Конференцияның күн тәртібінде «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасын талқылау, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс 46 конференциясына делегаттар сайлау, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының саяси кеңесінің жаңа құрамын сайлау туралы мәселелер қаралды. Жиында конференция делегаттарының өкілеттігін растау үшін Оранғай бастауыш партия ұйымының төрағасы, мандат комиссиясының төрағасы Н.Кадиров хабарлама жасады. Конференцияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы С.Асылбеков баяндама жасады.
Ал, жарыс сөзге «AMANAT» партиясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Т.Садуов, №13 жалпы орта мектебінің директоры, Шаға бастауыш партия ұйымының төрайымы М.Алиева, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ж.Сайлау өз ойлары мен пікірлерін білдірді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша 2022 жылдың 30-шы қыркүйек күні өтетін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті XLVI (46) конференциясына қатысатын делегаттар тізімін және саяси кеңесінің жаңа құрамын «AMANAT» партиясы аудандық филиалының консультанты М.Әсілханов таныстырды.
Конференцияда Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков жаңадан құрылған Сауран ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен еліміздегі реформалар жөнінде кеңінен айтып, бір топ азаматтарға партияның жаңа үлгідегі билеттерін табыстады.
Жалпы, елімізде көппартиялық жүйені орнықтыру үдерісі қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы жыл сайын Жолдауларында саяси жаңарудың аса қажеттілігіне басымдық беріп келе жатыр. Еліміздегі саяси реформалар саяси партиялардың санын көбейтуге, саяси бәсекелестікті күшейтуге, халық қалаулыларының жаңа толқынының пайда болуына ықпал етеді. Ескі үлгі бойынша сайланған биліктің өкілді органдары кезектен тыс сайлау циклінен өтіп, заңды түрде жаңартылуы керек. Еліміздегі сайлау үдерісі мен сайлаушылардың мінез-құлқы қазірдің өзінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Мысалы, электорат мәдениетінің басты белгілерінің бірі – оның белсенділігі. Бұл бірінші кезекте сайлаудың бірінші немесе екінші реттік болуына байланысты. Бірінші реттік деп аталатын президенттік және парламенттік сайлауды қамтиды. Екіншісі – маңызы төмен мемлекеттік институттардың қалыптасуы жатады. Әрине, бірінші жағдайда дауыс беру экспрессивті және сайлаушылардың тұрақты қалауын көрсетеді. Мысалы, 1998 жылғы Қазақстандағы парламенттік сайлау мен 1999 жылғы президенттік сайлауды салыстырып көрейік. Ол кезде президенттік сайлауға сайлаушылардың 86,28 пайызы қатысса, парламент сайлауына 62 пайызы ғана дауыс берген. Осылайша, халықтың өзі президенттік сайлаудың маңыздылығын айқындап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыркүйегіндегі бірінші Жолдауында саяси трансформация мемлекетіміз бен халқымыздың мүдделерін ескере отырып, кезең-кезеңімен және тұрақты түрде жүзеге асырылатынын нақтылады. Бұл ретте іргелі қағидат белгіленді: елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртусыз табысты экономикалық реформалар жасау мүмкін емес. Мемлекет басшысы елде көппартиялық жүйені, саяси бәсекелестік пен пікір плюрализмін дамыту міндетін қойып отыр. Бұл ұзақ мерзімді перспективада саяси жүйенің тұрақтылығы үшін маңызды екенін атап көрсетеді.
2021 жылғы Жолдауында Президент кезең-кезеңімен саяси жаңғыру мемлекетіміздің стратегиялық бағытының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Соңғы екі жылда бұл салада бірқатар елеулі өзгерістер болды. Олар тұрақты демократиялық даму векторын нығайтып, саяси жүйені сапалы түрде өзгертеді және азаматтарды мемлекеттік басқаруға кеңінен тартуға ықпал етеді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, мақсат – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістердің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру.
Енді Қазақстанның партиялық-саяси дамуы одан әрі қай бағытта өрбиді деген сұрақ туындауы заңды. Бұл партиялық үдерісті құрудың негізгі құралдарына сараптамалық бағалау жүргізуді талап етеді. Жалпы, саяси реформалар мәселесіне сараптамалық баға беру қажет және ол маңызды. Заң шығару жұмыстарына ғылыми және сарапшылар қоғамдастықтың өкілдері белсенді қатысты. Президент заңдарға көпшілік алдында қол қою рәсіміне қатысушылардың арасынан белгілі қазақстандық сарапшыларды – саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды көрдік. Мемлекет басшысы ұсынған «Күшті Президент-ықпалды Парламент-есеп беретін Үкімет» саяси жүйе формуласы – мемлекет тұрақтылығының негізі. Бұл әлі орындалған жоқ, бұл – азаматтардың барлық сындарлы өтінішіне жедел және нәтижелі жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тәжірибеге енгізе отырып, жеделдетілген қарқынмен жетуімізді талап ететін мақсат.
Билік пен қоғамның тұрақты пікір алмасуы арқылы ғана заманауи геосаясат аясында үйлесімді мемлекет құруға болады. Билік пен азаматтық қоғам институттары арасындағы пікір алмасу реформалардың қазақстандық үлгісіне анық сәйкес келеді. Конституциялық реформа қабылданған заңдардың арқасында еліміздің мемлекеттік құрылымының іргетасын нығайтып, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, өзара түсіністік пен ұлттық пікір алмасуды нығайтады. Шешімдерді дайындаудың маңызды буыны саналатын пікірталас – кең, белсенді, ұтымдылық талаптарына жауап беретін, жағдайында жүзеге асырылатын барлық тараптың мүддесін ескеретін алаң. Мұндай стратегия кез келген саяси өзгерістер қоғамдық пікір алмасу мен талқылаудан өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»