Сәрсенбі, 24 Шілде 2024 13:34

Түркістан: ботаникалық бақтағы 15 гектар жерден 30 тонна өнім жиналады деп күтілуде

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың базасында орналасқан бірегей ботаниқалық бақ – аймақ үшін баға жетпес байлық. Бүгінде 88 гектар аумақты алып жатқан ботаниқалық бақта декоративті және жеміс талдарының 150-ге жуық түрі мен сорты бар.

Жылдағы дәстүрге сай, жаз мезгілінің алғашқы күнінен оқу ордасының ботаникалық бағындағы жеміс ағаштары өнім бере бастайды. Бұған дейін де бақтағы шие ағаштарының өнімдері жиналып, жидектен жасалған шырын университет факультеттеріне таратылған болатын. Енді, міне, биылғы маусымның піскен өріктерін жинау және өңдеу жұмыстары да бастау алды. Бақтың жалпы аумағының 15 гектарында өрік ағаштары егілген.

«Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» жобасы аясында өріктерді жинауға күніне 30-ға жуық адам жұмылдырылды. Мамандар биыл шамамен 30 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Жиналған өнімдер жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехында сапасына қарай сұрыпталып, одан кептірілген өрік әзірлеу жұмыстары атқарылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда ботаникалық бақта 650 млн теңгеден астам сомаға 3 ірі жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жаңа цех құрылып, өсімдіктерді Түркістан өңірінің климатына бейімдеп, өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіледі.

Осы орайда аталмыш ботаникалық бақтың тарихына, оны салудағы мақсат туралы азды-көпті мағлұмат бере кетсек. Түркістан қаласында Ботаникалық бақ салу екі мақсатты көздеді: Оңтүстік Қазақстанның субаридты регионында декоративті және жеміс-жидек өсімдіктерінің ассортименттерін зерттейтін ғылыми интродукциялық орталық құру, екінші университеттің биология, экология, география мамандарына оқу-өндірістік база орнату.
ҚР Премьер-министрінің №428-З 29.09.1993 ж. өкімімен осы мәселені шешу үшін ежелгі Түркістан қаласында Халықаралық қазақ-түрік университеті құрамында жер көлемі 88 га құрайтын жаңа Ботаникалық бақ құрылды.

Ботаникалық бақ орнату 1994 жылы басталды. Бүгінгі күні ботаникалық бақтың коллекциялық фондында декоративті және жеміс өсімдіктерінің 150 түрлері мен сорттары бар, бұл жерге бірінші рет интродукцияланған, басқа региондардан әкелінген, 59 туыстыққа, 28 тұқымдастыққа жатады.

Түркістан қаласы мен Түркістан аймағы Арал-Сырдария апат аймағы кері әсері тиіп отырған шұғыл континентальды климат жағдайына жатады.  Соңғы 50 жыл көлеміндегі орташа жылдық температура +1°С-қа жоғарыласа, ал жылдық жауын-шашын мөлшері 28 мм-ге төмендеген. Жылдың 225 күнінде құрғақшылық мерзімі болады. Наурыз айынан бастап қараша айының ортасына дейін түскен жауын-шашынның мөлшерінен булану мөлшері артып, жердің жоғарғы қабаты түгелдей құрғаған. Шаң-тозаңды жел бірнеше айға дейін созылады. Жазда ауа температурасы 40-50 °С-қа жетіп, құрғақ ыстық жел - «керімсал», қыста суық жел - «қара суық» соғып, мұның барлығы тек қана келушілерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолайсыз. Соның салдарынан жергілікті флора мен жеміс ағаштарының бағалы түрлері толық жойылып кету қаупі үстінде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 60 рет