«Al-Razi Medikal» ЖШС-ң өкілдері 3 гектар жерге емхана мен көпбейінді реабилитациялық орталық салуды көздеп отыр. Жоба құны – 7 миллиард теңге.800 келушіге арналған емханада диагностикалық орталық орналасады. Екіқабатты ғимараттың жалпы аумағы - 5 мың шаршы метр. Ал, 96 төсек-орынға лайықталған көпбейінді реабилитациялық орталықта физиотерапия, онкология, кардиология, инсульт орталығы, жарақат бөлімшелері ашылады. 200 жұмыс орны ашылады. Оның 50-і бейінді дәрігерлер.
- Денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мәселесі ұдайы назарда. Әсіресе оңтүстік аумақтарда жаңа медициналық орталықтар салуға күш салынған. Бүгінгі күнде халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты, сонымен қатар медициналық технологиялардың жетілуіне қатысты халықтың сұранысы да артты. Өйткені заманауи техникалар мен озық әрі сапалы медициналық аппараттар көбейген сайын халықтың да сенімі нығайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында медицина саласын назардан тыс қалдырған емес. Қазіргі денсаулық сақтау саласы қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталған. Бұл тұста жаңа медициналық орталық тұрғындарымыздың денсаулығын нығайтуға үлкен үлесін қоспақ,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Медициналық орталық екі жылдың ішінде салынады. Клиника замануи үлгідегі медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша мемлекеттік емханалардың жүктемесі едәуір азаймақ.Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағашта республикалық бюджет есебінен перинаталды орталығы бар көпсалалы медициналық кешен салынады. 10 гектар жерде бой көтеретін кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Көпсалалы кешен ашу Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының халқына білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау саласында ауқымды реформа жүргізіліп жатыр. Жалпы, Үкімет 2027 жылға қарай медицина саласын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізе отырып, аталған саланы дамытудың тұрақты моделін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Осыған орай біз инвестициялар мен озық технологиялар тартуға мүдделіміз», – дедйі Үкімет басшысы Әлихан Смайылов. Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен $540 млн-ды құрап, 30%-ға өсті. Сонымен қатар кейінгі 7 жылда фармацевтика нарығының көлемі 2,9 есеге артты.
Медицина инфрақұрылымын жақсарту бойынша да кешенді шаралар қабылданып келеді. Мәселен, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жеке инвестициялар тарту арқылы 20 заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны пайдалануға беріліп, 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылады. Үкімет мемлекеттік қолдау шараларының пакеттерін ұсына отырып, фармацевтикалық индустрияның әлемдік ірі өкілдерімен де белсенді іскерлік байланыстарды арттырмақ. Дәрілік заттарға сұраныстың артуы аясында денсаулық сақтау саласының, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінің даму әлеуеті өте зор дейді мамандар.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат