Қала әкімі Тұран ауданы тұрғындарының мәселесін тыңдады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Қала әкімі алдымен тұрғындарға әлеуметтік-экономикалық даму, инженерлік-инфрақұрылым, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарларды баяндады.

2021-2025 жылдарға бекітілген жоспарға сәйкес, Тұран ауданы биыл ауыз су, электр қуатымен 100 пайыз қамтылады. 2023 жылы «Құрсай» елді мекеніндегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді.

Қала әкімі жиында тұрғындарға медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынғанын айтты. Әлеуметтік саланы дамытуда қазіргі таңда «Құрсай» елді мекенінде 450 орындық емхана құрылысы басталды. «14 емдеу орталығы» ЖШС тарапынан салынып жатқан әлеуметтік нысан орташа жүктемені азайтуға өз септігін тигізбек.

– Нормативке сәйкес, емханалардың орташа жүктемесі 30 мың тұрғыннан аспауы керек. 2019 жылмен салыстырғанда шаһарда емханалардың орташа жүктемесі 34 мыңнан 23 мыңға дейін азайған. Өткен жылы 12 емхана ашылды. Қазіргі уақытта жалпы 51 емхана жұмыс істейді. 2025 жылға дейін 6 емхана салып, жалпы орташа жүктемені 21 мың тұрғынға жеткізу міндеті тұр, – деді қала әкімі.

Аудан әкімі Боранбай Болатбеков инфрақұрылым, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, халықты жұмыспен қамту бағытындағы тиісті жұмыстардан хабардар етті. Оның мәліметінше, 2023 жылы ауданда 85 көшеге (41,3 шақырым) шағал тас, 39 көшеге (32,3 шақырым) асфальт төселеді. 22 көше жарықтандырылып, 29 көшеде ирригация жүйелері жүргізіледі. 13 ойын алаңшасы, 10 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі.

Есепті кездесуде тұрғындар тарапынан жарықтандыру, жерді заңдастыру, көшелерді асфальттау және жол қауіпсіздігі, тағы басқа мәселелер көтерілді. Қала әкімі барлық тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, тиісті мамандарға тапсырма берді.

Шымкентте аудандық соттар біріктіріліп, жаңа құрылыммен жұмысын бастады

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 мамырдағы Жарлығына сәйкес, Шымкентте аудандық соттар біріктіріліп, жаңа құрылыммен қайта іске кірісті. Бұл туралы бүгін Шымкент қалалық сотында өткен баспасөз брифингінде баяндалды.

Брифингте сөз алған Шымкент қаласының қылмыстық істер жөнінде сот алқасының судьясы Самат Мырзахметов жаңа құрылымның тұрғындарға тиімділігін атап өтті.

–Президент жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық соттары бірігіп, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты және Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты болып қайта құрылды. Тұрғындар үшін мұның тиімділігі өте зор. Себебі қажетті қызметті бір жерден алу мүмкіншілігі туындап отыр. Сондай-ақ мемлекеттік баж салығының қысқартылуы, қағазбастылықтан құтылу да жаңа жүйенің іске қосылуымен ретке келмек. Кадр жетіспеушілігімен, кезек күтумен ешқандай мәселе туындамайды деген сенімдеміз. Туындаған жағдайда конкурстық негізде мамандар іріктеліп алынатын болады,– деді С.Мелдебекұлы.

Жаңа құрылымға көшкен сот жүйесінің мекенжайлары да өзгерді. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Желтоқсан көшесіндегі №1 нысанда және Қалдаяқов көшесіндегі №7а ғимаратына орналасты. Талап арыз, шағымдар мен жалпы құжаттарды қабылдау Желтоқсан көшесіндегі №1 мекенжайға ауысты. Ал Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьялары мен кеңсесі Тыныбаев көшесі №42 мекенжайға, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Майлықожа көшесіндегі №7 ғимаратқа көшті. Ал, Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты өз жұмысын Тыныбаев көшесі №42 ғимаратта жалғастыратын болады.

Айта кетейік, бұған дейін аудандарда қабылданып, әлі аяқталмаған сот істері тиісті мекемеде еш өзгеріссіз жалғасын табады.

 

Шымкент: Тұран ауданының тұрғындары биыл жүз пайызға сапалы сумен қамтамасыз етіледі

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы жоспардың орындалу барысы айтылды.

Қазір аудан аумағындағы 20 елдімекеннің тұрғындары тұрақты түрде сапалы ауыз су тұтынуда. Биыл Құрсай шағынауданын тіршілік нәрімен қамту жұмыстары аяқталады. Осыған дейін су жүйелерінің 92 %-ы, яғни 151 шақырымы тартылған. Жоспар бойынша ауданның ауызсумен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызды қамтитын болады.

Ал, сапалы электр қуатымен елдімекендердің 99,5 пайызы қамтамасыз етілген. Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы жарықпен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылға өтпелі.

Былтырғы жылы Ақтас, Ақтас-2 және Ақжар, Арғымақ елдімекендерін газдандыру құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» тарапынан құбырларға сынама жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газ аталған шағынаудандарға жылу маусымына дейін берілетін болады. Ал, Айкөл, Құрсай, Жаңаталап шағынаудандарының жаңақұрылыс аумағын газдандыру үшін бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аудан 2025 жылы көгілдір газбен толық қамтылатын болады.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әлеуметтік саланы дамыту үшін қазіргі уақытта Құрсай елді мекенінде 450 орындық емхананың құрылысы басталғанын да тілге тиек етті.

- Нормативке сәйкес, емханалардың орташа жүктемесі 30 мың тұрғыннан аспауы тиіс. 2019 жылмен салыстырғанда қаладағы емханалардың орташа жүктемесі 34 мыңнан 23 мыңға дейін төмендеді өткен жылы Шымкентте 12 емхана ашылды. Қазіргі уақытта 51 емхана жұмыс істейді. 2025 жылға дейін алты емхана салынып, әрбір медициналық мекемеге жалпы орташа жүктемені 21 мың тұрғынға жеткізу керек, – деді қала әкімі.

Аудан әкімі Тұран Боранбай Булатбеков жиналғандарды инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыстар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, 2023 жылы ауданда 85 көше (41,3 км), 39 көше (32,3 км) асфальтталады. 22 көше жарықтандырылады және 29 көшеде суару жүйелері жүргізіледі. 13 ойын алаңы, 10 спорт алаңы пайдалануға беріледі.

Шымкент қаласының әкімі халық тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап беріп, жаңа ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жоспарларды түсіндірді. Сондай-ақ аудан әкіміне басқарма басшыларымен тығыз жұмыс жүргізіп, азаматтардың талап-тілектеріне қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Шымкент: Биыл Тұран ауданында 39 көшеге асфальт, 85 көшеге шағал тас төселеді

Шымкент қала әкімінің 2021-2025 жылдарға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес Тұран ауданының инфрақұрылым, соның ішінде жол жөндеу жұмыстарына 8,4 млрд. теңге қаржы қаралған.

Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында ұзындығы 189 шақырымды құрайтын 126 көше асфальттанады.

Былтыр ауданда 19 шақырымды құрайтын 21 көше асфальтталып, 26 шақырымды құрайтын 36 көшеге шағал тас төселген.

Ал биылғы 2023 жылы 19,1 шақырымды құрайтын 31 көше асфальталады және 85 көшеге шағал тас төселеді деп күтілуде.

ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫ

Айшықты көшесі

АҚТАС ШАҒЫН АУДАНЫ

Ащыөзек көшесі

Атауы жоқ №4,5,7 көшелер

ҚҰРСАЙ ШАҒЫН АУДАНЫ

Құлантөбе көшесі

Құрсай көшесі

Қосарал көшесі

Әулиекөл көшесі

Егізтөбе көшесі

Тұрбат көшесі

Өзкент көшесі

Тастыкөл көшесі

Атау жоқ көше

Сатқанбайұлы көшесі

Шеңбертал көшесі

Таңбалы көшесі

Ақөзек көшесі

К.Мамешов көшесінің тұйығы

Зайсан көшесі

Бекболатов көшесі

АГРОПРОМ ШАҒЫН АУДАНЫ

Ақбаян көшесі

Атауы жоқ көше

Алтынтөбе көшесі

ШАҒЫН АУДАНДАР БОЙЫНША

Айкөл т/а атауы жоқ №2, 3 көшелер

Агрофирма Қарасу ш/а Ақбастөбе көшесі

Агрофирма Қарасу ш/а Сарытау көшесінің жалғасы

Карл-Маркс ш/а Бадам көшесінің жалғасы

Жаңаталап т/а Айбар көшесі

Жаңаталап т/а Т. Айдарқұлов көшесі

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспары аясында әр жыл сайын 200 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді.

2022 жылы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға берілді.

Атап айтқанда: - Қонаев даңғылының жалғасын салу, 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары;Қ- А-2 автомобиль жолының 2 кезеңі бойынша сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізілді; - Самал-1,2,3 шағын ауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынды; - Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрығын салу жұмыстары жүргізілді; - Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында жолаушылар өткелінің құрылысы.

Шымкент: Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығының екінші кезеңінің құрылысы биыл басталады

Қазір Шымкент қаласында Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырымды құрайды және 8 кезең бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, сондай-ақ бұл кезеңдерге қатысты Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биылғы жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетсек, одан бөлек 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізеді.

Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, Бәйдібек би даңғылы-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру биылғы жылдың соңына жоспарланған. Келесі кезекте Бәйдібек би–Арғынбеков көше қиылысындағы жолайрық құрылысының 2-ші кезегі іске асырылады.

Сонымен қатар қаладағы Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр.

Осы ретте, Жібек жолы – Сайрам көшелерінің қиылысында, Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында, А-2 автомобиль жолы мен Бәйдібек би даңғылының қиылысында жолайрық салу жоспарлануда.

Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары болады.

Шымкенттік спортшы Махмұд Сабырхан пәтерлі болды

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан мен жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековты қабылдады.

Дүбірлі додада еліміздің құрамасы 4 алтын, 1 күміс медальмен толықты. Бұл жеңісте 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен шымкенттік сайыпқыранның үлесі зор. Спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жерлесіміз осыған дейін Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын жеңген болатын.

Мұрат Дүйсенбекұлы құрама қоржынына екінші алтынды салған спортшы мен оның жеке жаттықтырушысын құттықтап, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледі.

Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер мен 5 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, Махмұд Сабырхан Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатның финалында өнер көрсетті. 54 келі салмақта сынға түскен спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда Махмұд соққыларын дәл жұмсап, төрешілердің бәрін өзіне бұрды – 5:0. Екінші кезеңде бес қазының төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Үшінші раундта Махмұд Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Өзбекстандық спортшыны екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.Махмұд екі жыл бұрын Белградта өткен жаһандық доданың күміс жүлдегері атанған. Сайыпқыранымыз бұл жолы ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлаған спортшымызды құттықтаймыз! Естеріңізде болса, Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында бокстан ересектер арасындағы өткен әлем Чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Махмұд Сабырхан: «Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындары болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемді қайтарамын», – деген еді.  

Шымкент: Ынтымақ елдімекенінің көшелері биыл 79 пайызға асфальтталады

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағын ауданында бүгінде 9 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 2 600 жеке секторлы үй, 1 мектеп, 4 балабақша және 1 спорт алаңшасы орналасқан.

Ынтымақтағы 67 көшенің қазір 39-ы асфальтталған, 24-і тас жол болса, төртеуі топырақ жол. Айта кетейік, 2025 жылға қарай шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Мәселен, өткен 2022 жылы Сызған, Аққамшы, Ақдидар, Мұхит, атауы жоқ 1,2,3 көшелері, яғни жеті көше жөнделген. Биыл Ақжұлдыз, Жібек жолы, Бозжусан, Жаңақұрылыс көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, көрсеткіш 79 пайызды қамтиды.

Ал 2024 жылы 10 көше, атап айтқанда Қорғанкөл, Белсаз, Берен, Шауғар, Көкжал, Шұбартау, Қыз Жібек, Шохбутова, Тайбурыл, Темірші көшелері асфальтталады деп күтілуде. 2025 жылы 6 көше - Қозыкөрпеш көшесінің біріншіден алтыншы өткеліне дейінгі аймақтары жөнделсе, асфальтталу жұмыстары 100 пайызға қамтылған болып саналады.

Сонымен қатар биылғы жылы Кәдесый, Шерғала, Қорғанкөл, Ұшан, Жаңатілек көшелерімен бірге №54 мектепке баратын жол жарықтандырылады. Келесі жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аталған шағын аудан талшықты интернет оптикамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шағын ауданда №55, 12, 138, 55 А бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды.

Жалпы Ынтымақ елдімекені 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен қамтылған.

Айта кетейік, биыл Шымкентте жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2%-ға жеткізу жоспарлануда. Жалпы Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Шымкенттегі қоғамдық көліктер 90% жаңарған

Наурыз айында қолданысқа енген кондукторсыз жүйенің тиімді екеніне бүгінгі күні транзакцияның 70-80 пайызға өскені дәлел. Қазіргі таңда күнделікті транзакциялар саны жұмыс күндері – 380 мың, демалыс күндері – 200 мыңды құрап отыр. Ал осы уақытқа дейін 500-ден аса жолақы төлемеген жолаушы бақылаушылар тарапынан анықталып, оларға Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес, 6900 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы брифингте айтылды.

Шымкент қаласы үшін ең маңызды мәселенің бірі – жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу болып тұр. Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысымен 287,8 шақырымға жол құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын 236,3 шақырымды құрайтын 294 көшеге жүргізу жоспарланған. Оның 24-і көлік ағыны жоғары әрі қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер.

Баспасөз мәслихатында тағы да қаладағы бірнеше жол құрылыс жұмыстарына есеп берген мекеме басшысы көлік саласы бойынша қоғамдық көліктердің 90 пайызға жаңарып, елімізде қоғамдық көліктердің жаңалануы мен сапасы жағынан алдыңғы қатарда екенін айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада 1886 аялдама орны бар. 2020 жылдан бері жаңа типтегі аялдама павильондарын орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда, жаңа аялдама павильондарының үлесі 35,5 пайызды құрайды. Биыл 250 аялдама павильонын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, қажеттілігі бар аймақтарға 12 бағдаршам орнатылады. Қала аумағында орналасқан 291 бағдаршам нысандарына күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.

Шымкентте «Отбасым – отанымның тірегі» атты форум өтті

Шымкент қаласында халықаралық отбасы күні мерекесіне орай «Отбасым – Отанымның тірегі» атты форум өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, отбасы құндылықтарының маңызы жайлы ойларымен бөлісті.

–Отбасы құндылықтары кез келген қоғам үшін шын мәнінде айрықша мәнге ие. Халқымыз «Отан отбасыдан басталады» деген сөзді текке айтпаған. Әрбір отбасының тіршілігі баянды, іргесі берік болып тұрса, бұл мемлекеттің де еңсесінің тік, шаңырағының биік болуына себепші екені аян. Осы орайда Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған Отбасы форумының маңызы ерекше. Бұл форум қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы институтын қолдау мен нығайтуда үлкен рөл атқарады деп сенеміз, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Оның айтуынша, бұл форумды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланған.

Шаһар басшысының айтуынша, форум – отбасы институтына қатысты проблемаларды ашық талқылайтын, аға буынның үлгі-өнегесі мен жастардың тәрбиесіне қатысты құнды пікірлер мен салиқалы ойлар ортаға салынатын қоғамдық диалог алаңына айнала алады.

–Бүгін басталып отырған форум да сондай қоғамдық қолдауға ие болып, отбасы құндылықтарына бүкіл қоғамның назарын аударады деген ойдамыз. Форум аясындағы жұмыс жалғасын тауып, жылдың соңына қарай Шымкенттің үздік отбасыларын анықтап, оларды «Үздік отбасы» премиясымен марапаттаймыз. Бұл бастама жастарды өнегелі отбасы құруға ынталандырады деген ойдамыз, - деді қала басшысы.

Қала әкімі отбасы институтын нығайту бағытында нақты іс-шаралар атқарылып жатқанына тоқталып өтті.

–Қазақ отбасына ерекше мән берген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Әсіресе, ата-ананы қадірлеу, оларға қызмет етуді әрбір азамат перзенттік парызым деп білген. Өкінішке қарай соңғы кездері осы дәстүрімізді жалғай алмай қалып жатқан кездеріміз де бар. Мәселен Шымкент қаласында балаларының қамқорлығынсыз қалған, жалғызілікті 500-ден астам қария бар екен. Осындай кісілер паналайтын арнайы мекемелер Түркістан облысының балансында кеткен. Сондықтан биыл 50 орынды осындай орталық салуға мәжбүр болып отырмыз. Мемлекет мұндай қарияларды қамққорлықсыз қалдырмайды. Бірақ, ұлттық дәстүріміз жақсы сақталған, қазақы тәрбиенің ортасы саналатын Шымкентте мұндай жағдайдың орын алып жатқаны өте өкінішті. Бұл біздің рухани тұрғыда жұтаңданып, адамгершілік қасиеттерімізден ажырап бара жатқанымыздың көрсеткіші емес пе деген сауал бәрімізді ойландырады. Болашақта мұндай жағдай болмағаны жөн. Әрбір перзент өзінің ата-анасына қамқорлық жасап, қолынан келгенше қарияларға қызмет етуі тиіс, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

М.Әйтенов отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейтініне тоқталып өтті. Сондықтан отбасы институтын қолдау тек мемлекеттің, мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Әрбір отбасының шаңырағы шайқалмауы үшін бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Әкімнің пікірінше, барлық қоғамдық ұйымдар, бүкіл зиялы қауым, қоғамдық пікірдің көшбасшылары, мәдениет қайраткерлері, ақпарат құралдары мен идеологиялық ұйымдар да отбасы құндылықтарын насихаттауға қызмет еткені жөн.

Шымкент қаласының әкімдігі осындай форумды алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Шымкентте 145 отбасы тұрғын үй сертификатын алды

Елімізде азаматтарды баспанамен қамтудың мемлекеттік саясаты іске асырылып келеді. Оның негізгі бағыты – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған.

Шымкентте мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 145 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 60 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 68 ерекше бала асыраушы отбасы бар.

Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады.  Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады. Тұрғын үй сертификаты белгілі бір санаттағы азаматтарға беріледі. Олар: мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар. Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, сертификат берілетін азаматтар санатына қалалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады. Айта кетейік, Шымкентте мұндай сертификаттар 2019 жылдан бері беріліп келеді. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгенің сертификаттары берілсе, 2020 жылы 101 азаматқа жалпы құны 100 млн теңге болатын сертификат берілген. Ал 2021 бұл мақсатқа 300 млн теңге қарастырылған. 2022 жылы  тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралды. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.