Жарыстың жабылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ел спортындағы жарық жұлдыз – Бекзат Саттарханов туралы ой қозғап, чемпионның есімі мәңгі ел есінде қалатынын айтты. Спортшыларды марапаттады. Сонымен бірге Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова мен бокс ардагерлері де естеліктерін айтып, жарыс жүлдегерлері мен чемпиондарына құрмет көрсетті.
Түркістан төріндегі бокс додасында Саттарханов турнирінің жүлделері бірнеше өңір мен мемлекеттің спортшыларына бұйырды. Дәлірек айтсақ, 15 команданың өкілдері медаль алды. Бейресми жалпыкомандалық есепте 13 медаль олжалаған Түркістан облысының өрендері бірінші орынға шықса, екінші орын Алматы қаласының боксшыларына бұйырды. Үшінші орынға Жамбыл облысының спортшылары иелік етті. Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы облыстары да жақсы нәтиже көрсетсе, Қырғызстан мен Өзбекстан боксшылары да Түркістаннан олжалы оралды.
Ринг қожайындарының нәтижесіне тоқталсақ, қыздар арасында бақ сынаған 54 келідегі Лия Абдуллаева мен 75 келіде Шұғыла Нәлібай барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын медальді мойындарында жарқыратты. Ал күміс жүлдеге қол жеткізген арулардың қатарында 54 келіде Бағжан Отынбай, 60 келіде Тоғжан Ыстыбай, 66 келіде Мерей Серікқызы сынды дарынды спортшылар бар. Сонымен қатар Мерей Тұрсынбек 57 келіде қола медальға қанағат етті.
Ал ерлер арасында шаршы алаңда жасындай жарқылдаған ұландар жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Бекзат Саттарханов ағасы сияқты олимпиада чемпионы болуды армандайтын, 57 келіде күш сынаған түркістандық жас спортшы Ерәділ Ұзақбай ақтық сында өзбек боксшысын қапы қалдырып, алтын медальдің иесі атанды. 63,5 келіде Ахмет Үсен де ринг төрінде атой салып, жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді. Сондай-ақ 67 келіде Сұлтан Тұрдалы күміс жүлдеге қол созды. Тартысқа толы өткен бокс бәсекесінде 80 келіде ел намысын қорғаған Қуаныш Жолдасбек пен +92 келіде жұдырықтасқан Мұхтархан Әріпхан қола медальды місе тұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне белбеу, медаль және диплом табысталды. Дәстүрлі бокс бәсекесін Түркістан облысы әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебі жоғары дәрежеде өткізді.
Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында өмірге келді. Ол – үйдің кенжесі. Әкесі – Сейілхан, анасы - Сырлыкүл. Әлемді мойындатқан боксшының Бағдат, Болат, Мақсат есімді ағалары бар. Ол бала кезінде өте нәзік, аурушаң, әлсіз болған. Сондықтан "Бекзат даңқты боксшы болады" дегенге сол кездері ешкім сенбеген.
Білімі
1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте білім алды. Бұдан соң, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университінің заң факультетін бітірді.
Спорттағы алғашқы қадамдары
Ата-анасы" баламыз өзін қорғап үйренсін" деген ниетпен кенже ұлын күрес үйірмесіне береді. Бірақ Бекзаттың күреске ынтасы болмайды, әрі бұл спорттың бойдың өсуін тежейтінін түсінеді. Сондықтан ол күресті тастап, 15 жасында боксқа қатыса бастайды. Оның алғашқы бапкері - Нұрлан Жұмабаев. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, ол үйірмеге "уақытша барып жүр" деп ойлайды. Алайда боксқа қатысқанына бір жыл болмай, республикалық сайыста жеңіске жетеді.
20 жасында әлемді мойындатқан боксшының жетістіктері
1995 жылы 15 жасында Түркістан қаласында өткен З.Сейітбековты еске алу турнирінде алғаш рет топ жарды. Кейін Бекзат бұл жеңісінің өзіне ыстық екенін атап өтті.
Ол "Түркістан 95" деген жазуы бар қыш құмыраны Сидней Олимпиадасының алтынымен тең көрген. Сол жылы бокстан жасөпірімдер арасындағы халықаралық жарыста жеңіске жетіп, бапкерлердің көзіне түседі.
1996 жылы Қостанайда өткен бокстан жастар арасындағы жарыста Қазақстан чемпионы атанады. Кейін Анатолий Визириякин атты бапкердің қарамағына өтіп, Шымкент қаласындағы мектеп-интернатта жаттыға бастайды.
1997 жылы Қарағанды және Кельн (Германия) қалаларында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетеді. Сол жылы Шымкенттегі олимпиадаға даярлау орталығына қабылданады.
1998 жылы бокстан Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болады. Кейін Қостанай қаласындағы жарыста 54 келі салмақта сынға түсіп, Марат Мәзімбаевтан жеңіліп қалды. Бұған қарамастан, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданады.
1999 жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Ташкенттегі Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды. Нәтижесінде Сидней олимпиадасына жолдама алады.
Алғашқы кездесуінде Бекзат Саттарханов румыниялық боксшы Бобирант Овидиу-Тибериуаны айқын басымдықпен жеңеді.
Кейін ол африкалық Джефри Матебулламен кездесіп, оны 16-5 есебімен тізе бүктіреді.
Олимпиададағы үшінші кездесуінде Бекзат тәжірибелі боксшы, сол жылы Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианимен қолғап түйістіреді. Кездесу өте тартысты өтеді. Нәтижесінде қазақ боксшысы қарсыласын 12-11 есебімен жеңеді.
Жартылай финалда отандасымыз марокколық Тахар Тамсаманимен қолғап түйістіріп, оны 22-10 есебімен қапыда қалдырады.
Сидней Олимпиадасының финалында Бекзат Саттарханов әлем чемпионы, тәжірибелі АҚШ бокшысы Рикарду Хуареспен кездеседі. Ол қарсыласын 22-14 есебімен жеңіп, 20 жасында Олимпиада чемпионы атанады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат