Шымкентте мемлекеттік бағдарлама аясында 2500-ге жуық жас жұмыспен қамтылды

«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек». Бұл Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында берген тапсырма болатын.

Осы мақсатта, Шымкент қаласында өткен жылы 2413 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» жобасы аясында жұмыс орындарына 2125 жасқа жолдама берілген. NEET санатындағы 288 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыспен қамтылған.

Биыл мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаһарда 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, оның 16 425-і жас буын. Атап айтқанда, 4 167 субсидияланатын жұмыс орындарына жолданады. Оның ішінде, 35-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1956-і «Жастар практикасымен», 1100-іне қоғамдық жұмысқа жолдама беріледі. 1052 бітіруші түлек «Алғашқы жұмыс орындары жобасымен» жаңа жұмыс тапса, 24 жас «Ұрпақтар келісім шарты жобасына» қатысып, жұмыспен қамтылады.

Ал, бос жұмыс орындарына 4393 адамды орналастыру жоспарланса, 6656 жасқа кәсіпкерлікті дамыту бойынша кәсіпкерлік қолдау шаралары, 1209 адамға кәсіби білім беру жоспарланған.

 

Айта кетейік, елімізде көптеген жас маман жұмыс іздеу кезінде бірқатар кедергілерге тап болады. Соны бірі - жұмыс берушілер тарапынан еңбек өтілінің талап етілуі. Осы мәселені шешу үшін халықты жұмыспен қамту және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту Ұлттық жобасы шеңберінде «Жастар практикасы» іске асырылып келеді.

Шымкент қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту» орталығы 2022 жылы 2125 жасты өз мамандығы бойынша жұмыс орындарына жолдаған. Яғни, соңғы 3 жылда жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер бағдарламаға қатысқан.

Ал, дипломды қолына алып, бірден жұмысқа тұра алмаған NEET санатындағы жастарды қолдау үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бар. 2022 жылы қаламызда 288 жас бірінші жұмыс орныдарында кәсіби білім мен дағдыларын шыңдауда.

Жалпы еңбек нарығында бос жұмыс орындарын іздеген кез-келген азамат «Электронды еңбек биржасына» жүгіне алатынын еске саламыз. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстыратын Enbek.kz порталында бос жұмыс орндары ұсынылған.

 

Шымкент: Қаратау ауданында түнгі рейд өтті

Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығы мен Қаратау аудандық прокуратурасы және Шымкент ҚПД Қаратау АПБ ЖПҚБ ЮПБ учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отыра, түнгі рейд жұмысын ұйымдастарды.

Мақсаты - кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі беймезгіл уақыттарда заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын орталықтарында жүруі бойынша тексеру, жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлардың және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.

Түнгі рейдтік іс-шара нәтижесінде:

15.04-16.04.2023 жылы жүргізілген рейдтік іс-шара нәтижесінде, кешкі 22:00-ден кейін Қаратау ауданы, Арғынбеков көшесінің бойында орналасқан "Абай" ойын-сауық орталығында 3 кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер анықталды, нәтижесінде ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігімен 3 әкімшілік айыппұл хаттамасы және ӘҚБтК-тің 132-бабының 1-бөлігімен ойынсауық орталығына 1 әкімшілік айыппұл хаттамасы толтырылды.

Сонымен қатар, түнгі 23:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүрген 6 кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер анықталып, ӘҚБтК-тің 442-бабының 2-бөлігімен 6 ескерту түріндегі әкімшілік хаттамасы толтырылды.

 

Естеріңізге болсын! «Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында үнемі рейдтік іс-шаралар өткізілетін болады. Әсіресе темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салынған түнгі ойын сауық орындары тексеріледі. Нәтижелері бойынша іс-шара қолданылады.

260-қа жуық шымкенттік жас жеңілдетілген несеге қол жеткізе алады

 

Өз кәсібін дөңгелетуге ниеті бар жастарға осындай мүмкідік туып отыр.

