Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 09:18

Түркістан: Арыста мыңға жуық шабандоз қатысқан көкпар өтті

Арыс қаласында «Көмекбай» атшабарында Жайдарман және web сериалдардың жұлдыздары «Миллион» командасының демеушілігімен елден бата алу көкпар сайысы өтті. Дүбірлі додаға республиканың түкпір-түкпірінен бөлек, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан білегі болаттай шабандоздар қатысты.

Аламан көкпар қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы, Әділет Жауғашар, Наркенже Серікбаева, «Алатау серілері» тобы, Әбдіжаппар Әлқожа, Серік Ибрагимов сынды өнер жұлдыздары және Есқара Батыр сынды жайдарман жұлдыздарының концертімен басталды.

Думанды шарада қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтау сөз сөйлеп,ұлттық спортты ұлықтап жүрген ұландарға ризашылығын білдірді. Он мыңнан астам жиналған көкпарсүйер қауым бағы мен бабы келіскен, шеберлігі асқан мықты шабандоздардың додасын тамашалады.

Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар, ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды. Әр салым салған шабандозға тоқты, серке және ақшалай сыйлықтар берілді.

Ал көкпардың соңғы «жұлдызды» салымын салған қазығұрттық Ерсайын шабандоз бен Арман балуандар қошеметке бөленді.Жалпы, көкпарға салым қорынан бөлек 4 автокөлік қойылды. Жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілер, бір сөзбен айтқанда ұлттық спортты қолдаған мәрт арыстық азаматтар көкпаршыларға демеушілік жасады.

Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорт ойыны болған.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде «марта тарту» деп те атайды.

Қазақстанда 1949 жылы Көкпар жарысының ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 м-лік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 метрлік шеңбердің дәл ортасына Көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8-15 минут аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 566 рет