Бейсенбі, 11 Шілде 2024 10:50

Түркістанда өткен шахмат турниріне 40 оқушы қатысты

Түркістанда шахматтан ашық аспан астында біріншілік өтті. Сайысқа шахмат үйірмесінің 2-3 санаттағы жас спортшылары қатысты. Жалпы интеллектуалды ойында 40 оқушы бақ сынады.

Жас шахматшыларды төрешілер алқасы қадағалады. Айта кетейік, таза ауада, яғни, «Жеңіс» саябағында өткен шахмат жарысын Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы ұйымдастырды.

Турнирдің мақсаты – жас шахматшылардың шеберліктерін шыңдап, жаздық демалыс уақытында оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған қатысушылар анықталып, арнайы марапатталды.

Шахмат – бұл спорт, ғылым әрі өнер. Егер шахматшы жарысқа қатысып, жетістікке жетсе, онда бұл ойынның спорттық көрінісі. Егер ойын барысында тың ойлар туындап, ерекше жүрістер болса, бұл – өнер. Ал шахматшы ойынға дайындық барысында шахмат жүйесінің теорияларына зерттеу жүргізіп, жаңа жоспар мен идея ойлап тапса және осыны шынайы ойында жүзеге асыра білсе, бұл шахматтың ғылыми тұрғысы.

Шахмат ойнауды кез келген адам және кез келген жасында үйрене алады. Мысалы әлем чемпиондарының бірі Анатолий Карпов шахмат ойнауды 4 жасында үйренген. Ал небары 13 жасында осы Карповты жеңген қазақ шахматшы қызы Жансая Әбдімәлік 8 жасында-ақ әлем чемпионы атанып үлгерген еді. Қазіргі кезде көптеген бала жеті-сегіз, кейде бес жасынан бастап шахматпен әуестене бастайды.

Әрине, әр адамның әлемді қабылдауы әртүрлі. Бірі тез түсініп, есте сақтап алатын болса, енді бірі ақырын жүріп анық басады. Алайда бала бойындағы жеткіліксіз қасиеттерді осы дана ойын арқылы сіңіруге болады. Шахматпен айналысу адамның біршама тұлғалық қырын жетілдіреді.

Шахмат ойнап жаттыққанда логикалық және түйсіктік ойлау қабілеті дамиды, ұзақмерзімді және қысқауақыттық есте сақтау қабілеті, ойды шоғырландыру қасиеті жетіледі. Ойын басырында шешім қабылдауда ерік, шешімшілдік, эмоциялық ұстамдылық қалыптасады.

Шахмат уақытты бағалай білуге, төзімділікке, өтірік пен шындыққа тура қарауға үйретеді. Тек қарсыласыңа ғана емес, өз-өзіңе де сыни тұрғыдан қарай бастайсың. Ол мектепте тапсырмаларды жақсы орындауға ғана емес, баланың өзін ұстай білуіне, өз әрекеттерін басқарып, жинақталуға септігі тиеді.

Сондай-ақ шахмат ойыны балаға ересек өмірде міндетті түрде қажет болатын қабілеттерді қалыптастыруға көмектеседі. Шахматтың балаға 5 пайдасын ұсынамыз.

1. Жағдайды жан-жақты көре алу

Жақсы шахматшы бірнеше қадам алға ойлап, қарсыласының қалай жүретінін біліп отырады. Әлемге әртүрлі бұрыштан қарай білу қабілеті баланың басқа адамдармен жылдам ортақ тіл табысуына және оларды жақсы түсінуіне көмектеседі. Шахматта қарсыласын аса құрметтеу, өз эмоцияларын ұстай алу және абыроймен жеңілу маңызды. Бұл қасиеттердің тек ойында емес, жалпы өмірде жоғары бағаланатынын білеміз.

2. Жақсы есте сақтау

Шахмат ойнау үшін көптеген комбинацияларды жаттап, есте сақтау керек. Мысалы, бес қадам бұрын тақтадағы пішіндердің қалай орналасқанын ұмытпау керек. Бұл есте сақтаудың барлық түрлерін, бірақ, әсіресе, визуалды түрін дамытады. Мұндай қабілеттің медицина, бағдарламалау немесе хореографияға қызығатын балаларға қажет болатыны анық.

3. Логика

Шахматта барлығы қадамдардың нақты реттілігі мен анализге негізделген. Ойыншы тақтада не болып жатқанын бақылап қана отырмай, шешімдер қабылдап және өз стратегиясын түзеп отыруы керек. Сондықтан шахматта еш нәрсе ойланбастан және тәуекелмен жасалынбайды. Балаға логикалық ойлау түрлі өмірлік міндеттерді шешу үшін қажет. Мысалы: өз күнін жоспарлау, шешім қабылдау, дұрыс сұрақ қою және т.б.

4. Зейін қою

Атлеттер, суретшілер, музыканттар және шахматшылардың суреттеуінше, олар мәселеге зейін қойғанда уақыт баяулап, сол сәтке қатысы жоқтың барлығы жоқ болып кетеді екен. Бұл қабілет балаларға, әсіресе, мектеп қабырғасында аса қажет. Қандай да бір есепті шешуге немесе сұраққа жауап табуға зейінін қоя алу қабілеті баланың ұйымшыл әрі жауапты болуына көмектеседі.

5. Креативті ойлау

Шахматшылар қадамдары мен комбинацияларын жақсы жоспарлап қана қоймай, кенеттен өз жоспарын өзгерте де алады. Ал бұл оның креативті ойлауын көрсетеді. Шахмат ойнау баланың нақты проблеманы шешуге ғана емес, жылпы өзін және қоршаған ортаны жақсырақ түсінуіне көмектеседі.

Жалпы білім берудің заманауи тұжырымдамасы баланың жеке тұлғалық дамуын, оның шығармашылық қабілеттіліктерін қалыптастыруды, жеке қасиеттерін тәрбиелеу идеяларын жоғары қоюда. Осының барлығы шахмат ойындарын үйретуде белгілі бір дәрежеде қалыптасады. Егер осы уақытқа дейін ғалымдардың басты назары мектеп жасындағылардың қабілеттіліктері мен әрбір қажетті білімді және шеберлікті қалай меңгеруінде болса, ал енді жағдай түбегейлі түрде өзгерді. Қазіргі заман талабына сай, мұнда "ақпараттық үрдіс" айтарлықтай мәнге ие болды. Бұл бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарымен, танымал әлем арналарында күні бойы берілетін балалардың ақыл-ойына әсер ететін түрлі бағдарламалармен байланысты. Қазіргі күрделі әлемді түсіну үшін бүгінде басым көпшілігі 3-4 жастағы балаларды жан-жақты интеллектуалды дамытуды қолға алуда.

Шахмат – бұл тек ойын емес, балаларға көп қуаныш, ләззат сыйлайтын, ой санасының жетілуіне өте пайдалы құрал. Шахмат ойынын оқытудың бастапқы даму үдерісі балалардың даму қабілеттіліктеріне деген кеңістікті қалыптастыру (бұл мектеп үшін аса маңызды), аналитикалық-синтездік қызметті, бағдарлау зейінін, ой-пікір қорытындысын қалыптастырып, баланы есінде сақтауға, салыстыруға, жинақтауға, өз қызметінің нәтижесін алдын ала болжауға, қажымаушылық, зейінділік, шыдамдылық, дербестік, икемділік, жинақылық, тапқырлық және т.б сияқты бағалы қасиеттерді қалыптастыруға үйретеді және көмектеседі. Балалардың шығармашылық элементтерін енгізу үшін, олардың қазіргі шығармашылық білімінің даму деңгейін әзірлеп, өз білімін меңгеру керек. «Мектепке дейінгі» қызмет түрлерінің құрылуы мектепке дейінгі балаларға тән қажетті және қызықты болуы тиіс, ал бұл сабақты қолдануда балаларды қызықтыратындай мәнді болуға міндетті. Нақты әрекет – балалармен қоршаған әлемді тану әдісі. Егер біз баланың бірдеңені байыпты меңгергенін қалайтын болсақ, онда біз баланың өзінің қызметін іске асыруымыз керек. 3-жастан бастап ойын әрекеті жүргізілетін болады, бұл біздің мақсатымыз үшін маңызды. Алайда, мектепке дейінгі жастағы балалармен шахматтық сабақтар өткізудің тұтас әдістемесі Ресейде де, басқа да шет елдерде жоқ екендігін ескерген жөн.

