ШЫМКЕНТ: МАГИСТРАЛДЫ ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

2023-2024 жылдарға жылу маусымына дайындық жұмыстарына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелердің дайындықтары пысықталып, өзекті мәселелер талқыланды.

Мониторинг кезінде анықталған ақауларды қалпына келтіруде үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ магистралды жылу құбырларын қайта құру бойынша биыл екі жоба жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар Гагарин, Абай, Громов, Гоголь, Адырбеков көшелерінде, Нұрсәт тұрғын алабында жүргізілетін болады.

Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына емдеу мекемелерінен — 15, білім нысандарынан – 121, мәдени ошақтардан — 3, спорт мекемелерінен — 6 қазандықты өткізу үшін техникалық құжаттарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшылары қазандықтарды беру барысында туындап отырған өзекті мәселелерді баяндап, ұсыныстарын жеткізді. Мұрат Дүйсенбекұлы жылу желілерін тапсыруды ағымдағы жылдың 15- шілдесіне дейін аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағындағы 147 қазандықты салалық басқармаға өткізу жоспарлануда.
–Жылудың сапалы болуы қазіргі дайындық жұмыстарына тікелей байланысты. Сондықтан іс-шара жоспарындағы міндеттемелердің мерзімінде, талапқа сай орындалуын назарға алыңыздар. Сығымдау жұмыстарын шілдеде, жалпы, жылыту маусымына дайындықты қыркүйекке дейін толық аяқтаңыздар,- деді қала әкімі.

Сондай-ақ М. Дүйсенбекұлы тиісті сала басшыларына жылу қазандықтарының, сорғы стансаларының дайындығын қадағалап, бюджеттік нысандардың қатты, сұйық отынға қажеттілігін нақтылауды тапсырды. Бұл кешенді шаралар қаладағы қолданыстағы жүйелерді жаңартып, жылу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТЕ ЖҮР

Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Шымкент қаласына іс сапармен келді. Жұмыс сапары кезінде жергілікті тұрғындарымен кездесіп еліміздегі цифрлы даму жайында сөз қозғады.

Әділет министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, азаматтарға нотариаттық қызметтер алуды айтарлықтай жеңілдететін «Цифрлық нотариат» жобасын таныстырды. Осылайша, Қазақстан нотариаттық іс-қимылдың осы түрін цифрлық форматқа көшірген әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бүгінгі таңда сенімхаттың нотариалды куәландыруы тек Франция мен Литвада онлайн режимде қолжетімді екен.

– Егер бұрын сенімхатты ресімдеуде құжатқа қол қою және нотариус куәландыру үшін клиенттің жеке қатысуы талап етілсе, енді нотариаттық сенімхат азаматтарға «eGov Mobile» арқылы қолжетімді. Ал болашақта ол бірқатар банктік қосымшада да пайда болады. «Цифрлық сенімхат» онлайн режимде клиенттің нотариуспен бейнебайланысы арқылы рәсімделеді, – деп нақтылады Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының мыңнан астам тұрғыны мобильді қосымша арқылы некелерін рәсімдеген. Нақтысын айтсақ, бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша мобильді қосымша арқылы 1434 неке тіркелген. 60 мыңнан астам бала туу туралы куәлік, ЖШС-ні тіркеуге 160-қа жуық өтінім берілген. Сондай-ақ заңды тұлғалар туралы 3 мыңға жуық және жылжымайтын мүлік бойынша 200 мыңға жуық мәліметтер берілгені белгілі болды.

Осындай жаңашыл істерге тоқталған Әділет вице-министрі Әділет органдары қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, қолданыстағы заңнама аясындағы өзгерістерді атап өтті. «2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елде Конституциялық сот жұмыс істейді. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің барлық азаматтары аталған сотқа жүгіне алады», – деді Бекболат Серікұлы.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік «Digital Justice» жобаларының портфелін – «Цифрлық нотариат», «Е-заң көмек», «Аттестаттау реинжинирингі», «Е-атқарушылық іс жүргізу», «Онлайн дауыс беру және осьті тіркеу» бастамаларын қамтитын «Цифрлық Әділет» жобасын іске асыруда. Сондай-ақ смартфондардан мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі артқан. Қазір мобильді қосымшаларда 32 қызмет бар, оның 28-і «eGov Mobile» арқылы іске асырылады және 4 қызмет екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.

Іс-шара барысында вице-министр қала тұрғындарының сот актілерінің орындалуына, алимент өндіру, жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша, мұрагерлік істі жүргізу тәртібі туралы сұрақтарына жауап беріп, адвокаттық және нотариаттық қызметке қатысты мәселелерді талқыланды. Сондай-ақ вице-министр БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ СЕССИЯСЫ АЛДЫНДАҒЫ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«Достық» үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Қуаныш Асылов төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары қатысты. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІV сессиясы алдындағы кеңес отырысында бірқатар мәселе қаралды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары мемлекеттік саясат аясындағы міндеттерді айтып, ассамблеяның ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға тоқталды.

– Қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттер аясында ішкі бірлікті бекемдеуге атсалысып келеді. Жыл басынан бері қалалық Ассамблеяның ұйытқы болуымен жүзге жуық іс-шара өтті. Соның ішінде этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда 70-тен астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұғырлы татулықты ту еткен сан алуан этнос өкілдері қаламыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, Шымкенттің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Бүгінде қаладағы этносаралық ахуалдың тұрақтылығы қоғам белсенділері мен бірлесе атқарған ортақ жұмыстың негізгі көрсеткіші. Алдағы айқын мақсаттар жолында бірлескен жұмысымыз одан әрі жалғасын табады, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қалалық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Төлепов хабарлама жасап, Шымкент қалалық ҚХА мен ҚХА кеңесі құрамын толықтыру, этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеу жөніндегі комиссия құрамын және қалалық журналистер мен блогерлер клубының жаңа төрағасын бекіту бойынша кеңестің келісімін алды.

Сондай-ақ, Қуаныш Жұмабекұлы қалалық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болған корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хажимжановқа алғыс айтты. Ендігі кезекті жаңа орынбасар – қалалық армян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наира Мовсисян мен ассамблея мүшесі Мадияр Юнусовтың жауапты қызметіне табыстар тіледі.

 

ШЫМШАҺАРДА ЖАРЫҚТАНДЫРУ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДА ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының Қаратау ауданында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. 2021 жылы 31 көше жарықтандырылған болатын.

Өткен жылы ауданда 27 көшені жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылды. Ал биыл ауданда 30 көшені жарықтандыру жоспарда.

Атап айтқанда, 2023 жылы Мирас, Нұрсат-3 (№14, 7А, 13А көшелері), Нұртас (Атымтаев, Саяхат, Ақсұңқар, Болашақ көшелері), Тұран, Қайтпас (Медеу, Дайрабеков, Ақбаев, Ақберен көшелері), Таскен, Тассай шағынауданы, Сайрам тұрғын алабының көшелері жарықтандырылады.

Ал Әл-Фараби ауданындағы 390 көшенің 110-ы жарықпен қамтылған. Биыл 14 көшені жарықтандыру Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жоспарына енгізілді. Олардың қатарында, Күншығыс шағын ауданының ішкі орамдық көшелері, №25, 28 мектеп аумағы, Абдразақов, Ж.Тыныбаев көшесі, қалалық жүйке аурулар орталығы, Бөгет көшелері бар.

Қазіргі таңда, 4 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар басталды.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» желісінде өткізген дәстүрлі тікелей эфирлерінің бірінде көшені жарықтандыру мәселелерін талқылаған еді.

«2021-2023 жылдары көшені жарықтандыру мен оны күтіп ұстау бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 16,4 млрд теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылады», - деді қала әкімі.

