Бейсенбі, 11 Маусым 2026 13:29

МӘМС-ке қатысты сауал көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында Үкіметке жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты арттырып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын нақты әрі әділ бағалауға бағытталған маңызды қадам екені белгілі.

Осы орайда еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Шымкент қаласында да денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Сол өзгерістердің өзегіне айналып отырған маңызды шешімдердің бірі – Qalqan платформасы.

Оқырмандар сауалына Әлеуметік медициналық сақтандыру қоры КеАҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары збасарова Арапкүл Үскенбайқызы жауап берді. 

 Сұрақ:

Qalqan платформасы дегеніміз не, ол не үшін енгізілді және оның денсаулық сақтау жүйесіндегі нақты рөлі қандай?

 Жауап:

Qalqan платформасы – бұл жай ғана ақпараттық жүйе емес, ол еліміздің денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды түбегейлі жаңаша форматқа көшіретін бірыңғай цифрлық платформа. Бұрын медициналық ұйымдарға бөлінетін қаржы әртүрлі деңгейде, әртүрлі бақылау тетіктері арқылы жүргізілсе, енді осы жүйе арқылы барлық процесс бір орталықтандырылған цифрлық ортада бақыланады.

Негізгі мақсаты – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында бөлінетін қаражаттың әр теңгесін ашық әрі нақты бақылауға алу. Яғни, қай медициналық мекеме қандай қызмет көрсетті, ол қызмет расымен орындалды ма, пациентке нақты көмек көрсетілді ме – соның бәрі цифрлық түрде тіркеліп, автоматты түрде тексеріледі.

Сонымен қатар бұл жүйе медициналық ұйымдарға қосымша бюрократиялық жүктеме салмайды. Керісінше, бұрын қағазбастылықпен жасалатын көптеген есептер автоматтандырылып, жүйе өздігінен деректерді жинап, өңдеп отырады. Бұл қаржының дұрыс бөлінуіне ғана емес, жалпы жүйенің ашықтығына да үлкен серпін береді.

 Сұрақ:

Яғни бұл жүйе ауруханалар мен емханалардың жұмысын бақылап, тікелей емдеу процесіне араласа ма деген сұрақ жиі туындайды. Осыны нақтылап өтсеңіз.

Жауап:

Бұл жерде маңызды бір нәрсені нақты түсініп алу керек: Qalqan жүйесі ешқандай жағдайда емдеу процесіне араласпайды. Дәрігердің диагноз қоюына, ем тағайындауына немесе науқастың жағдайына байланысты медициналық шешімдерге бұл жүйенің қатысы жоқ.

Яғни дәрігер өз жұмысын бұрынғыдай медициналық хаттамаларға, кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып жүргізеді. Ал Qalqan тек сол көрсетілген қызметтің қаржылық есебін жүргізеді. Мысалы, науқас ауруханаға келіп, ем алды делік – сол қызмет нақты көрсетілді ме, оның көлемі дұрыс па, соны ғана тіркеп, қаржыландыруды соған сәйкес реттейді.

Сондықтан бұл жүйені бақылау құралы емес, керісінше қаржының әділ бөлінуін қамтамасыз ететін ашық платформа деп қараған дұрыс.

 Сұрақ:

Жалпы МӘМС жүйесі аясында Шымкентте қанша медициналық ұйым жұмыс істейді және олардың жұмысы қалай реттеледі?

Жауап:

Қазіргі таңда Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 174 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 34-і мемлекеттік мекеме болса, қалған бөлігі – жеке меншік клиникалар.

Бұл ұйымдардың барлығы бірдей қағидатпен жұмыс істейді. Яғни олар мемлекетпен немесе қор арқылы жасалған келісімшарт негізінде медициналық қызмет көрсетеді. Қаржыландыру да осы келісімшартта көрсетілген көлем мен сапаға байланысты жүргізіледі.

 

Сұрақ:

2026 жылдан бастап енгізілген өзгерістер туралы да көп айтылып жүр. Осы реформалардың негізгі мәнін түсіндіріп өтсеңіз.

Жауап:

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде өте маңызды реформалар жүзеге асты. Ең басты жаңалықтардың бірі – онкологиялық скринингтердің барлық азаматтар үшін, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін болуы.

Бұл өте маңызды қадам, себебі онкологиялық аурулар ерте кезеңде анықталса, емдеу нәтижесі әлдеқайда тиімді болады. Сондықтан мемлекет бұл қызметті барлығына қолжетімді етіп отыр.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша да диагностикалық және профилактикалық қызметтер кеңейтілді. Бұрын бұл көмек тек белгілі бір аурулармен шектелсе, енді оның ауқымы бірнеше есе ұлғайды.

 

Сұрақ:

Бұл кеңейтілген тізімге нақты қандай аурулар кіреді?

Жауап:

Бұл тізімге өте күрделі және жиі кездесетін аурулар енгізілген. Атап айтқанда, онкологиялық аурулар, қант диабеті, жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары, инсульт, инфаркт, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, жүйке жүйесінің созылмалы аурулары, сондай-ақ сирек кездесетін орфандық аурулар бар.

