Биыл екінші жыл қатарынан аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға таратып, ол үшін заң аясында қажетті келісім-шарттар жасалды. Аталған компания Мақтаарал ауданында 3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық "Наманган" тұқым сортын жеткізіп, күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.
Жуырда "Global textile" компаниясының өкілдері қуанышты жаңалықты бөлісті. Мақтаарал ауданына мақтаның "Наманган-77" сорты жерсініп қана қоймай, жайқалып өсе бастаған. Мақтаның бір бұтасында 20-дан астам жеміс элементтері (бүршіктер, гүлдер) дамуда. Мамандар бәрі жоспардағыдай болса, Мақтаарал ауданында мақтаның гектарынан 50 центнерден жоғары өнім алынатынын болжап отыр. Бір айта кететін жайт, мақтаның көлемі ғана емес, сапасы да жақсаруда.
"Global textile" – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын компания. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорынында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Түркістан облысы мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған "Global textile. Turkistan" жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар. Айта кетейік, аталған компания Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін ашып жатыр.
Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан облыс басшылығы тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірлеген. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән берілмек.
Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.
Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.
Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облысының шаруалары соңғы жылдары баға мәселесін жиі көтеріп жүргені де жасырын емес. Мақташылар көтеріп жүргенбұл мәселе жергілікті билікке мәлім және облыс әкімі тарапынан тиісті шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл облыс әкімдігі деңгейінде шешілетін мәселе емес екенін де ұмытпаған абзал. Сондықтан да осы салада еңбек ететін 25 мыңға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақташылардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қолдау болатынынан үмітті. Елордаға қарап елеңдеген диқандар Президент пәрменімен оң өзгеріс болатынына сенеді.
Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Облыс билігі осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалуда. Осы бағытта өңір басшылығының жоспарлары да бар.
Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. 2023 жылы облыста 125 мыңнан астам алқапқа мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрағаны белгілі. 350 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат