Бейсенбі, 16 Шілде 2026 12:17

Түркістанда «Кітап – достықтың алтын көпірі» атты халықаралық кітап көрмесі ашылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Тұран – достық бастауы» халықаралық мәдени-рухани ынтымақтастық кездесуі аясында «Кітап – достықтың алтын көпірі» атты халықаралық кітап көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Салтанатты рәсімде түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын дәріптеген әдеби композиция көпшілік назарына ұсынылды. Композицияда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби, түркі әлемінің рухани тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи, өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаи және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларынан үзінділер оқылып, олардың тағылымды мұрасы көркем түрде насихатталды. Халықаралық кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерді Өзбекстан Республикасынан арнайы келген қонақтар ала келді. Көрмеде бауырлас екі елдің әдебиеті, тарихы, мәдениеті мен руханиятын танытатын мазмұнды басылымдар ұсынылды.

Кітап көрмесін Жызақ облыстық Шараф Рашидов атындағы ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Құдратова Хафиза Гафуровна таныстырып, ұсынылған басылымдардың мазмұны мен маңыздылығына тоқталды. Ол кітаптың халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, мәдени ынтымақтастықты тереңдететін маңызды құндылық екенін атап өтті. Қазақ пен өзбек халқының әдебиеті мен мәдениеті терең тарихи және рухани байланысқа ие екені баршаға мәлім. Бұл жақындықтың қайнар бастауы ортақ түркілікте жатқаны белгілі. Қазіргі уақытта да бұл үрдіс жалғасуда. Қазақ пен өзбек әдебиетінің жаңа буын өкілдері шығармаларын бір-біріне аударып, әдеби байланыстарды нығайтуда.

Ұлттық әдебиеттің өркен жаюы мен даму факторларының бірі – өзге халықтардың әдебиетімен өзара қарым-қатынаста, байланыста болуы. Кез келген әдебиетте екі компоненттің болатыны белгілі. Бірі – сол елдің өзінде дүниеге келген төл туындылар, екіншісі – басқа елдерден енген кірме шығармалар. Осындай дүниелердің негізінде әдеби байланыстың рөлі ерекше көрінеді.Мұны қандай да бір әдеби шығармалардың түпнұсқасымен тікелей танысып, сол туындымен ұлт әдебиетінің тілінде оқу негізінде және олардың аудармалары арқылы қанығуынан немесе бір халық жазушысының шығармаларының мазмұны мен мотивтерін басқа елдің жазушысының өзінше қабылдауынан пайымдауға болады. Осындай факторлардың себебінен бір елдің әдеби дүниесі екінші бір елдің меншігіне айналатыны белгілі.

Өзбек- қазақ әдебиеттері байланысы XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың бастарында әбден кемелдене түсті деуге болады. Ол кезде Ташкент бүкіл Орта Азия халықтарының кіндік қаласы, ірі ғылым мен рухани, мәдениет орталығына айналды. Ташкентте 1870-жылдары қазақ тілінде «Түркістан уалаяты» газетінің шығып тұруының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Өзбек халқының демократ-ағартушы ақыны, жазушысы Фурқат өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде (Жаркентте) өткізеді. XX ғасыр басында қазақ оқығандары, ақын-жазушылары Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Əуезов, М.Жұмабаев т.б. Ташкентте жасап, творчестволық қызметтерін осында дамытқан. Ташкент қаласында қазақ тілінде ақын-жазушылардың көптеген кітаптары басылып, шығып тұрған.

