Super User

Super User

ҚАЗЫҒҰРТ: МАЛ ҰРЛАМАҚ БОЛҒАН...

Мал ұрламақ болған екеуді тұрғындар байқап қалған.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып, ірі қара малдарын белгісіз біреулер ұрламақ болғанын айтқан.

Жәбірленушінің бірі құны 300 000 теңге тұратын сиырын, ал екіншісі 250 000 теңге тұратын сиырын белгісіз біреулер айдап бара жатқан сәтінде ауыл тұрғындары көріп қалғанын жеткізді. Осы сәтте ауыл тұрғынының байқап қалғанын көрген күдіктілер қаша жөнелген.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Олар мал ұрлығы қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Полицейлер күдіктінің бірін полиция бөліміне жеткізді. Яғни жас жігіттер оңай олжалы болуды көздеген. Алайда, тұрғындардың қырағылығының арқасында ойлары жүзеге аспай қалды. Қазіргі таңда күдіктінің бірі қамауға алынса, екіншісіне қатысты іздеу жұмыстары жалғасуда.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мал ұрлығы қылмысының алдын алу үшін малдарыңызды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

БӘЙДІБЕК: КӨЛІК ТЕРЕЗЕСІН КҮҢГІРТТЕП АЛҒАН...

Түркістан облысының полицейлері көлігінің терезесін күңгірттеп жүрген жүргізушіні жауапқа тартты.

Бәйдібек АПБ ЖПҚ ППТ аға қызмет инспекторы Еділ Бақытжанұлы Аменгелді күнделікті қызметін атқару кезінде, кезекті әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Яғни тәртіп сақшысы Еділ Бақытжанұлына Шаян ауылы көшелерінің бірінде «Lada 21214» маркалы көлігі терезесін күңгірттеп алғаны бойынша хабарлама келіп түседі. Нәтижесінде, полицей Еділ бірден автокөлік иесінің жүрген жерін анықтады. Жүргізушіге көлік терезесіндегі күңгірттеген жапсырманы алдырып тастады.

Құқық бұзушыға қатысты заңға сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі «Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару» бойынша хаттама толтырылды.

Жалпы Бәйдібек аудандық полицейлері жол ережесін бұзушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты өткізіп отырады. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін қолданбау, ұялы телефон пайдалану, басып озып кету, автокөліктерді масаң күйде басқару, жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневрлау, көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өтпесінен өту жағдайларымен байланысты жасалған құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда.

Сондықтан автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік құралын құжатсыз басқармауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

САРЫАҒАШТА АЛАЯҚ ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЛДЫ

Онлайн несие рәсімдеп, алаяқтық жасаған зейнеткер анықталды.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу ақшалай онлайн несие алып, 70 мың теңгеден астам шығын келтірген. Бір айдан соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Сарыағаш АПБ-ның тергеушісі қажетті іс-шараларды жүргізді. Атқарылған тиянақты жұмыстың нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды.

Ол зейнет жасындағы жұмыссыз әйел болып шықты. Яғни күдікті әйел сұлулық салонында жәбірленушінің сөмкесін байқатпай ақтарып, ішіндегі жеке куәлігін суретке түсіріп, өз арам ойын жүзеге асыру үшін несие рәсімдегені белгілі болды. Қазіргі таңда зейнеткер әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді.

ОРДАБАСЫ: МАС КҮЙІНДЕ ЕКІ РЕТ ҰСТАЛДЫ

Екінші рет мас халде көлік басқарған орта жастағы ер адам қамауға алынды.

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуын бақылау мақсатында жұмыс жүргізеді. Осындай кезекті шара кезінде полицейлер, мас халде көлік жүргізген ер адамды анықтады.

Нақтырақ айтсақ, тәжірибелі тәртіп сақшылары күндізгі сағат 10:00 шамасында Тоқсансай-Шұбар тас жолының бойында қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін «Opel Vectra» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның осыдан 1 жыл алдын мас халде көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сонымен қатар полицейлер оның тағы да мас халде екендігіне күдіктеніп, бірден сараптама тағайындады. Нәтижесінде жүргізушінің алкогольді мас халде екендігі анықталды.

Көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жүргізуші автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Осы RSS каналға жазылу