Отырар ауданында «Шәуілдір» заманауи күн электр станциясы ашылды

Отырар ауданында заманауи «Шәуілдір» күн электр станциясы ашылды. Италияның «Plenitude» («Eni») компаниясының инвестициясы есебінен салынған бұл маңызды нысан – аталған компаниясының Қазақстан Республикасы аумағындағы алғашқы күн электр станциясы. Қуаты 50 МВт электр станциясы «Plenitude» компаниясының құрылысын компанияның еншілес кәсіпорны «Arm Wind» ЖШС жүргізді.

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 78 АГРОКЛАСТЕР ЖОБАСЫ ҚҰРЫЛДЫ

Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров мәлімдеді.

Шымкент қаласының ақпараттық -коммуникациялық орталығында 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берген басқарма басшысы,  жыл басынан бері шаһарда мал шаруашылығы бойынша оң өсім байқалып, ірі қара саны 62,9 мың бас, ұсақ мал 77,6 мың бас, жылқы 10,6 мың және құс 930 мың басқа жеткенін айтты.  Нәтижесінде бұл бағытта өнімділік 8,1 пайызға өскен. Атап айтқанда, 6,4 мың тонна ет, 46,1 мың тонна сүт, 125,1 млн дана жұмыртқа өндіріліпті.

–Биыл 15 млрд теңгені құрайтын 16 жобаны іске асыру арқылы 262 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Қазірге дейін 8,1 млрд теңге қаржыға 3 сүтті қайта өңдеу кәсіпорыны мен 4 мал бордақылау алаңы, 3 тауарлы сүт фермасы және 1 жылыжай кешені іске қосылды, - деді Ә.Жанбатыров.

Шымкенттің ауыл шаруашылығында осы жылы кластерлік жобаларды дамытуға басымдық берілген. Мұндай жобалар ірі кәсіпорындардың қуаттылығын арттырып, шаһарды азық-түлікпен қамту мәселесін шешуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басқарма жыл басынан бері шаруалар арасында түсіндірме жұмысын жүргізгенінің арқасында 78 кластерлі жоба құрылған. Олар – құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс, мал бордақылау, бал ара және балық шаруашылығы.

–Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берген еді. Бұл бағыт бойынша Шымкент қаласында нақты бастамалар қолға алынған. Қазірдің өзінде өңделген өнімнің үлесі жетпіс пайыздан асып отыр. Өңделген өнімдердің негізін ұн, макарон өнімдері, сүт өнімдері, күнбағыс майы құрап отыр. Ендігіде бұл көрсеткіштің көлемін арттыру үшін Қайнарбұлақ тұрғын алабында «Бозарық» агроиндустриалды аймағы құрылып, қазір инфрақұрылым желілерін тарту жұмысы аяқталуға таяды. Қала төңірегіндегі, оңтүстік өңірі мен көрші елдерден келетін шикізаттар осы индустриалды аймақтарда қайта өңделіп, ішкі нарық пен экспортқа шығарылады. Аймақта 30 жобаны жүзеге асыру мақсаты тұр. Қазірдің өзінде 3 жобаның құрылыс жұмысы басталып кеткен. Агроиндустриалды аймақтағы жобалардың барлығы толық іске қосылса, қайта өңделген өнімнің үлесі 80 пайыздан да жоғарылайды, - деді басқарма басшысы.

Елімізде жуырда ұнның бағасы өсіп, нанның қымбаттауына алып келді. Шымкентте «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұн өндірушілерді жеңілдетілген бағада астық жеткізу үшін 4 588 тонна бидай ұсынып отыр. Нәтижесінде, диірмендер наубайханаларға ұнды 145 теңгеден босатып, қаладағы 1 800 сауда орынында әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден сатылып жатыр.

 

ОАЕКК-НІҢ ІV ОТЫРЫСЫ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ КӘСІПОДАҚТАРЫ ЕҢБЕК КӨШІ-ҚОНЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ

Шымкентте Орталық Азия кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен ОАЕКК-нің ІV отырысы өтті. Оның жұмысына Кеңес мүшелері, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық көші-қон ұйымының сарапшылары және бес елдің ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегациялары қатысты.

