Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін ҚР АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады.
Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қазіргі таңда шаһардағы «Ақылды қала» жобасы бірнеше бағытта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Олардың арасында орта білім беру саласы да бар.
Бұл саладағы бір жаңалық, Шымкенттегі балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Ата-аналар арнайы порталдан білім ошағының педагогикалық құрамымен, сыныптағы оқушылар санымен, сабақ оқыту тілімен, мектептің рейтингімен, бар болса, жағымсыз факторлармен және басқа да көптеген мәліметтермен таныса алады. Қазіргі таңда бұл жүйе Шымкенттің барлық мектебіне енгізілді және өз нәтижесін беруде.
– Бұған қоса 128 мектепте электронды журнал және «Күнделік» жүйесі енгізілген. Мобильді қосымшаны енгізу «мектеп – ата-ана – оқушы» байланысын түзіп, ата-аналардың бақылауын күшейтуге, олардың сабақ процесіне белсене араласуына мүмкіндік берді, - деді Ғ.Әбдірахымов.
Соның нәтижесінде оқушылардың мектепке себепсіз келмеуі мен сабаққа себепсіз қатыспауы 90%-ға, балалар арасындағы құқық бұзушылық 75%-ға азайды, оқушылардың сабақ үлгерімі жақсарды.
Шымкенттегі білім беру саласын цифрландырудың тағы бір жобасы – мұғалімдерді автоматты түрде қабылдау жүйесі. Үміткерлер веб-сайтқа онлайн-өтініш беріп қана қоймай, ашық конкурстан өту мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде арыз-шағымдар 90%-ға азайды, педагогикалық құрамның сапасы жақсарды, сыбайластық тәуекелдер жойылды. Мысалы, бүгінгі таңға дейін 2 409 өтініш қабылданып, 1063 онлайн-конкурс өткізілді, соның қорытындысы бойынша 780 маман жұмысқа қабылданды.
Қазіргі таңда бұл жүйені техникалық персоналды да жұмысқа қабылдау бойынша да дамыту жұмысы атқарылуда.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.