Түркістан облысы аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, адамды, жануарларды, үй-жайларды және өзге де аумақтарды жәндіктерден қорғау және жою бойынша бірқатар іс-шаралар тізбегі жоспарланған. Спикердің сөзінше, кенеге қарсы энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында биыл 59 887 литр «Дизицип» сұйығы, 413 372 кг «Дельтаметрин» ұнтағы сатып алынды. Осы ретте аудан, қала орталықтарындағы сақтау қоймаларына жеткізілді.
Басқарма тарапынан тек ауыл шаруашылығы жануарларын өсірумен айналысатын үйлердің қоражайларына және жапсарлас аумағына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.– Залалсыздандыру жұмыстарын екі кезеңде жүргізу жоспарланған. Көктемгі кезеңде 1 498,8 мың ірі мал бүркіліп, 4 776,9 мың ұсақ мал тоғытылды. Сондай-ақ 51 672,1 мың шақырым қоражай және мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылды. Оған 17 сәйкестендірілген ДУК автокөлік, 372 ранцтік аппарат, 17 мотопомпа және 1552 арнайы киім, резеңке етік, 9312 респиратор, 3104 көзілдірік, 7 760 қолғап пен кәсіпорынның 1552 қызметкері жұмылдырылды. Мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда, жалпы 316 ұсақ малды тоғытатын ванна бар. Оның ішінде, 154-і - мемлекеттік, 162-і - жеке меншік. Ал екінші кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары 10 шілдеден басталып, 15 қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Осы кезеңде 1 557,7 мың ірі мал бүркіленеді, 4 996,6 мың ұсақ мал тоғытылады және 51 672 мың шаршы метр қоражай және мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылады. Оған дәрі-дәрмек жеткілікті, - деді Ғани Тұрысқұлұлы.
Бұл тұста үйіргелік қора-жайларды залалсыздандыруға басты назар аударылмақ. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасы мен тиімділігін анықтау бойынша аудан, қалаларда тиісті мекеме қызметкерлерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылған. Олардың жұмыстары қатаң қадағалауда болады. Сала мамандары елдегі карантин кезінде халықтың шоғырлануы тоқтап, көрсеткіш жақсарғанын айтады. Конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошақтарында орналасқан елді-мекендерді қорғау бойынша жоспарлы шаралар биыл да жалғасады.
Брифинг барысында Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов жыл басынан бері облыста кене шаққан 985 адам медициналық ұйымға жүгінгенін атап өтті. Ал, 48 науқас күдік тудырып, 9 науқастың диагнозы расталған.«Аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы инфекциясы адам ағзасына кененің шағуы арқылы енеді. Сондай-ақ, жануарларды күтіп баққан кезде, төрт түлік малдың және науқас адамның қанымен жұғуы мүмкін. Бұл ауруға көбіне малшылар, шопандар және мал күтімімен айналысатын, мал өнімдерін өндіретін адамдар шалдығады», - деді Бахтыораз Елемесов.
Брифингте белгілі болғандай, аудандық, қалалық жұқпалы аурулар бөлімшелері арнайы тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жасақталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Жамалованың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына болжамды, ықтимал жағдай диагнозымен тіркелген науқастардан алынған қан сынамалары облыстық зертханаға сапалы және эпидемиологиялық қауіпсіз жеткізіледі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып емделген адамдардың қан сарысуы келісім бойынша дайындалып отырады. Бүгінде Рибаверин препаратының 25 350 данасы бар. Облыста иммундық плазманың 31,700 литрі дайындалған. Науқастарға арналған төсек-орын саны – 609. Аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстары медициналық ұйымдар басшыларының қатаң бақылауында тұр. Осы ретте мамандар тұрғындарды Конго-Қырым қанды безгегінен сақтануға шақырды.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Шардара ауданында кенеге қарсы малдарды тоғыту орындарының жағдайы мен 17 орталықтандырылған ауыз су торабының сапасын тексеру жайы талқыланған жиын өтті. Шардара ауданы әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісіне аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, кеңес мүшелері мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Мәжілісте күн тәртібінде тұрған Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы аса қауіпті жұқпалы ауруының алдын алу шаралары, балмұздақтан улану және талапқа сай ауыз сумен қамту мәселелері талқыланды. Аталған мәселелер бойынша тиісті мекемелер баяндама жасады.Кенеге қарсы малдарды тоғыту орындарының жағдайы мен дәрілеу мәселесі, құймалы балмұздақты дайындау барысында құрамындағы қоспаларын қадағалау, санитарлық тазалығын сақтау, аудандағы 17 орталықтандырылған ауыз су торабының сапасын тексеру бойынша өндірістік бақылуды күшейту бойынша шаралар талқыланды.
Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерге баға беріп, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды бекітті. Үйлестіру кеңесінің төрағасы Бауыржан Шомпиев жауапты мекемелерге күн тәртібінде тұрған әрбір жұмыс сапалы, әрі дер кезінде атқарылуын айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жедел вирусты ауру, табиғи ошақты зоонозғада қатысты. Екі толқынды қызбаны мінездейді, жалпы интоксикациямен және тромбогеморрагиялық синдроммен жүреді. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы қарапайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын вирустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады.
Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ауруын ресейлік вирусолог М.П.Чумаков 1944-1945 жылдары анықтаған. Кейін бұл ауру Конгода, Нигерияда, Сенегалда, Кенияда сипатталған. Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында орналасқан. Ағымдағы жылы Жалағаш ауданында 12 елді мекен осы ауруы бойынша қолайсыз деп анықталды. Конго-Қырым геморрагиялық ауруы бойынша эндемиялық аймақта жоқ дегенде бір науқас немесе вирус тасымалдаушы кене тіркелген кезде бүкіл елді мекен эндемиялық ошақ болып табылады.
Айта кетейік, Кенелер - өрмекшітәріздестерге жататын ұсақ жәндіктер. Олар топырақта, орман төсемінде, әр түрлі ұяларда, іңдерде, өсімдіктерде, тұщы суларда, теңіздерде тіршілік етеді. Сондай-ақ паразиттік жолмен тіршілік ететін кенелердің 20 мыңнан астам түрі бар деп есептеледі. Бұлардың тұрқы 0,05-13 мм шамасынан аспайды. Тек қанға тойған кене мөлшерінің 30 миллиметрге дейін жетуі мүмкін. Көпшілік кенелердің медициналық және малдәрігерлік салала мәні бар. Олар бірқатар қауіпті ауруларды жануарлардан адамға тасымалдауға бейімделген. Сондықтан адам мен үй хайуанаттарын ауруға шалдықтырады. Астық және ұн қорын ысырап етіп, бүлдіретін де кенелер тобы бар. Кейбір кенелердің паразиттік тіршілік ету әсерінен мәдени өсімдіктердің түсімі кемиді. Тіпті өсе алмай қалады. Дегенмен құраған өсімдік қалдықтарын шіріту арқылы топырақ құнарлылығын арттыратын да кенелер болады. Қазақстанда 3 отряд тармағы (акариформды, паразиттіформды және аз зерттелген пішендік кенелер), 10 тұқымдасы, 58 туысы, 236 түрі (иксод кенелерінің 51, гамаз кенелерінің 100, қызыл денелі кенелердің 24,қамба кенелерінің 52, аргас кенелерінің 9 түрі) бар. Республиканың барлық өңіріне кең тараған. Жер бетінде, теңізде, тұщы суда тіршілік етеді, ал жыртқыш және өсімдікқоректі кенелер жер қыртысында, ормандағы ағаш түбінде, өсімдік бетінде, ін мен ұя ішінде мекендейді. Дене құрылысы, пішіні мен түсі әр түрлі, ұзындығы 1,0 – 30 мм. Жұптасқан 1 – 2 көзі болады, көзсіздері де кездеседі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат