Киелі шаһарда Түркістан және Жезқазған қалаларының зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерінің кездесуі өтті. Басқосуға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, ардагерлерге арнайы сөз сөйлеп, ақжарма тілегін білдірді. Қонақтарға Түркістан қаласына қош келдіңіздер айтып, аға буын өкілдерінің елдің қоғамдық-рухани өміріндегі маңызды рөлін атап өтті. Кездесу барысында қос өңірдің ардагерлері ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, кейінгі ұрпаққа тағылымды тәрбие беру бағытындағы ортақ бастамалар жөнінде пікір алмасты. Жезқазғандық ардагерлер Түркістанның тарихи-мәдени нысандарын аралап, қаланың рухани келбетімен, тарихи мұрасымен және мәдени тыныс-тіршілігімен танысты.
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, тарихы терең, тағылымы мол қасиетті мекен. Ұлы дала өркениетінің алтын бесігіне айналған бұл шаһарға табан тіреген әрбір жан оның бай тарихынан, сәулетті ескерткіштерінен, ұлттық құндылықтары мен рухани мұрасынан ерекше әсер алады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Жезқазған қаласынан келген ардагерлер тобы да киелі Түркістанға сапарлап, өңірдің мәдениетімен, тарихымен және рухани өмірімен жақынырақ танысты.
Бұл сапардың басты мақсаты – еліміздің тарихи-мәдени мұраларын кеңінен насихаттау, аға буын өкілдерінің рухани тынығуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ өңірлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту. Өйткені туған жердің тарихын тану, елдің өткені мен бүгінін бағамдау, ұлттың рухани құндылықтарына құрметпен қарау – қай буын үшін де маңызды міндет. Жезқазғандық ардагерлерді Түркістанның тарихи келбеті мен ерекше тыныс-тіршілігі бірден баурап алды. Қасиетті шаһардың әрбір көшесі мен сәулетті ғимараты, тарихи орындары мен мәдени нысандары терең тарихтан сыр шертеді. Қонақтар қаладағы көрікті жерлерді аралап, өңірдің өткені мен бүгінгі дамуы туралы мол мағлұмат алды.
Сапар барысында ардагерлер үшін ең әсерлі орындардың бірі – күллі түркі жұртының рухани ұстазы, сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бұл бірегей сәулет ескерткіші – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің асыл қазынасы. Кесененің айбынды келбеті, сәулеттік ерекшелігі, тарихи жәдігерлері мен рухани мәні қонақтардың ерекше ықыласын тудырды. Ардагерлер кесене тарихымен танысып, Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен өнегелі мұрасы, оның түркі халықтарының рухани дүниетанымына қосқан үлесі жөнінде мағлұмат алды. Ұлы бабаның адамгершілік, имандылық, ізгілік пен бірлік туралы өсиеттері бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағаны сөз болды. Түркістанға сапар – тек тарихи орындарды аралау ғана емес, сонымен бірге өткенге тағзым етіп, рухани құндылықтарды қайта зерделеуге берілген мүмкіндік. Әсіресе, елдің талай белесін көрген, өмірлік тәжірибесі мол ардагерлер үшін мұндай сапарлардың тәрбиелік әрі тағылымдық маңызы зор.
Қонақтар сондай-ақ Түркістанның заманауи сәулеттік келбетімен, мәдени-туристік нысандарымен де танысты. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан қалада ұлттық нақыш пен заманауи архитектура үйлесім тапқан. Тарихи мұраларды сақтау мен жаңа мәдени кеңістіктерді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар Түркістанның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, оның халықаралық деңгейдегі беделін де нығайта түсуде. Сапар аясында қаладағы мәдени-танымдық нысандарды аралаған ардагерлер өңірдің бай мұрасын дәріптеуге бағытталған жұмыстарға оң бағаларын берді. Олардың айтуынша, Түркістан – әрбір қазақстандықтың барып, тарихын танып, рухани байып қайтуына лайық қасиетті мекен. Мұндай сапарлар ел ішіндегі тарихи орындарға деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыруға да ықпал етеді.
Жезқазған мен Түркістан – еліміздің әр өңірінде орналасқанымен, екеуін де ортақ тарих, ортақ тағдыр және ұлттық рухани құндылықтар байланыстырады. Бірі – Ұлытау өңіріндегі көне кен өндірісі мен дала өркениетінің тарихын бойына жинаған қасиетті өлке болса, екіншісі – түркі дүниесінің рухани орталығы, қазақ хандығының тарихында айрықша орны бар шаһар. Осы екі өңірдің арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және тарихи мұраны бірлесе дәріптеу – ел бірлігін бекемдей түсетін маңызды қадам.
Ардагерлердің Түркістанға сапары осындай ортақ құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Аға буын өкілдері үшін ел аралау, тарихи орындармен танысу, өзге өңірдің тыныс-тіршілігін көру – өмірлік тәжірибені байытып, көңілге қуаныш сыйлайтын ерекше сәттер. Сонымен қатар мұндай кездесулер мен сапарлар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың артуына жол ашады.Ардагерлер – ел тарихының тірі куәгерлері, қоғамның рухани тірегі. Олардың өмір жолы, еңбегі мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі. Сондықтан аға буынның бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, олардың рухани сұранысын қанағаттандыру, тарихи-мәдени орындарға саяхат жасауына жағдай туғызу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Жезқазғандық ардагерлер Түркістан сапарынан ерекше әсер алып, қасиетті қаланың тарихы мен мәдениеті туралы танымдарын кеңейтіп қайтты. Көне шаһардың рухани атмосферасы, тарихи ескерткіштері мен бүгінгі ажарлы келбеті олардың жүрегінде жылы естелік қалдырғаны сөзсіз. Тарихын таныған елдің рухы биік, өткенін құрметтеген ұрпақтың болашағы жарқын. Түркістанға жасалған бұл сапар – тек танымдық саяхат емес, ұлттық мұраны ұлықтау, руханиятқа тағзым ету және ел ішіндегі ынтымақты нығайту жолындағы игі бастамалардың бірі. Осындай тағылымды сапарлар жалғасын тауып, еліміздің әр өңіріндегі мәдени байланыстардың өркендеуіне, аға буынның белсенді өмір салтын ұстануына және ұлттық құндылықтардың кеңінен насихатталуына өз үлесін қоса бермек.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат