Жұма, 05 Шілде 2024 14:23

Түркістандық түлек әлемнің 42 университетінен шақырту алды

Дамир Аюпов – Түркістан қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының биылғы жылғы түлегі. Жастайынан білімге ден қойған оқушы бүгінгі таңда ата-анасын ғана емес, түркістандықтарды жағымды жаңалығымен қуантып отыр.

Осы уақытқа дейін бірнеше білім бәсекелерінде алдыңғы қатардан көрініп келген Дамир Розибайұлы мектеп-гимназияны «Алтын белгіге» бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 131 балл жинап, өз білімін тағы бір рет дәлелдеді. Ал, ең бастысы – әлемнің 14 алып мемлекеттерінде орналасқан 42 беделді жоғары оқу орындары Дамирді өз университеттерінде білім алуға шақырып отыр.

Атап айтқанда, АҚШ-тан 24, Біріккен Араб Әмрліктерінен 2, Түркиядан 3, Ұлыбританиядан 1, Шотландиядан 1, Малайзиядан 1, Польшадан 2, Испаниядан 1, Ирландиядан 1, Германиядан 1, Нидерландиядан 2, Чехиядан 1, Швейцариядан 1 және Венгриядан 1 университет Дамирге өз оқу орындарынан грантпен оқуды ұсынып отыр. Дегенмен, Дамирдің таңдауы Чехиядағы Prague Foundation courses университетіне түсіп отыр. Ол аталған университетте «Бизнес администратор» (Business administration) мамандығы бойынша білім алып, туған жерде еңбек еткісі келеді.

Тек білімімен ғана емес, «Eco Turkestan» тобында волонтер болып жүрген белсенді түлек Дамир Розибайұлының алдағы жоспарлары сәтті іске асып, өз білімін егемен еліміздің дамуы жолында жұмсайтындығына сенімдіміз.

Ұрпағың білімді болса, болашағың жарқын. Ал болашақ бүгінгі жастардың қолында. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келісті келбеті. Сондықтан бәсекеге төтеп беретін білімді, алғыр, бастамашыл жастардың көп болуы ертеңіміздің берекелі, озықтығын дәлелдейді. Қазір мектеп бағдарламасы қиындап кетті, баланың миы ашитын болды деген ақтауларды жиі еститін болдық. Жаңашыл оқу бағдарламалары талап еткен дүниелерді балалардың көбісі қабылдап жатқандықтан оның жай даурықпа екендігіне біртіндеп көзіміз жетіп те келеді. Қазір балабақшадағы бала өз ана тілінен бөлек ағылшын тілін де тез меңгеретін болып алған. Яғни балалар қабілетті. Олардың ойлау жүйесі, қорыту деңгейі заман талабына жауап бере алады. Еліміздің білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер болып жатқаны мәлім. Ол өзгерістер болуы заңдылық та.

Жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды даярлау өте маңызды. Жоғары оқу орындарындағы білім сапасын әлемдік деңгейге сай жетілдіру қажеттілігін өмірдің өзі талап етіп отыр.

Бо­ла­шақ дамуымыз білім саласында инновация жетістіктерін кеңінен пайдалануға байланысты. Әсіресе білім беру сала­сын­дағы көптеген өзгеріс жоғары оқу орындарындағы күрделі мәселелерді анықтап берді. Болашақта даярланатын мамандардың сапасына, үздіксіз білім мен ғылыми жетістіктерді игерудің ұлттық экономикаға  тигізетін әсеріне, саланы жетілдіру ма­ңыз­ға ие екені баршаға мәлім. Қазіргі кезде бас­қарудың заманауи әдіс-тә­сіл­­дерін мең­герген мамандарға деген қажет­тілік күннен-күнге артып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерді шешу жолы көзделген. Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру және т. б. мәселелер жалғасын тапты.Жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді, жобаны әзірлеу барысында қоғам өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланғаны да баршаға мәлім. Ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады.

БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттары  концепциясының 4 бөлімі -сапалы  білім екен алға тартқым келеді. Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана биікке шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде оқытушылардың  біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы.

Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана биікке шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде оқытушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді. Осы жайттарды ескере отыра, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің оқытушылар құрамы сапалы білім беру мақсатында аянбай еңбек етуде. Әр мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуының тағы бір көрсеткіші – әлемдік тәжірибеге сүйенген білімді маман даярлаумен тығыз байланысты. Сапалы білім беру – бә­се­кеге қабілетті, өркениетті ел болудың ке­пілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің бар­­лығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөз­­сіз.

Әлемдегі өркениетті елдердің даму көшіне ілескен әрбір мемлекет азаматтарының сапалы білім алуын басты орынға қояды. Оның үстіне қазіргі ақпараттық даму қарқыны өте жоғары дәуірде өскелең ұрпақтың білім деңгейіне қойылар талап өте күшті. Дегенмен қанша жерден ғылым мен ілімді меңгерсе де, тәрбиесіз берілген білім тиімді болмайды. Бұл туралы ғұлама ғалым, әл-Фараби бабамыз да: «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек.

Сапалы білім алып, өмірдегі өз орнын табу – әр саналы адамның асыл мұраты. Сол жолда табандылық, ізгі мінез-құлық сияқты адам баласына тән қасиеттерге негізделген тәрбиенің маңызы ұшан теңіз. Тәрбиені адам баласы алдымен өскен отбасынан алса, екіншіден білім алатын оқу орындары, араласатын ортасынан алады. 

Қазіргі кезеңде еліміздің ертеңі жастардың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Бүгінгі таңда педагогика,  психология ғылымдарының өзекті мәселелерінің бірі жеке тұлғаны жетілдіруде, жан-жақты дамытуда, білім беруде, ғылымның соңғы жетістіктерін қолданып, шығармашылық жұмыстарды жасауға қабілетті, дүниеге көзқарасы кең, рухани бай азамат дайындау болып табылады.

Білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар, түрліше кәсіптік бағдарламаларға негізделген жаңа типтегі оқу орындарының пайда болуы болашақ мамандарды даярлау ісіне нақты талаптар қоюда. Қазақстандағы жалпы әлеуметтік, саяси-экономикалық, тәрбие және білім, мәдени деңгейлеріміздің жаңа сатыға көтеріліп,  жаңаша реңге ие болуы, жеке тұлғаны оқыту, білім беру, дамыту жүйесін жақсартуды талап етеді. Ал, осы қадамдарды жүзеге асыратын мамандық иесі ұстаз екенін ескерсек, жақсы мұғалімнің қандай қасиетке ие болуы керектігін атап өткеніміз жөн. Ең алдымен, ол – қай кезде де кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі.

Мұғалім кадрларын кәсіби оқыту жүйесінде педагогикалық практика өте маңызды орын алады. Ол жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие үрдісінің басты бір бөлігі болып табылады да, болашақ мұғалімдердің теориялық дайындығы мен тәжірибе жүзіндегі іс-әрекетін біріктіруін қамтамасыз етеді. Бұл ретте бұрын тәжірибеде болған «Мектеп күнін» өткізуді қайтадан қалпына келтірген жөн. Яғни, педагогикалық оқу орындарының студенттері аптаның бір күнінде толығымен мектепте болып, алдына қойған міндеттерге жетуге біртабан жақындайды.

Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Оқыту үрдісін басқарудың педагогикалық-психологиялық мәселелерін анықтауда педагог пен оқушылардың арасындағы қарым-қатынастарды ұйымдастыру мұғалімнің теориялық білімінің болуын қажет етеді.

XXI ғасырдың басындағы қазіргі қоғам тез қарқында дамып қана қоймай, өз даму үрдісімен барлық саланы жандандыруда. Соған байланысты қоғамның әр саласында түрлі мақсаттар қойылып, оларды шешуге арналған міндеттер аталуда. Білім беру саласы да ондай өзгерістерден шет қалған жоқ. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім, бастауыш мектеп, орта мектеп, жоғары білім беруде оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдіс-тәсілдері, технологиялары анықталып, жеке тұлғаны қалыптастырудың жаңарған, ақпаратты ағымы қуатты, жоғары технологиялық қоғамға сай модельдері жасалуда.

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы шешуші факторлардың бірі – тәрбие. Тәрбие – өсіп келе жатқан жас ұрпақты өмірге даярлаудың барлық жағын қамтитын, жеке тұлғаны ғасырлар бойы жиналған адамзат тарихындағы тәжірибені игертіп, біліммен жарақтандыруға бағытталған қоғамның талап-тілегіне тәуелді күрделі үрдіс. Бізге бұрыннан белгілі болып келген тәрбиенің ұйымдастырушылары: отбасы – ата-ана, балабақша – тәрбиеші, мектеп – мұғалім.

Жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпал ететін тұлға, мұғалім – тәрбие көзі. Жоғарыда аталып кеткен қасиеттерге ие тұлғаны қалыптастыру үшін мұғалімнің кәсіби қасиеттері, икемділіктері жаңаша қырынан сипат алуы керек деген ой туады. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі мәселесіне баса назар аудару керек. Ол – жеке тұлғаның кәсіби іс-әрекетті атқаруға теориялық және практикалық әзірлігі мен қабілеттілігінің бірлігі. Яғни, мұғалімнің білім-білік, дағдылары, өз мамандығына қатысты білімдер жүйесі, жұмыс істеу шеберлігі, мәдениеті, психологиялық қасиеттері, қарым-қатынас стилі, жеке әдебін жатқызамыз.

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады.

Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп.

Бастауыш саты білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алумен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Сондықтан, оның сипаты мен мазмұны, оқытудың әдістері мен формалары қазіргі жағдайда жан-жақты талданып отыр. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. Оқушының рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі. Бастауыш мектептің негізгі міндеті жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Ендеше, осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға  — ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады.

Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу — әрбір ұстаздың борышы. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, мұғалім олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру — мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Төменгі сынып оқушылары үшін мұғалім – олардың еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да, жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады.

Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен міндеттері оқушыларды әлемдік даму деңгейіне сәйкес келетін белгілі бір біліммен қаруландыруды және ұлттық сана-сезімін тәрбиелеуді көздейді.

WWW.AQ-QARA.KZ

Оқылды 113 рет