Дүйсенбі, 16 Қазан 2023 15:48

Түркістан: қызылша ауруына қарсы екпе егу науқаны жүріп жатыр

Еліміздің бірқатар өңірлерінде қызылша ауруы дендеп тұр. Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін қызылша дертімен 373 күдікті жағдай тіркеліп, 166 науқастың диагнозы расталған.

Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 146, мектеп оқушысы - 19, балабақша тәрбиеленушісі - 26, қалғаны студенттер мен ересек адамдар. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.

- Күз-көктем мезгілдері - эпидемиялық маусымдар. Бұл кезде ауамен таралатын аурулардың адамнан адамға жұғуы өте жоғары. Аурудың жасырын кезеңі 7-21 күнді құрайды. Ауру белгілері науқаспен байланыста болғаннан кейін суық тиюдің белгілеріне ұқсас симптомдармен біліне бастайды. Атап айтқанда, дене қызуының көтерілуі, жөтелдің пайда болуы, құлақ пен мойында және бет пен денеде бөртпелердің шығуы, - дейді Бахтыораз Мизамұлы. Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев аталған дерттің алдын алу шараларына тоқталды.

- Қызылшаның алдын алуда тиімді де баламасыз шаралардың бірі – екпе алу. Қызылшаға қарсы алғашқы екпе 1 жаста, кейін бала 6 жасқа толғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты иммунитет сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнге дейін жоспар бойынша 1 жастағы – 40 473 балаға (74,1%) , 6 жастағы-35 714 балаға (74%) екпе салынды. Егілген адамдар әрдайым медициналық ұйымда медицина қызметкерінің бақылауында болады, - деді облыстың бас дәрігері.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2022 жылы әлемде 155 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Биыл бұл дерт Қырғызстан, Ресей, Украина секілді жақын елдерде жиі тіркеле бастады. Қазақстанда соңғы жылдары қызылшамен ауыратындар саны азайды, тіпті, кей жылдары ешқандай жұқтыру дерегі тіркелмеді. Алайда соңғы айларда жұқтырғандардың саны елімізде, соның ішінде Түркістан облысында да көбейіп келеді. Сондықтан эпидемологтар бұл вирустық инфекцияның қауіпті екенін ескертеді. Вакцина алу – қызылшадан сақтанудың жалғыз амалы дейді дәрігерлер.

Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы көз деуге болады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені оның бойында анасынан берілген вирустан қорғайтын ауруға қарсы денелер уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина егілмеген адамда кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы ықтимал. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдарың бәрін 21 күн бойы тексереді.

«Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Өйткені бұл инфекцияның емі жоқ. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Бұл дерт ертеден белгілі. Қызылша – вирусты инфекция. Статистикаға жүгінсек, вирусты он адамның тоғызы жұқтырады. Сондықтан ол жұқпалы жоғары тыныс алу жолының инфекциясы қатарына жатады  Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Қазір ол коронавирус тәрізді жылдам жұғып, тез таралады", – дейді дәрігерлер.

Ұзақ уақыт бойы қызылша ауруының емі табылмаған. Бұл дертті, тіпті, шешектің жеңіл түрі деп санаған. Алайда 18-ғасырда ғана оның жеке ауру екені анықталған. Вакцина ойлап табылғанға дейін ауру балалардың 85 пайызына тарап отырған. Жыл сайын қызылша ауруынан 2,5 миллионнан аса адам қайтыс болған. Эпидемия екі-үш жылда бір қайталанып отырған. Мамандардың айтуынша, бұл дерттен өліп кету қаупі бар. Көбінесе вакцина алмаған адамдарда ауру ауыр өтеді. Вирустың алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар екен. Сол үшін дер кезінде дәрігерге жүгіну керек. Көбінесе қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиіс.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 184 рет