Бейсенбі, 05 Тамыз 2021 20:27

Түркістан: МӘМС қоры 4 мыңға жуық жұмыссыз жүкті әйелге уақытша статус берген

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары, әрі жүйеден шығып қалғандарды қайта кіргізуге болатыны жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев егжей-тегжейлі түсіндірді.

Өткен жылы МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері бүкіл елді пандемия жайлап, денсаулық саласына бөлінген қаржының басым бөлігі науқастарды емдеуге жұмсалды. Жаңа реформа болғандықтан Қор бастапқы 3 айды, яғни қаңтар, ақпан, наурызды жеңілдік мерзімі деп жариялады. Барлық азаматтардың МӘМС пакеттеріндегі қызметтерді сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамастан пайдалану мүмкіндігін берді. Карантин енгізілгеннен кейін бұл мерзім тағы 3 айға ұзартылып, барлық азаматтардың жаңа жүйенің артықшылығын сезінуге мүмкіндік берді. Оған қоса, Қор Үкіметке табыс көзінен айрылған азаматтардың статусын қалпына келтіру жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған болатын. Нәтижесінде 2020 жылдың тамыз айында 740 мыңға жуық адамның МӘМС жүйесіндегі берешегі жойылды. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айрылған азаматтар, МӘМС пакетіндегі қызметтерді кедергісіз алады. Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты табыстан айрылып, 42 500 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алған азаматтар да жарна төлеу міндетінен босатылды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтардың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жеңілдік санатына жататынын растайтын құжаттарын жүктеу арқылы 1 айға уақытша статус беру қызметін атқарып келеді. Мәселен, өткен жылы 7596 адамға уақытша статус берілген. Ал, биылғы жылдың басынан бері 4049 адамнан өтініштер түсіп қанағаттандырылды. Әсіресе, уақытша статус алуға өтінішті негізінен жұмыссыз жүкті әйел, студент, көпбалалы ана, жұмыссыздардан түсті.

"Жалпы, өткен жылдан бері 3 864 жұмыссыз жүкті әйел уақытша сақтандырылған емделуші статусын алды. Әйел есепке алынғаннан кейін, ол автоматты түрде 1 айдан кейін жеңілдігі бар азаматтар санатына қосылады. Ол өзі үшін МӘМС жүйесіне жарна төлемейді. Айта кетерлігі, талдауларды, скринингтерді ақысыз тапсырады. Тіпті, қымбат тұратын түрлі жасырын инфекцияны анықтайтын ПТР тесттенде тегін өтеді – деді, Қор филиалының директоры.

Елімізде медициналық көмек сақтандыру пакеті, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Яғни, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік- диагностикалық қызметтер ақысыз көрсетіледі. Ал, шұғыл көмек барлық азаматтарға бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес екен. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік маңызы бар ауруына байланысты тіркеуде тұрған және динамикалық бақылауға алынған пациенттерге медициналық қызмет кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде көрсетіледі.

Егер аталған сырқаттармен ауыратын пациенттерге көмек көрсетілмесе, онда Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы не болмаса 1406 бірыңғай байланыс орталығына өтініш қалдыруға болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 442 рет