Сенбі, 13 Шілде 2024 14:05

Сауда және интеграция вице-министрі Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралап, бизнес өкілдерімен кездесті

Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев келді. Іссапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.

Қайрат Төребаев, алдымен, облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Түркістан облысы халқының негізі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі орасан. Өткен жылдың қазан айында Өнідірістік парк аймағында негізі қаланған қойма жобасының бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.

Жобаның серіктесі – «М-Адал» ЖШС. 1 гектар аумақта бой көтеріп жатқан қойманың көлемі – 3264 шаршы метр. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Қоймада ірі 9 камера бар. Оның 4 камерасының әрқайсысында 500 тоннадан, жалпы 2 мың тонна картоп сақталса, екі камерасына 500 тоннадан, жалпы 1000 тонна пияз сақталмауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 250 тонна сәбіз, қырыққабат сақтайтын камералары да іске қосылады деп жоспарланған. Ал 500 тонна көкөніс құрғақ қоймада орналастырылады.

Одан соң, вице- министрге еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді.

Кейіннен вице-министр Өндірістік парк аумағында орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорында болды. «Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы. Кәсіпорында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы жасап, шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек.

Жалпы Түркістан облысында жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі - жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша облыс Республикада көш бастап тұр. Өткен жылы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық көрсеткіштің 76,8 пайызын құрады.

Сонымен қатар, Қайрат Төребаев түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытта болды. Түркістан қаласының маңында орналсқан «Golden camel» зауытының өнімдері экспортқа негізделген. Өндіріс орны Қытай мен Германиядан жеткізілген заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде компанияның жылдық өндірісі 480 тонна түйе сүті ұнтағын құрайды. Мұнда 100-ден аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 90%-ын құрайды.

Осы күні Қайрат Төребаев өңірдің бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров модераторлық етті. Алдымен, вице-министр Министрлік тарапынан салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жергілікті кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін қалыптасқан жағдайды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы өтініштерін айтты. Одан бөлек, басқосу барысында отандық өнімдердің экспортын ұлғайту, тұрғындардың табысын арттыру жайы талқыланды.

Жиын соңында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев көтерілген әрбір мәселе назаға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Кәсіпкерлікті дамытуға Министрлік бар күшін салатынын, ұсыныстар бойынша бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша жұмыстар басталып кеткенін мәлімдеді. Жұмыстар бақылауда болады дейді.

Жалпы айтар болсақ, биылғы бірінші тоқсанда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Көрсеткіштер жақсарған. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар индикатордың орындалуы төмен деңгейде болды. Өнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемінің нақты көлемі индексі Мақтаарал, Шардара, Отырар, Сауран және Сарыағаш аудандарында орындалмаған. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты көлем индексі Отырар, Кентау, Мақтаарал мен Жетісайда төмендеу орындалып отыр. Осы секілді бірқатар көрсеткіштер бойынша жоспарларды орындамаған аудан, қалалар бар. Олар негізгі көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамаған. Рейтингте соңғы 3 орында тұрған аудан, қала әкімдерінің жауапкершілігін қолданыстағы заңнама аясында қарау бойынша ұсыныс енгізілген. Облыс әкімі белгіленген көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырып отыр. Басты бағыттар – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталды. Жалпы рейтингте 37 индикатор жоспарланған.

Өнеркәсіп өнім көлемін есепті кезеңде 226,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол 274,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,1% деңгейінде орындалды. Жоспарға қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің есепті кезеңде 103,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 122,5 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 114,8% деңгейінде жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығында өнім көлемін122,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 128,8 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның І тоқсандағы межесі 105,5 млрд. теңге болса, нақты 132,3 млрд. теңгені тартылып, артығымен атқарылған.

Құрылыс жұмыстары көлемінің жоспары 31,5 млрд. теңге болса, нақты 36,7 млрд. теңгені құрап, жоспарға қол жеткізілді. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер жоспары 120,1 мың шаршы метр болса, нақты 150,3 мың шаршы метр үй пайдалануға тапсырылған. Ішкі туристер саның ұлғайту мақсатында І тоқсанға 45 490 адамға жеткізу жоспарланған, орындалуы 46 683 адамды құрап аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен орындалды.

АЕМ-ді мобильді интернетпен қамту көрсеткіші бойынша аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен атқарылған. Сонымен бірге қанайналым жүйесі мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім төмендеген. Жалпы рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Сауран, Кентау, Сайрам және Түркістан әкімдіктері орналасқан.

Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы былтыр қазан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Өңірімізді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлар орындалуы тиіс, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.

Былтыр бірыңғай индустрияландыру картасына Түркістан облысы бойынша 437 млрд. теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба енгізілді. Аталған жобалар толығымен 2025 жылдың соңына дейін іске асырылмақ. Нәтижесінде 3 мың 305 жаңа жұмыс орны құрылады. Өңірде құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын, 100 жаңа жұмыс орны бар «ZHANASSYL» ЖШС мақта талшығын өңдеу зауыты жүзеге асты.

Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібінде инвестиция сомасы 6 млрд. теңгеге 272 жұмыс орнын қамтитын 12 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 26 млрд. теңгеге 20 жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда (6 жоба іске асырылды, 5,4 млрд. теңге, 215 жұмыс орны). Нәтижесінде 540 жаңа жұмыс орны құрылады.

Биыл Түркістан облыс құрылғанына алты жыл толып отыр. Соған қарамастан жан-жақты даму үстінде. 2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Өзбекстан елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде  шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

Сондай-ақ, Түркістан  облысында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің көрсетілетін қызметтерінің жалпы шығарылымы 74956,5 млн. теңгені құрап, 2023 жылы 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,8% артты. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 1% төмендеді, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 6%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 57,2%, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметте өндіріс көлемі 48,1% артты.

Былтыр  78,8 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100% құрады. Түркістанның жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 196031 бірлікті немесе 2022 жылдың тиісті кезеңіне 134,8% құрады. Сонымен қатар, -ткен жылы ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 39,4 % өсті.  Облыс экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Облыста 9 индустриалды аймаққа талдау жүргізіліп, олардың нашарлағаны немесе мүлдем жұмыс істемейтіні анықталды. Осыған дейін, тоғыз жұмыс істемейтін аймақтың орнына машина құрастыру, азық-түлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы секілді бағытта белсенді серпін беретін 3 индустриалды аймаққа күш салу керектігі айтылған болатын. Олар: Кентау, Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданы еді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша  17 мыңнан астам шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік.  Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын  дамытуда алдыңғы қатарда келеді.

Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Биыл қаңтар айында ауа райының күрт суып кетуінің салдарынан жылыжай шаруашылықтарында айтарлықтай мәселе туындады.  Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар жылыжайға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 98 рет