Бейсенбі, 12 Қазан 2023 10:23

Сауран ауданында жайлымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүруде

Жалпы Сауран аудан бойынша жер көлемі – 721,7 мың гектар. 2022 жылы 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланған болса, нақты 51,3 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жоспар артығымен орындалған. 2023 жылға жоспар 30 мың гектар белгіленген. Бүгінгі таңда 14 725 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылды. Алдағы уақытта жайылым мәселесі толығымен шешілетін болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде мыңдаған гектарлы жерлер мемлекетке қайтып жатыр. Бұл шаруа үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Есесіне ортақ жайылымды жерлердің аумағы ұлғаяды. Сауран ауданында да жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы са­ласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Билік пен тұрғындар ортақ шешімге келіп, тұрғындар өз жерлерінің белгілі бір мөлшерін мемлекетке қайтарып жатыр.

 Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты елді мекендерде 29 жер иеленушілердің жалпы алаңы 3957,51 гектар жер учаскесі анықталып, ортақ жайылымға қайтару бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Сауран ауданында жайлымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, «Қолжетімді жайылым» жобасы аясында аудан прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, әрбір елді мекенді жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары дайындалып, қажетті жайылым жер телімдері қайтарылуда.

Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындары Сатибалдиев Юлдашқа тиесілі жалпы алаңы 143,91 гектар, Сатибалдиев Закирге тиесілі жалпы алаңы 92,76 гектар, Мехманов Елмуратқа тиесілі жалпы алаңы 131,18 гектар, жалпы аумағы 367, 85 га жер учаскелерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Жер – халықтың бірден бір қажеттілігі. Жерді халық ортақ игілігіне пайдаланғаны абзал. Ал, ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жайылымды игеру. Ел Президенті де сол үшін осы мәселеге маңыз беріп отыр.

Бұл ретте аудан прокуратурасы арқылы ауыл тұрғындарының ауыл маңындағы жайылымға деген мұқтаждықтарын шешу мақсатында енгізілген қадағалау актілерінің нәтижесінде Жаңа Иқан ауылдық округінде 4072,2 гектар/29, Майдантал ауылдық округінде 3 788,2 гектар /27, Жібек жолы ауылдық округінде 12 350 гектар /52, Оранғай ауылдық округінде 1 274 гектар /23, Бабайқорған ауылдық округінде 1 147 гектар /6, Иассы ауылдық округінде 1 022 гектар /7, Ескі Иқан ауылдық округінде 7 935 гектар /167, Шаға ауылдық округінде 14 853 гектар /103, Үшқайық ауылдық округінде 4 920 гектар /18, Жүйнек ауылдық округінде 4 462 гектар /38 мемлекет қорына қайтару туралы аудан әкімінің қаулысы шығып, ортақ жайылымға енгізілуде (жалпы алаңы 55 950 гектар /471 ортақ жайылымға алынуда).

Ағымдағы жылдың аяғына дейін аудан прокуратурасы арқылы елді мекендерді жайылыммен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Жайылым жер телімдерін қайтару аудан прокуратурасының ерекше бақылауына алынған. Айта өтейік, биыл жыл басында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ҚР Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 млн га құрайды, оның ішінде:

– 82,4 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;

– 63,9 млн гектар босалқы жерлер;

– 21,2 млн гектар елді мекендерге іргелес жерлер;

– 15,9 млн гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет.

2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша жұмысшы топ өкілдері заңсыз жер пайдаланушыларды анықтау мақсатында 43 рет аралау жұмыстарын жүргізді және 3 рет жұмысшы топтың жиналысы өткізілді. 102-сымтетігіне 13 рет хабарлама беріліп, ішкі істер органдарына тіркелді. Сонымен қатар, 23 ауыр жүк көліктері айыптұраққа қойылып, жалпы соммасы 2,7 млн. теңге айыппұл салынды. Облыстық жер ресустарын басқару департаментіне 10 рет және экология департаментіне 10 рет тиісті шара қолдану үшін хаттар жолданған.

Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамту көрсеткіші – 84,7%. Ағымдағы жылы Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылды.

Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысына 2023 жылға қаржы бөлініп, құрылысы жүруде. Құны – 243 млн. теңге, нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 абонент, 268 адам таза ауыз сумен қамтылады. Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерінде жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын қыркүйек айына алу жоспарланған.

Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен Майдантал ауыл округі, Ынталы елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-мен 3 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде (Еңбекші Дихан, Ораңғай,Теке).

Ауыз су құбырларына күрделі жөндеу жұмыстары бойынша, С.Қожанов елді мекеніне жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауыз су жүйесімен қамтуға құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған 1 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған (Егізқара).

Сонымен қатар, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары 7 елді мекенде жүргізілуде (Серт, Ибата, Жүйнек, Қарашық, Құмтиін, Қосмезгіл, Қызылжол). Барлау жұмыстары қорытындысына сәйкес, аталған елді мекендерде жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысы жүргізілетін болады.

Соңғы 8 айдың қорытындысына сәйкес, Сауран ауданындағы 35 елді мекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елді мекен күн сәулесі батареясынан қуат алуда (Егізқара елді мекені). Қазіргі таңда, Шорнақ, Қосмезгіл, Еңбекші Дихан елді мекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізуге жобалық сметалық құжаттары әзіреніп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған (құны – 1,3  млрд. теңге).

Сонымен қатар, Ескі Иқан, Оранғай, Бабайқорған, Жүйнек елді мекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында 2023 жылы Шорнақ және Ескі Иқан ауылдық округтерінде 10 кВт - 6,4 шақырым электр желісі, Үшқайық, Шаға және Бабайқорған ауылдық округтеріне 0,4 кВт - 10,6 шақырым электр желісі ауыстырылады.

Меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-мен 14 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде (А.Үсенов, Ескі Иқан, Бершінтөбе, Ынталы, Қаражон, Сауран, Ескі Сауран, Қосқорған, Құмтүйін, Шыпан, Шекербұлақ, Аша, Серт, Абай).

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 227 рет