ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДІ АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ БАСҚАРСА...

Ұлттық музейде 4 жылдан аса уақыт басшы болып отырған Дархан Мыңбайдың таяуда ғана Қазақстан халық ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны белгілі. Ендігі жерде Ұлттық музейге жаңа басшы керек. Ел арасында бұл қызметке кім лайықты деген сауал бүгінде қызу талқыланып жатыр. Расымен де, елдегі ең үлкен музейдің басшылығына кім лайықты болуы мүмкін?

            Біздіңше, Ұлттық музейдің басшысы болуға бірден-бір лайықты тұлға – Арыстанбек Мұхамедиұлы. Біріншіден, Ұлттық музейге тағайындалмай тұрып 2012-2013 жылдары Дархан Мыңбай да Мәдениет министрі болған (ведомствоның ол кездегі атауы Мәдениет және ақпарат министрлігі болатын. Авт.). Сол себепті де бұл қызмет мәдениет министрі сияқты үлкен калибрлі шенеуніктің орны ретінде бағаланады. Екіншіден, соңғы бір жылда Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы төңірегіндегі дау-дамайдың, у-шудың қалай өрбігенін айтып жеткізу мүмкін емес. Билік осыны ескеріп, Арыстанбек мырзаға шамалы уақыт тынығуына мұрсат бергені дұрыс сияқты. Ал, тынығуға, өз-өзіне келіп, өмір туралы толғануға, тарихқа көз салуға музей басшылығы дегеніңіз таптырмайтын қызмет.  Үшіншіден, Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл саланы оп-оңай басқарып кете алады деп ойлаймыз. Өйткені, өнер мен тарих астасып жатқан дүние. Ал, Арыстанбегіңіз өмір бойы өнер, мәдениет, тарих саласында еңбек етіп келе жатыр. Ол аз десеңіз, 2003 жылы кандидаттық диссертациясын аман-есен қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алып алған болатын. Тіпті, 2011 жылы «ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясындағы Тәуелсіз Қазақстанның өнері» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғаған.

            Бұл біздің пікіріміз. Десек те, Ұлттық музейге кімді тағайындау керектігін Елбасының өзі шешетіні белігілі. Әйтеуір тарих, мәдениет, өнер саласынан хабары жоқ біреуді әкеліп отырғызбаса болды да...

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

ДАРХАН МЫҢБАЙДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Сүйінші! Жерлесіміз Дархан Мыңбай бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.


 

«Мемлекет басшысының Өкімімен Дархан Қамзабекұлы Мыңбай Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының директоры қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.

Осыдан 25 күн бұрын ғана ақпараттық порталымызда «ДАРХАН МЫҢБАЙДЫҢ МҰХАМЕДИҰЛЫНАН НЕСІ КЕМ?» (http://aq-qara.kz/bilik-zhane-sayasat/item/109-darkhan-my-bajdy-m-khamedi-lynan-nesi-kem) деген тақырыпта кішігірім сараптау жасап едік. Нәтиже шыққанына қуанып отырған жайымыз бар. Білетіндер «Енді, сәтін салса, Дәкеңе бұл жерден облыс әкімі болып жол тарту түк те емес» деп болжам жасап отыр.

Ал бұрынғы басшы Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

АУЫЛ КӨРМЕЙТІН ӨКІМЕТ

Соңғы кездері арқадағы үлкен шенеуніктерге деген елдің көңілі ала-құла. Өздерін де, ауыздарынан шыққан сөздерін де мазаққа айналдыратын болған. Тіпті, анекдотқа қосып айтып жүр. Билікте бедел қалмағанының белгісі бұл. Бұлай болуына көп жағдайда сол арқадағы кердеңдеген мемқызметшілердің өздерінен басқа ешкім кінәлі емес.


Бір депутат бір депутатты шапалақпен ұрып жатса, енді бірі бір жыл отырмай істі болып қамалып жатса, үшіншісі беделді өнер адамын сотқа беріп, алысып-жұлысып жатса елдің алдында қайбір абыройы қалсын. Елді ұшпаққа шығаруы тиіс кісілер клан-кланға бөлініп алып, өзара қырқысып жатса халықтың алдында сүйкімі кетпегенде не болсын. Бажайлап қарасаң, бұл өкімет халыққа соншалықты мән бере қарауды, көзге ілуді, жаны ашуды қойған сияқты. «Тобыр» деп қолды бір сілтейтіндей.

Бүгіндері Астанадан келген пәленше деген министр, министр демей-ақ қояйық, «замминистр» ел аралап, ауыл-ауылға барып, халықпен кездесіп, арыз-шағымын тыңдапты дегенді естіп пе едіңіз? Естімейсің. Келсе де, облыс әкімдерінің шақыруымен облыс орталығындағы бір ғимараттың лентасын қиюға, болмаса бүгін ашылып, ертең жабылатын «инновациялық» зауыттардың іргетасына бір күрек цемент тастауға ғана келуі мүмкін. Тіпті, кейбіреулері келіп кеткені үшін, бір ғимараттың лентасын қиып кеткені үшін біреулерден бірдеңе дәметеді екен дегенді естіп жүрміз. Естіген құлақта жазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда біздің өкімет қалаға келіп, қаладан қайтатын – ауыл көрмейтін өкімет.

Обалы не керек, ауыл-ауылды, сай-саланы, өзен-көлді аралайтын бізде жалғыз ғана министр болды. Божков дейтін. Ол да сай-саланы соншалықты жиі аралар ма еді, араламас па еді, тура сол министр болған 7-8 жылда су тасқыны да, қар көшкіні де, бөгеттердің бұзылуы да жиілеп кеткен. Адам шығындары да көп болды. Әйтпесе Божкоңыз да соншалықты ел аралағысы келіп өліп қала жаздап жүрді дей алмайсыз.

Екі құлағы қатар шулап жүрген қазіргі Білім және ғылым минстрі Ерлан Сағадиев таяуда Шымкентке келіп кетіпті. Облыс әкіміне кіріп, білім саласына қатысты бір мәселелерді талқылаған көрінеді. Содан алды-артына қарамай Астанаға тартқан. Сонда не үшін келді? Неге аудандарға бармады? Кейбір аудандар мен қалалардың білім бөлімінің басшылары істі болып жатыр, мектептерде неше түрлі дау-жанжал, парақорлық, жемқорлық дендеп кеткен. Тіпті, білім басқармасында да басшылық қызметке қатысты у-шу басылар емес. Бұл мәселелердің Сағадиевке қатысы жоқ па? Әкіммен шәй ішіп кету үшін келген бе?

Ауыл-ауылды аралауы тиіс министрдің бастысы – Денсаулық сақтау министрі. Жаңа жыл өтісімен тағайындалған Елжан Біртановты ауыл тұрмақ облыс орталықтарының іргесінен де байқай алмай жүрміз. Министрліктің кадрлық жұмыстарынан қолы босамай жүр ме, әлде тағы бір реформамен басы қатып жатыр ма, білмейміз. Негізі провинцияларға барамын десе мәселе жеткілікті. Кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысында елді шулатқан оқиға орын алды. Түркістандағы психоневрологиялық орталықта жатқан 60-тан аса адамның туберкулезге шалдыққаны анықталды. Батыс елдерінде мұндай оқиға орын алса денсаулық сақтау басқармасының басшысы сияқты лауазымды қызметкерден бастап, министрге дейін масқара болып, қызметінен кетер еді. Алайда, бізде олай емес. Қызметінен кетпек түгілі, Түркістанға Денсаулық сақтау министрі де, осы диспансерге тікелей басшылық ететін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі де келген жоқ. «Мынауымыз ұят болды-ау» деп науқастардың туған-туыстарынан кешірім сұрағанын да, ең болмаса қысылып-қымтырылғанын да көрмедік. Бар көргеніміз аталған екі министрлік пен ОҚО әкімдігі өкілдерінен құрылған комиссия ғана. Жоғарыдағы сұмдық жағдай неден орын алып отыр дейсіз? Әрине мұның бәрі қадағалаудың, тәртіптің жоқтығынан. Егер Елжан Біртановыңыз да, Тамара Дүйсеноваңыз да жиі-жиі аудандарға барып, өздеріне қатысты мекемелердің жағдайымен, жұмысымен танысып, аймақтардағы ахуалды өз көздерімен көріп жүрсе, мұндай сорақылықтар болмас еді ғой. Қатаң тәртіп, қырағы қадағалау болған жерде тәртіп те бұзылмайды, мәселе де туындамайды. Негізі, Сағадиев, Біртанов, Дүйсеноваларды бір-екі ай ауылда жіберіп, шынайы өмірге сүңгітіп алу керек сияқты. Сонда түсінер, елдің шынайы ахуалын.

Министрлерге деген өкпемізді қоя тұрып, облыстық деңгейге ауыссақ. Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысын алайық. Обалы не керек, ОҚО-ға басшы болып келген әкімдердің біразы халықшыл болды. Қызметке кірісе салысымен ел аралауға кететін. Әсіресе Асқар Мырзахметовтің облыстағы аудандарды, сол аудандардағы ірі-ірі деген ауылдарды түгел аралап шыққаны әлі есте. Аралап қана қоймай, халықпен кездесетін. Арыз-шағымын тыңдап, тиісті сала басшыларына сол жерде мәселені шешуге тапсырма беретін. Одан кейін әкім болған Б:Атамқұлов та Мырзахметовке ұқсағысы келді. Ол да біраз ел аралады. Орысшалау Бейбіт әкім ауыл ақсақалдарының бір әзілін түсінсе, бір әзілін түсінбеген де шығар, бірақ-та мемлекеттің тамыры ауылда екенін білді. Халықпен кездесті. Шынын айтсақ, Жансейіт Түймебаевтан ондай белсенділікті әзірге көре алмай отырмыз. Орынбасарлары да елмен кездесуге соншалықты құлшынып тұрған жоқ сияқты. Мүмкін күннің жылынғанын күтіп жүрген шығар, кім білсін. Жаңа келген басшыға сын айтуға әлі ерте екенін білеміз. Алайда, аумалы-төкпелі мына заманда бір адамның бір орында қанша уақыт тұрақтап қалатыны белгісіз болып қалды ғой. Бейбіт Бәкірұлы да бір жылдан асар-аспас әкім болған кезінде Оңтүстік халқын жақсылап танып үлгере алмай кеткен болуы мүмкін. Ендеше, Түймебаев елді танығысы келсе, елге жақын болғысы келсе ауыл-ауылға барып, елдің жағдайымен танысып, ненің не екенін өз көзімен көргені абзал болар еді. Себебі, орынбасарлары мен басқарма басшыларының «сухой» баяндамалары шынайы өмірдегі жағдаймен сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Сөздің қысқасы, ел басқарған кісілер халықтан алшақтап кетсе сол халықтың киесі ақыры бір ұрады. Елдің наласы жібермейді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бірлігіне, саулығына жауапты болған соң, өзіңе сондай міндет артқан соң иығың ауыр жүкті көтере алатындай болуы керек. Әйтпесе, өзіңе көп алып қойсаң, белің қайысады. Тереңге батасың. Әкім болсын, министр болсын міндеті – елдің қамы болуы тиіс. Елді көрмесең елдің қамын қалай жасайсың? Әдемі ғимараттағы әдемі кабинеттен шықпай, ел басқарамын, халыққа сөзімді өткіземін деу – бос әурешілік. Халықтан алшақтамасаңыздар!

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ «ЖЕТІ БАСТЫ АЙДАҺАР» ІСПЕТТІ МЕ?

«Борсық ұрған сайын семіреді» демекші, «Мемлекеттік қызметшілердің қарасын сирету керек» деген сайын олардың қатары қалыңдап барады. Былтыр Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков те дабыл қақты. Ол министрліктердегі қызметкерлердің санын қысқартуды ұсынды.


 

«Мемлекеттік органдардағы өзекті мәселенің бірі – кадрлардың тұрақтамауы. Сол себепті көптеген лауазымдар біраз уақыт бос тұрып қалады. Үшінші тоқсанның қорытындысына үңілсек, Қаржы министрлігінде – 970, Ұлттық экономика министрлігінде – 900-ден астам, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 280-нен аса орынның бос екені байқалды. Бұл фактор мемлекеттік аппараттың тұрақтылығына кереғар әсер етіп, қалған қызметкерлерге күш түсіреді, ал бұл өз кезегінде жұмыстың сапасынан көрініс табады. Демек, бізге «Мұндағы гәп неде? Неліктен бос жұмыс орындары көп?» деген тұрғыда толық талдау жүргізу керек. Бәлкім, әлгі министрліктердегі штат санын қысқарту қажет шығар» дейді «АП-ның» басшысы. Және мұндай түйткіл өңірлерде де бар көрінеді.

Жалпы, Ә.Жақсыбековтің сөзінің жаны бар. Өйткені халықаралық тәжірибе мен қазақстандық статистика мемлекеттік қызметшілердің саны мен елдің экономикалық өрлеуі арасында тұрақты байланыс бар екенін көрсетіп отыр. «Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік сектордың шығыны жалпы ішкі өнімнің 22 пайызын құрайды. Егер бізде бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» секілді басқа да бюджеттен тыс қорлардың, яғни квазимемлекеттік сектордың бар екенін ескерсек, аталмыш көрсеткіш 30 пайызға дейін жетеді. Оның үстіне экономикамыздың 20-25 пайызы көлеңкелі саналады. Анығырақ айтсақ, экономикалық өсім қарқынының құлауын, біздің пайымдауымызша, экспорттық тауарлар бағасының құлдырауымен ғана емес, мемлекеттік қызметшілер санының артуымен де түсіндіруге болады» дейді экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков. Сарапшы олардың санын кезең-кезеңімен қысқартып, бүкіл күшті индустриялық-инновациялық бағдарламаға шоғырландыруды ұсынып отыр. Экономист-ғалым «Егер мұндай қадамға бармаған жағдайда келешекте экономикалық ахуалдың нашарлайды. Ол уақытта мұнайға қатысты ірі жобалардың өзі мемлекетті тығырықтан алып шыға алмайды» деген болжамын да жасырмады.

Қ.Арыстанбековтің дерек-дәйектері рас болса, шынында біздің билік ертерек қамданып, оң нәтиже шығаруы тиіс-ақ. Өкінішке қарай, мұны жүзеге асыру әзірге қиынға түсіп тұр. Жалпы, мемлекеттік қызметшілер қысқартылмай жатқан жоқ, әрекет бар, бірақ бір қызығы, кезекті әр қысқартудан кейін көп мерзім өтпей, штаттар қайтадан ұлғайып шыға келеді. Тіпті аталмыш мәселеге Елбасының өзі алаңдай бастады. Президенттің бастамасымен соңғы он жылда отандық мемқызмет жүйесінде бірқатар реформалар жүргізілуін жүргізілді-ау, алайда бәрібір «ат айналып қазығын таба беретіні» түсініксіз. «Біз министрліктерді, комитеттерді, агенттіктерді қысқарттық. Ал шенеуніктерді қысқартпадық. Қызық, иә? Құдды суға батпайтын кеме іспетті. «Самұрық-Қазынадағылар» өз қызметкерлерін қысқартып жатқанын айтады. Алайда ешкім ешқайда кетіп жатқан жоқ. Бәрі – өз орындарында. Керексіз адамдардың біразы отыр. Бір бөлімде жеті адам болса, соның екеуі ғана жұмыс істейді, қалғандары солардың мойнына мініп алған. Қалайша бұл түйткілдің түйінін тарқата алмайсыздар?». Алдыңғы жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев осылай деген-ді. Әйткенмен үнемшілдікке үндеген Елбасының сөзі шенеуніктердің қыртына да кірмейтін сияқты. Қыртына кірсе, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өзінің қосшыларының санын көбейтпес еді. Қайбір күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялаған ақпаратқа сенсек, компанияның жаңа басқарушылық құрылымының штатына компания президенті (басқарма төрағасы), оның орынбасары, 3 атқарушы вице-президент, 11 аға вице-президент, 8 «жай» вице-президент, 6 басқарушы директоры кіреді екен. Сұмдық қой! Қаптаған орынбасарлар не істей береді сонда?

Былтыр республика бойынша мемлекеттік құрылымдардағы сіз бен біз асырап отырған қызметкерлердің саны 100 мыңға жуықтағаны және олардың күнкөрісіне жылына 600 миллиард теңге жұмсалатыны жайлы хабарды құлағымыз шалып еді. Осыған орай, кейбір басылымдар «17 миллион халқы бар елге соншама атқанамінердің қажеті не?! Олардан келіп-кетер пайда қайсы?» деп алаңдаушылық танытқан-ды. Сөйтсек, танымал саясаттанушы Расул Жұмалы «100 мың дегеніңіз нақты дерек емес. Өйткені ол тізімде квазимемлекеттік сектордағы, мемлекеттік органдар құрамынан қағаз жүзінде шығарылғанымен, шын мәнінде шенеунік болып есептелетін бақылаушы құрылымдардағы, түрлі ұйымдар мен компаниялардағы, кәсіпорындардағы қисапсыз қызметкерлер қамтылмаған. Мейлі, 100 мың-ақ бола қойсыншы, бірақ бәрібір біздікі әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, – дейді. – Мәселен, Жапонияда 130 миллион адам тұрады, ал шенділерінің саны 100 мыңнан асар-аспас. Яғни 17 миллион халқы бар Қазақстандағыдай. Кеңес заманында біздің елдегі шенеуніктердің саны 15 мыңнан аспайтын. Бәлкім, осынау жөнсіздікті түсінгендіктен шығар, билік 90-жылдардан бері мемқызметшілердің санын қысқартуға уәде етуден жалыққан емес. Бірақ парадокс! Күні бүгінге дейін олардың қатары қалыңдап келеді. Иә, жекелеген ведомстволар оңтайландырылды, бірақ іле-шала пәленбай штаты бар жаңа мекеме құрылып жататыны өкінішті. Және әрдайым ашықтық пен тиімділіктің орнына астаң-кестең көріністі байқаймыз. Тағы да сол бір-бірінің қызметін қайталау, кадрлар мен тумысынан жауапкершілік дегеннен жұрдай бастықтарды сапырылыстыру... Ал шындығында халықаралық тәжірибе ақжағалылардың санын көбейту жағдайды жақсартпайтынын дәлелдеп отыр. Мысалы, Халықаралық қайта құру және даму банкі түзген рейтинг бойынша Қазақстан мемлекеттік басқару сапасы жөнінен көптеген өлшемдер жөнінен 5-6 балды иемденіпті. Бұл ретте 1 балыңыз – жақсы, ал 7 балл нашар көрсеткіш саналады. Аталмыш тізімде «жетілік» ширек ғасыр бойына соғыстан көз ашпай, тіпті «қарақшылар жағалауы» аталып кеткен Сомалиге бұйырған екен».

Мемлекеттік басқару демекші, біздің атқарушы билік істен гөрі, қағазбастылықпен айналысқанды құп көретіндей әсер қалдырады. Тіпті оны бір кездері Президенттің өзі де «Соңғы жылдары министрліктердегі ішкі құжат айналымы 3-4 есе өскен» деп сынаған-ды. Кейде «Осы шенеуніктердің қағазбастылыққа құмарлығы мемлекеттің дамуын тежеп отырған жоқ па? Қағазбастылықтың астарында халықтың мүддесінен гөрі қарақан бастың қамы жатса ше?» деген де ой келеді екен. Әйтпесе неге министрлердің жалақысы 700-800 мың теңге болуы тиіс те, ал мұғалім мен дәрігер 70-80 мыңды қанағат тұтуы керек?

Шенеунік көбейген сайын сыбайлас жемқорлық та етек жайып бара жатқандай ма, қалай? Парақорлыққа байланысты «жетістіктеріміз» естен тандырады. Бұл мәселе бойынша шығарылатын халықаралық рейтингілердің ешқайсысында позициямыз кісі қызығарлық емес. Әлде шен-шекпенділердің бәрін жылы бөлмелерінен, жұмсақ креслоларынан бір шыбықпен айдап шығып, билікке мүлдем жаңа тұлғаларды әкелу керек пе екен? Мың жерден жемқордың талайының қолына кісен салынып, талайының дүние-мүлкі тәркіленіп жатса да, жазадан сабақ алмайтын шенділердің әрекетін көргенде осылай таусыла сөйлеуге ерік береді екенсің.

Шенеуніктер елдің өсіп-өркендеуін ойласа, қызметтік көліктерін шетелден алдырмай, отандық өндірістің өніміне қол созар еді; қалың бұқараға тигізер көк тиын пайдасы жоқ «күлтөбенің басында күнде жиын» өткізуден тыйылар еді; жаңа лауазымға тағайындалғанда жұмыс бөлмесін жөндеуге, оны жиһазбен толтыруға қыруар қаржыны шашпас еді; түрлі керексіз іссапарларды шектер еді... Егер осыларға кеткен ақшаның басын құрасаңыз, тау тұрғызуға жарайтынына сеніміміз кәміл.   

Сонда не істемек керек? Жаһандық дағдарыс болса, анау: аузын кере қарыс ашып, жұтынып тұр, оған теңгенің құнсызданып, нарықты жаппай қымбатшылық жайлағанын қосыңыз. Мемаппаратты қашанғы өбектей береміз?! Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Ә.Жақсыбековтің министрліктердегі штат санын қысқартуды тілге тиек еткені, әй, бекер емес-ау. Алайда белгілі экономист Уәлихан Төлешовтің пікіріне сүйенсек, қуануға әлі ертерек сияқты. «Жаңа бағдарламалар мен жобалардың дүниеге келуі, интеграциялық саладағы ұйымдар қатарының артуы, өзге мемлекеттерде елшіліктеріміздің ашылуы секілді т.б. мәселелер көптеген мамандарды талап етеді. Шенеуніктер штатының үнемі толығып отыруының себебі – осы. Оның үстіне атқарушы билік Парламентке толық бағынышты емес. Заң шығарушылар мен қоғам өкілдері, сот билігі мен БАҚ тарапынан оны бақылау өз деңгейінде емес. Етек-жеңін қымтап, жабық түрде жұмыс істеу арқылы мемлекеттік аппарат мүлдем тиімсіз, сыбайлас жемқорлыққа бір табан жақын жаңа құрылымдарды оп-оңай өрбітіп жатыр» дейді ол. Шенділердің тым артықтығын айтқан сарапшы білікті басшы кадрлардың тапшылығы сезілетінін де жасырмады: «Басшылардың арасында, әсіресе, ұйымдастырушылық қабілеті зор мамандар аз. Парламент депутаттары бұл құбылысқа түк те ықпал ете алмайды, өйткені олар бюджетті талқылаудан әрі аспайды».

Сондай-ақ У.Төлешов айтуынша, атқарушы билік өкілдерінің өздерін басқарушы тап ретінде ұстап, буржуазияға жатқызатын көрінеді. «Қазіргі министрлердің көбісінің мультимиллионер саналуы да кездейсоқтық емес. КСРО-дағыдай Қазақстандағы бюрократтар да өзінше бір тапқа айналды. Тек соларға арналған шағынаудандар, ВИП-демалыс орындары, ВИП-дүкендер, ВИП-көліктер, дәлірегі, өз инфрақұрылымы бар. Иә, жалақысы аз шығар, бірақ әкімшілік ресурс арқылы түрлі мөлшердегі пара есебінде қомақты табыс табады. Сондықтан бір саланың тізгінін ұстаған шендіні қалталылардың қатарына қоса берсеңіз болады. Мысалы, жол құрылысына жауапты шенеунік өзінен тапсырыс алатын құрылыс фирмаларымен тонның ішкі бауындай...» дейді ол.

Сонда «АП-ның» басшысы меңзеген «госаппаратты» ықшамдаудың амалы қайсы? Біздің ойымызша, қанша тер төккенмен, «баяғы жартас – бір жартас» күйді елестететін мәселені шешуде әкімшілік шаралармен шектелу аз. Оңтайландыру да немесе соған ұқсас басқа әрекеттер де, бәлкім, Ата заңға кешегі енгізілген өзгерістерден кейін жүзеге аса бастайтын шығар. Елде осындай демократиялық реформалар үдерісі басталмайынша, қалыптасқан ахуалды өзгертіп, сірескен сеңді қозғалта алмайтынына жалпақ жұрттың көзі жетіп қалып еді. Реформаның, әсіресе, заң шығарушы биліктің рөлін күшейтуден басталғаны да жөн болды. Себебі Парламенті мықты мемлекеттердің барлығында депутаттар саяси таразының басын теңестіріп, билік тармақтарының баршасын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап, ұдайы көзінен таса қылмай отыратынын аңғарып жүрміз. Үкімет жетекшісін де Парламенттің тағайындап, бақылап отырғаны дұрыс болар еді. Бәлкім, бұл ретте АҚШ-тың мемлекеттік басқару үлгісін тұтынып көрерміз. Бір жағынан президент билейтін-ақ мемлекет, алайда Парламенттің – Конгрестің құзыреті ерекше. Көппартиялы саяси жүйенің негізінде құрылған бұл органның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Бұдан кейін шенеуніктер қылтыңдап, сылтыңдап көрсін...             

      Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Гареміңізде қанша кәнизак бар, басеке?

Билік басында жүрген кейбір шен-шекпенділерді көргенде сұмдық тәртіпті, тәрбиелі, біреудің ала жібін аттамайтын керемет адамгершілік иесі деп ойлаймыз ғой. Алайда, мақтап жүрген сол дөкейлердің істі болып, елден қашып, не болмаса арақ ішіп, ойнастық жасап ұсталып, масқара болғандарын көргенде әуелгі сезіміңіздің быт-шыты шығады. Бәрінен бұрын қызындай бойжеткендермен әмпей-жәмпей болып, аяғын ауыр етіп тастап кететін, нәпсіге тоймайтын шенеуніктердің қылығы жаман. Мұндайлар әйел затын жұмысқа аларда да міндетті түрде төсекті көрсететін көрінеді. Әуеліде онша сенбеуші едік, сөйтсек ондай бәтшағарлар өте көп болып шықты. Бір қызығы, осылар жайшылықта Құдай туралы, иман жайлы, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтары турасында әңгіме айтқанды жақсы көреді. Тіпті арасында бір-бір өңірдің идеологиясын жүргізіп отырғандар да бар деп естиміз. Құдайдан безген екіжүзді азбанға не дерсің?!


Мұндай нәпсіқұлдар арамызда толып жүргенін жоғарыда айттық. Сіз қызмет істейтін мекемеде де бірнешеуі болуы мүмкін. Себебі бұл қолында билігі, ақшасы, мүмкіндігі барлардың осал жері. Ал қазір қолында билігі бардың ақшасы көп, мүмкіндік деген жетерлік. Мүмкіндік дегеннен шығады, қызмет сұрап келген сүйкімді келіншекті көрсе мұндайлар өз-өзін ұстай алмай қалады. Көзі шарасынан шығып, әлгіні көзбен шешіндіріп, не істемек керекті ойша жоспарлап үлгереді. Сөйтеді де икемін байқап, ыңғайы келсе атып ұрады. Осылайша, бүтін бір отбасының ойранын шығарып, шаңырағын ортасына түсіреді, өзімен қоймай біреуді де күнәға батырады. 

Шынын айту керек қой, қазір қолында аз-маз билігі барлардың біразы қызмет орнын гаремге айналдырып жіберген. Орынбасары, хатшысы, хатшысы мен қоса бөлім басшысы, ол аз десеңіз есепшісі де Пәленшенің ойнасы екен дегенді естіп жатамыз. Сол Пәленшенің жүріс-тұрысын бақылап, зер сала бастасаң бұл әңгіме рас болып шығады.

Мұндай ошақбұзарлар әсіресе оңтүстік өңірлерде көп деп естиміз. Әсіресе әкімдіктерде көбейіп кетіпті-міс. Облыстығы болсын, аудандығы болсын. Және сол оңбағандардың қол астында жұмыс істейтін кілең сұлу қыздардың кейбірі іскерлігінің арқасында қызметке тұрса, кейбірі азбан басшысының гареміне түнеп шыққан соң жұмысқа кіруі, тіпті керек болса өсуі мүмкін.

Осыдан шамалы уақыт бұрын Оңтүстіктегі бір облыстың әкімдігінде үлкен қызметтің тетігін ұстаған бірнеше шенеунік жұмыс істеді. Жұмыс істеді дейміз-ау, азаннан кешке дейін нәпсінің соңында жүрді дейді білетіндер. Жасы келген жасамыстауы сол облыстың кадрлық мәселесін шешетін. Сол кәрі азбан күндіз бір әйелді, түнде бір әйелді құшақтап бара жатқанын талай адам көрген. Азбандардың заманы емес пе? Жұрт бұны өшіп тынады деп жүргенде ол бір жаққа өсіп кетіпті. Өскені дұрыс болған екен, әлгі әкімдіктің қыздары жеңіл жүрісін азайтыпты.

Сол облыстың әкімдігіндегі үлкен креслода отырып кеткен тағы бір шенеунікті танитынбыз. Бұл да сол сияқты «донжуан» болып шықты. Азаннан қара кешке дейін қыздармен суретке түсуден қолы босамады. Күнде сол қылтың-сылтың, жыртың-жыртың. Жыртыңдап жүріп біреудің әлпештеген еркесін екіқабат етіп, тастап кетіпті дегенді естігенде тұмсығы бұзылатын шығар деп едік, бұзылмады. Бұзылмағаны былай тұрсын, нәпсісіне ие бола алмай тағы біраз елді шулатқан. Әліпті таяқ деп білмейтін бейбақ абыздарының атына осылайша әбден кір жақты. Елге танымал бастарын боққа батырды. Адамға ұқсап қызмет етіп жүргені де сол абыздарының арқасы еді ғой. Байдың шолжаң баласы ол әкімдіктен де кетті.

Тағы бір «донжуанды» білетінбіз. Ол да сол оңтүстіктің бір облысының әкімдігінде отырды. Отырды деген аты болмаса алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді тебетін, бір орында бір сәт тағат тауып отырмайтын нағыз асау айғыр-тын. Қол астындағы қылықты қатындарды шетінен қырды. Тіпті кейбірі сүйіп қосылған күйеуін тастап, сол оңбағанның көңілдесіне айналыпты рас болса. Нәпсіқор басшы көмекшісінің соры ғой, қол астындағыларын қырып болған соң, «күнде бір қыз дайындап қоясың» деп, көмекшісіне тапсырма бере бастапты. Құдайдың күні көп пе, қыз көп пе? Күнде бір қызды қайдан таба берсін, көмекшісінің әбден діңкесі құрып, шаршап, осының бәрін әкімдіктегі бір әріптесіне айтып, мұңын шағып, өкіріп жылапты. Көмекшінің көз жасын Құдай көрді білем, көп ұзамай ол "айғыр" да әкімдік жақтан кетіп тынды. Әйтсе де, көңілдестерін іздеп, келіп-кетіп тұрады екен. Нағыз «наглец» қой. Басқа не дерсің?!

Мұндай азғындарға қатысты уақиғалар тек оңтүстік облыстарда емес, еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатады. Мәселен, былтырғы көктемнің соңғы күндерінде Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының экс-әкімі көңілдесін өлтіртпекші болған. Не үшін десеңіз айтайық, көңілдесі экс-әкімнен жүкті болып, қыз туыпты. Қотыр атқа соқыр ат дегендей, көңілдесі «қыздың әкесі екеніңді мойындап, тегіңді бересің, олай етпесең телефондағы дәлел болатын жазбаларды көрсетіп, масқараңды шығарамын» десе керек. Қызметінен, отбасынан айырылып қалудан қорыққан ол ашынасын өлтіріп, құтылғысы келген. Бұл туралы республикалық арналар жарыса айтып жатты. Экс-әкім жалдаған қаскөйлер 31 жасар әйелдің сегіз жерінен пышақ ұрған. Бірақ, көрер жарығы бар екен, тірі қалыпты. Тілге келген соң бәрін полицейлерге айтып берген. Осылайша, нәпсіқор шенеуніктің кесірінен қаншама адам зардап шекті.

Осыдан бір жарым жыл бұрын тағы бір оқиға елді әбден шулатты. Бұл жолы да сол нәпсінің айналасындағы мәселе. Нақтырақ айтсақ, Ақтау қаласындағы облыстық драма театрдың әртісі мәдениет ошағының басшысын «қызметкерлерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді» деп айыптаған-ды. Айыптап отырған әйелдің сөзіне сенсек, театрдағы басты рөл актерлық шеберлігі үшін емес, төсектегі «өнері» үшін беріліп келген. Тіпті театрды «жезөкшелер мекені» деді. Мұның бәрі қаншалықты рас екенін бір Құдай біледі, алайда, жел тұрмаса шөптің басы қимылдаушы ма еді?!

Еркекті бұзатын екі құмарлық – арақ пен әйел. Ежелден келе жатқан тәмсіл бұл. Алайда, осыны ойлап, қой, бұл қылығым болмас деп, бәрін ысырып, иманға келген, дұрыс жолға түскен бір дөкейді көріп пе едіңіз? Ары кетсе ауылына алып мешіт салдыратын шығар, көз ғып біреуге бес-он сом беріп, әдемі көрінуі мүмкін, осымен оның адами миссиясы аяқталады. Осынысымен Құдайды алдаймын деп ойлайды. Өзін-өзі алдап жүргенін түсінеді дейсіз бе?!

Жалпы, мемлекеттік қызметте жүрген басшылардың арасында қол астында істейтін қыздармен, әйелдермен ойнас болып, өзі отырған мемлекеттік мекемені гаремге айналдырғандар туралы гу-гу әңгіме көп. Ұсталып қалып, масқарасы шыққандары да жоқ емес. Оның бір-екі мысалын жоғарыда айтып өттік. Тіпті мұндайларды біреулер аңдып жүріп суретке түсіріп, бопсалайды екен. Осы былтыр ғана үлкен қызметке тағайындалған Арқадағы бір шенеунік қызметке топырлатып жас қыздарды алып жатыр дегенді естіп едік.  Демек, бұл дерт шеттегі облыстар мен аудандар тұрмақ, арқадағы Астанаға да ауыз сала бастағаны ғой?! Мүмкін сол жақтан басталған пәле шығар, кім білген. Не болса да қиын. Бұлай жалғаса беретін болса алдымызда не күтіп тұрғанын болжаудың өзі қорқынышты. Әйтеуір, Алланың қарғысына ұшыраған елге айналып кетпесек екен...

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

КРЕСЛОДАҒЫ ӨЛІМ: АЖАЛ МА, АБЫРОЙ МА?

Билік пен байлық қолдың кірі сияқты, бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, қолдың кірі екен деп бұл екеуінен жерініп кеткен тағы ешкімді көрмейсіз. Әсіресе биліктен, мансаптан ажырау, бас тарту қиын дейді дәмін татқандар. Наполеон Бонапарттың: «Менің көңілдесім – билік. Оны әлдекім ұрлап алып, ындыны құри аймалауын қаламаймын. Мен оны тым қымбатқа сатып алдым», - деуі осы тұжырымның рас екенін дәлелдей түседі.


Билік – нәпсі. Өтірік деңізші? Терісін әзер сүйретіп жүрсе де жауапты шенеуніктің креслосына жабысып, айрылмайтын қаншама өлерменді көріп жүрміз ғой. Ондайларды іздеп, алысқа барудың да керегі жоқ. Жан-жағыңызда толып жүр.

Мәселен, Оңтүстікте мұндай өлермендер тіптен көп. Өзінен үлкен бастығы жеті атасы мен алты анасынан боқтап, шапалақпен ұрып, жер етсе де басы салбырап, тілі салақтап, табанын жалап, отырған орнын сақтап қалу үшін жанын сайтанға сата салуға да дайын тұратын әкімқаралар бар. Және ондайлар басқаларға қарағанда әкімдік, басқарма басшылығында ұзақ жылдар отырады, маңынан шықпайды. Себебі оларда ұят жоқ, бүгін табанын жалаған бастығының орнына басқа біреу келсе бұрынғы бастығын жата кеп жамандап, жаңасының табанын аймалап, құрдай жорғалап, мәймөңкелей кетеді. Не айтса да істейді. Дегенінің бәріне көнеді. Тек әйтеуір қызметтен алып тастамаса болды. Бар өмірлік қалауы сол.

Ең бастысы – бұларда өзін аяу деген жоқ. Мемлекеттік қызмет, әкімдік лауазым дегеніңіз оңай шаруа емес қой біле білген адамға. Үнемі стресс, үнемі айқай есту, ылғи қайнаған оттың ортасында жүру. Бұл қанша жерден мықты болсаң да денсаулығыңды сындырмай қоймайды. Оның үстіне қазір қамалып жатқан шендінің санынан жаңыласың, демек, ішкен-жегенінің уайымы бар, қай күні келіп ұстап әкетер екен дейтін қауіп-қатер оны тыныш ұйқтатпайды, асын бойына сіңдірмейді. Алаңсыз ұйқтамаған, асы бойына сіңбеген адам не жүрек ауруына, не жүйке ауруына шалдығады. Сөйтіп, билік, билік деп жүргенде 40-тан енді асқан қамал алар азамат мүгедек болып шыға келеді, не болмаса бұрынғы бүлдіргендері алдынан шығып, тар қапасқа қамалып кете барады. Міне, билікке деген құштарлықтың соңы, финалы осындай. Олар үшін қызмет орнында, креслосында отырып өлу – ажал емес, абырой сияқты.

Еліміздегі аудандарды, басқармаларды басқарып отырған осындай жанкештілердің біразын білеміз. Тіпті қырықтан аспай жатып, жүрек тұсы жиі шаншитындары да бар. Және ол шаншу жылдар өткен сайын сирейді дейсіз бе, үдей түседі ғой. Алайда, биліктен кетсе адам болудан қалатындай қорқады. Мейлі, жүре бер, қара орындығыңда омалып отыра бер, бірақ ертең елуге жетпей креслоңды құшақтаған күйі жан тәсілім етсең не болады? Балаларың жетім, қырықтан енді асқан қылықты қатының жесір қалады. Қазіргінің қатындары жесір қалдым деп екі көзі суалып, дүниеден баз кешетіндерден емес. Оның үстіне қалған өмірін суық төсекте өткізгісі келеді дейсіз бе, сөз айтқан біреу болса көңіл қосуы мүмкін, көңіл қосқан соң сен бейшара көңілден кетесің. Кеше ғана «көке» боп жүргендерің әйеліңді жұбатса мейлі, төсегін жылытып кетіп жүрсе қайтпексің? Соншама жылдар бойғы махаббатыңа осылай бір түкіріп кете барғаны «оибдно» емес пе?! Сондай жанқиярлықпен, денсаулығыңды быт-шыт етіп жеткен билік, мансаптың соңы осылай аяқталғанын қалайсың ба? 45-50 жас деген – ұлыңды үйлендіріп, қызыңды ұзатып, қызықшылыққа қанбай жүретін шағың. Сен өлсең балаңның, қызыңның құдалығына кім барады? Немереңнің мектепке барғанын көріп, ата-аналар жиналысына қатысып, ертегі айтып бергің келмей ме? Саған керегі мансап, саған керегі билік, қара, күңгірт кабинет, былғары орындық. Сол саған қатын болады, сол саған құда болады, сол саған немере болады.

Иә, бұл билікке деген құмарлық бар нәрсені жеңіп кететінін әбден ұқтық. Ол үшін туғанына азар беруге де барады, ол үшін жазықсыздардың көз жасына қалуға да болады, ол үшін тіпті өліп кетуге де барсың. Қазынаны қымқыру мен, пара алуды айтпай-ақ қоялық. Мұншалықты күйге түсерлік не басыңа күн туды? Қара нанға зар болған заман емес, екі қолға бір күрек табылады ғой, соншалықты өзіңді сорлата беретінің не? Әкімқараның қызметін қызғанғаннан емес, өз-өзін аямайтын жанкештілігіне қапа болғаннан айтамыз да. Билік, мансап қанша жерден тартымды болса да отбасыдан артық емес. Ақыры өзіңді өлімге қияды екенсің, кресло, қызмет үшін емес, өлсең отбасың үшін өл. Солардың бір тал шашын жерге түсірме, табанына кірген шөңкені маңдайыңа қада. Міне, сонда ғана Құдайдың да, адамның да алдында сүйкімдісің, елдің есінде қадірлі күйде қаласың. Әйтпесе...

Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Билікқұмарларға өлім тілеп отыр екен десеңіз, қатты қателесесіз. Қандай оңбаған шенеунік болса да ол адам баласы, осы елдің азаматы, бала-шағасының әкесі, біреудің сүйікті жары, Құдайдың құлы. Оның үстіне, масапқорлық қылмыс емес. Алайда, билік деген денсаулығыңды құртып, өз-өзіңді мүжуге тұратын нәрсе ме? Егер жаныңды ауыртқан кеселің болса, сол кеселіңе себеп – қызметің болса, ол жерде неге байланып отырсың? Таста да, кет. Дүниеде одан да басқа қызықтар көп, тоймай жүрсең нәпсінің жетпіс жеті мың түрі бар. Ең дұрысы – бар да балаңды бақ, тәрбие бер. Жұмыс керек десең кәсіп аш. Отбасыңа көңіл бөл. Осыдан артық бақыт жоқ. Бар айтқымыз келгені де осы еді.

 

P.S. Бұл айтқандарды көңіліне тоқып, «шынымен де, өзімді қинап оттың арасында неғып жүрмін, қой, өлмей тұрғанда кетейін» деп, бір пенде тәубеге келеді дегенге расын айту керек қой, мен де, сіз де сеніп отырған жоқсыз. Олар тіпті «мынау не айтып отыр» деп миығынан күлуі де мүмкін. Әйтсе де, адам санасы шын сөзді қаласа да қаламаса да еркінен тыс қабылдайды және күндердің бір күнінде ар-ұжданы жәймен мазалауды бастайды дейді ғой психологтар. Демек, креслода өлуге құмар әкімқараны ар-ұжданы дұрыс жолға салып жатса, соншама сөзіміздің бір әжетке жарағаны да...

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

ОҚО МӘСЛИХАТЫ ЕЛБАСЫНЫҢ СЫНЫНА ҚАЛҒАНДАРҒА АТАҚ БЕРУМЕН АЙНАЛЫСА МА?

Осыдан бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын, дәлірек айтсақ 25 қаңтар күні ОҚО мәслихатының сессиясында халық қалаулылары 25 кісіге "ОҚО-ның құрметті азаматы" атағын беріпті. Бір сөзбен айтсақ, «сен же», «мен же» болған. Мейлі берсе берсін, бізге салса тіпті 25 мың адамға берсін. Алайда, сол атақты кімдер алды? 25-інің бәрін тізбелеп отырмай, екеуіне ғана тоқталып өтсек.


«ОҚО-ның Құрметті азаматы» атанғанның бірі – кезінде осы облысты басқарған Болат Жылқышиев. Жылқышиевтің кезінде облыста қандай у-шудың болғанын жақсы білетін шығарсыздар. Жүзден аса сәбидің ВИЧ-ке шалдығуы Болат мырзаға қара таңбадай жабысып, кетпей қойған. Орны толмас қасірет орын алған облыстың әкімінің жұмысына биліктің көңілі толмаған соң Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы ескерту беріп, ақыры орнынан алды. Қаншама дәрігер сотты болды. Былайша айтқанда, Болат мырзаның аты елдің есінде тек осы шулы оқиғамен ғана астарласып жатқандай.

 

Тағы бірі тап осы ОҚО-ға әкім болған – Қалық Абдуллаев. Қалекеңді кезінде ерінбеген адамның бәрі сынайтын. Әсіресе Хабар арнасындағы «Жетпіс жеті күн» бағдарламасының бір саны Қалық Абдуллаевты мазақ етпей шықпайтын. Оны қоя беріңіз, тіпті, Елбасының өзі Шымкентке бір келгенінде тақтаға шыққан баланың жанын шығаратын баяғының мұғалімдері секілді Қалекеңді тұрғызып қойып, ашуланып: "Шымкентте біреудің үйіне барып шай ішпеңдер деген едім ғой" деп әбден ұрысқаны бар. Содан көп ұзамай «шайқор» Абдуллаевыңызды орнынан алды. Одан кейін қызмет те берген жоқ. Қайда жүргенін де білмей қалғанбыз. Сөйтсек, ОҚО мәслихаты қайда жүргенін біледі екен. Біліп қана қоймай, құрметті азамат атағына лайық көріпті. Лайық болса лайық та шығар. Алайда...

Қалық Абдуллаевтың әкімдік еткен тұсында Оңтүстіктің қараңғы түнекте қалғанын қалай жасырамыз? Күндіз 2-3 сағат берілетін жарық кеш болысымен сөніп, бүкіл облыс қап-қараңғы қапаста отырды ғой. Шымкенттегі көпқабатты үйлердің тұрғындары газдың жоқтығынан далаға шығып, шөп-шалам тұтатып тамақ пісіріп, қаланы қазанның астынан шыққан көк түтін алып кеткен жоқ па еді? Жылудың жыры бір басқа. Бір отбасының бүкіл мүшесі бір бөлмеге тығылып жататын. Жылы болсын деп. Басқа облыстардың тұрғындары жетісіп отырмаса да ОҚО-ның дәл сол кездегі халі мүшкіл болды. Халықтың билікке деген жеккөрушілігі шарықтау шегіне жеткен-ді. Міне, Қалық Абдуллаевтың тұсындағы тіршілік.

Сонда деймін-ау, ОҚО мәслихаты аттары жағымсыздау оиғалармен ел есінде қалған немесе Елбасының сынына ұшырап, ескерту жасалған Абдуллаев сияқтыларға атақ берумен айналысатын мекеме ме? Ақыры ВИЧ жайлаған тұста әкім болған Болат Жылқышиевке берді екен, онда салақтығымен 100-ден аса сәбиге ВИЧ індетін жұқтырған дәрігерлерге неге бермеді? Сол кездері ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Нұрсұлу Тасмағамбетованы неге ұмытып кетті екен? Балаларға ВИЧ жұқтырған Болат Жылқышиев деуден аулақпыз әрине. Алайда, дәл осы Болат мырза әкім болып тұрған тұста орын алған оқиға екені рас қой? Қай кезде де сұрау алдымен бірінші басшыдан алынады. Облыста орын алған мәселеге бірінші кезекте облыс әкімі жауап береді. Дәл осыны негізге ала отырып, билік оны орнынан алған жоқ па еді?

Биыл індет жұқтырған балаларға олардың ВИЧ-пен ауыратындығы ресми түрде айтылатын болыпты. Өте ауыр жағдай. Бейшара балалардың ата-аналарының қабырғасы қайысатын тұс. ОҚО мәслихаты бұл жаңалықтан хабарсыз дей алмайсың. Бәрін біледі. Алайда, ең болмаса сол балалардан, ата-аналарынан ұялып: «Бөке, сізге құрметті азамат атағын келесі жылы берейік» десе Болат мырзаның талағы тарс айрыла қоймас па еді, кім білсін...  

 

Әншейінде Елбасының атын аузына алмай іс бастамайтын ОҚО мәслихатының депутаттары президенттің көңілі толмаған, сынына, «қаһарына ұшыраған» әкімдерді не үшін «Құрметті азамат» атағына лайықты деп ойлады екен? Осылар осылай-осылай билікке оппозиция болып, баррикаданың арғы жағына секіріп кетіп жүрмей ме? Кім білсін. Дегенмен, не шықса да шымкенттік депутаттардан шығады. Негізі, былтыр көктемде сайланған депутаттарға қатысты у-шу көбейіп кетті. Бір-екеуі істі болды, хатшысына қатысты айқай-шудың басылғаны кеше...

Құдай әйтеуір ОҚО мәслихатының депутаттарының ақылына ақыл қоссын деп тілейміз.

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

 

ДАРХАН МЫҢБАЙДЫҢ МҰХАМЕДИҰЛЫНАН НЕСІ КЕМ?

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

 

Әдетте мемлекеттік һәм ұлттық идеологияның төңірегінде әңгіме қозғала қалса, ауызды қу шөппен сүртуге әуеспіз. Қит етсе, «Қазақстанда күллі жұрт мойынсынған идеология жоқ!..» деп байбалам салып, жыланамыз да жатамыз. Алайда елдің санасы мен жан-жүрегіне мықты идеология орнығуы үшін мықты, сауатты идеолог керек екенін ескере бермейтініміз бар. Және ондай идеологты айдың арғы бетінен іздеп, шарқ ұрудың да қажеті шамалы.


Иә, қазақ дейтін халық көш бастар идеологтан кенде болған емес. Кезінде тұтас ұлтқа ұстын болған Өзбекәлі Жәнібековтің өзі неге тұрады?! Бірақ қазақтың идеологының басы да, аяғы да Өзекеңмен шектелмесе керек. Оның үстіне Ө.Жәнібеков айтулы идеолог болып аяғы аспаннан салбырап түсе салған жоқ шығар. Ол да жұмыр басты пенде ғой: бір жерде кіндік қаны тамды, өсті, қалыптасты, тәжірибе жинады, ысылды, шарықтады. Сол іспетті Өзекең салған сүрлеуден сусындап, ұлағатты өмір жолынан пікір түйіп, өміршең іс-әрекеттерінен тәлім-тәрбие алған азаматтар арамыздан табылмайды дегенге сенесіз бе? Сізді қайдам, өз басымыз сенбейміз. Тек Күреңбай сынды сол нағыз идеологты көре білсек, маман ретінде бағалай білсек болғаны.

Мысалы, алысқа ұзамай, Дархан Мыңбайды-ақ алайықшы. Ұлысқа ұйытқы болған Оңтүстіктің тумасы. Қандай алмағайып заман орнаса да, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдің ауасын жұтып, суын ішіп, топырағына аунап-қунап өсіп-жетілген азамат. Болар баланың етінің тірілігі мен алғырлығы шығар, ауылдың қарадомалағы сонау Ресей барып білім алды. Басқасы – басқа, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдау екі қазақтың бірінің маңдайына жазыла бермейтін нәрсе еді ғой сол тұста. Кеңес дәуірін айтамын. Журналист мамандығын меңгерді. Мәскеуден оралған бетте – 1985 жылы Одақтық және шетелдік баспаға арналған Бас ақпарат редакциясының (ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпараттық агенттік – ҚазТАГ) редакторы болып еңбекке араласты. 1986 жылдан – аға редакторы, ал 1989 жылдан Одақтық баспаға арналған ақпарат редакциясының аға бақылаушы әдеби редакторы атанды. 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне қызмет ауыстырып, мұнда Актілерді жариялау бөлімінің аға кеңесшісі, 1992 жылдан аталмыш органда редакциялық-баспа бөлімінің аға референті лауазымдарын атқарды. 1994 жылы таза шығармашылыққа оралып, республикалық «Өркениет-Горизонт» газетіне басшылық жасады. 1996 жылы «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті болып тағайындалды да, араға бір жыл салып Дархан Қамзабекұлына Шығармашылық қызметті және облыстық телерадиокомпаниялармен жұмысты үйлестіру жөніндегі басқарманың тізгін-шылбыры сеніп тапсырылды.

Әйткенмен «Тесік моншақтың жерде қалмайды» деген рас екен, сол 1997 жылы-ақ Дәкеңді өзінің туып-өскен өңірі аттай қалап, елге алдырды. Сөйтіп, Дархан Мыңбай 35 жасында Оңтүстік Қазақстанына облыс әкімінің орынбасары болып оралды. Әрине, қай салаға жауапты екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Мәскеу көрген журналист жігітке үлкен облыстың идеологиясын алып жүру жүктелді. ОҚО-ны басқарған Қалық Абдуллаев, Бердібек Сапарбаев, Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімов секілді азаматтармен иық тірестіре тер төкті. Б.Сапарбаевтың тұсында жаңадан құрылған жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы болып, Б. Жылқышиевтің кезінде өзі дүниеге келген Түлкібас ауданын тізгіндеуі де Дәкең үшін өмір мектебі іспетті. Тіпті ОҚО-ның тарихында бір емес, екі қайтара өңір басшысының идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалған азамат кемде-кем шығар. Д.Мыңбай 2006 жылы аталмыш лауазымға қайта бекітіліп, екі жылдай идеологияның бұрқ-сарқ еткен қара қазанын қайнатты. Бағы шығар, бұл азаматтың оңтүстіктің идеологиясындағы қалдырған қолтаңбасын жерлестері әлі күнге шейін таңды таңға ұрып айтады. Күллі республикаға үлгі болған талай рухани, мәдени мән-маңызы зор іс-шаралардың басы-қасында Д.Мыңбайдың жүргендігін ұмыта қойғанымыз жоқ. Қазақтың сөз ұстаған нар тұлғаларын Шымкентке арнайы шақырып, «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстіктің» аясында қалың қауыммен жүздестіруі, дәстүрлі түрде «Саба» фестивалін өткізуі оның шын мәніндегі идеолог ретіндегі ұйымдастырушылық қабілетін, ұлтқа жанашырлығын паш етіп тұрғандай еді.

Өкінішке қарай, Д.Мыңбайдан кейін Оңтүстік идеологқа зәру күйде қалғандай күй кешті. «Өкінішке қарай» дегеніміз, бәлкім, аймақ дәргейінен алсақ, эгоистік те шығар. Бірақ облыс мықты идеологын уысынан сусытып алып, ұтылғанымен, мемлекеттік деңгейде қарасақ, қазақ халқы ұтылған жоқ. Өйткені 2008 жылы Дәкең Мәдениет және ақпарат вице-министрі ретінде Арқа төріне жол тартты. Іле-шала «АП-дан» төбе көрсетті. 2008-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне жетекшілік жасады. 2012 жылдың қаңтар айында Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалғанда ше, Оңтүстік жұртшылығының қуанғанын көрсеңіз, құдды бір Өзбекәлі Жәнібеков тіріліп келгендей әсерлендік-ау! Себебі қазақтың арғы-бергі руханиятына терең бойлай білетін, елім дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын Дәкеңнің Ө.Жәнібековтің ерліктерін қайталайтынына күмәніміз болмаған-ды. Тіпті сол жылдың 24 қыркүйегінде Кәрім Мәсімовтың Үкіметі отставкаға кеткенде де Елбасы Дархан Қамзабекұлын қайтадан Мәдениет және ақпарат министрі етіп бекітті ғой. Шын талантты, хас маманды, нағыз идеологты бағалағаны үшін мемлекет басшысына іштей алғыс айттық. Серпілдік. Үміт арттық.

Алайда 3-4 ай өткенде «Д.Мыңбай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған Ұлттық музейге директор болыпты» деп естідік. Иә, бұл мекеменің Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей  екендігіне һәм тәуелсіз Қазақстанның тарихында құрылған тұңғыш Ұлттық музей екендігіне дауымыз жоқ. Оның үстіне Президенттің бір сөзінде: «Ұлттық музей ғылыми және рухани орталық болып қалады, біздің қазақстандық жолымыздың барлық прогрессивтік жетістіктерін көрсетеді. Өзінің сәулеттік ауқымымен музей ғимараты ресейлік Эрмитажбен, француздық Луврмен және американдық Метрополитен музейімен бір қатарда тұратын әлемнің ірі экспозицияларының ондығына еніп отыр»  деп айрықша атап өткені де – жадымызда.

Содан бері төрт жыл зулап өте шығыпты. Осы мерзім ішінде бұл мәдени орталықта Дәкең біраз ауқымды жұмыстар атқарды. Елбасының «ұлттық музейді әлемдік музейге айналдыру керек» деген тапсырмасы шеңберінде қазіргі таңда шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, әлемнің жетекші елдерінің музейлерімен келісімшартқа отырғанынан да құлағдармыз. Мұнда күнде қарбалас. Ұлттық музей тек қана келушілерге экспонаттарды көрсетумен шектеліп отырған жоқ. Күн сайын келушілерге арналған тұрақты залдардан бөлек ұйымдастырылатын іс-шаралар өте көп. Музейде жеке көрмелерге, көшпелі көрмелерге, клас­си­калық өнер мен жаңа бағыттар­дың тұсаукесерлеріне арналған арнайы залдар бар. Онда отандық және шетелдік өнер өкілдерінің жеке көрмелері өткі­зіліп тұрады. Сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінің де музейлері мұнда қонақта болып, құнды экспонаттарын келушілерге ұсына алады. Ұлттық музей мәдени-ағарту, ғылыми-әдіс­те­­мелік, танымдық-ұйымдастыру істе­рімен де айналысады. Сондықтан мұнда ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстел», баспасөз конференциялары, рухани, мәдени жиындар үзілмейді. Сондай-ақ халық арасындағы құнды мұраларды жинау мақсатында, қазақ руханиятын одан сайын байытып, төрткүл дүниеге паш етуге бағытталған алуан-алуан акциялар да жалғасын тауып келеді. Әрине, мұның барлығы – бірінші кезекте білікті басшының маңдай терінің жемісі.

Бірақ... бірақ кей-кейде «Біз бұл қызмет арқылы асауға тұсау салып, шын жүйрікті шідерлеп қойдық-ау» деген ой келеді. Ел ағасына айналған шақта Дархандай кадрдың қадір-қасиетіне жетіп, идеологтық әлеуетін кәдеге асырғанымыз құп болар еді. Қазір Ақпарат және коммуникациялар министрі немесе Мәдениет және спорт министрі лауазымында отыратын-ақ азамат еді. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, Дархан Қамзабекұлынан кейін министр болғандардың қайсысы дәл осы кісі секілді жандырып жұмыс істеп, елдің есінде қала алды? «Біздің қасіретіміз осындай мықтыларымызды мойындай бермейтінімізде ғой» деген ой келеді. Тым болмаса, «АП-дағы» бұрынғы атқарып кеткен қызметі – ішкі саясат бөліміне меңгеруші етсек те, ұтылмас едік-ау. Біреулердің беделін  қызметі көтереді, біреулер қызметтің беделін көтереді емес пе, Дархан Мыңбай, біздіңше, соңғы топқа жатады. Ол осы «АП-да» ішкі саясат бөлімінің басшысы болып отырғанда да есімі тұлға дәрежесінде аталып жүргенін көпшілігіміз ұмытқан жоқпыз. Ол кісіден кейін бұл қызметті талай шенеунік атқарды. Қане, солардың қайсысы есте қалды? Демек, Дархан Қамзабекұлын музейден ішкі саясатқа қайта апарудан ешкім ұтылмас еді деп ойлаймыз. Қайта тіпті мемлекетіміз ұтар да еді. Ойды ой қозғайды, Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші боп кеткелі, әлеуметтік салаға, идеологияға жауапты вице-премьерліктің де мына қоғамға қажеттігі сезіле бастады. Біздіңше, «АП» көрген, министрлікті басқарған Дархан Мыңбайға сол орын да олқы болмас еді. Жарайды, ол орынды Президент қысқартып жіберді дей қояйық. Ақпарат министрлігін басқарып отырған Дәурен Абаев та кейінгі жаңа толқынның өкілі, жас пері бола қойсын. Бірақ соңғы бір жылдың көлемінде әлеуметтік желілерде әбден «таяқ жеген» Арыстанбек Мұхамедиұлының орнына Мыңбай мырза министр болып кетіп жатса, оған қазақстандықтар тек қуанар еді деп ойлаймыз. Мұхамедиұлынан Мыңбайдың қай жері кем? Қайта Д.Мыңбайдың көп жағдайда ел сүйкіміне бөленгенін бәріміз көрдік емес пе?! Әрине, кімді қай жерге қоятынын Елбасы шешеді. Біздікі «осылай болса қайтер еді» деген ғой, әншейін. Ал сіз не ойлайсыз?