Сейсенбі, 10 Қараша 2026 12:21

Түркістанда тіл мәртебесін ұлықтауға арналған мәдени іс-шара ұйымдастырылды

Түркістан төрінде тілдің қадірін ұлықтап, достық пен бірлікті дәріптеген тағылымды іс-шара өтті. Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мен Түркістан қаласы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Тілім – тұғырым» атты мерекелік мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өткен басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Шараның ашылуында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов құттықтау сөз сөйлеп, тілге құрмет – елге құрмет екенін атап өтті. Мерекелік бағдарлама барысында жастар қазақ тілінің қасиеті мен қадірін жырлаған Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі», Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым», Мұзафар Әлімбаевтың «Ана тілі», Қадыр Мырза Әлидің «Ана тілің – арың бұл» шығармаларын мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер өкілдері ана тілін сақтау мен дамыту, тіл әралуандығы және көптілді қоғамдағы өзара құрметтің маңызы жөнінде ой бөлісті. Шараның көркемдік бөлігінде «Самғау» тобының «Өрлеу» биі, Жазира Сабированың «Қазақстаным» әні, «Достық» дуэтінің «Қардошлар» әні, «Карабах» ән тобының қазақ және әзірбайжан тілдеріндегі «Жаса, менің халқым» әні және түрік тіліндегі музыкалық шығармалар орындалды. Мерекелік шара аясында тілдерді дамыту мен насихаттауға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосып жүрген азаматтар Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі және Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының атынан Алғыс хаттарымен марапатталды.

Тіл әрбір ұлттың ұлт, елдің ел болып қалыптастырушы және жасаушы факторы. Ешқашан ұмытылмайтын ерен ерліктің айғағы, ертеңгі күнімізді айқындаушы, яғни кешегіміз, бүгініміз, ертеңіміз. Адамды жануарлардан ерекшелейтін және адам ететін ең бірінші Отанына, халқына және тіліне деген өшпес махаббаты. Әр халықтың өзінің ана тілі бар.Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Тіл арқылы салт-дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді, қолөнерімізді де сақтап, келесі ұрпаққа бере аламыз.

1989 жылы алғаш рет «Тіл туралы» заң қабылданғаннан кейін халқымыздың және өзге ұлт өкілдері арасында ана тілімізге күрт бетбұрыс болып, балаларды қазақша балабақшалар мен мектептерге беру едәуір белең алғаны мәлім. Еліміздің алғашқы президенті Назарбаев келешек жастардікі деп үлкен сенім артқан еді. Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі – тіл мәртебесі. Тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»,- деген болатын.

Қай қоғамда да тіл мәселесі өзекті мәселе болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қандастарымыз үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда өзге тілде сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері өзге тілде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Шынында қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жәйт. Басты кемшілігіміз – осы.Қазіргі таңда елімізде қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданып келеді. Еліміздегі ірі қалаларда орыс тілінің басымдылығы бар екені жасырын емес. Біз бұл көрсеткішті көтеру үшін әр қайсымыз ана тілімізде сөйлеп, ана тілінде қарым-қатынас жасауымыз керек. БАҚ құралдары мен қоғамдық орындағы іс-шаралар қазақ тілінде өтер болса, тілімізге сұраныс артар еді.

Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетіп жатыр. Ал ХХІ ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін билік те, халық та басты құндылығын дәріптеп, өз шыңында ұстап тұруға атсалысу қажет. Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады

Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстан азаматтарының міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді менсінбеушілік, сыйламаушылық және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да іс-әрекет жасаған азаматтар мен ұйымдар мемлекеттік мекемелер заң бойынша жауапқа тартылады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Тіл – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Адамды биікке көтеретін ана тілі мен ата дәстүрі. Ана сүтімен бойымызға дарыған өз тіліміз біз үшін қашан да жоғары орында тұрмақ. Қанша тіл үйреніп, ой-санамызды кеңге өрістетсек те, өз тілімізді ұмыту мүмкін емес. Келешек жас буынға да осы үштілділікті үлгі етіп қалдырайық. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін есте сақтағанымыз абзал.

«Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшінде қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт-дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың  ұлт болуы үшін бірінші шарт — тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» — деген қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың сөзі бар. Мемлекеттік тіліміз – Тәуелсіз еліміздің тұтқасы. Неліктен…Себебі қазақ елінің есігін ашпақ болсаң, тілін де біл – тұтқасынан ұста. Адамды қоршаған ортамен ұштастырып, азамат ретінде қалыптасуының негізі – тіл. Демек, ұлт тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің тілі, салт-санасы, мәдениеті жоқ ел мемлекет болып қалыптаспайтыны белгілі.

Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын айрықша қатынас құралы. Конституциямызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғаны баршамызға аян. Мемлекеттік тілді сақтап, дамыту мемлекет тұрақтылығының, тәуелсіздігінің бір кепілі. «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», — деп еліміздің президенті Қасымжомарт Кемелұлы бір сұхбатында айтқаны бар. Мемлекеттік тіл мәселесі – ұлттың мәселесі. Қазір еліміздегі өзге ұлт өкілдері былай тұрсын, орыстанған қазақтарды көріп іштей ашынасың. Қазақ пен қазақтың қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз нәрсе. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, баршамыздың ортақ тіліміз. Еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекеттерінің, қарым-қатынасының құралы болуы қажет, тіл мәртебесін аспандату әрбіріміздің парызымыз.

Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу маңызы зор құбылыс. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің ауқымын кеңейтуге, дамуына ықпал ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тілді насихаттауда, үйретуде озық әдістемелер кеңінен жасалуы қажет. Ең бастысы, қазір қазақстандықтар тарапынан мемлекеттік тілді қолдау және дамыту бағытында барынша жұмыстар атқарылып, жан-жақты қамтылғаны абзал. Тіл тағдырына деген жеке адам ретінде жанашырлығымызбен қамқорлығымыз артуы тиіс. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп, оқытып жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз. Өз тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Қазақстан – әлемдегі ең мықты елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек. Еліміздің тілін ұлықтап мәртебесін бірге арттырайық.

Тіл – әрбір халықтың мәдениетінің, тарихының және ұлттық идентификациясының негізі. Тіл мәртебесі – бұл тек тілдің қолданылу аясын ғана емес, сонымен қатар оның қоғамдағы рөлін, мемлекеттік саясаттағы орнын, білім беру жүйесіндегі маңыздылығын білдіреді. Қазақстан Республикасында тіл мәртебесі мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді, себебі еліміз көпұлтты және көптілді мемлекет.Тіл – коммуникация құралы, халықтың бірлігін сақтаушы, мәдениеттің сақтаушысы. Тіл арқылы біз өткенімізді, болашағымызды түсінеміз. Қазақ тілінің мәртебесі еліміздің тәуелсіздігімен тікелей байланысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ресми мәртебе алды. Бұл – қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға, ұлттық сана-сезімді көтеруге мүмкіндік берді.

Қазақстанда тіл саясатының негізгі бағыттарының бірі – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту. Мемлекет тарапынан қазақ тілін оқыту, насихаттау және дамыту үшін түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – қазақ тілін ғылым, білім, мәдениет және экономика салаларында кеңінен қолдану.
Білім беру жүйесінде тіл мәртебесі ерекше орын алады. Мектептерде қазақ тілінде білім беру, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқыту – бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің маңызды аспектілері. Тіл үйрену курстары, әдебиет пен мәдениетті насихаттау арқылы жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру қажет.

Тілдің мәртебесі мәдениет саласында да көрініс табады. Қазақ әдебиеті, музыкасы, өнері – барлығы да қазақ тілінде дамып, өркендеуі тиіс. Телевидение, радио, интернет сияқты ақпараттық құралдарда қазақ тіліндегі контенттің көбеюі – тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін арттырады.Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілдің дамуы мен қолданылуы халықтың мәдениеті мен ұлттық идентификациясын нығайтады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың міндеті. Тек бірлесіп жұмыс істегенде ғана біз өз тілімізді дамытып, еліміздің мерейін арттыра аламыз. Тіл – біздің байлығымыз, оны қорғап, дамыту – біздің парызымыз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 19 рет