Шахмат ойыны бүгінде біршама елде танымал. Бұл спорт түрі жыл өткен сайын шахматшылар қатарын көбейтіп келеді. Психологтердің айтуынша, адамның есте сақтау қабілетін арттырудың бір тәсілі осы шахмат ойыны екен. Тіпті, Әзірбайжан, Армения, Мажарстан, Испания, Мексика, Польша, Түркия және т.т елдерде мектептің бір сабағы болып бекітілген. Ал, Қазақстанда мектеп бағдарламасына кірмесе де, оқушылар шахмат ойынын денешынықтыру сабақтарында ойнайтыны ақиқат.

Ең алғаш бұл ойын 5 ғасырлары Үндістанда пайда болған. Ежелден келе жатқан әңгімелерге сүйенер болсақ, шахматты тұңғыш болып біздің эрамызға дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты-мыс. Бұл ойынның арнаулы тақтасы бар екенін білеміз. Яғни, ол өзара ақ және қара түске боялған бірдей 64 тең шаршыға бөлінген. Оның 32-сі ақ, қалған 32-сі қара түске боялады.

Танымал шахматшылар арасындағы шахматтан жарыс 1575 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ең алғаш сайысқа шыққан ойыншылар – итальяндық Джованни Леонардо да Кутри мен испандық Рун Лапес арасында өткізілген. Бұл айқаста Джованни Кутри жеңіске жеткен екен. Ал алғашқы әлемдік біріншілік 1886 жылы өтеді. Онда бұл ойыннан әлем чемпионы атанған – Урага қаласының тұрғыны Вильгельм Стейниц болды. Сонымен бірге «Шахмат федерациясы» 1924 жылы ұйымдастырылған, бүгінгі күні оның 131 мүшесі бар. Атаулы ұйым 1927 жылдан бастап түрлі додалар өткізіп келеді.

Қазақ елінде шахмат шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болған деседі. Бұған археолог И.Копылов Алматы маңындағы Талғар қалашығына зерттеу жұмыстарын жүргізген кездегі табылған піл сүйектерінен жасалған шахмат фигуралары куә. 1991 жылы КСРО халықтарының Х спартакиадасының бағдарламасы бойынша шахматшылар турнирі Ресейдегі Азов қаласында өткен. Құрамында Э.Сахатова, Г.Сахатова, Л.Тәжиева болды. Сонымен бірге Қазақстанның әйелдер құрамасы жеңіске жеткен Украина құрама командасынан небәрі 0,5 ұпайға ұтылып, күміс медальға ие болған.

Шахмат ойыны туралы түрлі аңыз-әңгіме жетерлік. Соның бірі– Гав және Талханд туралы аңыз. Үнді патшасы Джамхур дүние салғаннан кейін оның екі баласының арасында таққа отыру жөнінде үлкен талас туады. Көп кешікпей патшаның балалары Гав пен Талханд әскер жинап, соғыс ашады. Бұл соғыста Талханд жағы жеңіліске ұшырайды. Оның өзі піл үстінде кенеттен қайтыс болады.

Соғыс аяқталған соң анасы кіші ұлының қайғылы қазасына ашынып, Гавқа «бауырыңды өлімге қалай қидың» деп аналық айып тағады. Гав анасын жұбату үшін және қиян-кескі соғыста ағасына ешкімнің де қару көтермегенін, оның жарақатсыз өлгенін көрсету мақсатымен ел ішіндегі дана-ақылгөй адамдардың бәрін патша сарайына жинайды. Солардың ішінен бір айбынды да дана адам майдан алаңын бейнелейтін тақта жасайды. Оны өзара тең шаршыларға бөліп, тақтаның екі жақ бетіне қару-жарақтары бар әр түсті әскерді бейнелейтін фигураларды тігеді. Шахтар (патша) әскер қатарының орта шенінде, оның қасына шахтың оң қолы-уәзір (ферзь), екі жағына екі піл, пілдердің жанына түйе мінген екі жауынгер (бұл фигура қазір жоқ), оның қатарына екі жауынгер тігіледі. Тақтаның екі жақ шеткі шаршыларына аузынан қанды көбік бұрқыраған екі рух-тұра (ладья) қойылады. Осыдан кейін ол фигураларды кезекпенен жүріп қиян-кескі соғыстың барысында қолбасшылардың өмірін сақтай отырып, қырғынға ұшыраған әскерлерді бейнелеп береді. Міне, Гав жағының тағдыр жаршысы тұраның (ладьяның) жазуы бойынша Талханд дүние салған, яғни шах мат болған. Сонда тақта үстіндегі соғысты және кенже баласының өлімін осылайша көзімен көрген ана қалған өз өмірін азалы жағдайда өткізген екен дейді.

Иә, шахмат ойыны көп ойлану мен шыдамдылықты қажет етеді. Оны көбіне есте сақтау қабілеті жақсы бала түгілі, ересек адамның өзі жадында сақтап қала алмай жатады. Себебі бұл – күрделі ойын. Тарихы тереңде жатқан шахматтың бала үшін маңызы жетерлік. Ол баланың логикалық ойлау дағдысын қалыптастырып, өз бетімен шешім қабылдауға үйретеді. Сол үшін ескіден қалған есті ойынды жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа үлгі ете білгеніміз жөн.

Спорттың бірінші кезектегі мақсаты өзіндік «Меніңді» көрсету, үздік нәтиже мен белестерді бағындыру. Мұнда физикалық, интеллектуалдық деңгейі, жаттығулар, өз-өзіңді басқару мен, әрине, эмоционалдық тұрақтылық сынға түседі. Мұндай мінездемелер шахматқа да сай. Алайда көптеген адамның пікірінше, шахмат спортқа жатпайды. Десе де, шахмат 100-ден аса мемлекетте спорт түрі болып қабылданған, ал халықаралық олимпиада комитеті шахматты спорт түрі ретінде ресми түрде 1999 жылы мойындады. Алайда ол кезде де шахмат олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмеген болатын.

Олимпиадаға кірмеген бұл жалғыз спорт түрі емес. Мұндай шараларға интеллектуалдық ойындар өтеді. Көптеген адам спорт міндетті түрде физикалық белсенділік пен өз-өзіңді жетілдіруден тұру керек деп есептейді. Кәсіби спортшылар ой өрісі тар, ақылсыз адамдар деген пікірлер де бар. Тәжірибеге сүйенсек бәрі керісінше екенін айту керек – интеллектуалды дамыған адамдар ғана үздік нәтиже көрсете алады. Спорттың барлық түрі физикалық күш пен ептілікті қажет етпейді. 

Шахмат шығармашылық ой-өрісті, интеллектті дамытып, есте сақтауды жақсартады. Мұнда дұрыс шешім мен оған жауапты дұрыс қабылдау маңызды болып саналады. Бұл спорт түрінде айқасқа тікелей әсер ететін тактикалық ойлау басты фактор болып саналады. Бұдан өзге шахматшының физикалық дайындығы да мықты болуы тиіс. Физикалық әлсіз адам көп уақыт бойы отырып жаттығу жасай алмайды. Және ең соңғысы – бұл еңбекқорлық, жинақылық пен табандылық. Себебі жарыстарға дербес жаттығу қажет болады. Демек, кезекті жеңісте психологиялық икемделу маңызды роль атқарады, әсіресе, егер қарсыластардың шеберлігі тең дәрежеде болса.

WWW.AQ-QARA.KZ

Оқылды 136 рет