Жұма, 03 Мамыр 2024 11:46

Отырар ауданы: шаруаларға мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру үшін арнайы жұмысшы топ құрылған. Осы мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған топ бүгін ауданға арнайы сапармен келіп, шаруалармен кездесті.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі, облыс және аудандық ауыл шаруашылығы салалық мамандары, аудандағы шаруақожалық төрағалары қатысты. Жұмысшы топ мүшелері тарапынан ауданның агроөнеркәсіп иелеріне әр бағдарламаның тиімділігі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіріп, маңызды мағлұматтар берілді. Оның ішінде, егін шаруашылығына берілетін субсидиялар туралы кеңінен сөз болды. Әсіресе, ағын су тапшылығының алдын алу бағытында отырарлық шаруаларға суды үнемдеу технологиясын пайдаланушыларға берілетін мемлекеттік субсидиялар туралы жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті бірнеше есеге арттыратынын айтып өтті.

Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ЫРЫС» ЖШС, «Түркістан ӘКК» өкілдері мемлекет тарапынан берілетін 2,5 пайыздық несие жйында және өзге де ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несиелер бойынша жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, каналдар мен арықтарды механикалық тазалау мәселелері айтылып, «Қазсушар» ШЖҚ МКК тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жиынға келген шаруалар көкейдегі сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп, мамандар тарапынан жауаптар берілді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы көктемгі егін науқанына кірісіп жатқан шаруаларға қажетті кеңестерімен бөліскен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған жұмысшы топқа аудан халқының атынан алғысын айтып, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдаулар шаруаларға тиімді жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.

Жалпы, ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қо­лай­лы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объек­тілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интер­нет­ке және спутник­тік байланысқа қол­же­тімділікті қам­та­масыз ету, ауылдың ішіндегі жолдар­дың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұра­жай­лар мен кинотеатрлар, спорт ғима­рат­та­рын салу, халыққа қыз­мет көрсету орта­лық­тарын ашу. Ал онда­ғы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникация­лар­ды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұ­мыс­тары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

Отырар ауданына қарасты Ақтөбе елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ. Бүгінгі таңда 320 га, оның ішінде 220 га тың (севооборот) алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сортын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр. Жүйек аралығына 70 см қашықтықты сақтай отырып, ғылымға негізделген егілген жүгерінің жаңа сортынан 2500 тонна өнім алуды жоспарлап отырған кәсіпкер Нұрғали Бекбосынұлы жиналған өнімді жауын-шашынға қалдырмау үшін мобильді кептіру кешенін алып жатқанын тілге тиек етті. Түркияның 5 қаласында болып, шаруалармен тәжірибе алмасқан кәсіпкер су тапшылығының алдын-алу алып, жаңа технологиялармен жүгері егудің әдістерін үйренгенін, келер жылы жүзеге асыратынын жеткізді. Сондай-ақ, отырарлық дихандарға да пайдасы тисін деген ниетпен түрік ғалымдарын тәжірибесімен бөлісу үшін Отырар ауданына шақырып отыр.

Мұнан бөлек кәсіпкердің қолға алған бастамаларының бірі – құрама жем шығару кешені. Мал бордақылауға таптырмайтын жемнің құнарлылығы да ерекше болмақ. Себебі, жемнің құрамына қараот, жусан, жүгері, бидай болады. Шикізат көздерінен тапшылық болмайтынын және өндірілген өнімді елімізге және Орта Азия елдеріне экспортқа шығару мүмкіндігі жоғары екенін айтып өтті. Осылайша, жаңа өніммен Отырарда шығарылған жаңа бренд қалыптасып, үлкен нарыққа жол тартпақ.

Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда Отырар ауданына жасаған сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездескенін де айта кеткен жөн. Шаруажүгерінің «Маями» сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады екен. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтқан еді.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып келеді. Былтыр жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастағанын айта кетейік.

Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 202ң жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 37 мыңнан аса гектар егіс алқабына егіс егілген. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдері. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Жалпы айтқанда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, соңғы бес жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі екі есеге артып, 1 триллион теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді белсенді дамыту жоспарлануда.

«Өнімділікті арттырудың жаңа технологиялары енгізілуде, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары әзірленді. Бізде құрлық жерлерін тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына көшу, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 миллиард теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 миллиард теңгеге өнім шығарылатын болады. Бүгінгі форум ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ықпал етіп, маңызды жобаларға жол ашатынына сенімдімін», — дейді Дархан Сатыбалды.

Былтыр жыл басында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан «Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы және еңбек өнімділігін арттыру» бағытында Отырар ауданына 18 көрсеткіш бектіліп берілгені белгілі. Аталған көрсеткіштердің қаңтар-тамыз айларында «бір алқаптан 2-3 өнім алу», тамшылатып суғару, жылыжай салу және қарқынды бау шаруашылығын дамыту, жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жобалары толығымен орындалды. Атап айтқанда:Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің жоспары 39,1 миллиард теңге болса, қаңтар-тамыз айларындағы статистикалық мәліметке сай 17,6 миллиард (НКИ 91,7 %) теңге болып, 45,0 пайызды құрады. Оның ішінде:Өсімдік шаруашылығы: 6,1 миллиард теңге. Мал шаруашылығы: 11,5  миллиард теңге. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған ивестициялар жоспары 3,7 миллиард теңге болса, орындалуы — 1,5 миллиард теңге (39,6 пайыз).

