Сейсенбі, 25 Маусым 2024 11:58

Түркістандық оқушы өнертапқыштар байқауында жүлдегер атанды

Күні кеше ғана Өскемен қаласында мәреге жеткен Техникалық шығармашылық және өнертапқыштар (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) байқауы Республикалық кезеңінен жағымды жаңалық жетті. Аталған байқаудың қалалық, облыстық кезеңдерінде топ жарып, еліміздегі қатарластарымен бақ сынаған Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Ерсайын Бодауханның жұмысы үздік деп танылып, жүлделі ІІ орынға ие болды.

Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген жарыста радиомен басқарылатын көлік модельдері «1:10 масштабта багги жарысы, Багги-10Э класы» номинациясында өз жұмысын жоғары деңгейде көрсете білген Ерсайын Бодаухан мектептің ғана емес, қаламыз бен облысымыздың да намысын абыроймен қорғап отыр.

Талапты оқушыларды танып, дер кезінде демеу болу арқылы жеңіске жетелеген жетекшісі, мектептің информатика пәні мұғалімі Сырым Қожамұратовқа және мектеп басшыларына Түркістан қалалық білім бөлімінің басшылары алғыстарын білдірді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында мемлекеттік саясат негізінде «Әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы – жеке адамның дарындылығын таныту», – деп көрсеткен. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты қағидалары ретінде жеке адамның білімділігін ынталандыру және шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері айқындалып, басым міндеттер қатарына қойылған.

Еліміздің қоғамдық-экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын, әлемдік өркениетке көтерілетін білімді де мәдениетті, денсаулығы мықты, парасатты азамат тәрбиелеу, оқушының шығармашылық қабілетін арттыру – мектептің, ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы  баға жетпес міндеті. Жас ұрпаққа білім беру, оның  жеке даралық ерекшеліктеріне мән беріп, оқушыларды мектепте алған білімдері бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселесі жаңа қоғамның білім саласындағы негізгі мәселенің бірі болып табылады.

Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.

Сондықтан қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында  оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде.Баланың шығармашылық қабілетін дамыту өте ертеден зерттеліп келеді. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері – шығармашылықтың нәтижесі.

Шығармашылық – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі болып табылады. Өмірде дұрыс жол табуы үшін адам ой түйіп, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. «Шығармашылық» сөзі «шығару», «ойлап табу» деген ұғымды білдіреді. Философиялық сөздікте «шығармашылық- қайталанбайтын тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет»-деп көрсетілген.

Психолог Л.Выготскийдің пікірінше: «Шығармашылық – жаңалық ашатын әрекет». Оқу-тәрбие үдерісінде оқушының қабілетін, шығармашылығын дамыту мәселесі М.Құдайқұлов, Г.Нургалиева, Б.Тұрғынбаева еңбектерінде қарастырылған. Ғалымдардың айтулары бойынша, жалпы адам баласы табиғатында қабілетсіз болмайды. Біреулердің қабілеті жоғары болса, екіншілерінің қабілеті орташа, төмен болады. Оқушының шығармашылық белсенділігін тиімді әдіс-тәсілдермен дамыту мұғалімнің шеберлігі мен біліктілігіне байланысты.

Баланы жастайынан шығармашылыққа қалай баулу керек? Психологтардың зерттеуі бойынша өскелең ұрпақты шығармашылыққа баулуға өзекті болардай өзіндік ерекше қабілет, бейімділік қажет. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді. Философияда «қабілеттерді» – тұлғаның белгілі бір әрекеті, орындауға жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе, олар қоғамдық-тарихи іс-әрекеттердің нәтижесінде  қалыптасып, әрі қарай дамып отыратындығын атап көрсеткен.

Демек, мектеп оқушыларының тұлғалылығын тәрбиелеу үшін, ең алдымен олардың қабілеттерін дамытудың мәні зор. Біріншіден, адамдардың қабілеттер деңгейі жағынан тең дәрежеде болмауы. Сыныптағы оқушылардың қабілеттері бірдей емес, әрқайысысы әр пәнге және әр деңгейде қабілетті болатындығымен дәлелдеуге болады. Бірі есепке жүйрік болса, екіншісі тілге бай, ал енді біреулері сурет салады.

Олардың қабілеттерінің құрылымы, оны құрайтын компоненттер әр түрлі болады. Ғалымдар керісінше, көзқарастардың  бар екендігіне қарамастан, адам бойында әрекеттің бірнеше түрін орындай алу мүмкіндіктерін бар екендігін дәлелдейді. Психологтар қабілеттердің екі түрлі деңгейін көрсетеді: репродуктивті – іс-әрекетті, білімді берілген үлгі бойынша қабылдау алу деңгейі; шығармашылық – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі; балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда қажетті жағдайлардың мазмұнына тоқталамыз.

Мұғалімнің ең алдымен шығармашылық көңіл-күй тудыру арқылы балалардың назарын бір нәрсеге бағыттауы; шығармашылық жаттығұлар мен ойын, тапсырмалардың мазмұны балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылығына үйлесуі; оқушыларды шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай туғызу; шығармашылық бағытқа оқушыларды жүйелі, саналы түрде қалыптастыру. 

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалу тиіс: шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу; ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне жету; оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу. Оқушының шығармашылық  белсенділігін оятып, дамыту үшін сабақтарды мынадай әдіс-тәсілдер арқылы өткізуге болады: сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану; сабақты жаңа технологиялар арқылы түрлендіру; сабақта сурет, тірек сызбаларды пайдалану; заманауи техникалық құралдарды тиімді пайдалану; тақырыпқа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету, оларға талдау жұмыстарын жасау.

Мұғалім өз пәнін жүргізу барысында оқушылардың шығармашылық қабілеттеріне бас назар аударуы қажет екені анық. Сабақ құрылымына үлкен жауапкершілікпен қарап, үнемі жаңа технологиялармен қолдану – заманның талабы. Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту жолында «Жобалау» әдісінің, «Педагогикалық шеберхана» «Сын тұрғысынан ойлау» технологияларының берері мол.

Жалпы, үстіміздегі  ғасыр  –  жеке тұлғаны қалыптастыру, ізгілендіру, дамыту  ғасыры. Олай болса, мұғалімдердің алдында тұрған бірден-бір мақсат  –  оқушылардың алған білімдерін пайдаға асырып, өздігінен әрекет ете алатын, оларды түрлі өмірлік жағдайда қолдана білетін, өзіндік көзқарасы бар азамат болып жетілуіне көмектесу.

Бүгінгі күнгі біздің ұрпақ таңдауында шексіз мүмкіндік туған заманда өмір сүріп жатыр. Оқушыны болашағына дұрыс таңдау жасай алатын, ұтымды шешім қабылдай алатын, сондай  —  ақ өзінің өміріндегі өзгерістер ағымына икемделе білетін, қабілетіне байланысты өмір сүру  тәртібі күтіп тұр. Сондықтан бүгінгі ақпараттандыру заманында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесі білім берудің ең жоғары мақсаттарының бірі болып отыр.

Оқушылардың шығармашылық қызметінің дамуы көбінесе сыныптан тыс жұмыстар барысында жүзеге асады. Сыныптан тыс жұмыс ұғымы өте кең.  Сыныптан тыс жұмыс  –  бұл мұғалімдер мен оқушылардың сыныптан тыс уақыттағы әртүрлі іс  — әрекеттері мен іс  —  шараларын ұйымдастыру болып табылады. Ол мазмұны, бағыты, әдісі, тағайындалуы, формасы мен жолдары жағынан білімділікті қажет етеді. 

Әрбір ұстаз балаға тиянақты, терең білім беруге, заман талабына сай ақпараттық  –коммуникациялық технологияларды меңгерту, оның жетістіктерін сабақ үрдісінде тиімді пайдалануы міндетті. Мұғалім пәнді өзі жетік терең білуімен қатар, оны оқушыға меңгерту үшін әр сабақта ғылым мен техника жаңалықтарын дұрыс қолдана білуі тиіс.

«Технология»  деген термин гректің түп тамыры  techne  —  өнер, шеберлік, кәсіп  және  logos –  ғылым, білім  деген сөздерінен шыққан. Екі түп тамырының бірлігін шеберлік туралы ғылым немесе ілімді беретін сөзді құрайды. Қазіргі  уақытта  «педагогикалық технология»  ұғымы түрлі мағынада түсіндіріледі. Көп тараған анықтамалардың бірін В.П. Беспалько ұсынған:  Ол педагогикалық технология оқу мен тәрбие процестерінің еске түсіру барысында қолданған құралдар мен әдістер жиынтығы, олар білім мақсатын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс–тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Мұғалім  –  ақпараттанушы, оқушының жеке тұлғалық және интеллектуалды дамуын жобалаушы. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, танымдық іс  —  әрекеттерін қалыптастыру, шығармашылықпен, өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру барысында, мұғалімдер өз іс  –  тәжірибесінде жаңа технологияларды тиімді пайдаланғаны абзал. Мұғалімдердің тәжірибесін шыңдай түсуде көп жеңілдік ашатын жаңа технологиялардың бірі  – Ж.А.Қараевтің «Үш  өлшемді әдістемелік жүйесі», яғни саралап деңгейлеп оқыту технологиясы. Бұл технология элементтерін қолдану арқылы баланың танымдық белсенділігін арттырып, өз бетінше білім алуына, өзін -өзі бағалауына, бірін – бірі тыңдауға әдеттендіруге болады.

Жаңа заманның білімді ұрпақтарын тәрбиелеп оқытуда түрлі қиындықтар кездеседі. Соның жолдарын іздеуде көптеген іс- тәжірибелер жасаудамын.Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой- талғамы бар,адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Қазір бүкіл әлемде интерактивті қатынас жасауға оны жүзеге асыратын техникалық мүмкіндіктерді дамытып отыра алатын ақпараттық қоғамға көштік. Бүгінгі күні инновациялық әдістермен ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін арттырып, ізденушілігін дамытып, қызығушылығын тудыру, белсенділігін арттыру ең негізгі мақсат болып айқындалады. 

Бүгінгі күні еліміздің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнын қамтамасыз ету міндеті тұр. Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде оқытушының рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды, оқытушы тек қана білімді алып жүруші ғана емес,сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды. Оқушының өз бетімен жұмыс жүргізуі шығармашылық қабілетті дамытудың басты жолы. Оқушылар жыл бойы ізденіс үстінде жүргені абзал. Бұл ізденіс, ойлау әрекетімен тікелей байланысты. Ол үшін балаға берілетін білім сабақтастықты қажет етеді. Оқушының ойын жүйелеуде әртүрлі әдіс-амалдар қолданылады:-жаңа материалды меңгеру;-оқушыға бағыт беру, яғни түрткі сұрақ, реплика беру;-оқушының өзін көбірек сөйлету;-тақырыпты бекіту;-игерілген білімді тиянақтау;-көрнекіліктердің әсерлігін тиімді пайдалану. Оқушының өз бетімен ізденісіне деген қарым-қатынастық машықтар жүзеге асырылып, олар оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіре түседі, яғни мәтін тақырыбын түсіну, ашу, ондағы негізгі ойды бөліп алу; өз ойын дұрыс жазу, айту. 

Қазақстанның көркеюі үшін оқушылардың таланты мен қабілетін ашып, оларды оқыту барысында дамыту өте маңызды. Мектепішілік шаралар өткізуде әр оқушының талантын байқауға болады,ал ешқандай шараға қатыспайтын тұйық оқушылар арасында әртүрлі қызықты жарыстар өткізу арқылы дарынын байқауға мүмкіндік бар. Оның нәтижесінде әр оқушы өзін — өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, соған оқыту барысында лайықты жағдайлар жасау үлкен нәтиже берді. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді.

Ақпаратты технологияларды пайдалану арқылы мектептегі сабақтарды жаңаша ұйымдастыру, мұғалімнің рөлі мен қызметінің артуына жағдай жасау, теориялық, ғылыми – педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйене отырып, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық технологиялар мен инновациялық оқыту әдістері арқылы оқушыларды ізгілікке, елжандылыққа, саналыққа, адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Инновациялық әдістерді баланың білім деңгейіне және жас ерекшелігіне қарай оқу үрдісінде пайдалану негізгі міндет болып табылады. 1.оқушылармен материалды игеру үрдісін психологиялық түрде женілдетеді.Пәнге деген танымдылық қызығушылығын тудырады. Оқушылардың көзқарасын кеңейтеді. Сабақ үстінде көрнекілікті қолдану мүмкіндігі өседі. Сабақ үстінде оқушының да мұғалімнің де еңбек өнімінің жоғарлауы болады. Қорыта келгенде бүгінгі күні республикамызда білім беру жүйесінің түбегейлі өзгеріске ұшырауы анықталғаны баршамызға аян. Оның негізгі факторы жаһандану үрдісіндегі білім беру саласында жаңа модельдердің дүниеге келуі, білім беру үрдісінің ақпараттандырылуы болып табылады.

Прогрессивті концепциялардың пайда болуы, білім беру үрдісінде алға кеткен мемлекеттердің тәжірибесімен танысу және соның нәтижесінде ұлттық білім беру моделін құрастыру бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып табылады, өйткені нарықтық экономикаға негізделген мемлекетіміздің келешегіне мамандар қажеттігінен туындайды. Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды, мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды. Осыған орай сабақ беру үрдісінде қазіргі күннің, яғни инновациялық әдістерді оқытудың интерактивті оқыту моделі болып табылады. «Ұстазы жақсының ,ұстамы жақсы» — деген бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі мұғалімдер қауымы тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың меңгерген біліміне, алған тәжірибесіне байланысты болып қала бермек.

WWW.AQ-QARA.KZ

Оқылды 88 рет