«Шолпан» журналы Ташкентте шығып тұрған да, онда қазақ әдебиетінің аса таланты өкілдерінен Мағжаннның, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Əуезовтың туындылары жарық көрген. Өзбек әдебиетінің аса көрнекті өкілдері А.Қадыри, Фитрат, Шолпандар қазақ жазушыларымен, әсіресе А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Əуезовтармен достық қарым-қатынаста, шығармашылық байланыста болған. Əдебиеттер байланысы екі халық ақын-жазушыларының өзара достық, творчестволық қатынаста болуынан да айқын байқалады. Бұл ретте Сәбит Мұқанов пен F.Fұлам, М.Əуезов пен Айбек, А.Қаҳҳар мен Fабит Мүсірепов, Миртемір мен Əбділдә Тәжібаев, Еркін Вахидов пен Олжас Сүлейменовтердің қарым-қатынасын үлгі етуге болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жасап, шығармашылықпен айналысқан дарынды жазушылардың бірі – Фуркат. Фуркат туындалыран оқи отырсақ, қазақтың ақын-жазушылары Махамбет, Алтынсарин, Байтұрсыновтардың шығармашылығына жақын екендігін көріуімізге болады.

ХХ ғасыр басындағы өзбек әдебиетінің жарқын жұлдыздарының бірі – Фитрат. Фитрат өзбек әдебиетінің, ғылымы мен мәдениетінің ірі өкілі, энциклопедиялық білімге ие болған көрнекті ақын, ірі жазушы. Фитрат 1923-жылы Мәскеуде “Шығыс тілдері институтында” ғылымы қызметкер болып істейді, оған профессор атағы берілген. Осы жылдары қазақ халқының көрнекті ақыны, аудармашы, журналист, тілші жҽне әдебиетші ғалым Ахмет Байтұрсынов та болады. Бұл кезде Мәскеу қаласында қазақтың да, өзбектің де көптеген зиялылары оқығаны, еңбек еткені тарихтан мәлім. Белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов, ақын Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтар да осы жерде болып, жұмыла еңбек еткен. А.Байтұрсыновтың “23 жоқтау”, “Ер Сайын” кітаптары Мәскеудегі Күншығыс баспасында басылып шығады.

Фитрат А.Байтұрсыновпен, өзге де қазақ зиялыларымен жақсы творчестволық байланыста болған деуге толық негіз бар. Қазақ халқының ақыны, тілші, әдебиетші ғылымы Ахмет Байтұрсынов тағдыры да, Фитрат тағдырына ұқсас. А.Байтұрсынов 20-жылдарда Ташкентте жасаған кезінде Фитратпен достық әрі творчестовалық қатынаста болғандығы мәлім. Екі ғалымның да өз халықтарының әдебиеті мен тіл білімі үшін ұшан-теңіз еңбек еткенін, тұңғыш әдебиет теориясы мен грамматика туралы еңбектер жазып, өзбек, қазақ халықтарының әдебиеттану, лингвистика ғылымының алғашқы бастаушылары болғандығын бүгінгі ұрпақтары мақтан етеді. Шолпан ХХ ғасыр өзбек поэзиясының ең ірі өкілі. Ол өзінің поэзия, проза, драмалық және өткір публицистикалық шығармалары арқылы өзбек әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосты. Шолпан әдебиетте прозалық туындылары арқылы кіріп келсе де, бірақ ақын ретінде танылды. Шолпан қашанда халық жағында болған. Өз өлеңдерінде халықтың мұңын мұқтап, жоғын жоқтаған халықшыл ақын. Дегенімен сол тұста орнаған өкімет Шолпанның халық ішіне кіруіне, оның ақиқатты айтуына жол қоймайды. Ақ патша мен большевиктер зұлымы астындағы Бұхара әлі саналы күрескер, өздігін танитын дәрежеге көтерілмеген еді.

Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өзбек қазақ әдеби байланыстары кемелдене түскенін көруімізге болады. Бұл тұста өзбек әдебиетінде ірі өкілдері Фурхат, Фитрат, Шолпан т.б. туындылары өзбек оқырмандарымен бір қатарда, қазақ әдебиетсүйер қауымын да тәнті етті. Олардың достық қарым-қатынасы тек қана көркем әдебиетте ғана емес, өмірде де шынайы көрініс тапқандығының куәсі боламыз. Аты аталған өзбек ақын жазушыларының саяси көзқарастары мен дүниетанымы, сондай-ақ көркем әдебиеттегі үйлесімділігі мен үндестігі қазақтың ақын-жазушылары Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б. жақын екендігін көруімізге болады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 215 рет