ШЫМКЕНТ: КОНТЕЙНЕРЛЕР ОРНАТУ БОЙЫНША ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Шымкентте қала тазалығы күн тәртібіндегі мәселе. Қаланы таза ұстау, қоқыстарды дер кезінде тасымалдау, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, қала аумағында бүгінде 610 қоқыс алаңшасы, 2627 қоқыс контейнері, 205 сеткалы контейнер, 125 фракция (құрғақ және дымқыл) контейнер орнатылған. Сондай-ақ, құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған 50 контейнер, нан қалдықтарын жинауға арналған 200 дана бөшке қажетті орындарға қойылған.

Шаһарда Ақтас-1 елді мекенінде ауданы 29 гектарды құрайтын қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істеп тұр. Жауапты мамандар осы жылдың 1-ші тоқсанында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 26,3 пайызды құрады, дейді. Айталық, қоқыс полигонына әкелінген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 52 813,22 тонна, сұрыптауға жіберілген қоқыс көлемі 13 870,803 тоннаға жеткен.

Қазіргі уақытта жеке тұлғалардың ірі көлемді қоқыс пен құрылыс қалдықтарына арналған көлемі 8 текше метрлік контейнер орнату бойынша жаңа жоба қолға алынбақ. Бұл үшін бос жер учаскелерін анықтау жұмыстары басталды.

Атап өтсек, биыл қалдықтарды фракциялар (құрғақ және дымқыл) бойынша жинау үшін 125 контейнер, құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға 50 жаңа контейнер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, қала тұрғындарының мәдениетін қалыптастыру және экологияны жақсартуда қалдықтарды сұрыптауға арналған заманауи мобильді пункттер орнатылатын болады.

 

Айта кетейік, Шымкентте пилоттық жоба алғаш рет Қаратау ауданы аумағында жүзеге асып отыр. Мұнда қойылған контейнерлерде 8 көпқабатты тұрғын үйдің тұрмыстық қалдығы сұрыпталады. Бұл бағытта алғашқыда арнайы бір қызметкер жұмыс істейді. Ол темір, пластик заттар мен шыны, қағаз және тамақ қалдықтарын бөліп отырады. Кейін тұрғындардың қалдықты сұрыптап тастау мәдениеті қалыптасқан соң, жоба өздігінен іске қосылады.


ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» ЖОБАСЫМЕН 13 ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНАДЫ

Биыл Тұран ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында барлығы 13 балалар ойын алаңшасы салынып, халық игілігіне беріледі. Қазіргі уақытта Құрсай елді мекеніндегі Құлаңтөбе көшесінде, Ақтас елді мекенінде атауы жоқ көшеде және Бәйдібек би даңғылы 246 мекенжайында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында толық аяқталып, нысан пайдалануға тапсырылады.  Ал, жыл соңына дейін Тұран ауданында Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Арғымақ елді мекендерінде, Отырар шағынауданы, Бәйдібек би даңғылы бойында ойын алаңшасы салынады. Сонымен қатар, тұрындықтарға қажет тағы 10 ашық спорт алаңшасы орнатылады. Атап айтқанда, Отырар шағынауданы (№15/1, №41, №55, №13, №11, №40-42), Құрсай елдімекенінде (Сатқанбаев көшесі, Оңдасынов көшесі, Жұлдыз көшесі) спорт алаңшаларының құрылысы жүргізіледі.  

Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет» жобасы Шымкент қаласында бірқатар әлеуметтік нысандардың салынуына сеп болып отыр. Мәселен, өткен 2022 жылы Қаратау ауданында осы бағдарлама аясында 26 жобамен аулалар абаттандырылып, рйын алаңшалары орнатылған. Биыл, яғни 2023 жылы аталмыш жоба аясында 34 аулаға жаңадан балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылады деген жоспар бар. Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта 2023 жылы 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Оның ішінде, Тұран шағынауданында - 2, Нұртаста - 2, Таскен тұрғын алабында -2, Өтеміс тұрғын алабында – 2 және Шапырашты тұрғын алабына - 1 спорт алаңы салынады. Спорт алаңдарында жаттығуға арналған Workout элементтерімен бірге, демалушыларға арналған беседка, қоқыс жәшіктері және орындықтар қойылады. Мұндай бастама тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, орнатылатын ойын және спорт элементтерінің басым бөлігі Шымкенттегі кәсіпорындарда өндірілген отандық өнімдер.

Түркістан: облыс әкімі жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тапсырды

Биыл Түркістан облысында 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін барады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. 2023 жылы 1050 бала республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде сауықтырылады. Балардың қауіпсіздігі – басты талап! Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндалды.

Түркістан облысының су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жазғы шомылу маусымында Түркістан облысындағы өзен-көлдер мен су айдындарында, бассейндерде қауіпсіздік шаралары күшейтілуі керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппарат мәжілісінде осы мәселеге тоқталып, жауаптыларға тапсырмалар берді.

