Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптары түсіндіріліп, ресми хабарламалар таратылды. Онда тарихи-мәдени мұра нысандарының сәулеттік келбетін сақтау, жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын заңнамаға сәйкес жүргізу, сондай-ақ мұндай жұмыстарды бастар алдында уәкілетті мекемені алдын ала хабардар ету қажеттігі ескертілді. Аталған жұмыстар тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, қорғау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр желтоқсан айында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған болатын. Құжат бірнеше шараларды қарастырады, соның ішінде:
тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану саласындағы лицензиялау жүйесін жетілдіру және біліктілік талаптарын айқындау;
Ұлттық археологиялық қызметтің жұмыс істеу тәртібі мен археологиялық жұмыстарды үйлестіру құзыретін бекіту;
археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру;
тарихи-мәдени сараптама қорытындысын ескере отырып жер учаскелерін беру тәртібін нақтылау;
археологиялық олжалар мен материалдарды табыстау, сақтау және пайдалану тәртібін, Ұлттық депозитарий құру арқылы реттеу;
жоспарлы және жоспардан тыс археологиялық жұмыстарды бөлу және оларды жүргізуге біркелкі талаптар енгізу.
Аталған өзгерістер археологиялық қызметті жүйелеуге және тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраны қорғау және сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында тарихи мұраларды қорғау мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында ауқымды жобалар мен бастамалар іске асырылуда.
Бүгінде республика бойынша 25 мыңнан астам тарихи мұра объектісі есепке алынған болса, оның 1792-сі Түркістан облысының үлесінде. Аталған нысандардың ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш бар. Ол – өңірдің басты туристік нысаны әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесені. Сонымен қатар облыста республикалық маңызы бар 40, жергілікті маңызы бар 403 тарихи-мәдени мұра объектісі және алдын ала есепке алу тізімінде тұрған 1348 нысан бар.
Тарихи-мәдени мұра саласындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыста 2006 жылы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» құрылған. Бүгінде аталған орталық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау, насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау ісін жаңа деңгейге көтерді.
2013 жылдан бастап осы мәдени мұраларға қорғау міндеттемелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 429 мәдени мұралардың меншік иелері және пайдаланушыларымен қорғау міндеттемелері рәсімделген. 2024 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, алдын ала есепке алу тізіміндегі 32 мәдени мұра объектісіне заңнама талаптарына сай ғылыми сараптама жүргізілді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы негізінде 32 нысанды жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізу бойынша қаулы жобасы дайындалуда.
Сондай-ақ 2024 жылы жергілікті тізімге енгізілген «Қызыл көпір, ХІХ ғасыр» тарих және мәдениет ескерткішінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға арналған ғылыми-реставрациялық жұмыс жоспарына сәйкес Түркістан облысындағы 5 нысанда тиісті жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, Сауран археологиялық сәулеттік кешені, Ежелгі Түркістан қалашығы, Отырар қалашығы, Аппақ Ишан сәулет кешені және Шамет Ишан мешіт-медресесіндегі реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Бүгінде облыстағы ғылыми-реставрациялық жұмыстар ескерткіштердің жағдайына алдын ала жүргізілген мониторинг негізінде жүзеге асырылуда. Осы орайда Созақ ауданы, Құмкент ауылында орналасқан Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне реставрация жүргізу қажеттілігі анықталып, нысан 2026 жылға арналған тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарына енгізілді.
Мәдени мұра объектілерінің жай-күйін сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда. 2024 жылы 5 тарихи-мәдени ескерткіштің (Ақмешіт үңгірі, Отырар қалашығы, Оқсыз қалашығы, Сауран қалашығы, Ұзын ата кесенесі), ал 2025 жылы 27 объектінің қорғау аймағы бекітілді. Сонымен қатар «Ежелгі Түркістан қалашығының тарихи аумағында қалыптасқан ескерткіштер» атауымен 14 объектіні қамтитын жалпы аумағы 88,7 гектарды құрайтын буферлі аймақ белгіленді. Аталған аумаққа Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Есім хан кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Қылует жер асты мешіті, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Шілдехана, Тәуке хан кесенесі, Цитадель қамал қабырғасы мен қақпасы, казарма, Ежелгі Түркістан қалашығы, Күлтөбе қалашығы еніп отыр. Бұл шаралар ескерткіштердің нақты шекарасын айқындап, олардың жойылып кетуінің және заңсыз құрылыс жүргізілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Түркістан облысында 1782 тарихи-мәдени мұра объектісі есепке алынған болса, Олардың ішінде халықаралық маңызы бар бір ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, республикалық маңызы бар 34 ескерткіш (8 археологиялық, 24 сәулеттік), жергілікті маңызы бар 423 ескерткіш (374 археологиялық, 49 сәулеттік) және алдын ала есепке алынған 1324 объекті (1155 археологиялық, 107 сәулеттік, 62 киелі орын) бар. Сонымен қатар, өңірдегі монументтік өнер туындылары мен мемориалдық тақталардың саны – 820. Тарихи ескерткіштердің тізіміне археологиялық маңызы бар нысандар, сәулеттік құндылығы бар ғимараттар, монументтік өнер туындылары және киелі орындар кіреді. Әсіресе археологиялық ескерткіштер саны басым, оның ішінде орта ғасырларға жататын қорымдар мен қалажұрт орындары көп.
Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесі XII ғасырда өмір сүрген әйгілі түркі ақыны әрі суфизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің бейітінің басына салынған. Кесене XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған. Бұл нысанмен қатар Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғ.), Сегіз қырлы кесене (XIV–XVI ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI–XVII ғ.), Есімхан кесенелері бар.
Домалақ ана кесенесі – Байдібек атаның кенже әйелі Али Сыланқызы Нуриланың мазары үстіне салынған, Қаратау бөктеріндегі Балабөген өзенінің бойында орналасқан. Кесене XI–XV ғасырларда бірнеше рет жөнделіп, 1966 жылы ақ тастардан қайта қаланған.
Ибрагим ата кесенесі – Сайрамның солтүстік-шығысында, Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагимнің құрметіне салынған. Алғашқы құрылыс XII–XIV ғасырларға жатса да, қазіргі нұсқасы XIX ғасырға тиесілі.
Қарашаш ана кесенесі – Сайрам ауданында, XIII ғасырда салынған. Қарашаш ананың шын есімі Айша-бибі, ол Мұсаның қызы болған. Қазіргі кесене XIX ғасырда қайта бой көтерген және түріктер арасында қасиетті орын ретінде кең танымал.
Оңтүстіктегі киелі орындардың бірі – Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі. Әктасты тау жыныстарындағы ойық үңгірдің ұзындығы 120 метр, ені 60–80 метр, биіктігі шамамен 35 метрге жетеді. Бұрынғы ұзындығы шамамен 200 метр болған.
«Ғайып ерен, қырық шілтен» – Төлеби ауданындағы Қазығұрт тауы маңындағы Әңгір ата ауылының жанында орналасқан киелі орын. Мұнда жеті дәрежелі әулиелік саты бар, ең жоғарғысы – құтып, одан кейін – әруақуль муқаддас, үшінші саты – Ғайып ерен, қырық шілтен. Қырық шілтен құрамында қырық әулие бар, ал шілтер ата әулиеде үш бұлақ бар: шұрық бастау (суы құлаққа ем), өңеш бастау (суы тыныс жолдары мен кеңірдекке шипа) және көз бастау (суы жанарға дәру).
Үкаша ата зираты – Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде орналасқан. Аңыз бойынша, Үкаша ата Мұхаммед пайғамбардың сенімді серігі болған. Мұнда адамның ниетіне қарай су берілетін спираль тәрізді құдық бар.
Ұзын ата мазары – Шардара ауданында, күйдірілген кірпіштен салынған. Шығыс жағында баспалдақ, батысында шағын бөлме бар, кіре беріс аркасы сүйірленіп әшекейленген.
Гаухар ана кесенесі – өңірдегі көне ескерткіштердің бірі, тәуелсіздік жылдары қайта жөнделіп, қалпына келтірілген. Ауруына шипа іздегендер көп келеді.
Аппақ Ишан мешіті – Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан. Күмбезі күйдірілген кірпіштен салынған, жалпы аумағы 6,7×6,6 м, ішкі көлемі 3,5×3,5 м, биіктігі 6 м. Қабырғаның ішкі жағынан әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған.
Осы тарихи-мәдени нысандар Түркістан облысының мәдени және рухани бай мұрасын көрсетіп, өңірді туристік және ғылыми зерттеу тұрғысынан маңызды етеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат