Жиынға Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы М.Күнпейісов және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуды Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай ашып, өзімен бірге келген журналистерді таныстырып, бұған дейін мұндай кездесулер бірнеше ауданда өткізілгенін, жиынды еркін форматта өткізіп, пікір алмасуға шақырды.
Шарада Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Сейдәзім, «TURKISTAN» медиахолдингінің басшысы Ж.Ағыбаев, жазушы, oinet.kz ақпараттық порталының редакторы, Түркістан облысының, Шымкент қаласының үздік жазушысы номинациясының иегері А.Есімбай, «Хабар24» республикалық телеарнасының Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Ж.Жұмабек, «TURKISTAN» медиахолдингінің басқарушы директоры Т.Бейсенов, осы аталған азаматтар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы, қазіргі таңдағы БАҚ-тың жай күйі мен блогерлер туралы өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың хатшысы М.Күнпейісов БАҚ саласы бойынша өзінің ұсыныс-пікірін білдірсе, аудан әкімі Ғ.Рысбеков келген қонақтарға алғысын білдіріп, жиынды қорытындылады.
Журналистика – жанкешті мамандық. Тіпті, бір мақаланы ізденіп жазу үшін кейде күн мен түн, апталар жалғасуы мүмкін. Танымал журналист В.Познер былай деген екен: «Кез-келген кісіні журналистикаға үйрету мүмкін емес. Бұл мамандық адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы». Демек, ол қоғамның адамы, қоғамда болып жатқан шындықты қалтқысыз көрсете білуге тиіс тұлға. Ол медиа нарықтағы құрылтайшы қожайындардың сөзіне еріп кетпеуі де керек. Кейде журналистің жеке басына қауіп-қатер төніп жатады, қоғамның қара нары атанып, әлеуметтік мәселелерді шыр-пыры шығып көтеріп жүрсе де, оның өз тұрмыстық жағдайы тасада ысырылып қалып та жатады. Міне, өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоятын осындай жандардың еңбегі еленбей жататын тұстары да аз емес.
Сондықтан республикамыздағы журналистердің басын қосатын, БАҚ саласындағы түйткілді мәселелерді ортаға салатын белгілі бір медиақауымдастық пен бірлестіктердің жұмыла жұмыс істегені артықтық етпейді. Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 200-ге тарта бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Мәселен, Шымкент қаласының өзінде 106 газет, 17 журнал, 4 телеарна, 2 радио және 47 ақпараттық портал тіркелген. Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 2 телеарнасы бар, 15-ке тарта аудандық газеттерді қосыңыз. Оңтүстік өңірдегі журналистиканың өзі тұтас медиаиндустрия деуге болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»