ОАЕКК ІV отырысының күн тәртібінде Орталық Азия елдеріндегі еңбек көші-қонын реттеу мәселелерін қарау, ОАЕКК Жастар кеңесін құру жөніндегі нормативтік актілерді, халықаралық және ішкі туризмді дамыту тұжырымдамасын бекіту, марапаттау қызметінің тұжырымдамасын талқылау және «2023 жылғы Орталық Азия елдері кәсіподақтарының үздік ұжымдық шарты» өңірлік байқауының қорытындыларын шығару.

Кеңестің отырысын аша отырып, ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин қатысушылардың назарын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Кеңеске төрағалық еткен жылдағы өңірлік кәсіподақ бірлестігі қызметінің қорытындыларына аударды.

«Кеңес құрылған сәттен бастап біз ұлттық кәсіподақ орталықтарын біріктіру жолында бірлесіп үлкен қадам жасадық. Біз елдеріміздегі әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсартуға, мәдени, спорттық және сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін бірқатар іс-шараларды сәтті ұйымдастырдық. Осы бір жыл ішінде елеулі жұмыстар атқарғанымызды айта кеткен жөн. Біз Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (ОАЕКК) логотипін, туын әзірлеп, веб-сайтын жасадық. Бұл біздің одақ қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Өткен кездесуде біз аймақтық ынтымақтастықты нығайту, кәсіподақ жастар саясаты және Орталық Азия кәсіподақтарының бірыңғай коммуникациялық стратегиясы сияқты маңызды мәселелерді талқылаған болатынбыз. Біз өңірімізде әлеуметтік-экономикалық дамудың үлкен әлеуетін көрсететін туризмді дамытуға баса назар аудардық. Сонымен қатар, біз ұлттық кәсіподақ орталықтары арасында туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, бұл осы саладағы ынтымақтастығымыздың жаңа мүмкіндіктерін ашады», – деді ОАЕКК Бас хатшысы.

Сатыбалды Дәулеталин Кеңес мүшелерінің алдында тұрған негізгі міндеттерді де айқындап берді.

«Бүгінде біздің алдымызда өңірімізде әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету міндеті тұр. Біз күш-жігерімізді жаңа әлеуметтік келісімшарт жасауға және лайықты еңбек үшін жағдай жасауға бағыттауымыз керек. Тек осылайша біз әлеуметтік-экономикалық жүйелеріміздің барлық деңгейлерде тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Кірістерді бөлудегі теңсіздік пен кедейлік әлеуметтік-экономикалық даму жолында елеулі кедергілер болып қала береді. Қазіргі қоғамдық келісімді өзгертіп, ортақ мақсаттарымызға жету үшін жұмыс істейтін уақыт келді. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін нығайту және оның мүмкіндіктерін кеңейту Орталық Азия өңіріндегі 15 миллион Еңбекшілер үшін лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілік жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің Бас хатшысы.

ОАЕКК-нің мүшелері-Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия Ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары өздерінің құттықтауларында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өңірлік кәсіподақ бірлестігінің үдемелі дамуына қосқан үлесін атап өтіп, күн тәртібінің негізгі мәселелері және ұйымның даму мүмкіндіктері туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына ОАЕКК дамыту бойынша тиімді жұмысы үшін алғыс айтып, әріптестерінің қарауына бірнеше ұсыныстар енгізді – ұлттық үкіметтер үшін бірыңғай ұсыныстар әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобын құру және ОАЕКК-нің халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына кіру мәселесін бірлесіп пысықтау.

Тәжікстан ұлттық кәсіподақ орталығының басшысы Маликшо Нематзода әріптестерін еңбек миграциясы мәселелерін шешуге белсенді қатысуға шақырды.

