Сейсенбі, 01 Қазан 2024 19:47

Түркістан қаласы: ғасыр жасаған ұстазды «Мұғалімдер күні» мерекесімен құттықтады

Ибрагимова Гулсин әжеміз қаламыздағы ғана емес, облысымыздағы ең көп өмір сүрген ұлағатты ұстаздардың бірі. Бірі кем бір ғасырдың жүзін көрген ұстазымыз 1944 жылдан бастап Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектепте биология және еңбек пәнінің мұғалімі болып 44 жыл үздіксіз еңбек еткен.

Гулсин әжеміз өмірлік жолдасы Тажимухаммад Ибрагимовпен бірге үлкен ұстаздар династиясын жаратқан отбасы иелері. Кеңестік кезеңнен көпке танылып, түркістандықтардың мақтан тұтар педагогтары болған отбасы иелерінен тәрбие алған ұрпақтары да осы кәсіпті иеленіп, қазіргі таңда да педагогикалық қызметті абыроймен атқарып келеді.

Бүгін Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы бір ғасырдың жүзін көрген, ұстаздар отбасының бәйтерегі атанған Гулсим апамыздың отбасында болып, «Мұғалімдер күні» мерекесімен құттықтады. Көпті көрген әже өзі қызмет еткен жылдарды еске алып, естеліктерімен бөлісті. Бұрынғы қиын-қыстау замандағы ағартушылық жұмыс пен қазіргі білім беру саласын салыстыра отырып, бүгінгі ұстаздарға жасалған жағдайларды жоғары бағалады. Өз кезегінде Оразкүл Шайхықызы ұлағатты ұстаздың атқарған ағартушылық жұмыстарына ризашылығын білдіріп, оның еңбек жолы кейінгі буын педагогтарға өнеге екендігін тілге алды. Сонымен қатар, мерекелік сый-сияпаттарын тапсырып, алдағы жылдың алғашқы күні 100 жасты қарсы алатын ардақты әженің ақ батасын алды.

Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.

Мұғалімдер күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді. Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді. Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады.

Мектептің жүрегі – ұстаз. Ол бір ұлтты, тұтас халықты тәрбиелейтін ұлы тұлға. Ұстаздық — мамандық атаулының төресі. Олай дейтін себебіміз, кез келген адам шәкірт бола алады, бірақ кез келген адам ұстаз бола алмайды. Ұлы мамандық иелері ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған, олардың алдында небір тұлғалар, тіпті бүкіл адамзат бас иген. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тәмсіл бар. Бұл бекер айтылмаса керек-ті. Себебі ұстаздың қадірі қай заманда да асқақ. Ұстаздың оқушыға сіңірген еңбегі де ерен. Сондықтан жастар арасында педагог мамандығын таңдаушылар жыл сайын көбейе түсуде. Бұл қуанарлық жаңалық. Бұл өзара бәсекелестік үшін де таптырмас мүмкіндік.  

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың мына сөзі болашақ педагогтерге үгіт-насихат. Педагог мамандығының танымалдығын арттыруға себесін болар қағидат.  «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» деген Байтұрсынұлы Ахмет атамыздың сөзі өмірін біліммен сабақтастырған әр жанның көкейінде тұрары сөзсіз.

Бұл өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар: бірі өмірлік жары болса, екіншісі – мамандығы. Мамандық – әрбір адамның сүйіп әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығына құрметпен қарауы керек. Олай дейтініміз, мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен қатар әр мамандықтың өз ерекшеліктері де бар. Ізгі мамандықтардың қатарындағы педагог баланы оқытып-тәрбиелеп, елін көркейтер азамат етеді. Педагогика сонысымен құнды, сонысымен ардақты.

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға  бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.

Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.  Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мұғалімдердің еншісінде.

Болашағымыздың баянды болуына үлкен үлес қосатын, жолымызды жалғастыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Ал мектеп табалдырығын аттаған әр оқушының ертеңгі күніне артылатын үміт пен сенім мол. Мұғалімдер болса, солардың ертеңгі күнін ойлап. жаңа дағдылардан пайдаланып, ерінбей еңбек етіп ізденісте жүреді.

Мұғалім-мәртебелі мамандық. Ахмет Байтұрсынұлы: Мұғалім мектептің жүрегі деп, бекерден-бекер айтпаған. Мектеп қабырғасында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беретін ұлағатты ұстаздарымызға қойылатын талап пен артылатын жүктің салмағы ауыр!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 67 рет