Түркістан облысында алғаш рет өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыс өткізілді

Түркістаноблысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтер арасында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыс ұйымдастырды.

ШЫМКЕНТ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 1293 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар аясында қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жыл соңына дейін 324 арендалық пәтер түрлі санаттағы азаматтарға, 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға, 1919 пәтер несиелік негізде берілу жоспарлаған. Оның ішінде, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде «Отбасы банк» арқылы баспаналы болды. Яғни, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасымен, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасымен берілді.Бұдан бөлек, биыл өңірлік Qamqo бағдарламасы алғаш рет іске асқалы отыр. Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегі санаттарына енбейтін сала мамандарына арналған бағдарлама. Аталған бағдарлама шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының дерегінше, 2021 жылы 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жыл қорытындысы бойынша 812 жанұя арендалық пәтермен қамтылған. Оның ішінде жетім балалар – 60, көпбалалы отбасылар – 240, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 212, жұмыс істейтін жастар – 300. Қалған 164 пәтердің 121-і 2022 жылдың  қаңтар айында берілді. 43-і тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылып, маусым айда кезекте тұрған азаматтар баспанамен қамтылды. Жалпы 2022 жылы 1605 үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 54, көпбалалы отбасыларға - 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына - 218, жұмыс істейтін жастарға – 857 пәтер берілді.


ШЫМКЕНТТЕ КӨШЕЛЕРГЕ АТАУ БЕРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА АТАУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ

Бүгін Шымкент көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша кезекті қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарынан құралған тұрақты комиссия мүшелері қатысып, жиналған қала тұрғындарының жаңа көше атауларға байланысты ойларын тыңдады.

— Көше атауларын нақтылау бойынша жыл басынан бері үш рет бас қостық. Бізге 211 құрамдас бөлікке, оның ішінде 11 шағынаудан, 197 көше, 1 аллея, 2 көшенің транскрипциясын түзеу мәселесі қарастырылған. Жаңадан құрылған Тұран ауданында жүзден астам жаңа көше бар. Келешекте олардың барлығына да атау беріледі. Өйткені бұл жұмысты ширату қала тұрғындары үшін маңызды болып тұр. Көшелерде жаңа атаулар пайда болып, картаға енгізілсе, «Жедел жәрдем» секілді халыққа қызмет көрсетуші мекемелерге мекенжайды тауып бару жеңілдей түсер еді, - деді тұрақты комиссияның төрайымы Дария Қожамжарова.

Жиында басқарма басшысы баяндама жасап, ұсынылған атауларды халыққа таныстырды. Дегенмен, ұсынылып отырған кейбір атаулар қолдау таппады. Қоғам белсенділері көше атаулары тұрғылықты жердің ерекшелігімен байланысып, құлаққа жағымды, отансүйгіштікке шақыратындай, рухты болуы керек, дейді. Қоғамдық тыңдауға жиналған қала тұрғындары жаңа көше атауларға байланысты өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында тұрақты комиссия бұл мәселені қайта қарайтындықтарын айтты.

Атап өтсек, қазір қалада көше атаулары жазылған тақтайшаларға да мән беріле бастады. Бүгін осыған байланысты бірнеше көшенің дұрыс жазылмағаны айтылып, түзетуге ұсыныс жасалды. Еске сала кетейік, қала аумағына кейіннен қосылған 40 елдімекенде атауы бірдей Ә.Молдағулова, М.Мәметова, А.Құнанбаев, Ю.Гагарин көшелері анықталған. Халық қалаулыларының жалпы тыңдалымында аталған көшелерге қайта атау беру мәселесіне қатысты ұсыныстар қаралған. Мысалы, Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы Ю.Гагарин көшесін – Айсакөл, ал Еңбекші ауданы Жұлдыз тұрғын алабындағы Ю.Гагарин көшесін – Асубұлақ деп өзгерту енгізуді ұсынған.

ШЫМКЕНТТІК ШАРУАЛАР СУДАН ТАПШЫЛЫҚ КӨРМЕЙДІ

Сайрам ауданына қарасты 250-дей шаруа қожалығы енді судан тапшылық көрмейді.Себебі осыған дейін қала аумағындағы жұмысы тоқтап тұрған Чумчак және Сай каналдарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Екі жыл бұрын құрылысы басталып, аяқталмай қалған канал ағысының тоқтауы — шаруалардың егістігіне залалын тигізіп, тұрғындар тарапынан наразылық тудырған еді. Жуырда мәселе оң шешімін тапты.

