Жұма, 10 Шілде 2026 14:53

Түркістан: «Саябақтағы кітапхана» жобасы аясында әдеби-зияткерлік кеш өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Саябақтағы кітапхана» жобасы аясында әдеби викториналар мен зияткерлік ойындар кеші ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты - балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау.

Кеш барысында биылғы жылы мерейтойы аталып өтілетін қаламгерлердің шығармалары мен балалар әдебиетінің таңдаулы туындыларынан кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге келушілер әдеби мұралармен танысып, сүйікті шығармалары жайлы ой бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар қазақ және әлем әдебиетіне арналған сұрақ-жауап кезеңдеріне, логикалық тапсырмалар мен танымдық ойындарға белсенді қатысты. Әдеби білімдері мен ой ұшқырлықтарын сынаған белсенді оқырмандарға арнайы сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, ашық аспан астында өткен тағылымды кеш кітаптың рухани маңызын насихаттап, балалар мен қала тұрғындарының кітапханаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени жобаға айналды.

Осы тұста айта кетсек, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту қазіргі заманғы білім беру жүйесінде маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Шығармашылық қабілеттер тек өнер немесе ғылыммен айналысатын балалар үшін ғана маңызды емес, олар күнделікті өмірде әр түрлі жағдайларға шығармашылықпен жақындау арқылы өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамытуға ықпал етеді. Бұл қабілеттің дамуына әсер ететін негізгі тұлға тәрбиеші болып табылады. Тәрбиеші өз әрекеттері мен педагогикалық шеберлігі арқылы баланың шығармашылық әлеуетін ашуға және оны одан әрі дамытуға көмектеседі.

Шығармашылық қабілет – баланың жаңа идеялар туғызу, ерекше көзқарас пен өзіндік шешімдер қабылдау қабілеттілігі. Бұл қасиет баланың ойлау қабілетінің еркіндігі мен қиялының дамуын білдіреді. Шығармашылық әрекет баланың белгілі бір мақсатқа жету үшін жеке тәсілдер мен әдістерді таңдап, өз бетімен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл қабілеттер балаларға әлемді түсіну, оны шығармашылық көзқараспен қабылдау және жаңа шешімдер ұсыну қабілетін береді. Сондықтан балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту өте маңызды, өйткені ол тек олардың білім алу процесін ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамуын да қолдайды.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде ең басты құралдың бірі – кітап. Оқушының ойлау қабілеті мен дүниетанымын қалыптастыруда кітаптың орны ерекше. Мектеп – білімнің алғашқы баспалдағы болғандықтан, балалардың кітаппен дос болуы осы кезеңде басталуы тиіс. Осы мақсатта енгізілген «Кітап оқитын ұлт» жобасы оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың ой өрісін кеңейту, сөздік қорын байыту және танымдық қабілеттерін арттыруды көздейді.

Бұл жоба мектептерге бірнеше тұрғыда пайдалы: біріншіден, кітап оқу оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамытады, кез келген мәселеге саналы түрде қарауға үйретеді; екіншіден, көркем әдебиетті оқу арқылы бала тек тіл байлығын ғана емес, адамгершілік қасиеттерді де бойына сіңіреді; үшіншіден, мұғалімдер жобаны сабақтан тыс уақытта пайдаланып, кітап талқылауы, пікірталас, шығармашылық кештер, шағын көріністер сияқты іс-шаралар арқылы балаларды белсенді оқырманға айналдыра алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіндей, «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек». Ол атап өткендей, «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Осы сөздер жобаға мән берудің басты негізін құрайды, себебі мектеп жасындағы оқушылардың кітаппен байланысы – қоғамның оқу мәдениетінің қалпын айқындаушы фактор.

Егер мемлекетте жастардың басым бөлігі кітап оқуға әдеттенсе, қоғамдағы көптеген мәселелердің түп-төркіні – білімсіздік пен немқұрайлық – жойылады. Жасөспірімдердің мәдениетке, әдебиетке қызығушылығы артып, болашақта саналы, сауатты, жауапты азаматтар қалыптасады. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» жобасының мектептер үшін маңызы зор: бұл жоба тек кітап оқуды насихаттау ғана емес, қоғамды жаңа деңгейге көтерудің, рухани жаңарудың кілті. Мемлекет басшысы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл бастама оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды біріктіріп, елімізді әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енгізу сияқты үлкен мақсатқа жетелейді.

Кітап оқу – еңбекті талап ететін процесс. Әріптерді сөзге, сөздерді сөйлемге құрап қана қоймай, оқығаныңды түсіну, санаңда елестету керек. Әсіресе үнемі дайын образды теледидардан көріп үйренген бала үшін бұл қиын жұмыс: қиялы дамымаған, елестету машығы қалыптаспаған. Ересектердің өзі көңіл көтеруді таңдап тұрғанда, әріп танып, сөз құрап жүрген балаға кітап оқуды қалай сүйдіреміз? Мәселенің екі негізгі себебі бар. Оның бірі теледидар мен гаджеттер ұсынатын оңай, қызықты визуал контент болса, екіншісі мектеп. Міндетті оқу тізіміндегі кітаптар көп балаға түсініксіз, ауыр әрі қызықсыз көрінеді. Осыдан соң кітап оқу – міндет, тіпті азап сияқты көрінеді.

Ал шын мәнінде кітап – баланың тілін байытатын, ойлауын дамытатын, қиялын ұштайтын ең күшті құрал. Кітап оқымайтын адамның сөздік қоры жұтаң, ойы алыстан оралып жетеді, жазу дағдысы да әлсіз болатыны тегін емес. Сондықтан ең маңызды сұрақ – балаға әдебиетті қалай сүйдіреміз, кітаптан ләззат алуды қалай үйретеміз? Бұл – бүкіл отбасы, мектеп және қоғам бірігіп шешетін міндет.

Баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыратын 10 тиімді кеңес

1. Ең алдымен, үйіңізде оқу мәдениетін қалыптастырыңыз

Бала кітапты жақсы көріп өсуі үшін алдымен ересектердің өзі кітап оқып отырғанын көруі керек. Егер ол сіздің кітапқа беріле отырып, ләззат алып отырғаныңызды байқамаса, оның өз бетімен белсенді оқырман болуы екіталай. Өйткені балалар сөзден гөрі іс-әрекетке көбірек сенеді – сіз не істесеңіз, соны қайталайды.

Үйде әркім өзіне ұнайтын кітапты алып, тыныш отыратын шағын «оқу дәстүрін» қалыптастыруға болады. Мысалы, кешке бір жарты сағат бәрі гаджетті өшіріп, тек кітап оқитын уақыт белгілеңіз. Бұл баланың санасында: «Кітап оқу – нормалды, күнделікті өмірдің бір бөлігі» деген түсінік қалыптастырады.

Сондай-ақ кітаптарды үйдің көзге көрінетін жеріне қою да маңызды. Ашық сөре, үстел үстінде жатқан қызық мұқабалы кітап баланың назарын өзіне тартады. Кітап қолжетімді болған сайын, оны қолына алу ықтималдығы да жоғарылайды.

Ең бастысы – балаға кітапты міндет ретінде емес, қызық әлемге апаратын мүмкіндік ретінде көрсету. Сіздің жеке үлгіңіз – ең мықты мотивация.

2. Үйде дауыстап оқу дәстүрін қалыптастырыңыз

Бала мен кітапты жақындатудың ең тиімді жолдарының бірі – бірге дауыстап оқу. Бала неге қызығады, қандай тақырыпты жақсы көреді – соған арналған кітапты таңдаңыз.

Балаға бірден «сен оқышы» деп қысым жасамаңыз. Әзірге ол тек тыңдаса да жеткілікті. Мысалы, былай деуге болады: «Әкең өте қызық кітап тауыпты, маған оқып бергелі жатыр. Қаласаң, бірге тыңдай аласың».

Ата-ананың бірі кітаптың қызық жерін оқиды, кейін өзара оқығаны туралы пікір айтып, әңгімелеседі. Сол кезде балаға да: «Сен қалай ойлайсың?» деп сұрап қойыңыз. Бала бұл сәтте кітап оқу – қызықты, үйренуге тұрарлық іс екенін байқайды.

Дауыстап оқу баланың қиялын дамытады, тыңдау қабілетін күшейтеді. Ең бастысы – бұл сіз бен балаңыздың арасындағы жылы, естен кетпейтін жақындық сәттері. Келешекте осы уақыттарды үлкен сағынышпен еске алатын боласыз.

3. Қызығушылық тудыратын жеңіл сынақ 

Баланы кітапқа үйретудің алғашқы кезеңінде оған ешқандай қысым жасамау өте маңызды. «Оқы» деп бұйырудың немесе ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ – керісінше, кітапты сәл құпия, қолжетімсіз етіп көрсету жақсы нәтиже береді.

Мысалы, баланың көзіне бір кітап түсіп, ол соны сұраса, былай деп жауап беруге болады: «Мен өзім әлі оқып бітірген жоқпын. Жарайды, саған берейін, бірақ ұзаққа емес, мен де әрі қарай не болатынын білгім келіп тұр. Оның үстіне сенде әлі сабақ та бар ғой».

Бұл тәсіл кітапқа деген ішкі қызығушылықты күшейтеді: балаға бір нәрсе «тек ересектерге арналған» сияқты көрінсе, соны білгісі келеді. Тіпті: «Сен әлі кішкентайсың, бәрін түсінбеуің мүмкін» деп жеңіл сынақ жасаудың өзі көп жағдайда нәтиже береді – бала өзін ересек екенін дәлелдегісі келіп, кітапты өзі-ақ оқуға кіріседі.

Бірақ бұл әдістің ең маңызды шарты бар: сізге шынымен сол кітап қызықты болуы керек. Егер қызықпай тұрып жалған «қызығушылық» көрсетсеңіз, бала оны бірден сезеді.
Ал шынайы эмоцияны балалар дәл аңғарады – қызық кітап оқып отырған ата-ана баланы да өзіне тартады.

4. Кітапқа бірге сурет салу – баланың қызығушылығын арттыратын тамаша әдіс

Бала жас кезінде оқылған кітапты жақсырақ түсініп, оны жүрегімен сезіну үшін иллюстрация салу жақсы көмектеседі. Оқып отырған әңгімеңізден кейін балаға: «Сен бұл көріністі қалай елестеттің? Кейіпкер қандай болды? Оқиға қай жерде өтті?» деп сұрап, соны қағазға бірге салып көріңіздер. Көп балалар сурет салуды ұнатады, ал ата-анасымен бірге салған сурет олар үшін тіпті ерекше әсер қалдырады.

Бұл әдіс баланың кітапқа деген назарын да, қызығушылығын да күшейтеді. Өйткені ол оқығанын жақсырақ есте сақтайды, оған әсер еткен тұстарын сізбен бірге талқылай алады. Кітапқа деген жылы сезімі қалыптасып, қиялы мен шығармашылық ойлауы дамиды. Ең бастысы – оқу процесі баланың санасында ойын секілді жеңіл, жағымды эмоциямен байланысады.

Сонда бала кітапты тек тыңдап немесе оқып қана қоймай, оны өз қиялымен «суреттеп» шығады. Бұл – оның әдебиетке деген сүйіспеншілігін тереңдететін ең қарапайым әрі тиімді жолдардың бірі.

5. Оқуды ең жеңіл әрі қызықты дүниеден бастаңыз

Алдымен өзіңізден сұрап алыңыз: сіз бала кітап оқысын деп нені көздеп отырсыз? Мектеп бағдарламасын қиналмай игеру үшін бе? Әлде шын мәнінде оның кітапты қызығушылықпен, рахаттанып оқығанын қалайсыз ба?

Егер баланың жүрегіне оқу деген сүйіспеншілікті ұялатқыңыз келсе, ең алдымен оған жеңіл, түсінікті, қызықты кітаптар ұсыныңыз. Баланың жасына, қызығушылығына сай болсын. Мәселен, шытырман оқиғаға толы фантастика, жануарлар туралы әңгімелер, тіпті жасөспірімдерге арналған махаббат туралы кітаптар болса да, бастысы балаға ұнауы керек.

Бала оқу процесінен ләззат алып үйренгеннен кейін ғана біртіндеп күрделі, терең мазмұнды шығармаларға көшуге болады. Біз ата-ана ретінде баламыз классиканы білсін дейміз, ол дұрыс. Бірақ жаңадан оқи бастаған балаға тым ауыр, түсінігі қиын кітаптарды ұсыну оқуға деген ынтасын мүлде суытып жіберуі мүмкін.

6. Мектепте талдамас бұрын, шығарманы өзі ертерек оқып шыққаны жақсы

Кейде әдебиет сабағында шығарманы соншалықты ұзақ, жалықтырып талдайды, әр детальды бөле береді. Сол себепті балада кітапқа деген қызығушылық емес, керісінше, шаршау пайда болады. Әдебиеттің басты мақсаты – оқушыны сыншы ету емес, оны жақсы мәтінді түсінетін, сезінетін адам ету. 

Сондықтан балаға шығарманы мектепке дейін жеңіл түрде оқып шығуға мүмкіндік беріңіз. Кітапты бір қызық оқиға ретінде қабылдасын. Кейіпкерлердің әрекеті, оқиғаның шиеленісі өздігінен тартып әкетеді. Ал кейін сабақта мұғалім сюжет, идея, автордың ойы туралы талдағанда, бала әлдеқайда жақсы қабылдайды – өйткені ол оқиғаны алдын ала түсініп қойған. Бұл әдіс шығарманы қиын емес, қызық дүние ретінде көруге көмектеседі. Ал мектептегі терең талдау бала санасында бұрын оқыған, таныс дүниені бекітіп, мазмұнын ашуға сеп болады.

