Кейін Елбасы өзгеше үлгідегі билік транзитін ұйымдастырып, жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғаны мәлім. Ал елді демократияландыру бағытындағы реформаларды Президент Қ.Тоқаев жалғастырды.Әрине, әсіреқызыл сөзге құмар, қоғам бір күнде өзгере салуы тиіс деп ойлайтын белсенділер Қазақстанда ауыл түгілі облыс, республикалық қала әкімдерінің де сайланып, биліктің мүлдем орталықсызданғанын қалайтын кездері болады. Сырт көзге жағымды ұсыныс болғанымен, мұндай ұрандар популистік бастамадан басқа ештеңе емес. Өйткені бүгінде біз тамсанып жүрген батыс елдеріндегі демократияның өзі ұзақ жылдардың жемісі. Ал өзгелер жүздеген жылда жүріп өткен жолды ширек ғасырда өтпедік деу қисынсыз болар еді. Әрі әр халықтың өз танымы, мәдениеті, өмір сүру жағдайы мен елдің географиялық орналасуы, аймақтың геосаяси жағдайы деген болады. Бұлардың барлығы ескерілмесе, демократияның соңы охлократияға ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан билігінің ұстанымын көптеген сарапшылар дұрыс деп бағалайды. Президент Қ.Тоқаев та «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында саяси реформалардың асығыс жасалмауы керек екенін атап өткені бар.
«Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз» деген еді Президент. Сонымен бірге саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайтынын айтқан. «Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық» деп жазған болатын Мемлекет басшысы. Мұның өзі ауыл әкімдерін сайлау деңгейіне жету үшін қоғамды даярлау, нормативтік базаны қалыптастыру, тіпті елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды төмендетпеу, мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселелерді түбегейлі реттеу тәрізді түрлі сатылардан өту қажет болғанын көрсетіп отыр. Әкімдерді сайлау – халықтық демократияны нығайту бағытындағы тың қадам. Сонымен бірге бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру тұрғысындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастаманың өмірге жолдама алғанының нақты көрінісі. Елбасы тұсында басталған Қазақстанның демократиялық дамуы тоқырап, тоқтап қалған жоқ. Елде қазір осы бағытта қарқынды реформалар жүруде. Оның бір бағыты және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудің нақты қадамы – ауыл мен ауылдық округ әкімдерін сайлау.
Жалпы, ауыл әкімдерін сайлау жауапкершілік жүгін биліктің түрлі деңгейінде жүйелі бөлісуді қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық реформалардың тиянақты жүзеге асырылуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұқараның билікке деген сенімі де нығая түспек. Әрине, одан бөлек сайлау мәдениетінің қалыптасуына, саяси немқұрайдылықтан құтылуға ықпал ететін жанама әсерлері де болатынын ескеру қажет. Ең бастысы, іскер азаматтардың әкім болып сайлануы жергілікті жердегі мәселелерді дұрыс шешуге ықпал етеді. Өйткені халықтың сенімінен құнды дүние жоқ. Сенімді ақтамау саяси һәм азамат ретіндегі беделді жоятын қадам. Мұны әкім болып сайланған азаматтар жақсы білсе керек.Әлемде қала мэрлерін, елді мекен басшыларын, шерифтерді сайлау тәрізді биліктің ең төменгі эшалонындағы басшыларды бұқараның тікелей сайлап алу дәстүрі ондаған жылдардан бері бар. Көрші Ресейде де губернаторларды сайлап жатады. Түбі бір түркітілдес елдердің ішінде Түркияда әкімдерді сайлау қызу өтеді. Бірақ Орталық Азияда мемлекеттік басқарудың ең төменгі сатысында сайлау ұйымдастыру болған емес. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан тағы да озық үлгі көрсетті. Әрине, ел тарихындағы елеулі оқиғаның артықшылығы, сайланған әкімдердің үмітті қаншалықты ақтайтыны бөлек әрі бүгін-ертең белгілі бола қоя қоймайтын әңгіме. Алайда шығыстың дүниетанымдағы әрі ұзақ жыл бойы мемлекеттілігінен айырылып, тек 30 жыл бұрын ғана қайтадан ел бола білген халықтар үшін таңсық дүние екені анық. Дегенмен Қазақстан билігінің ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды жүйелі жүзеге асыруының нәтижесінде қоғам әкім сайлауына біршама даярланды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»