Жұма, 14 Маусым 2024 15:14

Түркістан қаласында мектеп түлектеріне салтанатты түрде аттестат тапсыру шарасы ұйымдастырылды

Бүгін Түркістан қаласындағы барлық мектептерде түлектерге аттестаттарды тапсыру салтанатты шаралары өтіп, ұстаздар қауымы тағы бір буынға ізгі ниеттерін жолдап, мектеп табалдырығынан шығарып салды. М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шараға қатысқан Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова жас түлектерге ақ тілегін жолдап, мектеп бітіргендігі туралы аттестаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Оқу жылындағы оқушылардың жеткен жетістіктерін тілге алған Оразкүл Шайхықызы мектеп мақтаныштарына айналған оқушыларының өз таңдаған мамандықтары бойынша жоғары білім алып, еліміздің дамуына зор үлес қосатын маман болуларына тілектестігін білдірді.

Биылғы жылы Түркістан қаласындағы 33 жалпы білім беретін мектепті 2823 оқушы бітіріп, үлкен өмір сахнасына бағыт алды. Олардың ішінде мемлекеттік емтихандарын сәтті тапсырған 168 түлек «Алтын белгі» белгісіне, 171 түлек «Үздік аттестатқа» ие болып отыр. Бұл өткен жылғыдан едәуір жоғары көрсеткіш.

Білімді ұрпақ – еліміздің асқақ арманының жүзеге асуының кепілі. Өз Отанын, отбасын шын сүйетін азамат әрқашан білімге ұмтылып өсуі тиіс. Себебі, білімсіз Отанға да, отбасына да қызмет ету мүмкін емес. Білім арқылы кез-келген адам өз мүмкіндіктерін айқындайды, дүниетанымы кеңейіп, алдына қойған мақсаттарын орындауға ұмтылады. Ал, Отанын шын сүйген перзент алған білімін елдің өркендеуі мен халықтың игілігі жолында жұмсауға дайын болады, өз болашағымен қатар Отанның болашағын жарқын етуге әрекет етеді. Заманның алға жылжуына байланысты білім алушылардың бойына қазіргі заман талабына сай терең білім алуға ынталандыру педагогтардың негізгі міндеті. Болашақ жас ұрпақтың танымдық көзқарасын, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту, іскерлік қасиеттерін дамыту арқылы оқушылардың бойына ұлттық, заманауи құндылықтарды сіңіруге болады.

Биылғы оқу жылы да өз ерекшеліктерімен есте қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ұлт сапасы мен мәдениетін арттыру бойынша берген нақты тапсырмасына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, бұл орайда нақты шаралар өткізілді. Оқушылар қалалық, облыстық, республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарып, ұстаздардың мерейін өсірді.

Негізгі пән олимпиадаларының өзінде 99 оқушы облыстық олимпиадаларда, 7 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарында жүлдегер атанды. Бұдан басқа жүздеген оқушы білім, өнер, спорт сайыстарында биіктен көрінді. Сондай-ақ, оларға білім беріп жатқан мыңнан астам педагогтар да облыс, республика көлемінде әріптестерінің алды болды. Бұл өткен жылдағыдан едәуір жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткіштер жылдан-жылға алға нық қадам басып, жоғары нәтижелерге жетіп келе жатқандықты көрсетеді.

Иә, білім — адам өмірінің ең маңызды құндылығы. Еліміздің болашағының жарқын болуы тікелей білімді ұрпаққа байланысты. Білім арқылы жастарымыз өз мүмкіндіктерін ашады, дүниетанымы кеңейеді, өзінің болашағын қалыптастырады. Сонымен қатар, жасында терең білім алған адам болашақта елдің гүлденуіне, экономикасының дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан да еліміздің асқақ арманын жүзеге асыратын жастарымыз өздерінің күнделікті алған білімін Отанымыздың болашағын жарқын етуге арнауы тиіс.