 —Су реттеуге арналған 21 шлюз қойылды. Бетондық қаптамалармен қапталды. Арналарда су тапшылық туындамау үшін бақылаушымен реттеліп отырады. Енді 7,5 гектар аумақтаңы егістікті сумен қамтиды. Жалпы каналдың ұзындығы 5,3 шақырым. Бүгінгі таңда екі каналдың құрылысы толық бітіп, Көк және Шапырашты каналдары аяқталуға жақын. Пайдалануға берілетін уақыт маусым, шілде айы деп жоспарлануда,- деді қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының басшысы Ержан Жақсылықұлы.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сайрам ауданындағы каналдарға су Сайрам өзенінен алынады. Бұған дейін каналдардың жұмысы бақылауда болмағаны және су арналары реттелмегендіктен шаруалардың егістігі қурап, диханшылықпен айналысуды тоқтатқан. Биылдан бастап шаруа қожалықтары көбейіп, нәтижесінде көкөніс көлемі артпақ.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласы бойынша 34 канал бар. Оның ішінде 27 канал ауыл шаруашылығы мақсатында, 7-еуі қаланың ішіндегі ирригациялық мақсатта пайдаланылады. Өткен жылы егістік жерлерді суару каналдарының су өткізу қабілетін жақсартуда мемлекеттік-жекешелік əріптестік аясында жалпы ұзындығы 197 шақырымды құрайтын 24 каналға, атап айтқанда, «Мешіт», «Темір», «Қызыл су», «Чинат-2», «Бозарық», «Құрала»с, «Улух», «Улух-«2, «Чумчак», «Шымкент», «Янгибай», «Текесу», «Көкбұлақ», «Қызыл сеңгі»р, «Гүлдіреуін-1», «Гүлдіреуін-2», «Гүлдіреуін-3», «Сасық -1», «Ақсай-Қарабастау», «Жаңа шек, , «Ынтымақ», «Компас, «Тоғыс, «Сасық» және 2 өзенге (Қошқар ата, Қарасу) механикалық және қолмен тазалау жұмыстары жүргізілді.

ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА ШАҒЫНАУДАНДА САЯБАҚ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгін Shymkenт City шағын ауданында болып, жаңадан салынатын саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде. Бұған дейін Shymkenт City аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған. Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде. Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады. Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Шымкентте саябақтар мен гүлзарларға 2022-2026 жылдарға арналған даму концепциясының жобасы әзірлен-ді. Концепция жобасы аясында жалпы қалалық саябақтар жүйесін қалыптастыру, демалушыларға қолжетімді аумақта орналасуы, саябақтарда жаңа сценарийлерді құру және тағы басқа да жұмыстар жүргізілетін болады делінген еді. Қала аумағындағы халық санының артуын ескере отырып, жаңадан 23 гүлзар орындарын салу бойынша ұсыныс берілді. Ұсыныс қала әкімімен қолдау тауып, әр жыл сайын 5-10 гүлзардан салып, қаланың көгалдандыру аумағын 30,25 гектарға арттыру жоспарланған-ды. Қала аумағындағы саябақтарды кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарынан өткізу бойынша Жол картасы әзірленді. Аудан әкімдерімен келісіліп, бекіту жұмыстары жүргізілде. Сонымен қатар, қаладағы субұрқақтардың жұмыс уақытын айқындайтын кесте бекітілді.

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ҚАЙНАРБҰЛАҚТАҒЫ АУЫЗСУ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН САПАЛЫ ЖҮРГІЗУДІ ТАПСЫРДЫ

Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елдімекенінде 60 мыңнан аса халық қоныстанған. Қазір аталған елді мекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатарынан тартылуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы осы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында нысандарды аралауға шықты. Айта кеткеніміз жөн, Қайнарбұлақта ауыз су кесте бойынша шектеулі уақытпен беріледі.

Сондықтан елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын ауыз су жүйесі жүргізілуде. Бүгінге дейін мұнан бөлек 170 шақырым құбыр тартылып жұмыстың 75%-ы орындалған. Биылғы жылдың соңына қарай жобаны толық аяқтау межеленген. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемелерге жұмысты ширатуды, әрі соған сай сапалы орындауды тапсырды.

Сондай-ақ, Қайнарбұлақ елдімекенінде электр қуатын тарату бекетіндегі 35 трансформатор бойынша 50 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде жаңақұрылыс аумағында 2 760 абонент сапалы электр жарығына қосылуға мүмкіндік алды. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда Қайнарбұлақ электр қуатымен 100% қамтылады.

Жалпы қала аумағында шағынаудандарды сапалы жарықпен қамту бойынша қосалқы стансаның және 4 нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткішін 98%-дан 99 %-ға жеткізіледі. Сонымен бірге Қайнарбұлақ елдімекенін табиғи газбен қамту жұмыстарын «Отау Строй» ЖШС-і мойнына алған, қазір мердігерлік мекеме тарапынан құрылыс кестеге сай жүргізілуде. Елдімекенге табиғи газ құбырын тарту жұмыстарының жобасы ауқымды болуына орай газдандыруды 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Айта кетейік, қазіргі уақытта 81 елді мекеннің 78-і (1084,9 мың тұрғын) сапалы ауыз сумен қамтылса, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері кесте бойынша ауыз су тұтынып отыр.

Қазіргі таңда кесте бойынша ауыз сумен тұтынып отырған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Олар - Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумағы.