Жоба арқылы өткен жылы мемлекеттен 7,5 млн теңге несие алып, өз ісін бастаған Қазыбек би ауылдық округі, Қазыбек би елді мекенінің тұрғыны Медеу Орынқожаев бүгінде құрылысқа қажетті заттар өндірісін жолға қойған. Бұған дейін жылдар бойы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген азамат өзінен бөлек тағы 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орта есеппен 1 айлық табысы 1 млн теңге. Шикізатты Шымкент қаласынан алдыратын кәсіпкер тапсырыс берушінің сұранысына қарай термопластиктің 100-ден астам түрін шығара алады.
– Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысынан бастап аудан, округ әкімдеріне үлкен алғыс айтамын. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейді. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп, – деген Медеу Орынқожаев өнім түрлерін көбейту мақсатында жуырда Алматы қаласында арнайы оқу курсын тәмамдап, тамызда қосымша жобаларын жүзеге асыруды да жоспарлап отырғанын айтады.
Айта кетейік, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында округтегі мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек алатын 87 азамат жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Бұл өз кезегінде округ тұрғындарының әлеуметтік ахуалының жақсарып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң септігін тигізері сөзсіз.
Естеріңізде болса Түркістан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Ауыл аманаты» жобасының орындалу талқыланған жиында бағдарламаның ауылдарда жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған ауыл әкімдерін сынға алған болатын. Биыл несие алушыларға қойылатын талаптарға тоқталып, тиімді ұсыныстар да түсіндіріп берген-тұғын.
– Өткен жылы жүйелі жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, кемшіліктер де бар. Несие алушыларға да талаптар көп болмады. Осы жылы ең басты көрсеткіш – жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылдарда тек мал шаруашылығын ғана емес, балық және құс шаруашылықтарын дамыту керек. Бағдарламамен бір ауданнан төрт ауыл қаржыландырылса, 4 түрлі өнім өндіруді қолға алған жөн. Әр ауыл өз мүмкіндігі мен бейімділігіне қарай бағыт таңдасын. Ауыл әкімдері, ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізіңіздер. Мерзімінен кешіккен ауылдарға қаржы бөлінбейді. Өткен жылғы орын алған кемшіліктер қайталанбасын, – деді сол кездегі облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы, Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 3220 несие алушыны қаржыландырып, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 соңғы несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, белгіленген жоспар 103 пайызға орындалған.
Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бірқатар кемшіліктер анықталып, несие қаражатын мақсатты жұмсамаған несие алушыларға кемшіліктерді жою үшін қосымша 1 ай мерзім берілді. Белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаған 6 несие алушының іс-әрекеті несие комитетінде қаралып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде.Биыл 62 ауылдық округ жобаға қатысып, 62 коператив құрылады. Нәтижесінде 2640 жоба жүзеге асырылып, 4416 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланғаны тағы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.
Көңіл бөлер жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру қарқынды жүргізілуде. Жаңа жоба Түркістан өңірі үшін өте-мөте маңызды екені аян. Себебі, облыс тұрғындарының негізгі бөлігі ауылдық елдімекендерде өмір сүріп жатыр. Ал «Ауыл аманаты» осы орайда ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екені сөзсіз.
Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Сол себепті барлық ауыл тұрғындарын республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырған болар едік.
Жалпы, облыс басшысы Дархан Сатыбалды аудан-қалаларды аралау барысында несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндіріп-ақ келеді. Өйткені Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.
Пилоттық жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылғаны мәлім. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 миллиард теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылғандан. Оның ішінде жалпы соммасы 9 миллиард теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 миллиард теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.
Жалпы, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы ауылдарды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөліп отыр. Төлеби ауданы таулы аймақ болғандықтан, мұнда туризмді дамытуға күш салып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін де айтып жүр.
— Жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, ауылдарымыздың әлеуетін көтеруге бағытталған. Төлеби ауданының жері табиғатымен таңғалдыратын, қысы да, жазы да туризм саласын дамытуға сұранып-ақ тұрған аймақ екені белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы аудандардың бірі. Сондықтан ең бастысы — тазалық. Ол өзімізге байланысты. Саяхатшылар келгенде тамсанып, таң қалып кететіндей жағдай жасау қажет. Демалыс аймақтарына барар жолда дүкендер ашып қоюға болады. Ол кәсіпті жергілікті халықтың өзі-ақ қолға алса болады, – дейді облыс әкімі.
«Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алдыңғы жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілген.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген болжам бар. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.
Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
«Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков.
Аталған жоба арқылы Түркістан облысында 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көрілмек.
Биыл «AMANAT» партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасымен таныстырды. Арнайы құрылған мобильді топтар елдегі барлық өңірді аралап шықты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын
Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады
«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау. Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат