Айтулы бәсекеге Түркістан облысының спортшылары да қатысып, 6 медальға қол жеткізді. Әйелдер арасындағы тартыста Әсел Далиева классика бойынша күміс медальді өз атына жазса, рапид түрінде қолаға қол созды. Ал 19 жасқа дейінгі қыздар арасында Ақбота Намаздың мерейі үстем болды. Ол 2 алтын, 1 күміс медаьға ие болды. Классика және блиц түрінен алтын алса, рапид түрінде күміс медаль еншіледі.
Сонымен қатар тағы бір жерлесіміз Нұрсая Ұстазхан 14 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түсіп, қола медальді қанағат етті. Осы жарысқа спортшыларды даярлауға тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы Камила Көпбаева еңбек сіңірді.
Тоғызқұмалақ ойыны – қазақ халқының ескі мұрасының. Мұның қашаннан келе жатқаны жөнінде анық мәлімет жоқ. Тоғызқұмалақ ойыны бүкіл Орта Азияда, әсіресе қазақ пен қырғыз халықтарының арасында көп ұшырайды… Бұл ойын қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамның миы істеп, есепшілігі тез артып, тапқыштық жағы күшеймек. Тоғызқұмалақ ойыны да шахмат, дойбы ойындары сияқты тапқырлықты, мол фантазияны талап етеді. Алайда бұл ойынның есебі ерекше, өзіне ұқсас ойындарға қарағанда анағұрлым күрделірек. Оның басты себебі – тоғызқұмалақ ойынын немесе оның кейбір жеке позицияларын тақтаға қарамай, абстракты түрде ойлау аса қиын.Бұл ойын адамды тапқырлыққа үйретеді. Миды шыңдайды. Терең ойды талап ететін, ойнасаң қызығына тоймайтын халық даналығы қалдырған ойындардың бірі.
Тоғызқұмалақ ойыны қай кезде, қалай қалыптасқаны жөнінде нақтылы тарихи деректер әзірше аз. Ал негізінде көшпенді қазақ халқының арасында дамығанын Қазақстан жерінде жартастардың, болмаса төбенің үстіндегі тегіс тас бетіне ойып салынған аталған ойынның тақталары біздің осы ойымызды дәлелдей түседі. Мысалы, Қаратау қаласына таяу Ақшұқыр деген тас төбенің үстінде, тегіс тасқа тоғызқұмалақтың отаулары мен қазандары қашалып салынған. Бұл табиғи тақтаны қай кезде кім жасағаны белгісіз. Ал жасау мақсаты белгілі.
«Тоғызқұмалақ» – адамнан шыдамдылықты, салқынқандылықты, терең және логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ой спорты. Тоғызқұмалақтың басқа есеп ойындарынан бір ерекшелігі, бұл – өте нәтижелі ойын, тең ойын өте сирек кездеседі.
Тоғызқұмалақ – түркі халықтарының төл тума ойыны. Бұл ерекшелік ойын ережелерінен анық байқалады. Қазақ халқы атам заманнан бері спортқа әуес болған. Атқа шабу, көкпар тарту, ит жүгіртіп құс салу секілді небір сайыстарға түскен. Соның ішінде адам санасын шынықтыратын ой спортынан да құр алақан болмаған. Адамдарды тәрбиелеу, олардың ой санасын шынықтыру, жетілдіру жолындағы қызық ой спорты түрлерінің бірі – қазақтың математикалық «тоғызқұмалақ» ойыны. Тоғызқұмалақ – әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері және оның спорттың барлық түріне көмегі бар, өйткені спорттың барлық түрінде ойлануды қажет етеді. Қорытындылап келгенде тоғызқұмалақ адамның ойлау қабілетін дамытады, дер кезінде шешім қабылдауға дағдыландырады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»