Жұма, 17 Мамыр 2024 11:52

Сарыағаш ауданында «Жайлы мектептің» құрылысы қарқынды

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінде салынып жатқан 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарына арнайы барып, бақылады.

Айта кетсек, «Жайлы мектеп» құрылысын жүргізу үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тарапынан қаржы бөлінген. Қазіргі таңда, білім беру ордасының бірінші қабаты толығымен аяқталып, екінші қабатына кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.Сонымен қатар, жоғарғы үшінші қабаттының жабын плиталары құйылуда.

Бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай келе аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұқмыстарына сапалы құрылыс материалдарын пайдалану қажет екенін, сондай-ақ алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.

Айта кетсек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша ауданда 10 жайлы мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда, Сарыағаш қаласында құрылыс жұмыстары Телемұнара шағын ауданында 900 орындық және Б.Оспанов көшесінің бойынан А. Сүлейменов атындағы 300 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Қалған мектептердің құрылыс жұмыстары биыл бастау жоспарланған.  Атап айтар болсақ, олар: Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласы, Самал-3 мөлтек ауданынан 1500 орындық мектеп құрылысы; Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, Ақ үй  елді мекенінен 900 орындық мектептің құрылысы; Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, Еңкес елді мекенінен 900 орындық мектептің құрылысы; Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекенінен 900 орындық мектептің құрылысы;Сарыағаш ауданы, Көктерек кентінен 600 орындық мектептің құрылысы;Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округі, Таскескен елді мекенінен 600 орындық мектептің құрылысы.

Осы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы негізінде былтыр салынатын мектептердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының (су, газ, электр жүйесімен қамту) жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін, меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен жұмыстар жүргізілген. Оның мердігері «МАКcor» ЖШС-гі.Жалпы Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда жалпы 63 мектеп салынады (49 мың орын).

Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда 401 жаңа мектеп салынбақ. Мұндағы «Жайлы мектеп» қандай мектеп, оның қазіргі қолданыстағы білім ордаларынан қандай айырмашылығы бар дегенге азды-көпті жауап бере кетсек.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айман­бетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жос­па­рын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тап­шылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маң­ғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алма­ты (22) қалалары. Бұл ретте 218 мек­теп – қалада, 183 мектеп ауылдық жер­де бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мек­теп салынады деген жоспар бар.

– Ұлттық жоба аясында 2025 жыл­ға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді М.Айманбетов.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

 Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап­сырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.

Мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік. Яғни мектеп Маңғыстауда салынса, сол өңірдің компанияларына белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылады.

Оқылды 93 рет