Мұндай кеңейту халыққа тек ем алу үшін ғана емес, ең бастысы аурудың алдын алу және ерте диагностика жасау үшін жасалып отыр.

 Сұрақ:

Қазіргі таңда халық арасында қандай медициналық қызметтерге сұраныс жоғары?

Жауап:

Бүгінде ең көп сұраныс алғашқы медициналық-санитарлық көмекке түсіп отыр. Себебі адамдар көбінесе бастапқы деңгейде дәрігерге жүгінеді.

Сонымен қатар консультациялық-диагностикалық қызметтерге сұраныс өте жоғары. Әсіресе КТ, МРТ, УДЗ сияқты заманауи зерттеу әдістері жиі қолданылады. Бұл диагностиканың сапасын арттырып, ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

 Сұрақ:

Жоғары технологиялы медициналық көмек туралы да айтып өтсеңіз. Бұл салада қандай жетістіктер бар?

Жауап:

Бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар. Қазір Шымкент қаласында да, жалпы ел бойынша да күрделі операциялар кеңінен жасалып жатыр. Мысалы, кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантология салалары қарқынды дамып келеді.

Кейбір операциялардың құны ондаған миллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ МӘМС жүйесінің арқасында бұл қызметтер пациенттерге тегін көрсетіледі. Күрделі операциялар биылғы жылдың өзіндеп жүздеген адам өміріне араша болды.

Шымкент қаласында жыл басынан бері МӘМС қаражаты есебінен 200-ге жуық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде ми қан тамырларының күрделі патологиялары, жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ бүйрек пен бауыр трансплантациясы бойынша жоғары күрделіліктегі оталар жасалған.

 Сұрақ:

Жалпы осы реформалардың нәтижесін қалай бағалайсыз?

Жауап:

Ең басты нәтиже – медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты. Бұрын кейбір күрделі қызметтер тек шектеулі адамдарға қолжетімді болса, қазір ол барша сақтандырылған азаматтарға ашық.

Сонымен қатар цифрландыру арқылы жүйенің ашықтығы күшейді, қаржының қайда және қалай жұмсалып жатқаны нақты бақылауға алынды.

 Сұрақ:

Пациент мүддесін қорғау бағытында қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылуда? Азаматтардың құқықтары қалай қорғалуда және шағымдармен жұмыс істеу жүйесі қандай деңгейде?

Жауап:

Өте орынды сұрақ. Бүгінде пациент мүддесін қорғау – біздің жүйедегі ең басты басымдықтардың бірі, себебі біздің негізгі құндылығымыз – адами капитал, яғни әрбір азаматтың денсаулығы мен құқығы.

Осы бағытта медициналық ұйымдардың қызмет сапасына бақылау күшейтіліп отыр. Егер көрсетілген қызметтерде негізсіз жағдайлар немесе бекітілген стандарттардан ауытқулар анықталса, бірден тиісті түзету шаралары қабылданады. Бұл тек қаржылық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы медициналық қызмет сапасын арттыруға да ықпал етеді.

Сонымен қатар пациенттердің құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Шағымдарға жедел әрекет ету тетігі жетілдіріліп, халықпен кері байланыс жүйесі нығайтылды. Яғни азаматтардың өтініштері мен шағымдары ұзақ күттірілмей қаралып, әрбір жағдай бойынша нақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және шешім қабылданады.

Нәтижесінде, биылғы жылдың алғашқы 4 айында медициналық қызмет сапасына қатысты 386 арыз-шағым тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға төмен көрсеткіш. Оның ішінде 263 шағым негізсіз деп танылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылған.

Сұрақ:

Әлеуметтік қолдау тетіктері туралы да тоқталсақ. Сақтандырылмаған азаматтар мед көмектен тыс қалмас па екен?

Жауап:

Бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты қолдау бар. Қиын жағдайға тап болған азаматтар жергілікті бюджет есебінен сақтандырылып, медициналық көмектен тыс қалмауы қамтамасыз етілді. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биылдан бастап D және E деңгейіндегі дағдарыстық санатқа жататын әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлеуде. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен өтеледі.

Сақтандыру мәртебесін жоғалтпауға қатысты қандай жаңашылдық бар?

– МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа норма енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын). Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет болады.

 Сұрақ:

Қазіргі таңда шымкенттіктердің МӘМС жүйесінде сақтандырылу көрсеткіші қандай?

 Жауап;

Бүгінгі таңда қала халқының 86 пайызға жуығы сақтандырылған. 800-ге жуық адам жеңілдік санатына кіреді. Сақтандырылмағандар 186 мыңнан астам бар. Оларды мәмс жүйесінде қамту бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан жұмыстар жүргізілуде.

Сұрақ:

Қорытындылай келе, бұл өзгерістердің түпкі мақсаты қандай деп ойлайсыз?

Жауап:

Барлық реформаның негізгі мақсаты – халыққа сапалы, қолжетімді және әділ медициналық қызмет ұсыну. Сонымен қатар жүйені толық цифрландырып, ашық әрі тиімді басқару моделіне көшіру. Бұл – болашақтағы дамыған денсаулық сақтау жүйесінің негізі.

Оқылды 82 рет