Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.
Осыған орай, Шаға ауылдық округіне барған аудан әкімі алдымен жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының мәселелеріне назар аударды. Еңбек ардагері О.Егізбаев ауылда тұрғын үй салу бойынша жер мәселесін көтерсе, ауыл тұрғыны А.Қабылов ауылға қатынайтын қоғамдық көлікті қамтамасыз етуін және сол көліктер қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығы мен қалалық емхана арқылы жүруін және жастарға арналып, спорт мектебін ашуын өтінді. Жеке қабылдауда тұрғындар мәселесін тыңдаған аудан әкімі айтылған мәселелердің шешу жолдарына тоқталып, заң шеберінде жүзеге асатынын жеткізді.
Бұдан соң Шаға ауылдық округ тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан спорт алаңдарын салу, энергияның жаңарту мақсатында трансформатор қою, ауыз су, көшелерді асфальттау, тегін медицналық дәрі-дәрмекке қол жеткізу, қоқыс төгу полигонын орнату, тағы да басқа көптеген мәселелер айтылып, аудан әкімі барлық сұрақтарды мұқияат тыңдап, оның шешу жолдары бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойды. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» делінген. Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет «әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу», республикалық маңызы бар қала, астана әкімі «қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу», аудан әкімі «әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу» өткізуі тиіс. Әкім кездесулерінің «икемді жылдық» күнтізбесі «қажет болған жағдайда» тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсынылуы қажет.
Бұған қоса, әкім «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың «төрттен бірден аспайтын бөлігін» баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты «сұрақ-жауап» форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен «халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия» құрады. «Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын» делінген жарлықта.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»