7. Үлкен шығармаларды балаңызбен бірге қатар оқыңыз

Егер балаға Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» сияқты көлемді, күрделі шығарманы оқу керек болса, оны жалғыз қалдырмай, өзіңіз де сол кітапты қатар бастап кеткен дұрыс. Бұл сізге де қызық болады, балаңызбен ортақ әңгіме табылып, екеуіңіз бір дүниеге қызығатын серіктеске айналасыздар.

Оқыған кезде бір-біріңізбен ой бөлісіп отырыңыз: «Мына жерін қалай түсіндің? Бұл кейіпкер неге бұлай істеді деп ойлайсың?» деген сияқты жеңіл сұрақтар арқылы талқылауды табиғи түрде жүргізуге болады. Бала түсінбей қалған немесе ауыр көрінген жерлері болса, сіз түсіндіріп жібересіз.

Осылай бірге оқу – баланы қиын кітаптан қорқытпай, керісінше, қызықтырады. Ең бастысы, бұл әдіс сіз бен балаңыздың арасында жылы байланыс орнатып, әдебиетті ортақ қызығушылыққа айналдырады.  

8. «Кітап оқу жарысын» ұйымдастырыңыз

Баланың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың көңілді әрі нәтижелі жолдарының бірі – шағын жарыс өткізу. Оны баланың сыныбында, ауладағы достарының арасында немесе өз таныстарыңызбен бірігіп ұйымдастыруға болады.

Мысалы, балаларға алдын ала қызықты кітаптар тізімін ұсыныңыз. Жеңімпазды екі-үш айдан кейін анықтайтыныңызды айтып, тартымды сыйлық дайындаңыз. Ереже қарапайым: кім көбірек кітап оқып, сол кітаптар бойынша қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берсе – сол бірінші орын алады. Қалған қатысушылар да құр қол қалдырмай, кішкентай сыйлықтар мен мадақтаулар беріңіз.

Мұндай ойын форматындағы жарыс балаларды кітап оқуға табиғи түрде ынталандырады. Олар бір-бірімен жарысып, жеңіске жетуді қалайды, әрі оқыған нәрсесін есте сақтауға тырысады. Ең маңыздысы – бұл процесс баланың санасында «кітап оқу – қызық әрі пайдалы іс» деген ой қалыптастырады.

9. Баланы ынталандыру үшін электронды кітап оқу құрылғыларын алыңыз

Егер мүмкіндік болса, ойындары көп емес, тек кітап оқуға арналған қарапайым құрылғыны таңдаған дұрыс. Мұндай құрылғыны өзіңізбен бірге алып жүру оңай, ал ішінде әрқашан қызықты кітаптар сақталып тұрады. Кез келген уақытта – көлікте, кезекте тұрғанда немесе жолда – балаға дауыстап оқып бере аласыз.

Уақыт өте келе бала өзі қызығып, «маған да оқуға бола ма?» деп сұраса, құрылғыны оған сыйға тартыңыз. Бұл оған ойыннан гөрі пайдалы, мазмұнды әдет қалыптастыратын керемет құрал болады. Электронды кітаптың ең үлкен артықшылығы – кітап әрқашан қолжетімді, ал оқу процесі бала үшін жеңіл әрі қызықты болып қала береді.

10. Кітап оқуды ешқашан жазаға немесе шартқа айналдырмаңыз

Балаға: «Алдымен бір тарау оқы, содан кейін ғана теледидар көресің» деген сияқты талап қоюға болмайды. Мұндай тәсіл бала санасында «кітап оқу – жағымсыз, міндет ретінде орындалатын шаруа» деген түсінік қалыптастырады. Кітапты жаза ретінде қолдану – оқуға деген табиғи қызығушылықты мүлде жойып жібереді. Бала оны еркіндікке кедергі жасайтын, ойыннан айыратын әрекет деп қабылдайды.

Сондықтан кітап туралы әрдайым тек жағымды, жылы, қызықты дүниелер айтып отырған жөн. Оқу – көңіл көтеретін, әлемді кеңейтетін, жаңа нәрсені білуге мүмкіндік беретін қуаныш екенін бала сезінуі керек. Егер бала кітапты тек міндет ретінде емес, ләззат үшін оқи бастаса – міне, сол кезде оның ішкі мотивациясы оянады, әрі бұл әдет ұзақ жылдарға сақталады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 78 рет