Науқастар арасынан екі адамға «транслюминальды баллонды ангиопластика» және бір пациентке «коронарлық артерияларды стенттеу» операциялары жасалды, қалған екеуінде ангиопластика мен стенттеуге ешқандай көрсеткіш анықталмаған. Осыған дейін жасалған оталар әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында ешқандай асқынусыз сәтті өткен. Қазіргі таңда 5 науқастың жағдайы жақсы, отбасыларына оралған.
Аталған коронарлық артерияларды стенттеу жүйесі жүрек артерияларының тарылуына немесе окклюзиясына (толық жабылуына) байланысты коронарлық артерия ауруының (стенокардия, миокард инфарктісі) түрлерін емдеуге қауқарлы. Сонымен бірге отаның бұл түрі ешқандай кесусіз, микрохирургиялық жабдықпен ауыртпалықсыз, жергілікті анестезиямен орындалады. Ақ халаттылардың айтуынша, олар алдағы уақытта Түркістан қаласы және көршілес өңір тұрғындарына тегін, сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын.
Ота барысында ангиограф аппаратының астында коронарлық арнаның бүкіл көрінісін көріп, зардап шеккен тамырдың ішіне стент енгізіледі. Нәтижесінде артерия тамырының қабырғасының жабылуына жол бермейді және қалыпты қан ағымын қамтамасыз ету арқылы инфарктың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ, дәрігерлердің мәлімдеуінше, стенокардия ұстамаларының жиілігі мен күші азаяды, қан айналымының бұзылу қаупі төмендеп, физикалық белсенділік жоғарылайды. Ол жағдайда оңалтудың қажеттілігі туындамайды, операциядан бірнеше күн өткен соң қалыпты өміріне оралуына мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында алғаш рет қуықасты безі артерияларының эмболизациясы жасалынды. Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Б.Берденовтің нұсқауымен шеберлік класы аясында Алматы қаласының «Керуен» клиникасының жетекші рентгенэндоваскулярлы хирургі, Рhd Ғалымжан Азимбаев стационардың ангиохирург, уролог дәрігерлерімен бірлесіп, простата артерияларының алғашқы эмболизациясын жасады.
Пациент – 70 жастағы ер адам. Ол бірнеше жылдан бері қуық асты безінің қатерсіз аденомасымен сырқаттанып, зәр шығаруы қиындаған. Науқаста қосымша жүрек-қан тамырлар патологиялары сынды қарсы көрсеткіштері болғандықтан, дәстүрлі хирургиялық араласуға бармай цистостома орнатуды қажет еткен. Бұл жағдайда катетер зәрді шығаруға және бүйректі гидронефроздан қорғауға мүмкіндік беретін мәжбүрлі шара.
Қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы – 40 жастан асқан ер адамдарда жиі кездесетін аурулардың бірі. Простата аденомасының артериялық эмболизациясы – соңғы жылдары әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолданыла бастаған жаңа әдіс. Бұл қазіргі заманғы аз инвазивті озық емдеу әдісі, стандартты хирургиялық араласуға қарсы көрсеткіш болып саналатын декомпенсацияланған жүрек-қан тамырлар патологиясы, қант диабеті және басқа да қатар жүретін қосалқы аурулары бар науқастарға балама отасы болып табылады. Бұл әдістің негізгі артықшылығы – кесусіз және жалпы анестезиясыз, микрохирургиялық жабдықпен ауыртпалықсыз, жергілікті анестезиямен орындалуы.
Эмболизация – бұл аденоманы қоректендіретін артерияларды эмболдармен бітеп, қанмен қамтамасыз етілуін тоқтату. Бұл жағдайда простата безі өте тез, айтарлықтай кішірейіп, зәр шығару біртіндеп қалпына келеді және бұл біздің пациентке цистостомиядан арылуға көмектеседі. Нәтижесінде қалыпты өмір сапасы жақсарып, аденомаға қарсы препараттарды қабылдау қажеттілігі жоғалады. Процедураның асқынуы өте сирек кездеседі, реабилитация уақыты 1-2 күнді алады, оны жүргізу кезінде және одан кейін ауырсыну болмайды. Аденомамен простата эмболизациясының мүмкіндігін науқасты тексергеннен кейін бірқатар көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштер бар жоғын уролог дәрігері анықтайды.
Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласындағы басқа да мәліметтерге тоқталып өтер болсақ, облыста туберкулезден негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер 2022 жылмен салыстырғанда 17,9%-ға төмендеген. Былтыр 315 жағдай тіркелсе, биыл 263 жағдай еніп отыр. Аурудың таралуы бойынша да көрсеткіш өткен жылға қарағанда 18,9%-ға азайған. Өңірде 6 айда 499 134 флюороскрининг есебін жүргізу жоспарланса, оның 403 576-сы тексерілген. Нәтижесінде 87 туберкулез науқасы анықталды. Ауруды емдеу тиімділігі жыл басынан бері 93,2%-ды құрады. Атап өтерлік, Түркістан облысында туберкулезден өлім көрсеткіші 50%-ға төмендеген. Былтыр 8 жағдай орын алса, осы жылы 5 жағдай тіркелді.
Ал, әлеуметтік қолдауға келер болсақ, ай сайын 5-15 АЕК көлемінде науқастардың жеке есеп шотына қаржы аударылады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) көрсету ұйымдарында қақырық жинайтын және химизатор бөлмелері, фтизиатриялық кабинет, G-Xpert аппараты қолданылады. Өңір бойынша жалпы 57 фтизиатр, 42 фтизиопедиатр қызмет көрсетеді. БМСК медициналық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша 448 дәрігер, 1373 орта буын қызметкері оқытылды. Өңірде фтизиатриялық және пульмонологиялық қызметтерді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы құрылып, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысымен бекітілген. Респираторлық медицинаны интеграциялық дамыту және тыныс алу ағзаларының аурулары кезінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жетілдіру бағыттары қарастырылған.
Сондай-ақ, биыл жартыжылдықта неонаталдық өлім 4%, нәресте өлімі 7,2%, балалар өлімі 9,4%-ды құрады. 2022 жылы 27 809 босану жағдайы тіркелген болса, 2023 жылдың 6 айында саны 26 779 құрады. Түркістан өңірінде босандыру қызметі, кадрлық ресурс, медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80-95% аралығын құрайды. 3 облыстық перинаталдық орталық, 18 жергілікті медициналық ұйым жұмыс істейді.
Бұдан өзге, Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы және «Ана мен бала» орталығының да құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84%-ды құрады. Облыста 45 медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 5509 дәрігер және 19154 орта персонал халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 17-і ел игілігіне пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 млн. халық тұратын оңтүстік аудандар үшін Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медицналық кешен салуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда нысан құрылысы үшін жер учаскесі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салынады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы ескеріледі. 2022 жылы 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы қосымша 2 нысанға жөндеу жүргізіледі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат