Жұма, 15 Қыркүйек 2023 18:39

Сауран ауданында алғаш рет қазақ күресінен турнир өткізілді

Ұлттық спорт - ұлт келбеті. Ауданда ұлттық спорттың беталысы қарқынды. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес алғаш рет қазақ күресінен «Сауран қырандары» турнирі түңлігін түрді.

Ұлттық спортты дамыту бағытында ұйымдастырылған турнирге 100-ге жуық түрлі салмақтағы бозкілемде жауырыны жерге тимеген палуандар қатысты.Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов арнайы қатысып, палуандарға сәттілік тіледі.

-Ұлттық спорт түрлерін жан -жақты дамытуда жоспарлы концепсия жасалып, жүзеге асыру жұмыстары жүргізеліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытудағы іс-шаралар жоспары ауқымды. Сонымен қатар барлық ауылда спорт алаңшалары мен спорт мектептері салынады. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген спортшыларымыздың жағдайын жасау біздің міндет. Бүгін міне алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнирде де спортшыларымыздың белсенділігінің жоғары екенін көріп отырмын. Палуандарға сәттілік тілеймін,- деді Мақсат Асылбекұлы.

Бұл турнирде Шағалық палуандардың жұлдыздары жанлы. 70 кг салмақта Мырзатаев Бақытжан І-орын, Мырзатай Тұрлыбек ІІ-орын, Бұланбай Бағлан ІІІ-орынмен қарсыластарын тізе бүктірді. Шағалық Молдаш Төребек пен Қалмырза Ердәулет түйе палуан атанды. Майданталдық Тұрсынбай Элдар да түйе палуандардың қатарынан көрінді.

Ауданда ұлттық спорттың жанашырлары көп. Бүгінгі турнирде облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов жүлдегерлерге спорттық киімдер мен қаржылай сыйлықтарын табыстады. Қазақ күресін дамытуға бағытталған «Сауран қырандары» турнирі дәстүрлі түрде өтеді деп жоспарлануда.

Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – еш­қандай күрес түрлеріне ұқса­май­ды.  Бүгінгі таңда жүргізі­ліп отырған спорттық-теория­лық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спорты­ның дамуына зор үлес қосты деуге бола­ды. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжіри­бесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне та­ны­мал спорт түрі­нің алғы­шарты­на айна­л­ды. Белбеу арқы­лы бел­десу­дің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не ала­қаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диа­пазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыра­тын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар.

Біз, қазақ халқы жоғарыдағы белбеу арқылы күресудің негізін салған жұрттың біріміз. Бұған мынадай мысалдарды келтіруге болады. Көшпелілер күресінің бас­ты қағидасы – әділеттілік болған. Жеңім­пазды анықтау көрермен халықтың көз алдында жарасым тапқан. Жарыс ережесінде кү­ресті ұйымдастырушылар оны мез­гіл және жер таңдамай өткізетін бол­ған. Көшпелілер өнерінің жоталы бір саласы – қазақ күресінің тәрбиелік маңы­з­ы зор, ол ұлттық намысты қоздырып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күрес екенін тарихтан білеміз. Ал бүгін­де қ­а­зақтың ұлттық спорты – кү­рес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізе­тін деңгейге дейін жетіп отыр.

Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған.

Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді. Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді.

Қазақ халқының өмір сүру салты көшпенді тұрмысқа бейімделгендіктен, күнделікті іс-әрекетінің өзі күрес. Табиғаттың таза сұрыптауынан өткен халықтың жекпе-жек өнерге деген ынтасы классикалық түрде жетілген. Тарихқа көз жүгіртсек көшпенді тайпалардың түп атасы сақ, ғұн, түркілер дәуірінде садақ атудан, ат үстінде найзаласудан т.б. дәстүрлі сайыстар өтетіні жайлы нақты деректер бар. Мысалы, Қытайдың осы заманғы археологтары біздің жыл санауымыздан бұрын Хан патшалығы дәуірінде тұрғызылған, Шинан қаласы маңындағы ежелгі түркілердің қонысын қазып, қабырды ашқанда зираттың ішінен екі мыс табақша табылыпты. Табақшалардың бетінде екі адам бір-бірімен қоян-қолтық ұстасып, күресіп жатқан сипаты ашық бейнеленген екен. Қытай ғалымдары бұл балуандарды түріктердің арғы тегі саналатын ғүндар деп ұйғарған. Демек, бұл заттар — күрес шежіресінің айғағы. Оның бер жағында халықтық эпостарда сайыс өнері жайлы көркем тілмен керемет баяндалса, ерте замандағы таңбалы тастардағы күресіп жатқан адам бейнелі таңбалар жайдан-жай салынбаған.

Сол сияқты байырғы көшпенді ата-бабаларымыздан қалған жекпе-жек сайыс өнерінің бір тармағы — қазақ күресінің де өзіндік тарихы бар. Бірақ, ол өткен ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде күрестің бірізді жүйеленген тәртібі болған жоқ. Сондықтан да әрбір өңірде күрес ішкі ерекшеліктерін сақтай отырып, қалыптасқан. Айталық, еліміздің шығыс және орталық өлкелерінде «Арысқа түсу» дейтін сайыс түрі кең дамыған.

Қазақша күресте қолданылатын әдіс-тәсілдердің негізгі түрлері мыналар:

–  Иықтан асыра лақтыру әдісі (лақтырылған балуан құламай орнында тұрып қалуы керек);

–  Әдіс қолданған балуан өзі құлай беріп, қарсыласын астына түсіру;

–  Қарсыласын жамбасқа салып жығу;

–  Іштен шалып жығу;

–  Сырттан шалып жығу;

– Қарсыласын қырқа шалып жығу (артқа құлату).

Күрескен кезде, қолдануға рұқсат берілмейтін әдіс-тәсілдер:

–  Белдесе күресу барысында қолды белбеуден босатуға болмайды (тек әдіс қолданғанда ғана бір қолды босатуға рұқсат етіледі);

–  Қарсыласын ұруға, итеруге болмайды;

–  Тамақтан, саусақтан, құлақтан ұстауға болмайды;

–  Лақтырған кезде қарсыласын жерге басымен түсіруге рұқсат етілмейді;

–  Құлап түскен қарсыласының аяғын, қолын, т.б. мүшелерін бұрауға болмайды;

–  Белбеуден басқа киімнен ұстауға рұқсат етілмейді;

–  Астында жатқан қарсыласын тіземен, шынтақпен нығарлап басуға болмайды;

–  Қарсыласына белбеуден ұстамай қолданған әдіс-тәсілді орынды деп есептемейді.

Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек.

Жалпы белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе және қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» (ешқайсысы жықпаған) деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді.

Бұрын белдесу барысында тең түсу немесе ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен, міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жеткен. Жоғарыда баяндалғанның бәрі сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының ерекшеліктері саналады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 541 рет