Егіс көлемін ұлғайту бойынша 36 246 гектар жерге егіс егу жоспарланса, орындалуы — 33 440 гектар немесе 92,3 пайыз. Жоспардың орындалмау себебі, Аққұм ауыл округіне қарасты «Аққұм» ЖШС-нің (үркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қылмыстық іс жүргізуіне байланысты 5000 гектар егіс алқабының 2 200 гектар жері игерілмеген егістік алқабын толық игермеуінен, сонымен қатар ағын су тапшылығына байланысты Д.Алтынбеков каналының аяқ жақ бөлігінде орналасқан Қарғалы ауыл округі Отырар елді мекенінің 600 гектар егістік алқаптарының игерілмеуінен жоспар толық орындалмаған.

«Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы» бойынша 230,0 гектар жерді игеру жоспарланса, жоспар барлық ауыл округінде 100 пайызға толығымен орындалған. Тамшылатып суғару әдісін ендіруге 425 гектар жоспарланып, орындалуы — 435 гектар немесе 102,4 пайыз. Жоспарды Көксарай, Маяқұм, Отырар ауыл округтері мүлдем орындамаған. Жаңбырлатып суғару әдісін енгізуге 770 гектар жоспарланса, орындалуы — 280 гектар, 36,4 пайыз. Жоспарды тек Ақтөбе, Қарақоңыр, Шілік ауыл округі ғана орындаса, қалған ауыл округтерінде бұл бағыт бойынша бірде-бір жоба іске аспаған.

Мұнан бөлек Мыңшұқыр ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің артындағы жол бойы жарықтандырылып, Қоғам ауылындағы Бескепе көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биылғы жылы аудандық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Сондай-ақ, Талапты елді мекеніндегі ауылдық амбулаторияның құрылысына биыл облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр аудандағы 5 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және бірнеше ауыз су нысандарына насос жиынтықтарын сатып алу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Аталған елді мекендердің қатарында Отырар ауылы да қамтылған. Сонымен бірге Қоғам елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу және Отырар елді мекеніндегі ішкі көшелерге аяқ жолдар салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов және Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2 көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Отырар ауылындағы "Ауыл- Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Ибрагимов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойды. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» делінген. Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет «әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу», республикалық маңызы бар қала, астана әкімі «қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу», аудан әкімі «әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу» өткізуі тиіс. Әкім кездесулерінің «икемді жылдық» күнтізбесі «қажет болған жағдайда» тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсынылуы қажет.

Бұған қоса, әкім «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың «төрттен бірден аспайтын бөлігін» баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты «сұрақ-жауап» форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен «халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия» құрады. «Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын» делінген жарлықта.

Жаңа Жарлыққа сай облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері әр 6 ай са­йын халыққа атқарылған жұмыс­тың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жа­қын танысуға міндетті. Әрі мұн­дай жиындар көшпелі форматқа ие болып, өңірдегі барлық аудан­дар мен қалаларды қамтуы керек. Алып шаһардың әкімдері де аудан тұрғындарымен тоқсанына бір рет дидарласады. Одан бөлек, халық талап етсе, әкімдер күнтізбеден тыс кездесу­лер де ұйымдастырылады. Техни­калық мүмкіндікке сай мұндай басқосуларды онлайн режимде де өткізуге болады. Демек, өңір бас­шысының қабылдауында болу үшін айлап кезек күтудің қажеті жоқ. Ал халықпен кездесулердің жаңашылдық ретінде әкімдіктер­дің нақты мәселелерге ден қоюын айтуға болады. Яғни, әкімдер бұ­рынғыдай ұзын сонар баяндама оқып, жұртты мезі етпейді. Тек өңірдің әлеуметтік-экономи­ка­лық көрсеткіштеріне азғана уақыт шолу жасап өтеді. Мәселен, 2 сағатқа жоспарланған кездесудің 30 минуты ғана әкімнің баян­да­ма­­сына арналуы керек. Қалған уақытта тұрғындар өңір басшы­сына көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауап алады.

Жергілікті жердегі өзекті мәсе­лелермен кездесуге дейін арна­йы комиссия танысып шығады. Кейін бұл мәселелерді шешудің алгоритмі жасалып, ол БАҚ, әлеу­меттік желі арқылы халыққа та­ныстырылады. Халықпен кездесуден кейін әкімдер жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бас­шыларымен, мәслихат депутат­та­рымен бірігіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Айтпақшы, Жарлықта әкімнің халықпен кездесуіне қатысушы­лардың аудиториясына байла­ныс­ты да нақты нұсқау бар. Ал­дағы уақытта есепті басқосуларда залды бұрынғыдай басшының әр сөзіне бас шұлғып отыратын мем­лекеттік және бюджеттік мекеме­лердің қызметкерлері ғана тол­тырмайды. Аудиторияның негізгі бөлігін мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері құрайды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 170 рет