Жоба аясында 312 көше жарықтандырылып (Абай ауданы: 83 көше, Әл-Фараби ауданы: 42 көше, Еңбекші ауданы: 89 көше, Қаратау ауданы: 98 көше), энергия үнемдейтін LED шамдар орнатылады. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 70 пайызға жетпек.
Эфир барысында Мұрат Әйтенов, Шымкентті тұрғындар үшін қолайлы қалаға айландыру жолында көше жарықтандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқтала келе, жобаның сапалы түрде жүзеге асырылуының басты назарда болатынын атап өтті.

ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК НЫСАНДАРҒА КӨЛІКТЕР ТҰРАҚТЫ ҚАТЫНАЙДЫ

Шымкент қаласында қонақтар мен жергілікті тұрғындардың жиі баратын туристік орындарының саны отыздан асады. Олар «Шымқала» тарихи-мәдени кешені, А.Асқаров атындағы дендросаябақ, Шымкент хайуанаттар бағы, «Қазына» этносаябағы, Бәйдібек би ескерткіші, Жайлаукөл саябағы, «Арбат» жаяу жүргіншілер демалыс аймағы, Абай, Кеңбаба, Тәуелсіздік, Металлург саябақтары, Қошқарата өзенінің жағалауы, сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабындағы орта ғасырлық сәулет ескерткіштері және тағы да басқа нысандар бар.

Қала аумағында орналасқан туристік нысандарға көліктің барлық түрлерімен жеткізу толығымен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне № 1, 6, 12, 84, 27, 92, 6, 32 қоғамдық көліктер, Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ибрагим ата, Қарашаш ана және тағы басқа нысандарға № 30, 71, 139, 148, «Қазына» этно-саябағы, Дендросаябақ, Зообақ, Жайлаукөл саябағына №126, 17, 52, 70 қоғамдық көліктер алып барады. 

Сонымен қатар, қалада бірқатар мобильді қосымшамен тасымалдайтын такси қызметі кеңінен тараған. Яндекс go такси қызметі қала аумағында тасымалдаса, InDrive Шымкент қаласынан басқа өңірлерге жеткізеді. 

Одан бөлек, Шымкент қаласында және Түркістан облысына топпен немесе жекеше саяхат ұйымдастыру жолға қойылған. Егер Шымкент қаласына келген қонақ әрі қарай басқа өңірлерге баратын жағдайда қала автовокзалдарынан көліктер тұрақты түрде барлық бағыттарға қатынайды.

Айта кетейік, Шымкент шаһарының өзінде 110 туристік нысан, 10 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 6 табиғи су қоймасы орналасқан. Сала мамандарының айтуынша, Шымкентке келетін туристердің басым бөлігі ішкі туристер көрінеді. 

Статистика бойынша шаһарда 121-ге жуық қонақ үй мен 5000 жатын орындары бар. Алайда, қонақ үйлерде орын жоқ. Наурыз айынан бастап туристер көп келетіндіктен, алдын-ала орынға тапсырыс беріп қоймаса, бұл жаққа келген соң қонақ үйді іздеу қиындық тудырады. Орташа есеп бойынша ішкі туристер күніне 30 мың теңге жұмсайды. Ал, шетелдік туристер үшін 3 күнге 300000 теңге жетеді.

 

ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Содан бері Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкері кәсіби мерекесін дәл осы күні атап өтеді. Даталы күн Шымкентте де жыл сайын елеусіз қалмайды. Биыл да  мәдениет саңлақтары кәсіби мерекелерін атап өтіп. Құрметке бөленді.

Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиын өтті.

Іс-шара мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелердің далалық көрме таныстырылымымен бастау алды.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов көпшілікті мерекемен құттықтап, шаһарда мәдениет саласында оң өзгерістер бар екенін атап өтті.