Бұл игілікті істер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы және 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.

Миллионды қала тұрғындарының 23 пайызын жастар құрайды. Осы орайда, мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай жеңілдіктер жастардың кәсіпкерлігін дамытуға зор ықпал болғалы тұр.

Биыл Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа микрокредит беру жоспарланып, бұл бағытқа 1,3 млрд теңге қаржы қаралып отыр.

Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.

Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Жастардың кәсібін қолдау бағытында жеңілдікпен қалада 2024 жылы 273 адам жас қамтылып, оған 1 млрд 365 млн. теңге, 2025 жылы 282 жас қамтылып, 1 млрд. 410 млн.теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, несие алудың шарттары мынадай:

- микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін;

- микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін;

- номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;

- Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылға дейінгі кәсіпкерлер.

- Кепілдік қою талап етіледі. Сондай-ақ несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады.

Алайда осы уақыт аралығында олар өз кәсібін ашып, оны дамытуға тиіс. Кредит нақты бір салаға арналмаған. Кез-келген кәсіп ашқан жас кәсіпкер, оны жүргізуге көмек ретінде несиеге конкурсқа қатысса болады.

 

Шымкентте аралас тілді 154 мектепте 157 816 оқушы білім алады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар тапсырмалар беріп, дәстүрлі Жолдауларында ерекше пәрмен беріп отыр.

Ел Президенті «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады.

Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады»,- дей келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді отбасынан, балабақша мен мектептерден бастауды тапсырды.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Шымкент қаласында мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бірқатар істер атқарылып келеді. Атап айтсақ, бүгінгі танда орыс сыныптарында қазақ тілін тереңдетіп оқыту қолға алынған.

Қазақ тілін оқытудағы ең тиімді тәсіл – тіл дамыту әдісі. Осы мақсатта қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері сөздік жұмысы, жаттығуларды жазбаша және ауызша орындау арқылы дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, тіл үйренушілерге арналған «Қазақ тілін оқытудың әдістемесі» оқу құралы арқылы дәріс берілуде. Бұл оқу құралында әлеуметтік-тұрмыстық, күнделікті өмірде қолданылатын сөз орамдары мен лексикалық минимумдар, сөйлеу әрекеттерінің жазылымы, оқылым, сөйлесім, тыңдалым, айтылым бөліктері қамтылған.

Сондай-ақ, Шымкенттегі этномәдени орталық қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Тілашар - сөздік» әдістемелік оқу құралдарын дайындалып жатыр. Бұл оқу құралы да өзге тілді қазақстандықтардың мемлекеттік тілді тез меңгеруіне мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 246 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 92 мектепте 91371 оқушы қазақ тілінде білім алса, аралас тілді 154 мектепте 157 816 оқушы оқиды. Бүгінде аралас тілді мектептерде өтетін іс-шараларды қазақ тілінде өткізуге басымдық беріліп отыр.

Шымкент: Жайлы мектептердің инфрақұрылымы талаптарға сай болуы керек!

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен арнайы жиында "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасын іске асыру тетіктері қарастырылды. Пилоттық жоба аясында қала аумағында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады.

Алдағы жылы 20 400 орынға арналған 13 мектеп салынып, 2025 жылы пайдалануға тапсыру көзделуде.

Тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен басқосуда нысандарды инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамту барысы қарастырылды. Мұрат Дүйсенбекұлы жоспарланған мектеп ғимараттарына қажетті табиғи газ, электр, су жүйелерін, жолдарды талаптарға сай жүргізуді тапсырды.

“Ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Мектептердің көшелерін жарықтандыруды және бейнебақылау жүйелерімен қамтуды ұйымдастырыңыздар. Мектепке қатынайтын қосымша маршруттар бекітіңіздер. Білім ғимараттары түгелдей жылдам интернетпен қамтылуы тиіс” - деді қала әкімі.

Сондай-ақ халықтың демографиялық өсу динамикасын ескеріп, алдағы уақытта білім ғимараттарының орындарын Бас жоспарға сәйкес белгілеп алу қажеттігін ескертті. Басқарма басшыларына құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді бірлесе, дер кезінде оңтайлы шешуді тапсырды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген. «Бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешуі керек», деп есептейді үкімет басындағылар.

Шымкент: Балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет

Елімізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Бұл мәселе миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында да күн тәртібінен түскен емес.

— 2022 жылы 2-6 жас аралығындаға бүлдіршіндерді балабақшамен қамту - 76,2 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз қамту жоспарланған-ды. Былтыр Шымкентте 2710 орынға арналған 33 жекеменшік балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары толығымен орындалды. Нәтижесінде қаладағы 587 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 85 830 баланың 79 857-сі балабақшамен қамтылып, жалпы көрсеткіш 93 пайызға жетті. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 63 601 бала толығымен, яғни 100 пайыз мектепке дейінгі ұйымға қабылданған. Ал, 2-6 жас аралығындағы 81 314 баланың 76 619-сі балабақшамен қамтылып, бұл 94 пайызды құрап отыр, - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

Мемлекет басшысы «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуі тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет» деген болатын.

Осы мақсатта Шымкентте «Бір топта күні бойы екі педагог» пилоттық жобасы іске қосылды. Яғни, қаладағы 3 балабақшада — №56 және №63 мемлекеттік, «Әйгерім» жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымында жүргізіліп отыр.

Айта кетейік, Шымкентте 2025 жылға 2-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуді 95,2% пайызға жеткізу мақсатында жаңа 9000 орын ашу жоспарланған.

Шымкент жастар лигасы аясында қыздар арасында волейболдан жарыс өтті

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған “Шымкент жастар лигасы” жобасы жалғасуда.

Жобаның мақсаты - мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау.

Әр апта сайын мектеп оқушылары төрешілер бекіткен кестеген сәйкес спорттық сайысқа түсіп, аудан аралық іріктеуге жолдама алуда.

Бүгін Әл-Фараби және Абай ауданының мектеп қабырғаларында волейбол ойынан қыздар арасында тартысты ойын өтті. Атап айтқанда:

Әл-Фарби ауданы бойынша:

1. [А-тобы] - №47 мектепте - №17 және №47, № 9 және №11

2. [В-тобы] - №18 мектепте - №8 және №18, №14 және №35

3. [С-тобы] - №64 мектепте - №76 және №75, №6 және №76

4. [Д-тобы] - № 62 мектепте - №1 және №62, №20 және №7

Абай ауданы бойынша:

[А-тобы] - №86 мектепте - №5 мен №81, №87 мен №50

[В-тобы] - №133 мектепте - №78 және №3, №122 және №26

[С-тобы] - №137 мектепте - № 66 және №95, №95 және №137

[Д-тобы] - №23 мектепте - №136 және №56, №125 және №60

Шымкент жастар лигасы – қаламыздағы ең танымал, табысты әрі нәтижелі жобалардың біріне айналып отыр. Ол бүкіл республика бойынша бірегей әрі үздік жобалардың бірі атанып, кең қолдауға ие болды. Былтыр өткен үшінші маусымға 138 мектептен 6 мыңға жуық оқушысы қатысты.

 

 

Шымкент: Газ тұтынудың техникалық талабын сақтамағандарға айыппұл салынады

 Қалада газды тұтынудың техникалық ережелерінің сақталмауынан улану жағдайлары жиілеген. Бұл олқылықтың алдын алу мақсатында газдан уланудың алдын алу бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Еңбекші ауданы әкімдігі, прокуратурасы, төтенше жағдайлар басқармасы, полиция және еріктілер, «ҚазТрансГаз Аймақ» және газ техникалық инспекция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара халық ең көп шоғырланған 11 шағынауданнан бастау алды. Арнайы көлікпен жасақталған бригада газдан келетін қауіп, одан сақтану мен дұрыс пайдалану жолын хабарлап шықты. Сонымен қатар, тұрғындарға газ тұтыну ережелерін сақтамаған жағдайда қандай құқықтық жауапкершілікке тартылатыны жайында жаднама таратылды.

— Жылыту маусымы басталғалы Еңбекші ауданында екі қайғылы оқиға орын алды. Екеуі де тұрғындардың техникалық талаптарды сақтамай, құбырды дұрыс орнатпағанның салдарынан болған. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар жиілеп кеткендіктен, біз осы бірлескен ауқымды іс-шараны қолға алдық. Бүгін қала ішінде дауыс зорайтқышпен хабарлама таратып, түсіндірдік. Ертеңнен бастап үйме-үй жүріп келісімшарттарды тексеретін боламыз. Көп тұрғындар есігін ашпайды. Дегенмен, бұған арнайы заң жүзінде бекітілген талап бар екенін де ескерсе дейміз, - деді Еңбекші ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, полковник Қайрат Сәрсенбаев.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңының талаптарын орындамаған жағдайда 7 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін талаптарды қатаң сақтаған абзал.

 

Шымкенттік кәсіпкерлер әкімшілік құқық бұзушылықты сөз етті

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық денсаулық сақтау кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес аясында әкімшілік құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында жекеменшік дәріханалармен және мемлекеттік емханаларда жұмыс істейтін провизорларға GPP сәйкестік талабын енгізу және трамадол препаратын дәріханаларда сату бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ кодексіне сәйкес, дәріхана ұйымдары үшін GPP стандартына сәйкестік талабы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті болып табылады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 817 мекеме Фармацевтикалық қызметті лицензиялау ережесіне сәйкес лицензияланған. Бірақ, осы мекемелердің 14,3% ғана, яғни 116 мекеме GPP стандартына сәйкестік талабын енгізген. Аталмыш GPP стандартын сәйкестік талабын енгізбеген жағдайда Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 426-бабының 1 тармағына сәйкес бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметі трамадолды есірткі заттарының тізіміне енгізуіне байланысты бұл препаратты арнайы рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алатыны және рұқсатсыз сатқа дәріханаларға сату ережелерін бұзғаны үшін 80-ден 160 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұл салынады немесе қылмыстың ауырлығына байланысты 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қауіпі бар.

 

 

Шымкентте ең үздік бозбала мен бойжеткен анықталды

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 15- сәуір – Қозы Көрпеш Баян Сұлу ғашықтар күніне орай, «Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жастарды ізеттілікке баулу, үлкенді құрметтеуге шақыру, ұлттық салт-дәстүрді жастар арасында насихаттау, ұлттық сананы қалыптастыра отырып, қоғамдық және мәдениет салаларына белсенділігін арттыру.

«Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауына арнайы кастинг жарияланып, жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 30-ға жуық жұп қатысуға ниет білдірді. Кастинг нәтижесі бойынша 8 жұп іріктеліп, байқауға жолдама алған болатын. Олар 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, арнайы шығарылым, өзін-өзі таныстыру, шығармашылық өнер және зияткерлік бөлімі. Қатысушылар түрлі өнер көрсете отыра, әділқазылардың 5 пен 10-ға дейінге балдық шкаласымен бағаланды.

«Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауының нәтижесі:

1-орын: Даниял мен Ақсезім - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті

2-орын: Бақдаулет пен Меруерт - Орталық Азия инновациялық университеті

3-орын: Асылбек пен Жасмин - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

Номинациялар бойынша:

Ең жарасымды жұп – Едігі мен Аружан

Ең өнерлі жұп – Айбек пен Балнұр

Ең креативті жұп – Нұржан мен Сания

Көрермен көз айымы жұбы – Дарын мен Жанель

Ең парасатты жұп – Бақдәулет пен Ару

Жеңімпаздар арнайы диплом мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.