Қырғызстан кәсіподақтар федерациясының басшысы Эмиль Кызаев тақырыпты жалғастырып, СПЕКА аясында шекаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Моңғолия кәсіподақтары конфедерациясының төрағасы Эрдэнэбат Сухбаатар Кеңестің халықаралық және жаһандық институттармен екіжақты ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия департаментінің басшысы Сергеюс Гловацкас ОАЕКК мен Халықаралық еңбек ұйымы арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейі жайында сөз қозғады.

«ОАЕКК-бұл өзін-өзі қамтамасыз ететін, сұранысқа ие, ресми емес, нақты жұмыс істейтін ұйым. Кеңеспен бірлесіп, Халықаралық еңбек ұйымы осы екі жыл ішінде он шақты іс – шара өткізді. Ынтымақтастық туралы Алматы декларациясына қол қойылды және іс-шаралар жоспары қабылданды», – деді халықаралық сарапшы. Ол Кеңес мүшелерінің назарын 19, 97, 102, 118, 181 және басқа да ХЕҰ-ның конвенцияларын ратификациялауды ілгерілету мәселесіне аударды. Олардың барлығы еңбек көші-қоны мәселелеріне қатысты.

Күн тәртібінің тақырыбын Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) өкілі Алпамыс Асабаев жалғастырды. Оның айтуынша, Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдайтын ел болса, өңірдің басқа мемлекеттері еңбек көші-қонының донорлары болып табылады. Қазақстан үкіметі көші-қон жөніндегі тұжырымдаманы (2023-2027 жж.) қабылдады, оған сәйкес еңбек нарығында және қоғамда мигранттарды интеграциялау жөніндегі бағдарламалар іске асырылуда. ХКҰ статистикасы бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 725 мыңға жуық халықаралық мигрант тіркелген, олардың шамамен 60% – Өзбекстан азаматтары, одан әрі Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары орналасқан. Сарапшы ХКҰ-ның Орталық Азиядағы өкілдігі ОАЕКК мүшелерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Отырысқа қатысушылар өз елдеріндегі көші-қон саясаты саласындағы ахуал туралы баяндамалар ұсынды. Жаһандану жағдайында, сондай-ақ геосаяси және экономикалық дағдарыстардың өсуі жағдайында көші-қон процестеріугығатын болады деген пікірге келісті. Күн тәртібінің бірінші мәселесін талқылауды ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин қорытындылады.

«Еңбек көші-қоны-елдеріміз арасындағы интеграциялық процестердің бірі. Кәсіподақтар үшін өңірдегі еңбек көші-қонын заңдастыру мәселесі маңызды. Ұлттық деңгейлерде біз үкіметтер үшін еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөнінде ұсыныстар көздеуіміз керек, өңірлік деңгейде – еңбек көші – қоны мәселелерін шешу жөнінде бірлескен стратегия әзірлеуіміз қажет», – деп атап өтті ОАЕКК басшысы.

Өңірдегі еңбек көші-қоны мәселесін қараудың негізгі қорытындысы еңбек көші-қоны саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы ОАЕКК ұлттық кәсіподақ орталықтары арасында келісімге қол қою болды. Құжатқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан кәсіподақтары федерацияларының төрағалары қол қойды. Құжатқа сәйкес, бес мемлекеттің ұлттық кәсіптік орталықтары өз елдерінің үкіметтері деңгейінде еңбек мигранттарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін ілгерілететін болады. Сондай-ақ кәсіподақтар еңбек мигранттары келген елде заңдық және консультациялық көмек пен жәрдем көрсетуге, «Еңбекші мигранттар туралы» ХЕҰ 97, «Көші-қон саласындағы теріс пайдалану туралы және еңбекші-мигранттарға мүмкіндіктер мен қарым-қатынас теңдігін қамтамасыз ету туралы» 143 конвенцияларын ратификациялауды ілгерілетуге ниетті.

ОАЕКК-нің IV отырысы барысында Кеңес мүшелері бес мемлекеттің кәсіподақ жастарының мүдделерін ілгерілетуге арналған ОАЕКК Жастар кеңесінің құрамы мен ережесін бекітті.

Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес Халықаралық және ішкі туризмді дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, марапаттау қызметінің тұжырымдамасы қаралды.

Отырыс соңында Кеңес мүшелері «2023 жылғы Орталық Азия елдері кәсіподақтарының үздік ұжымдық шарты» өңірлік байқауының қорытындысын шығарды. Оның жеңімпаздары ОАЕКК басшысының қолынан марапаттарға ие болды. Байқаудың қорытындысы бойынша Өзбекстанның “Termiz Dario porti” ЖШҚ (“Термиз өзен порты”), Тәжікстанның Нұрек ГЭС, Моңғолияның Азаматтық авиация бас басқармасы, Қырғызстаннан «Тазалық» муниципалдық кәсіпорны және Қазақстаннан «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі және соған байланысты кәсіпорындар» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көмегімен қабылданған ұжымдық шарттар үздік деп танылды.

2024 жылы Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің төрағалығы Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясына өтеді, сәйкесінше Кеңес мүшелерінің V отырысы Душанбеде өтеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ КӘСІПОДАҚТАРЫ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАРДЫ ТАЛҚЫЛАЙДЫ

Бүгін Шымкентте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған Орталық Азия елдері кәсіподақтарының шекаралық ынтымақтастық бойынша өңірлік семинар өтті. Семинар жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның Ұлттық кәсіптік орталықтарының өкілдері қатысты.

Семинардың жұмысын аша отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева іс-шараға қатысушылар көші-қон процестерінің шекара маңындағы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсерін талқылайтынын және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі (ОАЕКК) шеңберінде шекаралық ынтымақтастықтың бірлескен жоспарына ұсыныстар әзірлейтінін атап өтті.

Халықаралық еңбек ұйымы атынан семинарға қатысушыларды құттықтай отырып, Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі ACTRAV / ХЕҰ Сергеюс Гловацкас әлеуметтік-еңбек саласындағы шекаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Орталық Азия аймағы Ұлы Жібек жолынан бастау алатын интеграциялық аймақ. Орталық Азия мемлекеттерінің тарихы, мәдениеті, тамыры ортақ. Мемлекеттер шекаралас болғандықтан, бір-бірінің әлеуметтік және еңбек саласындағы процестеріне әсер етеді. Еңбек мигранттарының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мәселесінде шекаралық ынтымақтастық өте маңызды және бұл мәселеде кәсіподақтарға бөлек рөл берілген», – деді халықаралық сарапшы.

Семинардың бірінші бөлімінде Орталық Азия республикаларындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайлар туралы елдік презентациялар ұсынылды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуал және әлеуметтік әріптестік аясындағы ҚРКФ қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ол ҚР Кәсіподақтар федерациясы – 23 салалық кәсіподақ пен 17 аумақтық бірлестік шеңберінде екі миллионға жуық кәсіподақ мүшелерін біріктіретін елдегі ең ірі қоғамдық ұйым екенін атап өтті.

«Өткен жылы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері 58 құқықтық актіні әзірлеуге қатысты. Заң шығару бастамасы субъектілеріне және мемлекеттік органдарға заңнаманы жетілдіру бойынша 153 ұсыныс жолданды. Олардың бір бөлігі ескеріліп, қабылданған заңдарда көрініс тапты. Қазіргі уақытта еңбек көші-қоны мәселелері бойынша әлеуметтік серіктестермен өзара әрекеттесу бойынша ұсыныстар әзірленуде», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары әріптестеріне.

Тақырыпты жалғастыра отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары, қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиев өңірдегі Кәсіподақтар ынтымақтастығын нығайтуда Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіндегі іс-қимылдар үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

«Қазақстанның барлық мұнай – газ өңірлері Орталық Азия мемлекеттерімен шекаралас, сондықтан елдердің салалық кәсіподақтар арасындағы шекаралық ынтымақтастықты Орталық Азия елдері кәсіподақтарының құрылған Кеңесі шеңберінде дамыту маңызды», – деді Сұлтан Қалиев.

Өз кезегінде Түркістан облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бақтыбаев екі жыл бұрын әкімшілік реформадан кейін құрылған жаңа кәсіподақ бірлестігі Өзбекстан кәсіподақтарымен шекаралық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосып отырғанын ерекше атап өтті.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы атынан елге арналған презентацияны ұсынып, ӨКФ төрағасының орынбасары және халықаралық бөлімінің басшысы Яркун Файзуллаев көші-қон процестерінің Өзбекстанға әсері туралы айтты.

«Өзбекстан халқы жыл сайын 950 мың адам өсіммен 36 миллионнан астам адамды құрайды. Өзбекстанның 2,5 миллионға жуық азаматы шетелде жұмыс істейді. Бұл жалпы халықтың 5% құрайды. Осылайша, Өзбекстан еңбек мигранттары бойынша донор елге айналуда», – деп атап өтті Яркун Файзуллаев.

Шекаралық ынтымақтастық тақырыбын ӨКФ-ның Жизақ облыстық кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев жалғастырды. Ол семинарға қатысушыларды Жизақ және Түркістан кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастық тәжірибесі туралы хабардар етті.

Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының өкілі, Талас облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Ақылбек Жақшымбеков сондай-ақ әріптестерінің назарын ОАЕКК шеңберінде жаңа серпін алған кәсіподақтардың өзара іс-қимылын дамыту жайында сөз қозғады.

Ел презентациясында Соғды облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Тәжікстан делегациясының басшысы Шарифулло Абдуллозода республикадағы Еңбек кодексіне сәйкес кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратынын және еңбек мигранттарының проблемаларын шешу мәселесі Тәжікстанда да өзекті екенін айтты.

Семинар барысында ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия департаментінің басшысы Сергеюс Гловацкас халықаралық еңбек ұйымының көші-қон саласындағы кәсіподақ ынтымақтастығы бойынша ұлттық және өңірлік деңгейде жүргізіп отырған саясаты мен ұсыныстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Халықаралық еңбек ұйымы мен өңірдің кәсіподақтардың әрекеттестігі ХЕҰ мен ОАЕКК арасындағы ынтымақтастық туралы Алматы декларациясына қол қойылғаннан кейін нығайды. Кәсіподақтар арасындағы шекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша семинар алғаш рет өтуде. Жалпы міндеттерді неғұрлым тиімді іске асыру үшін өңірлік деңгейде шекаралық ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесін құруды қарастыруды ұсынамын», – деді Сергеюс Гловацкас.

Халықаралық сарапшы семинарға қатысушылардың назарын еңбек әлеміндегі ХЕҰ конвенциялары мен ұсынымдарын ратификациялау мәселелеріне аударды.

«Еңбекші-мигранттар туралы 97-конвенцияны ратификациялау көптеген елдер үшін өзекті, өйткені геосаяси және экономикалық дағдарыстарға байланысты көші-қон процестері күшейіп келеді. Сонымен қатар, кәсіподақтар № 205 «Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамту және лайықты еңбек» ұсынымын насихаттауды күшейтуі керек, – деді ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия департаментінің басшысы.

Семинар барысында Орталық Азия өңірі кәсіподақтарының өкілдері үш жұмыс тобына бөлініп, олардың құрамына әрбір кәсіптік орталықтың өкілдері кірді. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі шеңберінде Шекаралық ынтымақтастықтың бірлескен жоспарына еңбек мигранттарының проблемаларын шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді жалғастырды.

Айтылған ұсыныстардың ішінде: еңбек мигранттарын қабылдаушы елдің кәсіподақтарының мүшелігіне қабылдау арқылы олардың құқықтарын қорғау; көші-қон саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша шекара маңындағы кәсіподақ бірлестіктері арасында үшжақты меморандумдар жасасу; Бас келісімге, салалық және өңірлік келісімдерге еңбекші-мигранттарды қорғауды қамтамасыз ететін стандарттарды енгізуді қарастыру; ХЕҰ тарапынан ақпараттық және техникалық қолдау көрсету; аймақ елдерінің еңбек заңнамасын үйлестіру туралы; шетелде жұмыс істейтін мигранттарды жалпы еңбек өтіліне қосу туралы; еңбекші-мигранттардың орналасқан жері мен қабылдаушы елдегі жұмысқа орналасуын ескере отырып, есепке алу үшін біріктірілген цифрлық платформа құру және т.б.

Өңірлік семинарға қатысушылар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарына, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне және Халықаралық еңбек ұйымына өз ұсыныстарын жолдауда. Жұмыстың бұл форматы аймақтағы барлық елдердің пікірлерін ескеруге мүмкіндік береді.

Сейсенбі күні Шымкентте республикалық кәсіподақ орталықтарының өзара іс-қимылы аясындағы іс-шаралар легі Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің VI отырысында жалғасады. 18-19 қазанда «Климаттың өзгеруі бойынша кәсіподақ әрекеті» аймақтық конференциясы өтеді.

БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫ АЗАМАТТАРҒА ЕРКІНДІК ПЕН СЕНІМДІЛІК СЫЙЛАДЫ

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін қалпына келтіріп, шынайы тарихын танып, төл мәдениетін қайта түлетуге кірісті. Еліміз құқықтық-демократиялық даму жолына түсіп, экономикалық қуатымыз артып, халықтың әл-ауқаты жақсарды.

Тәуелсіздіктің қарапайым азаматтарға берген ең маңызды игіліктерінің бірі – әркімнің өз бизнесін ашып, өзінің жанына жақын кәсібімен айналысу мүмкіндігі. Адал кәсіп арқылы табыс тауып, меншік иесі атанып, өз ойын еркін жүзеге асыру қарапайым ааматтардың өз-өзіне және елдің болашағына деген сенімін арттырды.

Елімізде кәсіпкерлікті қолдау жылдан жылға күшейіп, нәтижесінде шағын бизнес өкілдері көбейе түсті. Мәселен, Шымкенттегі кәсіпкерлерді қолдау ортылығы «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеп, сапалы қызметті көрсетіп келеді. Яғни, орталықтың мамандары кәсіпкерлерге кеңес беріп, бизнесті қолдайтын барлық мемлекеттік бағдарламаларды ұсынып, оқытып, жобаларын сүйемелдейді. Қала берді мемлекет тарапынан бизнес бастағысы келетін азаматтарға жеңілдетілген несиелер, салықтық жеңілдіктер, гранттар мен субсидиялар түрінде жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай қолдау мен мол мүмкіндіктің аясында қаншама адамдар өз кәсібін ашты.

Мәселен, өзім Қазақстанға ағаштан жасалатын арболит блоктарын өндіруді алып келдім. Жобаммен мемлкеттік бағдарламаға қатысып, қолдау қаржысын алдым. Бұрын құқық қорғау саласының қызметкері болдым. Мемлекет кәсіпкерлерге тың мүмкіндіктер беріп жатқанын көрген соң, елдің өнеркәсібіне үлес қосуды мақсат еттім.

Негізі өндіріспен айналысуды жастайымнан армандадым. Бірақ, сол қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болатын. Бірнеше жыл Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында да жұмыс істедім. Сол уақытта түрлі кәсіпкерлермен әңгімелесіп, арболит блоктары жайында естідім. Кейіннен соның жасалу жолына қызығушылық таныта бастадым. Бұл өнім ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Еуропада шығарыла бастаған. Ал, Кеңес Одағы аумағында алпысыншы жылдары танымал болған, сол уақыттарда моншаларды салуға көп қолданған. Біздің елге 2015 жылдардан бастап келді. Содан бастап мен өзім құжаттарын дайындап, сертификатын алып, осы өнімді өндіріп көруге кірістім. Бизнес жобам арқылы қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Қазір тұтынушылар Қазақстанның солтүстігі мен орталық өңірлерінен тапсырыс беріп жатыр.

Мемлекет бізді жан-жақты қолдауда. Тәуелсіздік бізге өндірісті дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Еркіндікке қол жеткізген жас мемлекеттің дамуы жолында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Осының бәрі біз үшін үлкен демеу!

Нұрымжан ШОЙБЕКОВ, кәсіпкер

 

Сауранда «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес "Сауран - Жібек жолының жауһары" атты баспасөз туры өтті. Оған облыстық телеарна мен басылым журналистері қатысты. Баспасөз туры аудандағы туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

ШЫМКЕНТТІКТЕРДІҢ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ АРТТЫРЫЛМАҚ

Шымкент қаласында «Әділетті Қазақстан: Экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі» атты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыратын акция басталды. Жастар арасында қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлық секілді індеттердің алдын алуға арналған іс-шара бүгін Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылды.

Жиынға қатысушылардың басым бөлігі студент жастар мен оның ата-аналары. Акцияны Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қалалық прократура және қала әкімдігінің қолдауымен «Сайрам Планета» холдингі қолға алып отыр. Іс-шара барысында мамандар жастарға интернет алаяқтардан сақтану жолын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

–Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артты. Осы мәселеге талдау жасай келе, негізінен алаяқтың құрығына тұрақты табысы бар саланың мамандары жиі түседі екен. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер мен медбикелер және шәкіртақы алатын студенттер бар. Алаяқтықтың ең көп таралған түрі – қаржылық пирамида. Жалпы, қаржылық пирамиданың 10 белгісі бар. Ең алдымен қомақты көлемде қаржы салу, капиталға өте жоғары пайыз уәде беретін пайыздар, одан кейін салған ақшаңызды қайтару үшін міндетті түрде таныстарыңызға осында ақша салуы керек. Сонымен қатар, бұл инновациялық жоба ретінде ұсынылып, компания жаңадан ашылғанын айтады. Мәселен, бизнес жүргізу үшін жаңа компания ашылса, оның құрылтайшысы, жарғысы, өзінің келісім шарттары, іс-қағаздарын жүргізу барысында жауапкершілігі болады. Ал, қаржы пирамидасында тек жалғыз құрылтайшысымен келісім шарт түзіледі. Және, келісім парағында екі жақтың да ешқандай жауапкершілігі көзделмейді. Мәселен, сіз ақша саласыз, бірақ ешқандай жауапкершілік алмайсыз, - деді жиында сөз алған Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға-офицері Гүлзия Қарсыбай.

Маманның айтуынша, интернет алаяқтары ең алдымен адамдардың әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеліп, оны әбден зерттейді екен. Көбіне әйелдер астау, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек секілді чаттарға тіркеліп, сол жердегі ұтыс ойындары қатысу ниетімен жиі алданады. Ал, ер азаматтар интернетте көлік сатуға арналған сайттардың атауын, үтір, нүктесіне дейін дұрыс жазып, іздеу қажет екенін айтты. Мысалға, «Koleso.kz» сайтын іздеген адамдар көбіне адасып, «Koleso.com» сайтына тіркелетін жағдай жиі кездесіп жатыр. Ол жерге тіркелушілер аты-жөні, байланыс нөмірі мен банк картасын жазып, соңында сан соғып қалатын жағдайлар да орын алып жатыр.

–Алаяқтар түрлі екінші деңгейлі банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болып хабарласуы мүмкін. Қай жерден қоңырау түспесін тұтқаны көтергенде «иә» немесе «мақұл» деген сөзді айтушы болмаңыздар. Ең алдымен қоңырау соққан адамды тыңдап, содан кейін жауап беру керек немесе мүлдем тіл қатпай тұтқаны қоюға кеңес береміз. Алаяқтықтың тағы бір түрі банк карталары арқылы жүзеге асырылады. Айталық, қолма-қол ақшаны шешіп алатын тұста банкоматқа құпиясөзді теріп жатқанда пернетақтайы дірілдейтін болса, міндетті түрде операцияны тоқтатыңыз. Себебі, сіздің картаңызға скрин жасалып жатыр. Сондықтан, банкоматтан ақша шешіп алар кезде айналаңыздағы адамдар мен бейнебақылау камераның бар екеніне көз жеткізіңіздер. Ешқашан бейтаныс адамнан ақшаны шешіп беруі үшін көмек сұрамаңыздар, - деді Г.Қарсыбай.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУҒА ИЕ

Шымкентте «Даму» қорының аймақтық филиалы арқылы өз жобасын жүзеге асырушылар көбейіп келеді. Биылдың өзінде «Даму» қорының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы кәсіпкерлердің 391 жобасын мақұлдап, 5,7 млрд теңгеге дейін кепілдік берді. Мүмкіндікті пайдасына асырған талапты жандар ойдағы орайлы ісін бастап та кеткен.

«Даму» қоры Шымкент қалалық филалы «Шымкент қаласындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізіп, онда өңірлік филиал директоры Ерлан Түктібаев журналистерге осы бағыттағы жұмыс барысын баяндады.

– Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап

облыста 4 523 жоба субсидияланып, несие сомасы 317,3 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлердің 3 315 жобасы «Даму» қорынан 30,0 млрд теңгелік кепілдік алып, жалпы несие сомасы 65,6 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда субсидиялармен кепілдіктерге өтінімдер электронды түрде egov.kz онлайн даму сайты арқылы қабылданады. Толық ақпаратты Қонаев даңғылы 95/1 мекенжайына барып алуға болады, –деді Ерлан Түктібаев.

БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистер мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Баспасөз өкілдері жиһаз өндірумен айналысатын «Шым Снаб 13» компаниясына қарасты кәсіпорынға соқты. Кәсіп иесі Абзал Жапабаев 2015 жылыдан бастап жұмысын бастаған. Қазіргі таңда 25 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.

–Кәсіпорында оқу орындарына арналған жиһаз жасап, оны тұтынушыларға ұсынамыз. Бұл кәсіпті бастамас бұрын «Банк ЦентрКредиттен» жылдық сыйақы мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрайтын несие алып, сол қаржыға құрал-жабдықтар сатып алдық. Парталарымыз заманауи технологиямен жасалған, отыруға ыңғайлы, – деді Абзал Жапабаев.

Кәсіпкер «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында өз несиесінің сыйақы мөлшерлемесін ішінара субсидиялауға өтініш берген. Қазір кәсіпкер несиенің сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын ғана өзі төлейді, қалған 14,75 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. А.Жапабаев арзан несие кәсіпкерлер үшін зор қолдау екенін айтады.

Мұнан кейін БАҚ өкілдері «ADAN» жекеменшік мектебіне жол тартты. Бастауыш мектептегі барлық сыныптар мультимедиялық құрылғылармен, кликер, интерактив тақталармен жабдықталған. Бұл сабақты барынша қызықты етіп өткізіп, баланың оқуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Мектеп директоры Дария Сванова «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында мектепке негізгі құралдарды сатып алуға «Forte Bank» АҚ-ы арқылы жылына 14 пйызбен несие алған екен. Оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.

Әрі қарай журналистер кәсіпкер Нүркен Өтегеновтың жұмысымен танысты. Ол «Danico» брендімен балаларға тоқыма өнімдері мен киімдер шығарады. Кәсіпорын «Банк ЦентрКредит» АҚ-ы арқылы құрал-жабдықтар алу үшін жылына 19,5 пайыбен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында бұл жобаның да несиесінің сыйақы мөлшерлемесі ішінара субсидиялануда. Қазір кәсіпорын қарызын жылына 6 пайыздық үстемақымен төлейді.