— Мегаполис аз уақыттың ішінде мәдениет пен руханияттың ордасына айналды. Қала халқының мәдениетін көтеру бағытында көптеген мәдениет ошақтарын қайта жаңғырттық. Көне де жаңа шаһардың рухани мәдениетін көтеруде, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Басқармаға қарасты 21 мекемеде 2000-ға жуық маман жаңа жобалары арқылы ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге бар күш-жігерін жұмсап келеді, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары. Қуаныш Жұмабекұлы салаға елеулі үлес қосқан қызметкерлерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. Жиында көпшілікке «Оркестрлер шеруі» музыкалық композициясы тарту етілді. Сондай-ақ, «Мәдениетім — мерейім» қаламыздың мәдени-рухани даму бағытына арналған деректі фильм ұсынылды. Еліміздегі мәдениет пен өнер саласындағы біршама ілкімді істер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынғанын атап өту керек. Атап айтқанда «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін жаһанға насихаттау жолында қыруар жұмыс жүзеге асырылып, сапалы нәтижелерге қол жеткізілді. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында қазақ өнері мен мәдениеті әлемді шарлап, Италия, Франция, Түркия, Жапония, Ресей, Қытай сынды ірі елдер қазақтың классикалық музыка өнерінің жауһарлары – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сарадай» шығармаларды төл сараптауда тыңдау мен баға беру бақытына ие болды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрме негізінде ұлтымыздың көне жәдігерлері төрткүл дүние назарына ұсынылды. 2019 жылы бірінші болып «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Татарстан астанасының тұрғындары мен қонақтарына «Қазан Кремлі» мемлекеттік қорық-музейінде таныстырылған болатын. Кейін Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде өткен көрмеде Алтын адаммен бірге Тақсай ханшайымы да көрсетілді. Әлем қазіргі таңда қазақ мәдениетіне біршама қанық. Жас буыннан Димаш Құдайберген, Ержан Максим қатарлы өнерпаздар дүние жүзіне қазақ әнін паш етіп, тыңға түрен сала білді.

ШЫМКЕНТ: «ҚАМҚОР» БАҒДАРЛАМАСЫ МАУСЫМ АЙЫНДА БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласының тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге арналған жаңа «Қамқор» бағдарламасы маусым айында басталу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Отбасы банкі өтінім беру жүйесін аяқтауға жақын. Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтын сала мамандарына арналған. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі болып табылады. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу балдық жүйе арқылы есептеледі.

Шарттары:

Максималды несие соммасы - 20 млн теңге

пайыздық мөлшерлеме - 5% (ЖТСМ - 5.2% бастап)

бастапқы жарна - 10%

бірінші және екінші нарықтан баспана ала аласыз

ЖАО-да кезекке тұру міндетті емес

Шымкент қаласында соңғы 3 жылда тіркелген (прописка) болу керек

белгілі бір жұмыс орнында Шымкент қаласында соңғы 12 айдан кем емес еңбек қызметін жүзеге асыру

атыңызда және отбасыңызда соңғы 5 жыл баспана тіркелмеген болуы керек.

 

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы тұрғын-үй басқармасының есепке алу және тұрғын үйді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекова“Қамқор” өңірлік бағдарламасының бірінші кезеңінде 150 адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланғанын айтып еді.

«2019 жылдан бері “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында республикалық бюджетке салынған тұрғын үйлерді мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатына беру тоқтатылды. Ол кісілердің кезегі жүрмей қалған. Енді биылдан бастап осы санаттағы адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаржысына салынып жатқан 324 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. Соның ішінде 111 пәтер осы кісілерге беріледі. 324 пәтердің барлығы “Тұран” шағынауданы мен “Нұрсәт” шағынауданында орналасқан тұрғын үйлерден беріледі. Тұрғын үйде қызметтік пәтер деген бөлек, ал  қызметтік пәтерге теңестірілген деген бөлек. Мұны шатастырмау керек. Ал бұл санаттағы адамдарға берілетін үйлер қызметтік пәтерге теңестірілген болып келеді. Біріншіден қай тұрғын үйлер бірінші дайын боп, таратылғаныа байланысты болады. Екіншіден тұрғын үй комиссиясының шешімімен де қаралды»,-деген еді Жұлдыз Ордабекова. 

ШЫМКЕНТ: БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«Қызмет» салалық кәсіподағының бастауыш кәсіподақ ұйымында үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Шымкент қаласының Әл-Фараби кітапханасында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің қатысуымен Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Отырысқа «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, әлеуметтік әріптес - Қаратау ауданының әкімі Рахымберды Мулкеманов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, филиалдар және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінен 2021 жылы 11 ақпанда бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылған, оның құрамында 78 кәсіподақ мүшесі бар, кәсіподақ төрағасы Бердібекова Гүлсина Рахымбайқызы. Мекеменің ұжымдық шарты 2022-2026 жылдарға жасалып, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан 2022 жылы 26 қаңтарда №43 болып тіркеуден өткен.

Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясына «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру туралы, 2023 жылға Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша үміткерлерді ұсыну туралы, «Еңбек жолы» конкурсына кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету туралы, Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандырып жүргізу жөнінде, Астана қаласында өткен Орта Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесінің отырысы-форумында көтерілген мәселелер қаралды.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру қажеттігіне, сондай-ақ 19 мамыр күні Астанада ОАЕКК Бас хатшысы - Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жетекшілігімен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы туралы баяндап, форум аясында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталып, «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттері бірыңғай демалыс орындарының хабын ашып, өзара кәсіподақ арқылы еңбек адамын сауықтыру мақсатында турист алмасатынын, бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына және туризмді дамытуға сеп болатынын, қазіргі таңда шекаралас Өзбекстан елінде 7 мың орынға шақталған заманауи 31 шипажай жұмыс істейтіні, қабылданған шешімнің нәтижесінде, биыл 4 мыңнан аса қазақстандық кәсіподақтар арқылы Өзбекстанның шипажайларына жолдама алуға мүмкіндік туып отырғанын айтты.

Ал, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Айдарбекұлы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатындағы «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарын ұйымдастыруға, өткізуге және оған белсенді қатысуға шақырды.

«ЕуроАзиялық медиация орталығы» Қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова өңірдегі Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандыру мәселелері, яғни кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіріп, еңбек дауын алдын-алу мәселелеріне тоқталып өтті.

Жиын соңында Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері кәсіподақ қозғалысына қосқан белсенді үлестері үшін, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

ШЫМКЕНТТЕ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымында Әл-Фараби кітапханасы ғимаратында өтті.

Жиналысқа «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев, әлеуметтік әріптес - Қаратау ауданы әкімі Рахымберды Мулкеманов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұймының төрағалары, АКБ қызметкерлері мен Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясына «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру, 2023 жылға Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша үміткерлерді ұсыну, «Еңбек жолы» конкурсына кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету, Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандырып жүргізу, Астана қаласында өткен Орта Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесінің отырысы-форумында көтерілген мәселелер қаралды.

Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған Бауыржан Ілімшаұлы салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағаларына Федерацияның тапсырмасы негізінде 2023 жылдың 15 маусымына дейін «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру керектігін жеткізді.

Көшпелі отырыста қаралған келесі мәселе бойынша «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек кеңес мүшелеріне еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатындағы «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша белсенді кәсіподақ мүшелерін мекеме атынан үміткер ретінде ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін ұсынуды тапсырды. Одан өзге, бүгінгі форматтағы көшпелі отырысты әр тоқсан сайын бастауыш кәсіподақ ұйымында өткізуге ұсыныс беруді, сонымен қатар, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын жалғастыруға әр салалықтан осы акцияны қолдау мақсатында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын аралау жоспарын бекітуге және ҚР КФ «Қазақстан кәсіподағы» газетіне ІІ жартыжылдыққа жазылуды жандандыруға шақырды.

