Жұма, 16 Тамыз 2024 11:13

Түркістан облысы: Парламент мәжілісінің депутаты Сайрам ауданындағы нысандарды аралады

Қараша халықтың талап-тілектерінің шешімін табуға атсалысып жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Сайрам ауданына арнайы іссапармен барды. Іссапар барысында алдымен Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитовпен бірге «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мектеп құрылысы, тұрғын үй және жер кезегі, тәулік бойы таза ауыз сумен қамтылу мәселелерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауда қозғалған мәселелердің барлығы халық қалаулысы мен аудан әкімінің назарына алынып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сұрақтардың бәрі бақылауға алынып, хаттамаға енгізілді.Халық қалаулысының Сайрам ауданына жасаған сапары «Белсенді ұзақ өмір орталығында» жалғасты. Кездесу барысында аудан әкімі Арман Сәбитов зейнеткерлер мен қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған орталықтың жұмысымен таныстырды.

Келесі кезекте Манкент станциясы аумағында теміржол саласының өкілдерімен кездесіп, көкейлерінде жүрген сауалдарын сұрады. Атқарған жұмыстарына сай мардымды жалақы алатындарын айтқан теміржолшылар атқамінер азаматтарға өз алғыстарын білдірді. Өз кезегінде, аудан әкімі Арман Сәбитов Ақсукент 2 және Қарабұлақ ауыл округін жалғайтын жол қозғалысы кеңейтіліп, нәтижесінде ауқымды көпір салынатынын айтты.

Бұдан соң, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков аудан аумағының тазалық жұмыстарымен айналысатын «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне табан тіреді. Еңбеккерлермен жеке тілдесіп, жай-күйімен қанықты. Аралау барысында аудан тазалығына атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін жоғары бағалаған халық қалаулысы алдағы уақытта жалақыларын көтеру керектігі жөнінде өз ұсынысын білдірді.

Сайрам ауданыТүркістан облысындағыауыл шаруашылығы ең дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млрд. теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд. 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 млрд. теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту басты бағыттар.

Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 21 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 202 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 64 млрд. теңгеге немесе 46 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд. теңгеге жетіп жоспар 2,4 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 51 млрд. теңгеден асып, жоспар 11 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Облыс басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу, өзіндік кірістерді арттыру жөнінде тапсырмалар беріп келеді.

Сайрам ауданында «ЮКМЗ» АҚ «Су сорғыш станциялар және ауыл шаруашылығы техникалары, мұнай компанияларына арналған техникалар, полимер бұйымдар» шығаратын зауыт бар. Бұл машина жасау зауытының іргесі 1931 жылы қаланған. Жылына 100 насос шығаруға қауқарлы зауытта 181 адам жұмыспен қамтылған. Жер көлемі – 5,6 гектар.  – Өңірде кіші және орта кәсіппен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артуда. Басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ісін бастап жатыр. Кәсіп ашамын, кәсібімді одан әрі кеңетемін деген азаматтарға әкімдік тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетілуде.

«ЮКМЗ» АҚ – Қазақстандағы ең ірі машина жасау зауыттарының бірі. Кәсіпорын 2000 жылы бұрынғы КСРО аумағында ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы машина жасау өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі ретінде танымал «Манкентсельмаш» ААҚ негізінде құрылған. Кәсіпорын еліміздегі мал шаруашылығы фермалары мен шалғай жайылымдар үшін су көтергіш техника мен арнайы техниканы жалғыз жеткізуші болып табылады. Зауыт СНП-500/10 типті сорғы станцияларын шығаратын жетекші өндіріс орындарының бірі. Аталған сорғылар нарықта сұранысқа ие.

Өндіріс орны «Алматы – Термез» халықаралық тас жолының жанында орналасқан. Өз теміржолы және автомобиль кіреберіс жолдары бар. Сонымен қатар, электрмен жабдықтауға арналған қосалқы станциялармен, ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қабылдағыш алаңмен, дамыған кәріз желісі, механикалық жөндеу базасы, сапаны бақылау бөлімі мен зертхана, конструкторлық-технологиялық бөлімдермен жабдықталған. Машина жасау зауыты «Оңтүстік Қазақстан Индустриалды-инновциялық колледжінің» құрылтайшысы болып табылады. Білім ордасында жалпы білім беретін шеберханалар, зертханалар, компьютерлік және лингофон сыныптары бар. Колледж 10 бағыт бойынша мамандарды даярлайды. Атап айтқанда, талапкерлер «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Машина жасау технологиясы», «Электрмен қамтамасыз ету», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Әлеуметтік жұмыс», «Полимерлік өндіріс технологиясы» мамандықтары бойынша білім ала алады.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, халық саны артқан Сайрам ауданында тағы бір мөлтек аудан құрылатын болды. Жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанады деп күтілуде. Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй (2940 пәтер), әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда. Ғимараттың жалпы ауданы – 271 262,0 м2. Осы жылы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталады деп көзделуде. Бас мердігер «МПК-Проект» ЖШС-гі тарапынан инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттары дайын. Нәтижесінде, 11 760 адам баспанамен қамтамасыз етілетін болады.Мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Бүгінде 11 аумақтық округке бөлінген Сайрам ауданының тұрғындарының саны 238 016 мың адамды құрайды. Жалпы ауданда 42 елдімекен бар. Айта кетейік, ауданда биыл мемлекет тарапынан екі нысан бой көтермек.

Аудандағы «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да атсалысуда. Ауданды абаттандыру, көгалдандыру, ретсіз қоқыстардан тазарту және көше жарық шамдарын күтіп ұстау секілді жұмыстар жүктелген коммуналдық мекемені 28 техникамен қамту көзделген.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 63 білім ошағы салынады. Биыл соның 29-ы пайдалануға берілмек. Жоба үйлестірушісі - «Самұрық-Қазына» АҚ. Аталмыш жоба аясында Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округінде де 600 орындық білім нысаны салынып жатыр. Елімізде мектеп тапшылығын жою және білім сапасын көтеру мәселесі алда тұрған міндеттердің бірі. Президент тапсырмасымен қолға алынған маңызды жобаның жүзеге асыру барысы қатаң бақылауда. Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан мектептің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Білім ошағын салуға 3,14 га жер телімі бөлінген. Ал ғимаратты ауданы 8 419,71 шаршы метрді құрайды. Бүгін таңда жертөле бетондары құйылып, іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде.Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті салуға жалпы көлемі 2.3 га жер телімі бөлінсе, Қарасу ауылындағы білім нысанына жалпы көлемі 4 га жер телімі қарастырылған.

Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелеріне де тоқтала кетсек. Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі былтыр 125 млрд. теңгеден асты. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарлануда. Ауданда 69 гектарда жылыжайлар орналасқан, 625 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілген, 529 гектарға қарқынды бау егілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім арта түскен.

Ауданда 1 мыңнан астам мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда. Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен Қарабұлақ ауылында орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары тексеріліп тұрады. Құрылған жұмысшы топ малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолын кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптарды сақтамаған 3-уі жабылды, қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын ретке келтіру талабы қойылған.

25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорынның құрылысы басталған. «Nurym Group» компаниясы жобаны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Жобаның құны 3,6 млрд. теңге. 70 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай жобалардың бірі, жеке кәсіпкер, Убаев Жахангир жылына 2 мың тонна қалдықтарды өңдеуге мүмкіндігі бар жобаны іске асыруды қолға алып отыр (құны 1 млрд. теңге). Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеуден өткізеді (сүйек, қан, ішек қарын). Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа бизнесті ашуға көмек көрсетіліп келеді. Жалпы, жергілікті әкімдерге қойылатын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 млн. теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне былтыр 131 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасынымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 67 рет