ШЫМКЕНТТЕ ТӘЖІКСТАННЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТУДЕ

Бүгін Шымкентте Тәжікстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылаған болатын.

Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Мәдениет күндерінің аясында ұйымдастырылған “Көрме” орталығында өткен Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесіне қатысты.

Кәсіпкерлер қала тұрғындарына 189 тонна жеміс түрлері мен кептірілген жемістерді, 85 тонна бақша өнімдерін, 248 тонна көкөніс өнімдері мен 8 тонна бал ұсынды. Сонымен қатар 13 тонна өнеркәсіп өнімдерінің арасында газды және газсыз, энергетикалық сусындар, шырындар, консервіленген жемістер мен көкөністер, кондитерлік өнімдер бар.

“Бүгінде Тәжікстан Шымкенттің сенімді сауда серіктесі болып табылады. Қаладан көрші еллге өсімдік майлары, минералды тыңайтқыштар, макарон өнімдері, сабын, киім және де басқа тауарлар экспортталады. Экономикалық ынтымақтастық пен сауда қатынастарын кеңейту мақсатында біз инвестициялар мен өзара саудаға қатысты мәселелерді талқылауға дайынбыз.

Бүгінгідей іс-шаралар ортақ келісімдерге жол ашып, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп санаймын.

” – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Шымкентте сыртқы сауда айналымы соңғы 5 жылда 12 млн. АҚШ долларынан 37 млн. АҚШ долларына дейін 3 есе өскен.

ШЫМКЕНТ: АБАЙ КҮНІ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Шымкентте Абай күні тойланды. Абайды ұлт болып ұлықтайтын ерекше мереке Абай саябағындағы хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл мейрам – ұлы Абайдың есімі жүрекке жазылатын күн. Ақын жырларын тебірене оқып, әндерін әуелете салатын күн. Саябақта «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әуеледі. Махаббат пен тағылымға толы өлеңдер де оқылды. Саябаққа жиналған көпшілік Абай мұражайын аралады.

Айтулы мереке қарсаңында қала көлемінде біршама іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның бірі, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі, Опера және балет театры бірлесе, қала тұрғындары арасында «Абай әлемі» байқауын өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған байқауға 150-ге жуық адам қатысты. Қатысуға ниет еткен қала тұрғындары Абай өлеңін, не қара сөзін жатқа оқып, видео түсіріп, ұйымдастырушылардың парақшасына жіберіп отырған. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинаған 20 қатысушы екінші кезеңге өтіп, айтулы жиында әділ-қазылар алдында өнерлерін көрсетті. Байқаудың ең кішкентай қатысушысы 6 жаста екен.

Ең көп қаралым 36000 болған. Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны сүйіп оқитын қала тұрғындарын ынталандыру, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыру болды.

– Халықты білім, еңбек, өнер жолына жетелеген ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау бәріміздің парызымыз. Өмірін жарқын, келешегін кемел еткісі келетін кез келген адам Абай өлеңдерінен нәр алады. Абай күні мерекесі халықтың, әсіресе жастардың жыл сайын асыға күтетін мерекесі болсын лайым, – деді өзінің құттықтау сөзінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өнерпаздарды әділ қазылар бағалап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстады.

 

 

ШЫМКЕНТ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ 40-ШЫ МАУСЫМЫН ҮЛКЕН ЖЕТІСТІКПЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мерейтойлық 40-шы маусымын жапты. Өнерпаздар жергілікті режиссер Қ.Исаевтың «Саяхатшы тасбақа» қойылымымен маусымның нүктесін қойды. Мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық қасиеттерінің маңызын дәріптейтін көңілді де тәрбиелік мәні зор қойылым Алматы қаласында өткен Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысып, жоғары бағасын алды. Шығарма кішкентай көрермендерді күлдіре де, мұңайта да алды.

40 жылдық тарихы бар, тамыры терең, тағылымы ұштасқан театр ұжымы қуыршақтар әлемі тек балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған театр екендігін дәлелдеп келеді. Соның бір дәлелі театр биыл 17 760 көрерменге 200-ден аса қойылым ұсынған. Соның алтауы жаңа премьера.

Түрлі елдердің қуыршақ өнерінің арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сияқты елдермен қатар отандық қуыршақ театрлары үздік туындыларын ұсынған.

– Бұл фестивальдің өзіндік ерекшелігі де болды. Мұнда арнайы номинация жеңімпаздарын Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» жанынан құрылған театр студиясының алғашқы түлектері, яғни балалар анықтады. Олар – 7 мен 14 жас аралығындағы өнерпаздар. Нәтижесінде Қазақстанның қуыршақ театры әлемдік ұжымдармен достық қарым-қатынас орнатып, өнер кеңістігінде тәжірибе алмасты. Жалпы қуыршақ театрының басты көрермені – балалар. Театрға келген баланың болашағы баянды, келешегі кемел болады. Өйткені қойылымдар оларды отансүйгіштікке, бір-бірін құрметтеуге, адамдарды жақсы көруге, табиғатты аялауға үйретеді, – дейді театр басшысы.

Театрдың келесі маусымға жоспары көп. Түрлі фестивальдерден шабыт пен серпіліс алған тетар ұжымы алдағы маусымда классикалық шығармалар қоюды жөн көріпті. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және Гауфтың «Карлик носына» дайындық басталып та кеткен.

ШЫМКЕНТТЕ КӨНЕ ҚОРЫМНЫҢ ОРНЫН ТАБЫЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе Ордабасы ауданы Қараспан ауылы маңындағы ежелгі Қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты.

Қорым құрылым көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі 4 метрге жетеді, жерлеу камерасының тереңдігі 5,2 метрді құрайды. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарын алған археологтар бұл отбасылық қорым болған деген болжамын білдіруде. Жүргізілген ғылыми зерттеулер қорымдағы ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі осыдан 2 мың жыл бұрын жерленген деген дәйекті дәлелелдерді көрсетуде. Қорымнан қыш құмыралар, әшекейлер, әйелдердің боянуына арналған сүрме және спираль тәрізді алтын сырға мен моншақ табылып отыр. Бұл заттар – сол дәуірдегі қаңлы тайпасының ауқатты өмір сүргендігін айғақтайды дейді археологтар.

Оңтүстік–шежірелі тарихымен дараланған өңір. Қасиетті топырақтан ежелгі қоныс орындарының ізі, көне бекіністердің орны табылып, қазақ даласында салтанат құрған мәдениеттер мен өркениеттер жайлы бірегей мағлұматтар осы өңірден жинақталуда. Қазақстанның құрметті археологы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Николай Павлович Подушкиннің жетекшілігімен құрылған археологиялық жасақ Арыс өзені аңғарындағы Қарауылтөбе, Төрткүлтөбенің ертедегі отырықшы қоныстарында, Шымкент, Отырар төбе қалашықтарында, Біркөлік қонысында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, көне дәуір мәдениетінің ғасырлар бойғы сырын ашуда. Тарихи жәдігерлердің табылуына ОҚМПУ-дің тарих факультеті студенттері белсене атсалысып келеді.

Бүгінде жасақ жұмысын жалғаған атақты ғалымның ұлы – Александр Николаевич Подушкин тарих факультеті студенттерінің археологиялық практикасының жетекшісі атанды. А.Н.Подушкиннің басшылығымен I–IV ғасырға тиесілі Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде сенсациялық жәдігерлер табылып отыр. Ежелгі Иран тілінің диалектісіне жататын арамей жазбасы күйдірілген лай тақтайшаларының фрагменттерінен табылды. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болды.

ШЫМКЕНТТЕ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Осы датаға орай Арбат алаңына жиналған шымкенттік жастар «Домбыра party» ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән мен тәтті күй сыйлады. 50-ге жуық жас күйші Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалардың күйін шертіп, қазақтың рухын асқақтатар асыл қазынамызды дәріптеді. Игілігі мол бастаманы қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және «Мирас» қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырып отыр.

–«Аманат» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында домбыра күніне орай, «Домбыра party» іс-шарасын осымен үшінші рет өткізіп жатырмыз. Алғашқы жылы 20 қатысушымен бастаған едік, бүгін мінекей олардың қатары 50-ге жетті. Әлеуметтік желідегі хабарландыруды көрген жастар әлі де қатысуға ниет білдіріп жатыр. Қазір мектеп оқушылары, жоғары оқу орны мен «Саз» колледжінің студенттері және ерікті жастар еркін форматта өнер көрсетуде. Бүгінгі мерекелік іс-шара кешке дейін жалғасады. Қасиетті ұлттық аспабымызды құрметтейтін әр бір жас бүгін осында келіп, өнерін паш етуіне болады, - деді «Жастар рухы» жастар қанатының кеңесшісі Абай Сырлыбаев.

Бүгінгі патиде қаладағы №56 мектептің оқушысы Аружан Мият Күмісбек Кенжеғалиевтің «Өмір жолы» атты күйін тарту етті. Жас күйші 4 жылдан бері мектеп жанындағы домбыра үйірмесіне қатысып, өнер бәйгелерінде топ жарған екен.

–Бұған дейінгі ұйымдастырылған домбыра-патидың барлығына қатысып келдім. Өзім білетін 8 күйдің ішіндегі сүйіп орындайтын «Өмір жолы» күйін орындап шықтым. Осындай домбыра тартатын іс-шараларда өнер көрсеткенді ұнатамын, - дейді жас күйші.

Қаладағы «Саз» колледжінің түлегі Абылайхан Нұрқұл да жыл сайын өтетін домбыра патидің белсенді қатысушысы. Домбырамен 20-дан аса күйді жетік меңгерген ол бүгінгі мерекеде өз өнерімен тыңдармандардың ықыласына бөленді.

–Ұлттық домбыра күнінде қала тұрғындарына Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» мен Құрманғазының «Терісқақпай» күйін орындадым. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ұлттық аспабымыздың қос ішегінен шыққан әр бір күй кез келген қазақтың жүрегінен орын алып, рухын көтерері де сондықтан. Қаламызда осындай ұлттық аспабымызды дәріптейтін іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар, - дейді А.Нұрқұл.

ШЫМКЕНТ: СУРЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН АРТ-КЕҢІСТІК

Шымкентте 19 маусым – Қала күніне орай, Орталық саябақта арт-кеңістігі ашылды. Нысан сурет салу өнерінен сыр шертіп, қала тұрғындары арасында шағырмашылық кластерінің дамуына ықпал етеді. Арнайы кеңістіктің жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов мұндай орындар қалаға аса қажет екенін айтты.

–Суретшілер өз туындысын осы арт-кеңістігі арқылы қала тұрғындарына ұсына алады. Бұл қоғамдық орындарды жаңғырту мен қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастырудың бір түрі. Бүгінгі галерея тек бастамасы ғана. Біз алдағы уақытта үлкен орталық ашу үшін жоба жасап жатырмыз. Онда суретшілер мен қолөнер шеберлері бір орталыққа ұйысып, ұлттық өнеріміздің жаңғыруына, өскелең ұрпаққа ұлттық өнерімізді дәріптеуге қызмет ететін орынға айналады, - деді қала әкімі.

Шабыт пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын арт-кеңістікте суретшілердің жаңа туындылары қойылған. Қылқалам шеберлері арнайы кеңістіктің ашылуы Қазақстан Суретшілер Одағының 90 жылдығына тұспа-тұс келгеніне қуанышты.

–Бүгін қала әкімдігі саябақ жанынан арт-кеңістігін жасақтап, шымкенттік суретшілерге сыйға тартып отыр. Мұндай мерейлі сәт Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойымен қатар келгеніне өте қуаныштымыз. Жалпы, қаламызда 5 жыл алдын 20 суретші болса, бүгінде олардың саны 30-ға жетіпті. Қылқалам шеберлері осы орынға келіп, халыққа өз туындыларын таныстыруға және сатуына болады. Бүгін таңнан бері саябаққа келушілер суреттерді тамашалап, суретшілерге қызықтырған сұрағын қойып, жылы сұхбат құруда. Тұрғындардың өнерімізге деген қызығушылығы қатты таңқалдырды. Арт-кеңістік суретшілерді халыққа бір табан жақындатты, - деді Қазақстан Суретшілер одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов.

Арт-кеңістікке жас дарындылардың өнері де қойылған. Бүгінгі ашылу салтанатында өз туындысын ұсынған 12 жастағы Аделя Шымкенттің көрікті жерлерін қылқаламы арқылы суреттеген.

– Шымкенттің көрікті жерлерін, әсем табиғатын суреттегенді ұнатамын. Бүгінгі көрмеде «Дендросаябақ» атты өз туындымды ұсындым. Алдағы күндері өзге туындыларымды осы көрмеге қоюды жоспарлап отырмын, - дейді жас суретші.

Арт-кеңістікте жас суретшілерге шеберлік сабақтары да ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, бұл орын қаламыздағы жаңа таланттарды ашып, әрбір суретшінің өзін таныта алатын тамаша орынға айналады.

ШЫМКЕНТ: 500-ДЕН АСТАМ ҚУЫРШАҒЫ БАР ТЕАТР

Басқа театрлармен салыстырғанда, қуыршақ театрының іші құпияға толы ғажайып сарай секілді, көпшілік біле бермейтін өзіндік сырлары бар. Сол сырдың бірі, көрерменнің көкейінде жүрген сұрақтың бірі қуыршақтарды кім жасайды, қайда жасайды?

Қуыршақ жасайтын цех екі бөліктен тұрады. Бірі – шеберхана болса, екіншісі – тігінхана. Шеберханада қуыршақтың қаңқасы мен тұрпат-пошымы жасалып шықса, тігінханада қуыршақтың киімдері тігіледі.

Ең алдымен, қуыршақтың эскизі дайындалады. Оны суретшілер мен көркемдік кеңес әзірлейді. Сосын цехта қуыршақтар ерітіліп, күйдіріліп, балқытылып, түрлі химиялық әдістер арқылы жасалып, кейін қуыршақтың бет-жүзі газетті-картон қоспасы арқылы арнайы бетпошымға құйылып формаға келтіріледі, пішіні ермексаздан жасалады.

Бастың формасы қатқан соң, сыртын сылап тазалап, кейін майлайды. Бас формасы бояуға дайын болған кезде эскизге сәйкес боялады. Бәрі қуыршақтың жасалу механизміне байланысты. Бір қуыршақты бір әртіс қана ұстап жүреді деген сөз жоқ, бірнеше әртіс қатар ұстайтын, ойнататын сәттері болады.

Қуыршақтардың арасында ең күрделісі – марионеткалар, яғни, жіп қуыршақтар. Оның 4-тен бастап 44-ке дейін жібі болуы мүмкін. Қасы-көзінен бастап, башпайына дейін қозғалатын қуыршақтар. Бірақ бір қызығы, мұндай күрделі қуыршақты бір ғана әртіс алып жүреді.

Ал, кейде бір қуыршақтың күлгенін, жүргенін, қарағанын, акробатика жасап, шпагатқа отырып, иіліп-бүгілгенін үш адам жүріп жасайды. Бастысы, бірдей жасау керек.

Қуыршақтың түрлері көп. «Марионетка», «ширмовой спектакль», «тростевая кукла», «планшетный», «ростовой» болып аталады.

Осындай дүниелерді жасап шығаратын өз ісінің майталман мамандары, театрда он жылдан аса қызмет жасап келе жатқан Серікбаев Талғат, аз уақытта осы жұмыстың қыр сырын меңгерген Асылбеков Болат, Дүйсенбеков Талғатты ерекше атап өткіміз келеді.

Ал, дайын қуыршақтарды сәндеп, эскизге сәйкес небір киімдер тігіп, апликациялар жасап, сахна ширмаларына дейін дайындап беретін бесаспап тігіншілердің жұмысы.

Биыл Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына 40 жыл толды. Осы уақыт аралығында театр балаларға арнап 150‐ге жуық қойылым қойып, 500‐ден аса қуыршақтар әзірледі. Баланы тәрбиелеудің ең тиімді жолы оны мәдениет ошағына жақындату.

ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Содан бері Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкері кәсіби мерекесін дәл осы күні атап өтеді. Даталы күн Шымкентте де жыл сайын елеусіз қалмайды. Биыл да  мәдениет саңлақтары кәсіби мерекелерін атап өтіп. Құрметке бөленді.

Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиын өтті.

Іс-шара мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелердің далалық көрме таныстырылымымен бастау алды.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов көпшілікті мерекемен құттықтап, шаһарда мәдениет саласында оң өзгерістер бар екенін атап өтті.

— Мегаполис аз уақыттың ішінде мәдениет пен руханияттың ордасына айналды. Қала халқының мәдениетін көтеру бағытында көптеген мәдениет ошақтарын қайта жаңғырттық. Көне де жаңа шаһардың рухани мәдениетін көтеруде, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Басқармаға қарасты 21 мекемеде 2000-ға жуық маман жаңа жобалары арқылы ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге бар күш-жігерін жұмсап келеді, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары. Қуаныш Жұмабекұлы салаға елеулі үлес қосқан қызметкерлерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. Жиында көпшілікке «Оркестрлер шеруі» музыкалық композициясы тарту етілді. Сондай-ақ, «Мәдениетім — мерейім» қаламыздың мәдени-рухани даму бағытына арналған деректі фильм ұсынылды. Еліміздегі мәдениет пен өнер саласындағы біршама ілкімді істер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынғанын атап өту керек. Атап айтқанда «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін жаһанға насихаттау жолында қыруар жұмыс жүзеге асырылып, сапалы нәтижелерге қол жеткізілді. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында қазақ өнері мен мәдениеті әлемді шарлап, Италия, Франция, Түркия, Жапония, Ресей, Қытай сынды ірі елдер қазақтың классикалық музыка өнерінің жауһарлары – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сарадай» шығармаларды төл сараптауда тыңдау мен баға беру бақытына ие болды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрме негізінде ұлтымыздың көне жәдігерлері төрткүл дүние назарына ұсынылды. 2019 жылы бірінші болып «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Татарстан астанасының тұрғындары мен қонақтарына «Қазан Кремлі» мемлекеттік қорық-музейінде таныстырылған болатын. Кейін Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде өткен көрмеде Алтын адаммен бірге Тақсай ханшайымы да көрсетілді. Әлем қазіргі таңда қазақ мәдениетіне біршама қанық. Жас буыннан Димаш Құдайберген, Ержан Максим қатарлы өнерпаздар дүние жүзіне қазақ әнін паш етіп, тыңға түрен сала білді.