Жиында көтерілген үшінші мәселе бойынша «ЕуроАзиялық медиация орталығы» Қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова өңірдегі Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандыру мәселері, яғни кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіріп еңбек жанжалдарының алдын-алу мәселеріне тоқталып өтті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы 19 мамыр күні Астанада ОАЕКК Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жетекшілігімен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы туралы баяндап, форум аясында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталды.

«Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттері бірыңғай демалыс орындарының хабын ашып, енді өзара кәсіподақ арқылы еңбек адамын сауықтыру мақсатында турист алмасатын болады. Бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына және туризмді дамытуға сеп болмақ. Қазіргі таңда шекаралас Өзбекстан елінде 7 мың орынға шақталған заманауи 31 шипажай жұмыс істейді. Қабылданған шешімнің нәтижесінде, биыл 4 мыңнан аса қазақстандық кәсіподақтар арқылы Өзбекстанның шипажайларына жолдама алуға мүмкіндігі бар», - деді Бауыржан Ілімшаұлы.

Көшпелі отырыс соңында бүгінгі мәжіліске жиналған Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері өңірдегі кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестері үшін еңбектері ескеріліп марапатталды.

Бүгінгі отырысты қорытындылай келе, Үйлестіру кеңесінде көтерілген мәселелер кеңес қатысушыларының назарына алынып, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары өз ұсыныстарымен бөлісіп, жүктелген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ететінін жеткізді.

ШЫМКЕНТТЕ 150-ГЕ ЖУЫҚ ҚАЗАНДЫҚ САЛАЛЫҚ БАСҚАРМАҒА ӨТЕДІ

Қазір қала аумағындағы 147 қазандықты салалық басқармаға өткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін қала әкімі М. Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында айтылды. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына емдеу мекемелерінен - 15, білім нысандарынан – 121, мәдени ошақтардан - 3, спорт мекемелерінен - 6 қазандықты өткізу үшін техникалық құжаттарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшылары қазандықтарды беру барысында туындап отырған өзекті мәселелерді баяндап, ұсыныстарын жеткізді. М.Дүйсенбекұлы жылу желілерін тапсыруды ағымдағы жылдың 15- шілдесіне дейін аяқтауды тапсырды.  

«Жылу маусымына дайындыққа жаппай жауапкершілікпен қараңыздар. Қазандықтарды аталған басқармаға беруді тездетіп ұйымдастырыңыздар. Бұл ретте орталықтандырылған жылыту жүйесінің қуаттылығын ескеру де маңызды» - деді қала әкімі.  

Сондай-ақ мәдениет басқармасының басшысына техникалық құжаттарды рәсімдеуді жылдам ұйымдастыруды арнайы ескертті. Жалпы, қазандықтарға бір мекеменің жауапты болуы ең алдымен жылу жүйелерін бір көзден қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шешім барлық қазандықтарды жылыту маусымына дайындауды жолға қойып, жылу сапасын арттырады.

Айта кетейік, жоспарға сәйкес 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтіп, 9,3 шақырымға қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Жобалар аясында Гагарин, Абай, Громов көшелеріндегі магистралды жылу құбырларын және Гоголь, Адырбеков көшелеріндегі жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қазір «3-Энергоорталық», «ҚазТрансГаз Аймақ», «ОңтүстікЖарықТранзит», «Су ресурстары - Маркетинг» коммуналдық мекемелер тарапынан да тиісті модернизациялық жұмыстар басталды. Мұрат Дүйсенбекұлы өткен жылыту маусымындағы кемшіліктерді ескере отырып, барлық жылу жүйелерінде, қазандықтарда, сорғы стансаларында, инженерлік жүйелерде жоспарланған жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды ескертті. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін тазалау, ішкі жылу жүйелеріндегі тозығы жеткен тік бағаналарын ауыстыруды ұйымдастыру бойынша тапсырмалар жүктеді.