Оқу жылы аяқталған тұста білім мекемелерінде, әсіресе, бітіруші сынып оқушылары арасында бітіру кештеріне, сыйлықтарға ақша жинау фактілерін болдырмау бүгінгі таңдағы басты міндет болып отыр. Сондықтан да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті тарапынан, бөлім тарапынан алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биылғы жылы да Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің ұйытқы болуы, білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасованың қатысуымен мектеп, мектептен тыс мекеме, мектепке дейінгі ұйым басшыларының басын қосқан жиналыс өткізіліп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы ескертілді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған облыстық ақпараттық-ағартушылық Штабының төрағасы Ерұлан Тұңғышбаев білім мекемелерінің басшыларына адалдықты сақтау, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, жастарды парасаттылыққа тәрбиелеу жөнінде әңгіме қозғап, оқу жылының аяқталуына байланысты бітіруші түлектер арасында қаражат жинау мәселесін болдырмау туралы ескертті. Департамент тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан кешенді шараларға тоқталып, арнайы дайындалған бейнеролик ұсынды. Өз кезегінде білім мекемелерінің басшылары сұрақтарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.

Білім мекемелері демекші, Түркістан қаласында мектептердің де қатары жыл санап артып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында салынып жатқан бірнеше мектеп бар. Жалпы, Түркістан облысында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 білім ұясы халық игілігі үшін қолданысқа беріледі деп жоспарланған болса, соның үшеуі Түркістан қаласында бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда. 

Таяуда ғана Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы кезекті рет пысықталған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектеппен қамту ісінің маңызды екеніне тоқталып, инфрақұрылыммен жасақтау, құрылысты кестеге сай жүргізу жөнінде тапсырма берді.

– «Жайлы мектеп» жобасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруымыз керек. Әрбір мердігердің жұмысы бақылауда болуы тиіс. Тұрақты түрде кеңесіп, кездескен мәселелерді жедел шешіп отырайық. Мектептер мерзімінде дайын болуы қажет. Екіншіден, мектептерге білікті директорларды конкурс арқылы тағайындап, тәжірибелі, білімді ұстаздармен қамту жұмысын да жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Облыстық құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдерінің осы мәселеге байланысты жұмыстары сарапталды. Мердігерлерге құрылыс барысында жұмысшылар санын көбейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің (2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп) құрылысы жоспарланған. Жоба аясында республикалық бюджеттен 2023 — 2025 жылдар үшін 288,2 миллиард теңге қаралған. 63 мектептің жер телімдері бөлініп, «Самырұқ-Қазына» АҚ-ның атына мемлекеттік актілері рәсімделген.

2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептін 4 мектебі инженерлік инфрақұрылымымен қамтылған. 25 мектепке сараптама қорытындылары алынып, құрылыстарына облыстық бюджеттен толығымен қаржысы қаралған. Бүгінгі таңда барлық мектетердің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған.2024 жылы 29 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі таңда 1 тамызға дейін тапсырылатын 15 мектептің жетеуінің үшінші қабты көтерілген. 7 мектептің екінші қабаты көтерілсе, 1 мектептің бірінші қабаты көтерілген.

Тұтастай алғанда, өңір бойынша 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы есебінен, 32-сі – республикалық бюджет есебінен. 2023 жылы 20 мектеп тапсырылған. 2024 жылы қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста жалпы қуаттылығы 1 800 оқушы орындық 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты. Аталған мектептерде 3 507 оқушы білім алады.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Анықтама үшін нақтылай кетсек: Оның ішінде: 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық – 2 мектеп. Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Осы тұста тағы бір айта кетерлік жаңалық - “Жайлы мектепке” қабылданатын педагогикалық құрамның алғашқы легі біліктілік арттыруды бастады. Олар — «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде алғашқы кезекте құрылыс нысанының жойылуына байланысты толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшірілетін 8 мектептегі 41 мектептің басшылық құрамы мен мұғалімдері. Ұстаздарға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлар өз бағыттары бойынша дәріс оқыды. Бұл бастама облыс әкімі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлының арнайы ұсынысымен басталып, өткен жылдың 8 желтоқсанында Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тілеп Болат Анапияұлы мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді.

Түркістан төрінде 6-7 маусым күндері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары келіп, тәжірибе алмасып, біліктілік арттыру курсын өткізді. Курсқа Түркістан облысы бойынша білім беру ұйымдары мен мектептен 150-ден өкіл қатысты. Түркістан облысындағы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог кадрларының біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін жүйелі түрде арттыруды көздейтін бастамаға жыл соңына дейін 1000-ға жуық педагог біліктілігін арттырады деп күтілуде.

— “Жайлы мектеп” кадрларын осы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен дайындықты өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл 29 “Жайлы мектеп” іске қосылады. Бірінші кезекте Ұлттық жоба аясында алғашқы кезекте құрылыс нысанының жойылуына байланысты, толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшірілетін 8 мектептің басшылық құрамы мен мұғалімдері біліктілікті арттыру курсына қатысады. Ал, құрылысы 2025 жылы аяқталатын 34 мектептің педагогикалық құрамы кезең-кезеңімен іс-тәжірибеден өтеді , — деп панельдік сессияны қортындылаған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келген профессорлар құрамына алғысын білдірді.

Сессия барысында 16 тақырып бойынша талқыланды. Оның ішінде білім берудегі сапа менеджменті жүйесі (TQM IS), белсенді оқыту әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту, электронды цифрлық ортада орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарын пайдалану, «4К моделі» және дискурстық талдау, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаратылыстану пәндері бойынша метапәндік құзіреттіліктерді қалыптастыру сынды бірқатар маңызды бағыттарда тәжірибесімен бөлісті.

Қатысушылар өздерінің педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістер мен стратегияларды меңгеруге тамаша мүмкіндік алды. Біліктілікті арттыру курстары тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналып қана қоймай, Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға ықпал етті.

Меморандум аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынатын мектептерге қабылданатын педагогикалық қызметкерлер аталған университетте біліктілігін арттырады. Бұл мәселені шешу мақсатында жалпы 1904 білім қызметкері білімін жетілдіретін болады.

Осы мақсатта Түркістан облысының білім саласының қызметкерлері мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлар құрамы басқосты. Курс барысында мектеп басшылары мен орынбасарлары, бастауыш сынып мұғалімдері, гуманитарлық бағыттағы және жаратылыстану бағытындағы білім қызметкерлеріне арнайы 4 топ жұмыс жасап, профессорлар құрамы лекция оқыды.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2024 жылы — 29, 2025 жылы 34 мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Жалпы, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Ал 2024 жылы салынатын 29 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

2025 жылы пайдалануға берілетін 26 100 орындық 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 жылдары ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің сөзіне сүйенсек, жалпы, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Дәлірек айтсақ, оның ішінде 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық 2 мектеп бой көтермек.

2024 жылы пайдалануға берілетін 22 900 орындық 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Қазіргі таңда 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ-ы мен «Транстелеком» АҚ-ы операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылады.

Ал, 2025 жылы пайдалануға берілетін 26 100 орындық 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы                1 тамызға жоспарланған. Қазіргі таңда техникалық шарт негізінде жасалатын АТС-тен немесе муфтадан жайлы мектепке дейінгі жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жұмыс жобасы жүргізілуде.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде екен. Бұл бағыттағы қаржыларға да министрлік қолдау білдіретін болады.

Тиісті есептеулер министрлікке ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында ұсынылуы тиіс, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, басқарма тарапынан аталған мектептерде ашылатын жаңа штат бірліктері мен оқушылар қозғалысы есептелді.

2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 223.Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасына енген мектептердің директоры бос тұрған лауазымдарына директор тағайындау кезіңде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадр резервіне енген педагогтарды тағайындауға басымдық берілетін болады.

Сондай-ақ, осы мектептерде жұмыс атқаратын басшылық құрам мен педагог кадрлар Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және «Назарбаев Зияткерлік Мектептері ДББҰ» Педагогикалық Шеберлік Орталықтарында арнайы курстардан толық өтетін болады. Аталған жұмыстарды ұйымдастыруға қаржы қаралған. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының қызметкерлері Астана қаласында орналасқан «Binom School» мектептер желісінде де болды.

Осы ретте, жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде «Binom School» мектептер желісінің тәжірибесі ескерілетін болады. 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылыс жұмыстары жобалаушы және мердігер мекемелері анықталмаған. Қазіргі таңда жер телімдерін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ының атына рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

WWW.AQ-QARA.KZ

Оқылды 97 рет